Жан көріністері мен дене көріністері арасындағы байлам Жан көріністері мен дене көріністері арасында қанша айырма болғанымен, араларында тіпті жақындық жоқ емес, қайта бірлік, байлам бар. Дене жанға, жан денеге байлаулы, біреуінің біреуінсіз күні қараң.
Өзімізге мәлім: денеміз сау болса, жанымыздың ісі де сау, жақсы болады. Яғни ақылымыэ түзу, сезіміміз дұрыс, қайратымыз берік болады. Егерде денеміз ауру болса, яки жұмыс қылып шаршаса, жанымыз да ауру, жанымыз да шаршайды. Басқа ауру, мидың ауруы жан ісіне жаман әсер қылады. Нашар ауа басты айналдырып, қанды дұрыс жүргізбей, денеге әсер қылады да, жанға барып қол салады. Яғни жанның ісі шабандайды, бұзылады. Ой күңгірт тартады, сезім топастанады. Қайрат жасиды. Денең салбырап ауырған кезде ыстық қою шайды ішіп жіберсең, денең жадырап кетеді. Денең жадырап кеткен соң, жаның жадырап кетеді. Бұл мысалдармен біз жанның денеге байлаулы екенін көрсеттік. Ал еңді дене де жанға байлаулы, жан көріністері денеге қатты әсер береді. Адамның көзқарасы, дауысы, аяқ басуынан жанның қандай күйде екені көрініп-ақ тұрады. Қайғы һәм ойлау денені жабықтырады, қуаныш адамды күлдіреді. Бетке қан жүгіртеді. Ақынның «бетке шықпай қала ма жүрек ізі» дегені жанның жайын білетіндігі ғой. Қорыққанда дене дірілдеп, қан қашып кетеді. Аса қатты қорыққаннан, яки аса күшті қайғыдан бірнеше сағатта шаштары аппақ болып қалғандар да болған. Міне, жан көрінісінің денеге әсер беруі қандай дәрежеге жетеді.
Жан көріністерін үйрену жолдары Әр нәрсені үйренудің белгілі түзу жолдары бар. Жан көріністерін үйренудің жеке жолдары бар.
Өзін бақылау жолы Жан көріністерін үйренудің жолы, бірінші – өзін бақылау. Адам өз жанының көріністерін өзі бақыламаса, жан көріністерімен таныс бола алмайды. Мысалы, ашу, қуаныш сықылды жанымыздың көріністерін бақыласақ қана біз олардың қандай мінезде екенін һәм араларында қандай айырма бар екенін біле аламыз. Бірақ бір жан көрінісін сол көрініс болып тұрғанда бақылау оңай емес. Себебі өзін бақылау деген сөз адамның яғни жанның бір уақытта екі іс істеуі, әрі бақылаушы, әрі бақыланатын зат болуы деген болып шығады. Бұл істе мүмкіндік аз. Бұған мысал алайық. Менде ашу деген жан көрінісі болып тұр, яғни мен ашуланып тұрмын. Егерде мен осы ашуланып тұрғанымда осы ашу көрінісін бақылай бастасам, яғни ашудың тууына не себеп болды, ашу деген қандай нәрсе екен деп ойлай бастасам, сол ашу бұрынғы күйінде тұра ма? Әрине, тұрмайды. Мұндай ойға кірісумен ашудың күші кеми бастайды. Осы мен неге ашуланам деп ойлай бастасаң, ашуың біте қалады. Міне, өзін бақылаудың оңай емес екендігі осыдан көрінеді.
Әйткенмен де, жан көрінісі артық күшті болмаса, өзін бақылауға болады. Мысалы, жеңіл ашуланып отырған адам сол ашуының себебін тексеріп отыруға мүмкін.
Бірақ өзін бақылау деген сөздің шын мағынасы – өткенді еске түсіру деген сөз. Мысалы, ашу деген жан көрінісін бақылау үшін біз бұрын өткен бір ашуымызды, яғни бұрынғы бір ашуымыздың не себептен туғанын, қалай күшейгенін, қандай мінезді болғанын һәм қалай басылғанын еске түсірсек, сол уақытта біз ашу деген жан көрінісін өзін бақылаған жолмен бақылаған боламыз. Өзін бақылау деген сөз – бұл мағынада бұрын болып озған жан көріністерін еске түсіріп тексеру деген сөз болып шығады. Адамға өзін-өзі тексеру, өзіне-өзі есеп беру деген оңай нәрселер емес. Өзін- өзі тексеріп, қаталарын көруге адамның менмендігі бөгет болады. Әйткенмен де, бұл адамның өзін-өзі тексеруі – оның жан тұрмысының өркендеуіне, түзу жолға түсуіне бірінші шарт. Өз қатасын көре білген адам келешекте сол қатаны істемеуге ұмтылады Адамның өзін-өзі яғни өз қатасын өзі көре білуі оның жанының идеалға, қасиетті қияға ұмтылатын мінезі барлығын көрсетеді.
Міне, осы себептен зор жазушылардың өздері жазған әсерлеріне көңілі толмайды. Қайта-қайта түзейді. Жазаласа, өртеп, жыртып та жібереді. Жалба-жұлба киім киіп, аш-жалаңаш жүретін бұзақылық, күнә деген нәрсені білмейтін дуаналардың өз кеуделерін өзі жұдырықтап:
Кешіре гөр, құдайым,
Көп қой менің күнәйім,–
деп зарлаулары өздерін тым тексеріп, кішкене қаталарын тым зор көріп жіберулерінен, жандары ұмтылатын қияның тым биік болуынан ғой. Дұрыс, адамның бәрі дуана болмағанмен, өзін тексермесе, адам ілгері баса алмайды. Өзінен ешбір кемшілік көрмей, қата таппай, өзіне-өзі риза болып, мәз болып жүретін адам зор адам емес, шөбір адам болады. Жаны жабайы, ауданы тар болады.
Бақылау Жан көріністерін үйренудің екінші жолы – бақылау, яғни бір адамның өзінен басқа адамдардың жан көріністерін бақылауы. Бірақ, біз жоғарыда айтып өткеміз, жан көріністерін сыртқы сезімдермен бақылауға болмайды деп. Сондықтан басқа адамның жан көріністерін бақылау дегенде оның жан көріністерінің сыртқы белгілерін бақылау, тексеру керек деп ұғу керек. Мысалы, біреудің пішініне, қозғалуына, сөзіне, жүріс-тұрысына қарап, бақылап, солар бойынша жан көріністерін тексереміз.
Біз егер өзін бақылау жолымен басқа адамдардың жан көріністерін бақыламасақ, біздің жан көріністері туралы біліміміз толық болмас еді. Сондықтан байқауы көп адам бір адамның пішінінен, жүріс-тұрысынан, бір-екі ісінен, біраз сөзінен ол адамның қандай мінезді екенін біліп ала қояды. Мүмкін болғанша тәрбиешінің шыншыл «физиономист» болуы керек.