Сопақша ми– жұлынның үстіңгі жағында орналасады. Ұзындығы 2,5-3 см, салмағы-7 г. Екі қызмет атқарады:рефлекторлық және өткізгіштік. Сопақша мида тыныс, қан айналу, сору, шайнау, жұтыну, жөтел, түшкіру, сілекей шығару нерв орталықтары орналасқан.
Ми көпірі – сопақша мидың үстінде орналасады. Ұзындығы 2,5 см. Қызметі сопақша ми тәрізді: рефлекторлық және өткізгіштік.
Мишық – сопақша мидың артқы жағында орналасқан. 3 бөлімнен тұрады: мишықтың құрты немесе ортаңғы бөлімі және мишықтың екі жарты шарлары. Ересек адамның мишығының салмағы 150гр, оның негізгі қызметі – бұлшық еттердің тонусын және тепе-теңдікті сақтау. Қорытып айтсақ, мишық-тонустық рефлекстердің жоғары дәрежелі реттеушісі болып есептеледі. Бұған қоса, мишық тыныс алуды, жүректің соғуын қимылдың түріне байланысты лайықтап отырады.
Ортаңғы ми ми көпірінің үстінгі жағында орналасқан. Мұндағы сұр заттар 4 төбешік түрінде орналасқан. Алдыңғы 2 төбешікте алғашқы көру орталығы, ал артқы 2 төбешікте алғашқы есту орталықтары орналасқан.Олардың қызметіне байланысты бағдарлау реакциялары орындалады. Сонымен қатар, ортаңғы мида қызыл және қара субстанцияның ядролары бар. Қара субстанция үйлестірілген жұтыну, шайнау, саусақтардың нәзік қимылын реттеуге қатысады. Қызыл ядрода бұлшык еттің тонустары реттеледі.
Аралық ми ортанғы ми мен ми сыңарларының арасында орналасқан. Ол 2 төмпешіктен және төмпешік асты аймағынан тұрады. Төмпешіктерді таламус, ал төмпешік асты аймағын гипоталамус деп айтады. Таламус арқылы мидың барлық сезгіш жолдары өтеді. Гипоталамус дененің жоғары дәрежелі вегетативтік орталығы болып саналады. Мұнда зат алмасуын, дененің температурасын, аштық және шөл сезімдерін, барлық ішкі мүшелердің қызметін реттеу орталықтары бар. Аралық мидың дамуы 13-15 жаста аяқталады.
Улкен ми сыңарлары мидың ең үлкен , ең маңызды бөлімі. Адам миының барлық салмағының 80% ми сыңарлары алып жатыр.Онда 17 миллиард нерв клеткалары бар. Ми сыңарлары қызметін жоғары жүйке әрекетіне жатқызады. Ол өзінен төмен орналасқан орталық жүйке жүйнсінің барлық бөлімдерінің қызметің реттеп отырады. Бұған қоса, біздің санамыз, ойлау қабілетіміз ми сыңарларының қызметіне негізделген. Ми қыртысында белгілі бір қызмет атқаратын бөлімдер бар: сезім, қозғалыс, байланыс және лимбика.
Орталық жүйке жүйесінің жоғары бөлімі ретінде ми жарты шарлары бір-бірімен байланысты екі үлкен қызмет атқарады:
1. Ағзаның сыртқы ортамен байланысын қамтамасыз етеді, яғни адамның мінез-құлқы, ойлау қабілеті, санасы, ақыл-ойы – бұлардың бәрі жоғары жүйке әрекеттері.
2. Ағзаның қызметтерін бір-бірімен байланыстыру, ішкі мүшелердің қызметтерін қажетті жағдайға қалыптастыру, келтіру, үйлестіру.Бұлар төменгі дәрежелі жүйке әрекеттері.