Мұғалім қызметі тек болашаққа ғана бағытталған. Мұғалімнің іс-әрекеті, қызметі балалардың болашағына байланысты. Ұстаз еңбегінің нәтижелілігі де келешекте ғана көрініс береді. Мысалы, мұғалім еңбегінің жемісі нақты бір іс-әрекет жасағаннан кейін емес, айлар, жылдар өткен соң, шәкірттің бір табысқа қол жеткізуіне байланысты бағаланады.
Жаңашыл-педагог Ш.А. Амонашвили: «Біз болашақтың адамын, жаңадан қалыптасқан адамды бейнелеуге міндеттіміз. Биік адамзаттық, ортақ іске берілгендік, халық, мемлекет алдындағы өзіміздің қалтықсыз парызымызды сезіну бізді осындай адам етеді. Біздің әрқайсымыз – жүздеген тағдырдың туындатушымыз, біздің шәкіртеріміздің бақыты ұста дүкеніндей – кластарымызда шыңдалады! ... Біздің жанымызда, бәрі де: күлкі де, қатыгездік те, ұстамдылық та, қарапайымдық та, киген киіміміз де, біліміміз де, зеректік те, адалдық та, интеллектілік те, үйірімділік те, өмірге деген сүйішпеншілік те өріліп тұруы тиіс. Адамдағы кісілерге ұнаған таңдаулы қасиет атаулының бәрі тән болуы керек» - деп мұғалімдер тұлғасын жоғары бағалайтыны да осы мамандықтың адам өміріндегі маңыздылығының бір дәлелі деуге болады.
Мұғалім қызметі үнемі гуманистік сипатта болады. Ұстаздық қызметтің тағы бір ерекшелігі - педагогтардың әр шәкіртінің жүрегіне жол таба білуінде, әрбір баланың бойындағы қабілетті дамыту үшін жағдай жасай алуында. Ең бастысы мұғалім оқушының өзін тұлға ретінде сезінуіне көмектесуі керек, оның бойында өзін, өмірді, әлемді тануға деген қажеттілікті оята білуі керек, әрбір іс-әрекеті үшін өзінің, жолдастарының, мектептің, қоғамның алдындағы жауапкершілікті – адамгершілік қадір-қассиетті сезінуге тәрбиелеуі керек. Адамдық қадір-қасиет - адам бойындағы ең қымбат байлық. Тәлім-тәрбиелік, оқу-танымдық жолында мұғалімнің кәсіби жетістігі әрбір оқушысының мүмкіндігіне сенім артуына, оның табандылығы мен шыдамдылығына, шәкіртіне дер кезінде көмекке келе білуіне тікелей байланысты.
Педагогикалық еңбектің ұжымдық сипаты. Мұғалім үнемі балалар ұжымымен жұмыс істейді. Ал мінезі, қызығушылықтары, даму және тәрбиелік деңгейлері әр түрлі балалардың ұжым ішіндегі қарым-қатынастарын басқара білу оңай іс емес. Ол үлкен педагогикалық шеберлікті талап етеді. Бұл шеберлікті дамыту үшін педагогика ғылымындағы А.С.Макаренко негізін салып кеткен тұлғаны ұжымда және ұжым арқылы тәрбиелеу теориясын жақсы меңгеру қажет. Бұл педагогикалық идея кейінгі көптеген шығармашыл педагогтардың тәжірибесіне негіз болғаны анық.
Мұғалім бір күннің өзінде кем дегенде 3 сабақ өтсе, әр сыныпта орта есеппен 30 баладан болса, 90 оқушымен тілдесіп бәріне бірдей білім-тәрбие беруге тырысады. Ал бір апта ішінде мұғалім қаншама оқушыға педагогикалық ықпал жасайды. Онымен қатар оның жетекшілік атқаратын өз сыныбы да болады. Міне әрбір осындай мінез-құлықтары әртүрлі оқушылар ұжымында барлығына қолайлы психологиялық ахуал тудыру, ынтымақтастықта жұмыс істете білу үлкен шеберлікті қажет етеді. Сонымен қатар мұғалім үлкен педагогикалық ұжымның мүшесі ретіде оның барлық құрылымдық бөлшектерімен үйлесімді қарым-қатынас орната алуы керек. Педагог еңбегінің маңыздылығы – осындай ұжымдық еңбекпен айналыса отырып әр оқушының даралық ерекшеліктерін дамытып, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру болып табылады.