Бізбілдік – безеу біз, кейде мыңырғақ деп атайды. Ұшы қашау тәрізді қайырылған болат біз. Металға батыра, ырғай отырып өрнектің өресін толтыруға арналған аспап. Түтік – нәзік сымды дәнекерлеген кезде шоқты ауызбен үрлейтін конус тәрізді жез түтікше. Қадаубас – ұстаның қызған немесе отқа салып қыздырған темірді ұстауына пайдаланылатын тар ауызды қысқыш. Қайшы – қаңылтыр, қақталған күміс кесетін құрал. Жоғарыда аталған құрал – саймандарға қосымша егеу, мәймөңке, мәстерім, шапқы қолданған. Зергерлік өнерде пайдаланылған қоспалар – мүсәтір, ашудас, күкірт, ақ дәнекер, тотыяйын, қышқылдар. Ал жиі қолданылатын тәсілдардің бірі – дәнекерлеу. Дәнекерлеу дегеніміз – металл бұйымдардың бөліктерін, ұштарын бір-біріне балқыған металл немесе металдың қоспасы арқылы жымдастыру.
Қазақтар ішінде ағашшылық қолөнері де өріс алды. Үй ағашы, арба-шана, төсек-аяқ, жүкаяқ, кебеже, ер, келі-келсап, шелек, тегене, астау, табақ, ожау, шөміш, саптыаяқ, қасық-қалақ жасады. Пищулина К.А. «Қазақ хандығы» атты еңбегінде: «Қазақтарда жүн мен тері бұйымдарын өңдеу, ағаш өңдеу, ұсталық және құрылыс ісі едәуір өркендеді»,- деген мәліметтерді дәйекті түрде келтіріп берген.
Қазақтардың шаруашылық өмірі сондай-ақ отырықшылықты егіншілік пен қала шаруашылығының тұрақты байланысы ретінде көрініс тапты. Ежелгі егіншілік мәдениет ошағы – Талас, Шу, Жетісу, Зайсан шұңқыры мен Сырдария өңірі болды. Сырдария өңіріндегі егіншілік жайлы Тәуке ханның ордасына барған орыс елшісі В.Кобяков былай деп еске алады: «Ал Тәуке ханда астықтан бидай, арпа, тары көп шығады, күздік және жаздық бидай егеді». Орталық және Шығыс Қазақстанда дәнді дақылдардың өсірілетіні туралы Н.П.Рычков пен И.Г.Андреев жазған болатын, онда: «Қазақтардың егістігінде бидай, тары, арпа және мақта өсіреді»,-деді. Аталған аймақтарда дәстүрлі егін шаруашылығы үздіксіз өркендеп отырды, суармалы жүйе жақсы жолға қойылды.
Қала мәдениеті мен қала шаруашылығы қазақ қоғамының ажыратылмайтын белгісі болды және тұрақты өзара әрекеттестік қарым-қатынас жағдайында өмір сүрді. Қазақ хандығының құрамына қосылған Жетісу мен Сырдария бойындағы қалалық өмір дамуын жалғастырды, олар: Ясы (Түркістан), Отырар, Сайрам, Сығанақ, Аркөк, Сауран, Аққорған, Құтжан, Ташкент, Құмкент және басқа қалалар еді. Бұл қалалардың ішінде Түркістан қаласы Қазақ хандығының тұрақты астанасы болды, қазақ хандары Ақ сарайда (Қожа Ахмет Иассауи) отырып ел биледі. Бұл қалалар - мәдениет пен экономика орталығы болды, қазақ халқы үшін көп жақты рөл атқарды. Мәселен, Түркістан қолөнер мен сауда, ірі егіншілік, сондай-ақ басты діни орталық болды. Қалалардың қай-қайсысы болмасын сауда және қолөнер кәсібі орталығы болып қалыптасты, дамыған суармалы егіншілігі бар көлемді егіншілікті ауданның орталығы болды, көрнекті архитектуралық ғимараттар мен саяжайдың орналастырылуымен ерекше құрылыс көрінісін табуға болады.
Қазақтардың өмірінде сауда орасан зор рөл атқарды, көрші елдермен белсенді сауда жүргізді. Шығыс пен Батыстың арасындағы саудада кепілдік рөлін де атқарды. Сонымен, ХV-ХVІІ ғғ. Қазақстанның қоғамдық өмірі өткен кезеңдегі мәдениеттің барлық ерекшеліктерін бойына сіңірді. Солай бола тұра, оның өзіндік болмысы жасалып, әлеуметтік және шаруашылық өмірінде көрініс тапты. Тіпті, ұлттық киімінде - этникалық, экономикалық және климаттық жағдайларына байланысты ежелгі дәстүрлер жалғасын табады. Мәселен, киімдер шұға, жүн және жібек маталардан, киіз бен теріден дайындалды. Қазақтарда құланның, киіктің және жолбарыстың терілері, кұндыздың, бұлғынның, күзеннің терілері ерекше бағалы болды. Бағалы аңдардың терісінен тігілген тондар «ішік» деп аталды және қаптамасы бойынша: жібекпен капталған тон - «бас тон», көк шұғамен капталғаны - «көк тон», парчамен капталғаны - «барша тон» деп бөлінді.