Техника философиясының тұтқиылдан пайда болуының себебi неде? Неге бүгiн адамзатты техниканың келешегi мазалайды? Х.Сколимовскидiң пiкiрiнше философиялық зерттеулердiң бұл саласының пайда болуы европалық өркениеттiң пайда болуы мен жойылуындағы техниканың рөлiн кеш мойындауды байқатады. Оның ойынша техника философиясы таза схолистикалық пəн емес. Техника философиясын ең алдымен бiздiң өркениеттi сыни тұрғыдан бағалаудың нəтижесiнде пайда болғанын ескеру қажет. Ол аналитикалық тұрғыда ойлаушы философтар үшiн талдау жасайтын алаң ретiнде қалыптасып, дамып отырған жоқ.
Бiздiң өркениет шексiз көп техникаларды өндiрiп шығарды, бiрақ оның лингивистикалық-аналитикалық алуан түрi техника мəселесiн шешiп бере алмайды. Философтардың, ойшылдардың, тарихшылардың, инженерлердiң жəне көзi ашық азаматтардың парызы—“өркениет ретiнде бiз тудырған мəселелерге” жауап табу.
Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн техника философиясында өзге мəдени тқұндылықтарға ғана емес, қандай да болмасын бөтен өркениеттiк болмысқа деген сағыныш күшейе түстi. Батыстық философтарды мынадай сұрақтар мазалай бастады: Европа жалған жолмен жүрiп өткен жоқ па, батыстық рух мəдени-өркениеттiк баламаны таңдауда қателескен жоқ па? Батыстың бүгiнгi қасiреттерi əуел баста адамзаттың өркениеттiк даму жолын дұрыс таба алмаудың себебiнен емес пе екен?
Қазiргi батыстық философияда адамзаттың бастапқы кезеңiнде тарихи перспективаның əр түрлi варианттары болған деген идея қалыптасты. Оның бiрi бүкiл iшкi ресурстарды адамзат рухын өзiндiк тануға шоғырландыру. Ертедегi шығыс халықтары осы жолмен жүрдi, оның дəлелi ретiнде олардың дiндерiн алуға болады. Шығыс дiндерi адамның абсолютпен, болмыспен толық бiрiгуiн уағыздайды. Адамды табиғаттан тыс құбылыс емес, оның бөлiгi ретiнде қарастыру, əлемге сiңiп кетуге ұмтылу, рух кеңiстiгiнде барлық Ғаламның үнiн есту—мiне, ежелгi шығыстық iлiмдер мен дiндердiң насихаттары осындай. Егер де европалық өркениет осы жолмен жүргенде, батыстық философтардың пiкiрiнше, онда ол антропологиялық жəне рухани ресурстарын дамытып, ғарышқа, Ғаламның универсумына жақындай түсер едi.
Бiрақ батыстық өркениет өзге жолмен жүрдi. Оны таным мен əлемдi қанау құмарлығы иектедi. Адамзат жан мен тəндi жаттықтыру қабiлетiн жоғалтып, техниканың көмегiмен бүкiл əлемдi өзiне бағындыру пиғылына берiлдi. Адамдар өзiнiң табиғатына сенуден қалып, рухты дамыту мен жетiлдiруден бас тартты. Техникамен қарулана отырып, олар өздерiнiң күш-жiгерiн iшкi əлемге емес, сыртқы əлемге бағыттады. Хайдеггердiң терминiмен айтқанда техника адам Болмысына айналды.
Техника философиясы өзiнiң күрделi құрылымы бар жеткiлiктi дəрежеде күрделi философиялық ағым болып табылады. Техникалық өркениеттiң динамикалық процестерiн пайымдауға ұмтылған жаңа концепциялар пайда болды. Техника философиясындағы əр түрлi ағымдардың, көзқарастардың, позициялардың молдығына қарамастан барлығынаортақ нəрсе олардың технологиялық детерминизмге негiзделуiнде болып табылады, яғни қоғам өмiрiндегi техниканың анықтаушы рөлi мойындалады.
Техника философиясы ең алдымен қарама-қарсы екi бағытқа бөлiнедi—техницизм жəне антитехницизм.
Техницизм техника дамуының адамзат үшiн сөзсiз игiлiктiлiгiне деген сенiмге негiзделедi.
Техницизм қоғам өмiрiндегi техниканың рөлiн тек қалыпты құбылыс ретiнде, адамзаттың игiлiгi ретiнде ғана қарастырады.
Неотехницизм өзiнiң алдыңғы формаларынан ерекшеленедi. Мұнда техникаға бұрынғысынша қоғам өмiрiндегi негiзгi орын берiледi, бiрақ оның өзiндiк дамуы, өзiндiк реттелу мүмкiндiгi терiске шығарылып, қоғамдық бақылау қажеттiлiгi туралы мəселе қойылады.
Антитехницизм—технофобияның көрiнiсi, пайда болып, таралып жəне өсiп келе жатқан жаңа технологиялардың жұмбақ қауiп-қатерiнiң алдындағы үрей мен қорқыныш, сенiмсiздiк. Антитехницизмнiң əр түрлi варианттары бар. Оның iшiндегi ең кеңiнен таралғаны “батырлық пессимизм” (Ф.Ницшенiң терминi) деп аталады. Ол бойынша техника мен зұлымдықтың тегеурiнi техниктер мен технократтардың үстемдiгiн, басқаруын тудырады. Антитехницизмнiң тағы бiр көрiнiсi адам өзi игере алмайтын рационалдық бiлiмнiң əуел бастапқы агрессивтiлiгiмен сипатталатын, мəнi “билiкке деген ерiкке” негiзделген техникаға радикалды дұшпандықты бiлдiретiн позицияны ұстанады (Маркузе, Адорно, Хоркхаймер). 60-шы жылдардың соңында бұл көзқарастар контрмəдениетидеологиясына жүйелендi (Т.Розак). Контрмəдениет бойынша барлық қазiргi саяси күштер—мейiлi ол “солшылдар”, “оңшылдар”, “орталық” болсын, технократиялық қоғамның бiрыңғай құндылықтарына, техникалық рационализмге деген дiни сенiмге негiзделген билiк үшiн күреске əкеледi.
Техниканы философиялық зерттеу өте күрделi құбылыс жəне əр түрлi қырлардан тұрады; методологиялық, əлеуметтiк, саяси, эстетикалық, аксиологиялық жəне т.б. Қай мəселенi алға тартқанына байланыстытехникафилософиясы не ғылым философиясымен жақындайды, не əлеуметтiк философияның немесе антрапологиялық философияның бөлiмi ретiнде қарастырылады.
Техника философиясы негiзiнен екi басты дəстүрдiң ықпалында: неопозитивизммен əсерi жəне байланысы бар сциентистiк методологизм жəне мəдениеттанымдық антропологизм. Техниканы философиялық зерттеулер осы екi дəстүрдiң бiрiне бағдар ұстануына байланысты не логикалық-методологиялық мəселелермен айналысады, не техниканың гуманистiк құндылықтық қырларынан зерттейдi. Бұл дəстүрлер кейде қиылысып жатады, ал бұл аталған зерттеулердiң синтезiне деген тенденцияны туғызады.
Техницизм дүниетанымы, “технологиялық детерминизм” батыстық ойшылдардың көптеген теорияларын қамтып жатыр: “индустриалдық қоғам теориясы”, “постиндустриалдық қоғам теориясы”, “ғылыми революция теориясы”, “ақпараттық қоғам теориясы”. Жəне жалпы адамзат қоғамы дамуын кезеңдерге бөлудi қамтиды. Олардың пiкiрiнше, техника барлық əлеуметтiк факторлардың алғышарты болып табылады, оның нəтижесiнде өндiргiш күштер стихиялық түрде жаңа қоғамдық қатынастарды тудырады.
Техницизмнiң əр түрлi өкiлдерi адамзат өркениетiнiң тарихи дəуiрлерiн техниканың белгiлi бiр аспектiлерiмен байланыстырады, мысалы, еңбек құралдарының алмасуы (Дж.Ленский), байланыс құралы (Маклуэн) немесе энергия көздерi, яғни қоғамның дамуы мускулдық энергияның жүйелi түрде алмасуымен (бу, электр, атом) байланыстырылады.
Батыстық авторлар əлеуметтiк дамудағы техниканың анықтаушы рөлiне негiзделе отырып, адамзат тарихын үш кезеңге бөледi: “индустриалдыққа дейiнгi қоғам”, “индустриалдық қоғам” жəне “кейiнгi индустриалдық қоғам”. Индустриалдыққа дейiнгi қоғамдағы басты сала ауыл шаруашылығы, сондықтан да оны аграрлы, дəстүрлi қоғам деп атайды жəне шiркеу мен əскер бұл қоғамның басты институттары болып табылады.
Индустриалдық қоғам ең алдымен корпорациялар мен фирмалардың жетекшiлiгiндегi өнеркəсiпке негiзделедi. Кейiнгi индустриалдық қоғам тарихтың жаңа перзентi болып табылады жəне бiрқатар факторлармен анықталады: тауар өндiрушi экономикадан қызмет етушi экономикаға көшу, қоғамның əлеуметтiк құрылымындағы өзгерiстер, қоғамдағы саясатты анықтауда теориялық бiлiмнiң басымдылығы, жаңа интеллектуалды технологияның қалыптасуы, технологиялық өзгерiстердi жоспарлау жəне бақылау.
Индустриалды қоғам теориясын 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басында негiзiн қалағандар қатарына Дарендорф, Арон, Белл, А.Турендермен қатар У.Ростоу жатады.
Əлемтану мен əлеуметтiк философия тарихында ол технологиялық детерменизмге негiзделген “экономикалық өсiм кезеңдерi” концепциясының авторы ретiнде белгiлi. Технология дамуының деңгейлерiнен шығара отырып У.Ростоу адамзат қоғамының даму тарихын бес кезеңге бөледi. Бiрiншi кезеңдi ол “дəстүрлi қоғам” деп атады жəне билiк басында жер иеленушiлер тұратын, ғылым мен техника тұрпайы, “ньютонға дейiнгi” деңгейде болатын, əлеуметтiк құрылымы көп сатылы өте төменгi ауыл шаруашылық өндiрiсi бар аграрлық қоғам ретiнде сипаттады.
Екiншi кезең —“өтпелi қоғам”, бұл жаңа қоғам үшiн алғышарттарды қалыптастыру кезеңi ауыл шаруашылығы өнiмдiлiгiнiң өсуiмен, “iскер, кəсiпкер адамдардың жаңа типiнiң” пайда болуымен ұлттық қауiпсiздiктiң экономикалық iргетасын қамтамасыз етуге ұмтылған “ұлтшылдықтың” өсуiмен жəне осының негiзiнде бiр орталыққа бағынған мемлекеттiң қалыптасуымен сипатталады.
Үшiншi кезең — бұл қозғалыс кезеңi, “өнеркəсiптiк төңкерiс кезеңi”. Бұл кезең өнеркəсiптiң негiзгi салаларының тез өсуiнен, капитал жинақтау үлесiнiң жоғарылауына алып келетiн өндiрiс методының радикалды өзгеруiмен ерекшеленедi. У.Ростоудың пiкiрiнше, бұл кезеңде Англия ХVIII ғасырдың аяғында, Франция мен АҚШ ХIХ ғасырдың ортасында, Германия ХIХ ғасырдың екiншi жартысында, Ресей 1890-1914 жылдар аралығында, Үндiстан мен Қытай ХХ ғасырдың 50 жылдарының басында орналасты. Төртiншi кезеңдi У.Ростоу кемелдену кезеңi немесе индустриалдық қоғам деп атайды. Оның пiкiрiнше индустриалдық қоғамның негiзгi белгiлерiне өнеркəсiптiң шапшаң дамуы, өндiрiстiң
мүлдем жаңа салаларының пайда болуы, ғылым мен техника жетiстiктерiн кеңiнен енгiзу, капитал салымы деңгейiнiң ұлттық кiрiстiң 20 %-ға дейiн жоғарылауы, қала тұрғындарының 60-90%-ға дейiн өсуi, квалификациялық еңбек үлесiнiң өсуi жатады. У.Ростоудың есептеуiнше кемелденген кезеңге жету үшiн 50-60 жылдай өтпелi кезең қажет. Жəне соңғы, бесiншi кезең —“жоғары бұхаралық тұтыну” дəуiрi. Бұл қоғамның басты мəселесi өндiрiс емес, тұтыну мəселесi, өндiрiстiң негiзгi салалары дəстүрлi салалар емес, қызмет көрсету жəне бұхаралық тұтыныс тауарларын өндiрiсi болып табылады.
Американ экономисi жəне əлеуметтенушысы У.Ростоудың бұл теориясы постиндустриалдық қоғам теориясының алғышарты жəне негiзi болды.
Экономика мен оның салаларының негiзiндегi техника философиясының күрделiленген вариантын бiз американ əлеуметтанушысы Д.Беллден кездестiремiз. Ол постиндустриалдық қоғам теориясының негiзiн қалаушылардың бiрi. Белл “бiржақты детерминизмдi” жоққа шығарады жəне қоғамның əр түрлi салалары, мейлi ол саясат немесе мəдениет, технология жəне т.б. болсын өз алдына дербес жəне өзiнiң дамулогикасы болады деп есептейдi. “Постиндустриалдық қоғам” теориясының методологиялық негiзi “белдеулiк принцип” болып табылады. Д.Белл белдеулiк принциптiң көмегiмен қоғамдық қатынастар мен институттардың, рухани процестердiң тек бiр ғана факторларға байланысты емес екендiгiн дəлелдеуге тырысады. Олардың бiрi бiр белдеудiң бойында, екiншiлерi өзге белдеудiң бойында орналасады. Беллдiң пiкiрiнше “постиндустриалдық қоғамның белдеулiк принципi орасан зор теориялық бiлiм жəне оның əлеуметтiк өзгерiстегi бағыттаушы ретiндегi жаңа рөлi болып табылады. Əрбiр қоғам бiлiмнiң негiзiнде қызмет етедi, бiрақ ХХ ғасырдың екiншi жартысынан бастап технологияның мəнiн өзгерткен ғылым мен инженерияның қосылуы жүзеге асты”.
Постиндустриалдық қоғам концепциясының негiзiне адамзат қоғамы тарихының үш кезеңге бөлiнуi жатады: индустриалдыққа дейiнгi, индустриалдық, индустриалдықтан кейiнгi. Сонымен, алғашқы əлеуметтiк технологиялық революция аграрлық-қолөнерлiк болып табылады. Оның соңғы нəтижесi өндiрiс саласының негiзiне егiншiлiк жəне қолөнер технологиялары жататын тарихи тұрғыда алғашқы өркениеттiң қалыптасуы болды. Меншiктiң əр түрлi формалары, алғашқы мемлекеттердiң пайда болуы отырықшылыққа көшудiң алғышарттары болды.
Екiншi əлеуметтiк технологиялық революция индустриалдық болып табылады. Ол ХVII ғасырдың басына дейiнгi кезеңдердi қамтиды, ал кейбiр елдер мен аймақтарда онан да кешiрек жүзеге асты. Оның нəтижесi индустриалдық жəне урбанистiк өркениеттiң пайда болуы деп саналады.
Соңғы бiздiң көз алдымызда өтiп жатқан əлеуметтiктехнологиялық революция ақпараттық-компьютерлiк революция болып табылады. Ол қоғам өмiрi мен адам өмiрқамының бүкiл саласын ақпараттандырудың негiзiнде iске асады.
80-жылдары техницизм идеологиясы күшейе түстi. Бұл бағыттың негiзгi тұжырымдары О.Тоффлердiң атақты “Үшiншi толқын” еңбегiнде жарияланды. О.Тоффлер қоғам дамуын толқынның қозғалысы ретiнде қарастырады. Ол адамзат қоғамының бүкiл дамуын үш кезеңге бөледi:
1. Аграрлық революция (“бiрiншi толқын”)
2. Өнеркəсiптiк революция (“екiншi толқын”)
3. Ақпараттық-компьютерлiк революция (“үшiншi толқын”).
Ол қоғамдық өзгерiстердi техникалық прогрестiң тiкелей рефлексi ретiнде қарастырады. Ол қоғамдық өмiрдiң əр түрлi қырларын талдайды, бiрақ негiзi ретiнде энергетикалық база, өндiрiс жəне бөлiнiс құрамына кiретiн техносаладағы өзгерiстер алынады.
О.Тоффлер болашақ қоғамдық дамуды талдай отырып, оның экономикалық қаңқасын электроника жəне ЭЕМ, ғарыштық кеңiстiк жəне биоиндустрия құрайды деп есептейдi. Оның пiкiрiнше, өндiрiс, отбасы, ғылыми ойдың бағытының өзi, коммуникация жүйесi орталықтанудан орталықсыздануға, шоғырланудан шашырауға, кəсiпорынға жиналудан “электрондық коттедждегi” үй жұмысына ауысады. Тоффлер жаңа өркениетке дəл анықтама беруге тырыспайды, оның айтуынша “постиндустриалдық қоғам”, “ғарыштық дəуiр”, “ғаламдық деревня”, “ақпараттық қоғам” жəне т.б. қолдануға келмейдi, өйткенi “олар жүзеге асып жатқан өзгерiстердiң нақты динамикасы, оның салдары барысындағы қайшылықтар мен қақтығыстар туралы дұрыс болжам бере алмайды”.
Жаңа өркениетке анықтама беруге көптеген ғалымдар ұмтылды. Дж.Литхайм—постбуржуазиялық, Р.Дарендорф—посткапиталистiк, А.Этциони—постмодернистiк, К.Болдуинг—постөркениеттiк, Г.Кан—постэкономикалық, С.Алстром—постпротестанттық, Р.Сейденберг—посттарихи, Р.Барнет—постмұнайлық қоғам туралы айтады.
Мұнан ары қарай постиндустриалдық қоғам теориясы ақпараттық қоғамконцепциясында нақтылана түседi. Ақпараттық қоғамның əр түрлi варианттары Д.Белл, А.Кинг, Дж.Мартин, А.Нормен, С.Нора, Дж.Нейсбит, Й.Масуда, Дж.Пелтон, М.Понятковский, Ж.-Ж.Серван-Шрайбер жəне т.б. сияқты теоретиктермен даярланды.
Жалпы алғанда, олар ақпараттық қоғамды постиндустриалдық қоғам ретiнде түсiндiредi.