Тапсырма. Әңгімені түсініп оқы!



Дата07.01.2022
өлшемі20,46 Kb.
#17450
Байланысты:
70cf1f0d485048fa84745d9c588ed39eb73ab2bf



Тапсырма.

1. Әңгімені түсініп оқы!

Ұлпан
ПОВЕСТЬ

Есенейдің төрт қос жылқысы «Қаршығалы» шұбарына жақындап келіп, қапталдай төніп қалып еді. Тақырланып қалған жазғы жайлаудан келе жатқан жылқы қарауытқан қалың орманды, өзекті-шілікті өңірге тұяғы тиген соң-ақ ұстарадай өткір тістерін жерге қадай бастады.

Қазақ байлығы жылқысында. Қысқа қарай жылқы малын ықтасыны бар, қара отты шұбарға жақын ұстамасаң — «Байлық — бір жұттық, батыр — бір оқтық» — кейде тақыр-таза жаяу да қаласың. Жаяу қалған адам несімен адам?.. Несімен қазақ?

Есеней қазір қаптап-қапталдап, жер түгін тістелей жылжып келе жатқан байлығының алдында едәуір жерде биіктеу жотаның қырқасында ат үстінде тұр. Көз жетпес жиекке дейін созылып-керіліп жатқан кең алқап шын-ақ мақтағандай екен. Жота-жота қалың ормандар. Өзекті-шілікті, тың жатқан қара отты кең шиыр. Ат шашасынан аз-ақ асатын алғашқы жауған ақша қар жердің шөбін әлі жасыра алмапты. Сондай жерге ертерек келіп ірге тепкеніне байдың, көңілі әбден тояттап тұр.

Есенейдің қасында төрт адам жолдастары бар еді: ең сенімді серігі — жамағайын түрікпен Мүсіреп, Алдай елінен — аңшы Мүсіреп, руы басқа болса да Есенейдің қоныстасы Бекентай батыр және Есенейдің қосалқы атын жетелеп жүретін жас жігіт, түрікпен Мүсірептің туған інісі — Кенжетай.

Түрікпен Мүсіреп аздап сыбызғы тартады. «Боз іңген», «Боз мұнай», «Сүйір батыр», «Алқа кел», «Алғашқым» деген күйлері бар. Одан соңғы құмары бір жақсы ат, қонымды киім, серілеу адам. Қалталарында қалампыр жүреді... Әлі ақ кірмеген сақал-мұртын жарасымды қырқып ұстайды.

Алдай Мүсіреп аңшы адам. Балдаққа сүйеген оң қолында «түлкі перісі» атанған томағалы қара бүркіт, арқасында жалғыз оқ, аяқты шиті мылтық. Азырақ асыға сөйлейтін, азырақ асыра сөйлейтін адам.

Күн кешкіре келе бұлыңғырланып тұр еді, ұзамай қар жапалақтай бастады. Есеней, алыстан көз тігіп келіп тоқтаған жерін мақтап-мақұлдауларын күткендей жолдастарына қарады.

Осы кең қорықты Есенейдің есіне салған аңшы Мүсіреп еді. Сонысын тағы бір ескертіп қалғысы келіп, Есенейге қарай еңсеріле бұрылып:

— Аға сұлтан пірім-ау! Айтпап па едім? Қысқа қарай жылқы баласына бұдан артық жер болмайды. Иесіз жатқан жер! Бір қыс жайладың — болды, аға сұлтанның шұбары атанады да, балаңның баласына дейін кете барады! — деді.

Есеней оның сөзін аяқтатпай екінші Мүсірепке қарады. Осы бір «аға сұлтан», «балаңның баласына» деген сөздер Есенейге шаншудай қадалатынын ақ көңіл аңшы аңдамай-ақ қойды. Аға сұлтан болғысы келіп бола алмай қалған адамға, екі ұлы бір күнде өліп, содан бері жиырма жыл бойында әйелі бала көтермей қойған адамға жаңағы сездер мазақтаумен қорлаумен тең екенін жарамсақ аңшы түсінбесе керек. Атақ құмар, лақап құмардың сөзін қайталай береді.

Өткен қыс аңшылықта кездесіп қалып Есенейге екі түлкі, үш қара қылшық күзен байлап еді, сонысын арқаланып кимелеп сөйлейді. Биыл міне, жер қарадан қасына еріп Есенейдің қасқыр алатын арабы иттерін баптап жүр. Өзі де аң құмар Есеней оның бетін біржола қайтарып тастайтын қатты сөз айтпай келеді. Қолын азғана сермеп тоқтатып тастайды, бар болғаны сол-ақ...

— Жазы-күзі мал тұяғы тимеген шүйгін екені көрініп-ақ тұр. Бірақ, осы күні иесіз жер бар ма, бір иесі бар шығар,— деп түрікпен Мүсіреп аз кідіріп қалып еді, аңшы Мүсіреп тағы киіп кетті:

— Жоқ, жоқ! Иесіз жатқан жер! Бұл өңірде мен білмейтін жер бар ма, тәңірі! Қасқыры мен түлкісінің ен-таңбасына дейін білемін. Құдай біледі деп айтайын, «Қаршығалыда» үш мың қасқыр, бес мың түлкі, он екі мың күзең жеті мың, қоян бар!..

Түрікпен Мүсіреп ағасына қарап қағытып қалды:

— Ақ құр, қара құрларын санамаған екенсіз, Мүсеке!

— Үш мың, қасқыры болса, менің жылқымды бір қыста жеп тауыспас па екен? — деп Есеней де қалжыңдады.

Кенжетай ағасына қарап ну орманның, орта тұсын көзімен нұсқады. Мүсіреп інісінің нұсқаған жағына қарап:

— Сонау қалыңның орта тұсында үш жерден түтін керше ме деймін,— деді Есенейге бұрылып.— Әне бір салт аттылар да көрінді.

Үш салт атты қатты жүгіртіп келеді. Біреуі алдарақ, екеуі кейінірек. Алдыңғының аты не жорға, не қу аяқ желісті болу керек. Кейінгі екеуі ара-тұра шауып алып ілесіп келеді.

Алдыңғы жігіт ағызған бойы жотаның қырқасында тұрған топтың алдына жақындап келіп сөйлеп кетті:

— Армысыздар, ағалар!.. «Қаршығалы» шұбарын паналап қонып қалған үш ауыл кірме Күрлеуіттің арызын айта келдік... Биыл қыс осында жан сақтаймыз ба деп жаз бойы қорып келген жеріміз еді. Жетісіп отырған ел емеспіз... Сорлының зары арлыға кездескен деп жіберіп еді... айтар арызымызға құлақ ассаңыздар екен...

Аңшы Мүсіреп Есенейге жарамсақтанып жігіттің арызын аяқтатпай киіп кетті:

— Сүйреңдемей тоқта, бала, тоқта деген соң! Аулыңа сәлем айт: Есеней аға сұлтанның ат тұмсығын тіреген жеріне таласып әуре болмасын! — деді.

Жігіт те іркілген жоқ:

— Есенейі жоқ елді де ел екен жұрт екен десеңіздер қара ерттей қаптап келе жатқан жылқының бетін кейін бұрсаңыздар екен. Осы арызымыз...

— Мына көргенсіз неме кімнің атын атап тұр өзі! Құйрығыңды түріп тастап дүрелеп алсын деп тұрмысың?—деп анайы аңшы атын тебініп-тебініп 

қалды. Есеней қолын сермеп тоқтатпағанда әлденеге ұрынып қалатын жайы бар.

Жас жігіт бұл жолы жауап қайырған жоқ. Басын темен иіп арызына жауап күтіп тұр.

Осындай ежет жастарды Есеней қатты ұнататын еді. Жиырмаға келмеген бала жігіттің сезінің нәрі де, зәрі де бар екен. Осылай есірермін деп үміт еткен екі ұлы қара шешектен бір күнде қайтыс болғалы осындай уытты жасқа қызыға қарап қалушы еді. Өзімен рулас он ауыл Сибанның ішінде үміт етер жастардың бәрін де сыртынан бақылай жүретін. Бала жігітке қызыға тұрып түрікпен Мүсірепке қарады — жылы жауап бер дегендей еді.

Түрікпен Мүсіреп жас жігіттің сөз саптауынан ашынғандық лебін өзі де танып тұрған. «Кірме Күрлеуіт» дегеніне қарағанда арыз айта жіберіп отырған қай бір бай ауыл дейсің. Сөз білер ақсақалы да болмаған ғой.

— Шырағым, арызың аяқсыз қалмас,— деді ол,— аяқсыз қалдыратын арыз сияқты емес. Ауылдарыңа осыны айта барарсың. Түсі игіден түңілме дегендей, көргенсіз деуге, ішім қимай тұр өзіңді. Әттең, ашынғандықтан болса да азды-көпті асқақтай сөйлегенің, де болды. Аулыңа мұны да айта барарсың.


Бала жігіт бұл жолы да тез жауап қайырды:

— Арызымызды айтып кел деген жұрт асқақтай сөйле деп тапсырған жоқ еді, ағалар. Солай болып шықса, айып өзімде. Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар деген бар ғой. Міне, айыбым! — деп атынан түсе қалып ұзын шылбырын Кенжетайға қарай серпіп жіберді:—әйтеуір ат жетелеп жүр екенсің, мынаны да жетелей жүр...

Содан соң екі жолдасының бірін түсіріп соның атына мініп алды да жөнеле берді.

Кешіре көріңіздер, ағалар...

Жолдастары бір атқа мінгесіп кетті.

Есеней ұзай берген бала жігітке әлі қарап тұр. Бір сәтке баласыздығы бойын билеп, бар ойы сол бала жігіттің соңынан кетіп бара жатқандай еді.

— Қап, құйрығын түріп жіберіп дүрелеп алу керек еді өзін! —деді аңшы Мүсіреп, қайта қызына бастап. «Құйрығын түріп» дегенді тауып айттым деп қайталап тұр.

— Апыр-ау, бұл кімнің қызы болды екен? —деп түрікпен Мүсіреп Есенейге қарады.

— Қыз? — Күні бойы Есенейдің аузынан шыққан екінші сөз осы еді.

— Ие, қыз!.. «Міне, айыбым!» дегенде кез құйрығымен өзіңді бір шарпып өткенде нағып байқамадың? Шарпып емес-ау, кез қиығын серпе тастап қарайтыны бар екен де!..

— Ай, Түркпен-ай, жер ортаға жақындап қалсаң да қыз-келіншек дегенде қырағысың-ау! — деді Есеней. Неге екені белгісіз, мақтағандай еді.

Аңшы Мүсіреп шошып кетті.

— Қыз болса мені құдай ұрды төбемнен! — деді.— Мен масқара болдым. Бұл Артықбай батырдың қызы Ұлпан. Үйіне қонып кеткеніме ай толған жоқ. Ең болмаса қара жорғасын танымай қалғанымды қарашы! Бір күн қасыма еріп жүріп, екі қаз байланып еді! Қарағым-ай, енді сенің бетіңе қалай қарармын! —Аңғал аңшы күйіп-пісіп шошалақтады да қалды.

— Дүре соққың келмеп пе еді? Бетіне қарамай-ақ соға бересің де! — деп, өзі сасқалақтап қалған аңшыны түрікпен Мүсіреп біржола өлтіре салды.

— Артықбай батырдың қызы деймісің? — деді Есеней.

— Ойбай, аға сұлтан пірім-ау! Соның, қызы Ұлпан. Сол жақ артқы аяғы ақ бақай, маңдайында төбелі бар, су төгілмейтін қара жорға тұр ғой міне!..

Қыздың бір-ақ рет көз қиығын Есенейге серпе тастап қарағанын түрікпен Мүсірептен басқа ешкім аңдамай қалған екен. Кешкірген бұлыңғыр күн, қапалақтаған қар... арыз айтуға қыз келер деп кім ойлаған! Келген бетінде кие сөйлеп бәрінің көңілін сөзіне аударып әкеткен Ұлпан қыз екендігін аңдатпауға тырысып еді. Солай бола тұрса да, қыздың аты қыз ғой, атақты батыр, атақты әділ би атанған Есенейге қыз көзімен бір қарап қалғанын өзі де сезбеген.

Қыр жайлаулардан құлап келе жатқан Есенейдің жылқысы екенін аулы біліп отырған. Қалың, қара шұға жалбағай бет-аузын жауып кеткенімен атандай қара көр аттың үстіндегі зор денелі адамның Есеней екенін Ұлпан да ішінен таныған. Бес жасар кезінде көргені де, қорқатыны да есіне түскен. Бірақ, өзін танытпай кетті.

Есеней тобы аңырып қалды. Не істеу керек? Қара жорғаны қыздың айыбы деп қалай алып қалар? Сұңғыла қыз бұларға бір ұяларлық ұпай салып кетті емес пе! Ие, «малым — жаным садағасы, жаным — арым садағасы» дейтін елдің нақылын еске алсаң, лайықты жұмыс болмапты. Есеней жолдастарына қарады:— «Не істеу керек?»

— Артықбай батырға тізе көрсеткендей болып келгеніміздің өзі қандай айып! Қызының атын айыпқа алып қалғанымыз екінші айып. Арыз айта келген қыздың атын айыпқа алып қалғанымыз айып біткеннің ішінде ел естімегені болар! — деп түрікпен Мүсіреп Есенейдің қара шешектен қара шұбар болып қалған бетіне тура қарады.

Есеней өмірінде айып тартып көрмеген айып-жазасы болған адамдарға қатал жаза беруді жақтайтын би еді. Болмашыдан айыпты болғанына әрі күлкісі келеді, әрі шешімін таба алмай тұрғаны анық. Артықбай оны бір рет намыс өлімінен айырып алған, екінші рет өлімнің өзінен айырып алған кәрі жолдасы, батыр адам.

— Қара жорғаның мойнына ат қосақтап қайтарған дұрыс болар! — деді түрікпен Мүсіреп.

— Айналайын адасым-ай, таптың, таптың! Менің кәрі бозымды бірге қосақтап жібер! — деді ақ көңіл аңшы.

Есеней «жөнел!», деген бұйрығын Кенжетайға иегімен нұсқады...

....Есеней қосы деген екі ақ үй, үш қараша үйлер еді. Бәрі де тал мен шілік арасына, ығынға тігіліпті. Ағаш табанды шаналар, жегін саймандары өз алдына жеке қораланыпты. Есенейдің өзі жататын үлкен ақ үйдің екі босағасында екі үлкен арабы иттердің үйшіктері тұр.

Иттер иесіне үрген де жоқ, еркелеген де жоқ. Үйшіктерінен шығып бір-бір керілді де, иесінен бұйрық күткендей аңырысып қалды.

Іңір ауа Кенжетай қайтып оралды.

— Ие?

— «Мұзбелді» апарып батырдың белдеуіне байладым. Батыр әбден ырза болып қалды.



— Не деді?

— Кім айыпты екеніне әлі көзім жете қойған жоқ. Ұлпанжан бетіне адам қарсы келмей ерке ескен бала еді, кім білсін... Есенейдің айыбы болмаса мырзалығы шығар. Алда разы болсын,— деді.

— Өзі қалай екен? Төсек тартып жататын болар?

— Жоқ, есікті аштырып тастап жүз қадам жердегі жуан теректі нысана қылып садақ тартады екен төсек үстінде отырып. Ертең сізді қонаққа шақырды. Несібелі жеңгесінің ыстық бауырсағын сағынатын уақыты да болған шығар...— деді...

....Есеней қазір діндар адам болғанымен бір кезде аса әр көкірек, озбыр би болатын. Орыс шекарасын паналай отыратын Нұралы деген момын елдің барлық жерін тартып алып, далаңқы жайлауға қарай айдап тастағаны бар-ды. Момын ел қарғап-сілеп кеткен екен — келер жылы Есенейдің екі ұлы қара шешектен бір күнде, бір сәттің ішінде бірге өліп кетті.

Балаларын жерлеп қайтқан күні қара шешек Есенейдің өз денесіне де қаптап білініп келеді екен. Шілденің қайнап тұрған ыстық кезі еді. Өр көкірек батыр адам басқаларда жоқ ірі мінез көрсетті. Атына міне салып қозыкөш жердегі «Әулие сор» атанған тұзды көлге тыржалаңаш періп кетті. Артынан келген адамдарға осы араға үй тіккізуге, сусын әкелуге бұйрық берді де суы жылы сор көлге күні-түні шомыла берді, шомыла берді. Қорасан шыққанда дуылдап қышитын денені қасымауға шыдады. Бақсы-құшнаштарды да маңайына жолатқан жоқ.



Сордың суында қорасанға дауа болғандай қандай қасиет бар, оны ешкім білген емес, әйтеуір Есеней бар денесіне бармақтай-бармақтай қара таңба түссе де аман қалды. Содан бері әйелі де бала тапқан емес. Қорлық-зорлық көрген Нұралы елінің қарғысына ұшырап ұрпақсыз қалдым деп біржола сеніп болған. Бір бет ер кеуде адам содан кейін намазға мойындады. Білмейтін, түсінбейтін істің айнымас құлы болып кетті.



Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет