Тақырып: Кіріспе. Білім беру философиясы Білім беру – кәсіби іс-әрекет жүйесі мен құзыретті маман қалыптасу нәтижесі Мақсаты



бет1/57
Дата15.12.2023
өлшемі231,15 Kb.
#138247
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   57

апта

Дәріс тақырыбы және тезистер



Сағат көлемі

№ 1-2
дәріс

Тақырып: Кіріспе. Білім беру философиясы
Білім беру – кәсіби іс-әрекет жүйесі мен құзыретті маман қалыптасу нәтижесі
Мақсаты: болашақ ұстаздарға білім берудің түпкі мақсатын түсіндіру, оның философиялық мәнін, әлеуметтік-гуманитарлық сипатын, көпаспектілігін ашып көрсету
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1.1 Қазіргі замандағы білім беру. Білім беру философиясы жайлы жалпы түсінік
1.2 Білім беру құндылық ретінде
1.3 Білім беру жүйе ретінде
1.4 Білім беру процесс пен іс-әрекет ретінде
1.5 Білім беру нәтиже ретінде: сауаттылық - білімділік - кәсіби құзыреттілік - мәдениет - діл (менталитет)
Негізгі ұғымдар: білім беру философиясы, парадигма, педагогикалық парадигма, құзыреттілік, діл (менталитет), құндылық
Дәрістің қысқаша мазмұны: Қазіргі замандағы білім беру. Білім беру философиясы жайлы түсінік. Ғасырлар тоғысында білім беру ұғымына деген көзқарас әлемдік деңгейде өзгере бастады, себебі ол дамыған мемлекеттердің өркендеуінің негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Сондықтан күні бүгінге дейін педагогикалық категория ретінде саналған «білім беру» ұғымы кең мағынада маңызды әлеуметтік құбылыс ретінде қарастырылуда.
Білім беру мәселесімен тек педагогика ғылымы айналыспайды. Білім беруді философия, әлеуметтану, психология, экономика, мәдениеттану тағы басқа әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар өз тұрғысынан қарастырып зерттейді. Сондықтан бұл ұғымның ауқымы кеңею үстінде.
Ата-бабаларымыздан асыл мұра болып қалған әлеуметтік тәжірибені, көп жылдық мәдениетті сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе отырып меңгерту білім беру ұғымымен тығыз байланысты. Педагогикалық әдебиеттерде «білім беру» ұғымы 18-19 ғасырларда қалыптасып (Д.Локк, И.Г.Песталоцци т.б.), бүгінде педагогиканың жетекші категорияларының бірі болып табылады.
Заман талабына сай білім беру процессі үздіксіз сипатқа ие болып келеді. Әрине білім беру үздіксіз болуы тиіс, себебі қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың жедел дамуына байланысты алған білімдер тез ескіруде, сондықтан адамзат баласы алған білімін үнемі толықтырып, жаңартып тұруы қажет. Білім беру ұғымының мазмұны да өзгерістерге ұшырап, жан-жақты кеңейе түсті. Педагогика ғылымында оның бірнеше анықтамалары бар.

  • Кең мағынадағы білім беру - жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға және өмірлік жолын құзырлы таңдауға мүмкіншіліктерін кеңейтуге бағытталған процесс. (А.Г.Асмолов).

  • Білім беру дегеніміз жеке тұлғаның әлеуметтік жетілуі мен жеке өсуі қамтылатын оның қабілеттіліктері мен мінез-құлқын жетілдіру процессі және нәтижесі (ЮНЕСКО, 1997) .

  • Педагогикалық энциклопедияда білім беру ұғымы – жеке тұлға мен қоғам мүддесі үшін жүргізілетін педагогикалық тұрғыдан ұйымдастырылған әлеуметтендіру процессі (1999 ж).

  • Білім беру – адам, қоғам, мемлекет мүддесіне, мақсатына бағытталған тәрбие және оқыту процессі (Сластенин В.А.).

Демек, білім беру ұғымына берілген анықтамалардың көптігі оның кең мағыналылығының, көпқырлылығының, маңыздылығының айқын дәлелі.
Қазіргі білім берудің негізгі мақсаты - тек білім, білік дағдыларды қалыптастыру емес, сонымен қатар жеке тұлғаның әлеуметтік құнды іс-әрекетке қатысуы үшін өзіне және қоғамға қажетті қабілеттерін дамыту. Осы тұрғыдан ойды өрбітетін болсақ, білім беруде тек білімді меңгерту, білік пен дағдыларды қалыптастыру жеткіліксіз. Керісінше білім, білік, дағдылар арқылы жеке тұлғаның үйлесімді түрде эмоционалды, ақыл-ой, адамгершілік, рухани-құндылық, еріктік, дене жағынан толыққанды дамуы маңызды. Білім беру барысында адам мәдени құндылықтарды, ғылыми білімдерді меңгереді. Соның нәтижесінде экономиканың, саясаттың, ғылымның, мәдениеттің, өнердің дамуына зор үлесін қоса алады.
Білім берудің сапасы адамның білім алып жатқан мекемесінің (мектеп, жоғары оқу орындары) педагогикалық іс-әрекетіне тығыз байланысты болады. Ал жоғары білім берудің сапасы студенттердің кәсіби, оқу-танымдық, ғылыми-зерттеу жұмыстарына, кәсіптік педагогикалық практика деңгейіне тікелей байланысты. Бұл кезде студенттердің басым көпшілігінде өз бетінше білім алу және шешім қабылдай алу іскерліктері бекіп, белсенділік, табандылық, төзімділік, зеректілік, жауапкершілік қасиеттері айырықша байқалады.
Білім беру саласының әрбір даму кезеңдеріне тән заманауи үлгі, модель ретінде қабылданатын өзіндік теориялық, әдіснамалық ерекшеліктері болады. Бұл жалпы педагогикалық қауымдастықтың қабылдаған даму бағыттарының жиынтығы ғылыми тілде парадигма деп аталады. Парадигма ұғымын ең бірінші болып ғылыми пәндердің дамуының түрлі кезеңдерін зерттеген американдық тарихшы Т. Кун болған. Оның пайымдауынша әр ғылымның дамуында мынандай кезеңдер байқалады:

  • парадигманың орнығуына дейінгі кезең;

  • парадигманың қалыптасуы, орнығуы;

  • ғылым саласындағы дағдарыс, парадигмалардың ауысуы.

Ал педагогикалық парадигма дегеніміз нақты педагогикалық міндеттерді шешудегі үлгі, стандарт, өлшемдер, модель ретінде ұстанатын қалыптасқан негізгі ғылыми жетістіктер, әдістер, теориялар, көзқарастар жүйесі. Жаңа парадигмалар келешектегі ғылыми зерттеулердің бағыттарын анықтайды, оларға негіз болады. Мысалы: қазіргі отандық педагогикада мынандай парадигмалардың ауысуы байқалады: «білімді адам» парадигмасының орнына «өмірге бейімделген, белсенді, шығармашылық тұрғыдан ойлай алатын, және өзін-өзі адамгершілік, ақыл-ой жағынан дамытуға қабілетті адам» парадигмасының ауысуы айқын көрінеді. Яғни, бұрынғы көзқарастар бойынша адамға білім, білік, дағдылар жүйесін меңгерту жеткілікті деп есептелінген болса, қазір ол жеткіліксіз. Себебі адам тек дайын білімдерді меңгеріп, оны шығармашылықпен практикада қолдана алмаса, өзін-өзі жетілдіріп отыруға бейімделсе, онда мұндай адам қоғам талабына жауап бере алмайды.
Сондықтан қазіргі білім беру саласында жаңа педагогикалық парадигма қалыптасуда. Парадигмалардың ауысып отыруы заңды құбылыс, философиялық заңдар да дәлелдейді. Жаңа педагогикалық парадигмада «білім беру философиясы» деген ұғым кеңінен талқылануда.
Білім беру философиясы көптеген сұрақтар жауабын іздестіреді. Қазіргі қоғамдағы жеке тұлғаның алатын орны қандай? Адамзаттың маңызды мәселерін шешудегі білім берудің әлеуметтік рөлінің мәні неде? Қазіргі кездегі білім беру саласы, оның даму бағыттары қандай? Ол болашақта қандай болуы керек? Білім берудің қазіргі жағдайы қанағаттанарлық па?
Ал философия ертеден дамыған ғылымдардың бірі екені белгілі. Философия – грек тілінен аударғанда («фило» – «жақсы көру», «софия» – «ақылдылық») – адамзат қоғамы мен ойлау табиғаты дамуының ең негізгі заңдылықтары туралы ғылым ретінде қарастырылады. Философия ғылымы заңдары көптеген құбылыстарды зерттеуде, танып білуде, түсіндіруде қолданылады. Осыған байланысты білім беру саласындағы көптеген мәселелерді философиялық тұрғыдан түсіндіру көзқарастары қалыптасқан.
Білім беру философиясын жан-жақты зерттеген ғалымдар В.В.Краевский, Б.Л.Вульфсон, В.В.Кумарин, Б.С.Гершунский т.б.
Бұл ғалымдардың зерттеуінше білім беру философиясы үш тұрғыдан қарастырылады:
1. Білім беру философиясы – қолданбалы философия ретінде қарастырылады. Бұл тұрғыдан білім беру саласының даму заңдылықтарын негіздеу үшін жалпы философиялық қағидаларды қолдану жеткілікті деп есептелінеді.
2. Білім беру философиясының мазмұны педагогика ғылымының теориялық-әдіснамалық мәселелерімен сәйкестендіріледі.
3. Білім беру философиясы дербес ғылыми білімдер саласы, оның негізін тек білім беруге қатысты жалпыфилософиялық ілімдер ғана емес, білім берудің барлық аспектілерінің қызметтерін қамтитын жеке шынайы даму заңдылықтары құрайды.
Шығыстың атақты философы, ғұлама ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби жалпы педагогика ғылымының өзін тәжірибелік философия немесе қолданбалы философия ретінде қарастырған.
Білім беру философиясының бір ғана тұтас нысаны (объектісі) бар, ол барлық құндылықтық, жүйелік, іс-әрекеттік, нәтижелілік сипаттағы білім беру.
Білім беру философиясының пәні – білім беруге қатысты пәнаралық теориялар, заңдар, заңдылықтар, категориялар, ұғымдар, терминдер, принциптер, постулаттар, ережелер, әдістер, болжамдар, идеялар, фактілер.
Б.С.Гершунский пайымдауынша «білім беру философиясының мәні – білім беруге бетбұрыс алған философия» немесе «білім беру іс-әрекетінің барлық аспектілерінің өзіндік ғылыми парадигмасы».
Сонымен, білім беру философияның мәні – адам өмірінің түрлі кезеңдеріндегі оқыту, тәрбиелеу және дамытудағы құндылық-бағдарлық, мазмұндық-процессуалдық, нәтижелілік компоненттері жайлы ғылым аралық білімдер жүйесі.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   57




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет