Алғашқы Семей облыстық қазақ съезі 1917 жылдың 27 сәуір және 7 мамыр аралығында болып өтті. Оның жұмысына Жақып Ақбаев, Райымжан Мәрсеков, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахметжан Қозыбағаров, Әлімхан Ермеков, Нәзипа Құлжанова, Сатылған Сабатаев, Биахмет Сәрсенов, Халел Ғаббасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мәнан Тұрғанбаев сияқты белсенді қазақ интеллигенттерінің үлкен тобының қатысқаны едәуір ықпал еткені сөзсіз. Ж.Ақбаев төрағалық жасаған съездің күн тәртібінде, негізінен, Торғай және басқа облыстық съездер қараған мәселелер, сонымен бірге мұнда әйелдер теңдігінің дербес мәселе есебінде қойылды.
Бірінші Торғай облыстық қазақ съезі
Оған өкіл есебінде қатысқан 300 адамның арасында ақсақалдар мен ел адамдары, дін басы молдалар мен мұғалімдер, оқытушылар мен заңгерлер, дәрігерлер мен шығармашылық интеллигенция өкілдері бар болатын. Газетте берілген хабарларда съез Торғай және Орал облыстарының қазақтары үшін деп айтылғанымен, оған Ақмола, Семей, Сырдария облыстарынан, Бөкей ордасынан, Орынбор губерниясы мен Қазан, Уфа, Ташкент және басқа қалалардан да өкілдер қатысқан еді. Делегаттар мен шақырылған адамдар арасында сондай-ақ ескі ұлттық интеллигенция өкілдері, I Мемлекеттік дума мүшелері Алпысбай Қалменов пен Ахмет Бірімжанов, есімдері енді жаңадан мәлім бола бастаған Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай, Т.Жаманмұрынов сияқты жас қайраткерлер де болды. Бұлармен бірге съездің құрметті қонақтары қатарында өзбек, татар және башкұрт халықтарының аса көрнекті қоғам қайраткерлері Мунаууар Кари, Фатих Каримов және Теміршах Соловьев сияқты кісілер де бар еді. Съезге жаңа ғана Торғай облысының комиссары қызметіне бекітілген Ә.Бөкейхан да қатынасады.
Екінші Семей облыстық қазақ съезі
Семейдегі екінші облыстық қазақ съезі 1917 жылдың 12 қыркүйегінде болды. Бұл съезге өкілдер аз келгендіктен мұны съез демей, кеңес деп атады. Кеңестің төрағасы Р.Мәрсеков, орынбасары Ж.Ақбаев, қазынашылары И.Әлімбеков, М.Малдыбаев болды. Екінші Семей облыстық съезіндегі ерекшелік - облыстық қазақ комитетінің 1-ші облыстық съезден осы күнге дейін атқарған жұмыстары туралы есеп беруі еді. Елдің тыныштығын сақтау мақсатында милиция сайлау мәселесі алғаш рет осы съезде көтерілді. Кәсіби шеберханалар ашу мәселесінің күн тәртібіне қойылуы - халықтың тұрмыстық қажеттіліктерін қанағаттандыруға жасалған алғашқы қадамы еді.
Екінші Торғай облыстық қазақ съезі
Торғай облысы қазақтарының екінші съезі 1917 жылдың 20-25 тамыз аралығында Ақтөбе қаласында болып өтті. Съезге 150 делегат қатынасты. Съез төрағалығына М.Есболов, орынбасарларына С.Досжанов, А.Түнғаншин сайланды. Съезде қаралған ең өзекті мәселелер: мемлекет билеу түрі; жер, мәселесі; земство; оқу мәселесі; сот ісі; рухани-діни іс; әйел мәселесі; Бүкілресейлік мұсылман кеңесі т.б. Съез облыстағы қазақ халқын басқару үшін ұлттық-территориялық қазақ автономиясын шгізуді талап етті, қазаққа өз алдына ұлттық саяси партия құруды қажет деп тапты, әйел мәселесін шешуді мұсылман діни жиналысына тапсыру керектігін айтты. Қорыта айтқанда, Торғай облыстық қазақ съездерінде заман ағымындағы өзекті мәселелер талқыланып, белгілі бір дәрежеде нақты іс-әрекеттерге қол жеткізілді.
Үшінші Семей облыстық қазақ съезі
Семей облысының үшінші съезі 1918 жылдың 10-13 мамыр аралығында өтті. Оған 316 адам қатысты. Съездің күн тәртібіне 8 мәселе енді. Олар: автономия туралы; заманның қазіргі халі; жергілікті мекемелер; облыстық сот; жер мәселесі; оқу-ағарту ісі; азық-түлік мәселесі; Түркістан өлкесіндегі қырғынға ұшыраған қазақ-қырғыз жайы. Съезде Атқару комитеті мен қазақ комитетін біріктіру туралы қаулы қабылданды. Әйтсе де, бұл шешім қазақ комитетінің кейбір өкілдері тарапынан толық қолдау таппады. Жалпы, съез мәліметтеріне қарағанда Семей облысында Кеңестердің ықпалы зор болған.