1.3 Тәрбиенің ізгілік және гуманитарлық қағидалары
Тәрбиелік мақсатқа сәйкес, тәрбие кешенді міндеттерді шешуді дүниетанымы кең, ой-өрісі жоғары, жеке тұлғалық қасиеттері дамыған адамның негізін қалыптастыру; еңбек, таным, қоғам, отбасы, уақытты тиімді пайдалана білу тәрізді әлеуметтік қызметтерді өз мәнінде қабылдап, оларды пайдалана білуге даярлау, кәсіп таңдау; өз тағдырын өзі шешуге мүмкіншілік жасау, оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеуіне, өз бетімен білім алуына мүмкіндіктер туғызуды алға қояды.
2015 жылы ұсынылған «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінде» тәрбие қағидасына жан - жақты тоқталады. «Тәрбие қағидасы – тәрбиешілер міндетті түрде сақтайтын, тәрбиені ұйымдасытрудың аса маңызды ережелері, бастапқы ережесі дей келе, кағиданың барлық бағыттарына тоқталады: табиғилылық қағидасы, мәдени сәйкестілік қағидасы, гуманистік бағыт қағидасы, этникалық қағида, бiрлiк талабы мен сабақтастықты қамтамасыз ету қағидасы , тәрбиенің үздіксіздік қағидасы, әлеуметтік өзара іс-әрекеттер тиімділігі қағидасы, әлеуметтік барабар қағидасы, демократияландыру қағидасы, вариативтілік қағидасы. Ал, мақсатттылық қағидасына мақсатты талаптың айқындығын, ұжымдық сұранысқа нақты есеп жасауды, тәрбие қызметінің басты түрлерін дұрыс таңдауды қарастырады»,- деп нақты анықтама берілген. Тәрбие табиғи және әлеуметтік-мәдени үдерістердің өзара байланысының ғылыми түсінігіне және балаларды тәрбиелеуде олардың жеке тұлғалық және жас ерекшеліктерін ескерудің қажеттігіне, жалпы адамзаттық құндылықтарға, құндылықтарға сай дәстүрлер мен ұлттық мәдени нормаларға және аймақтық ерекшеліктерге сәйкес құрылады, әрбір жеке тұлғаға құрметпен қарайтын, оның бостандығын және әлеуметтік құқын мойындайтын гуманистік идеяны және бағытты бірінші орынға қояды; педагогтың білім алушыларға және тәрбиешілерге өздерін-өздері дамытуға жауапкершілікті субъекті ретінде қарауын, сондай-ақ, субъектінің-субъектіге көңіл бөледі.
Тәрбие үдерісінің қағидалары: ізгілік бағыттылығы, жалпыадамзаттық құндылықтар, мәдениеттілік, үздіксіздік, табиғилық, тұтастық, ұлттық т.б. бірі бірімен сабақтастықта кешенді түрде үйлескенде тәрбиенің жетістікке жетеді.
Тәрбиенің ізгілік бағыттылығы - тәрбие мазмұнының құндылық, дүниетанымдық бағытын немесе құндылықтар жүйелерін және өмірдің мәнін , рухани байлықты түсіну, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу; жалпыадамзаттық және ұлттық мәдениетті игеру; әлеуметтендіру, қоғамдық тәжірибені жинақтап, тұлғаның азаматтық іс-әрекет тәжірибесін дамыту; тұлғалық бағдарын дамыту (өзін-өзі тану, өзін-өзі реттеу, өзін-өзі бақылау, өз өмірін ұйымдастыру қабілетін жетілдіру); тұлғаның денсаулығы мен тән түзілісіне байланысты табиғи бағдарын ескеру.
Жалпыадамзаттық құндылықтар - халықтық дәстүрлерде, адамгершілік үдерістерде, жеке тұлғаның қасиеттері, адамгершілік үлгілері жинақталған күйде, әдептіліктің қоғамда қабылданған үлгісі ретінде, түрлі халықтың, түрлі діннің, түрлі дәуірдің рухани мақсаттарын жақындастыратын құбылыс.
Мәдениеттілік - адамзат игілігі ретінде ұрпақтан–ұрпаққа, материалдық және рухани байлық жасауынан көрінетін, қоғам мен адамның белгілі тарихи даму дәрежесі, қазақ халқының мәдени мұраларында мемлекет құраушы ұлттың дүниетанымы, тілі мен ділі, болмыс-бітімі көрініс тауып, олар ұлттық мәдениетті адамды қоғамға лайық тәрбиелеу, жетілдіру, қызмет істетуОтан, адам, тұлға, өмір, адамдардың бір-біріне мейрімділік қарым-қатынасы, шыншылдық, әділеттілік, білім, ғылым, өнер адамның өмір сүруіне деген материалдық жағдайдың болуы.
Ұлттық тәрбие беру - әр адамзаттың өз Отанына деген саналы қатынасын, мемлекеттік тілді, мемлекет құрушы ұлттың мәдениетін меңгеруді, мемлекеттің ұлттық бірлігін нығайту қажеттілігін түсінуді қалыптастыру. Сонымен бірге тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне мақтанып, ұлттық рухты күшейтуге, азаматтық борыш, перзенттік парыз ұғымдарын дұрыс қалыптастырып бағыттауға, болашақ мамандардың кәсіби жауапкершілігін дамытуға ықпал ету.
Достарыңызбен бөлісу: |