Орындаған:Суттибаева Г.Д
Тексерген:Қабышев Т.Б
Т.Әлімқұлов
Тәкен Әлімқұлов (1918–1987) 22 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген.
1937 жылы Ащысай кенінде жұмысшы жастардың кешкі мектебінде аз уақыт оқиды. Шымкент қорғасын зауытындағы кеншілердің мөлтек газетінде екі тілде хабар жазып, қалам ұштаған ол 1946 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жауапты хатшы боп орналасады. Көп ұзамай Алматыға «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас алаш») ауысады. Осы газетте оның журналистік стилі қалыптасады.
1949 жылы Мәскеудің М.Горький атындағы әдебиет институтына оқуға түседі. Өлең жазып, әдеби сынмен шұғылдана жүріп, аударма саласында елеулі еңбек етеді.
П.Павленконың «Бақытын», В.Поповтың «Құрыш пен қоқысын», Г.Николаеваның «Орақ үстіндесін», А.М.Горькийдің «Зеріктірген дүние» атты памфлетін аударған. Оның Низамиден, Пушкиннен, Лермонтовтан, Маяковскийден аударған өлеңдері мен поэмалары оқырман жұртшылықтың көңілінен шықты.
1955–1970 жж. КСРО Жазушылар одағында қызмет атқарады. Орыс тілінде жазған сын мақалалары Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан «О прошлом и настоящем» деген атпен жарық көрді. Қазақ жазушыларының шығармаларын арагідік орыс тіліне аударған.
Тәкен Әлімқұлов шығармаларында көптеген өнегелі, жүрекке жылы тиетін, болмаса міндетін дәл орындап, ойын орайлы етіп беретін сөздер мен сөз тіркестері, жекеленген сөйлемдер көп кездеседі. Әңгіме жазушының прозасында мақал-мәтелдердің қолданысы жайлы болып отыр. Мақал-мәтелдердің стильдік қызметі әр түрлі болып келеді. Алдымен олар кейіпкер тілінде айтылғанда да белгілі мақсатта жұмсалатыны аян.
– Әй шіркін, жастық-ай. «Сөз тапқанға қолқа жоқ». Руыңды білмесең, жауабын жөн.
– «Сексен көрейін деген жасым ба еді, быламық жейін деген асым ба еді» депті ғой біреу. Мысалдардың мазмұнына қарап сөздердің жастың емес жасамыстың аузынан шыққанын байқау қиын емес. Орта буын өкілі де мұндай жалын атқан, аһ ұрған сөздерді айтпайтыны белгілі. Бір есептен айтатын да шығар, бірақ ондағы қызметі басқаша болары түсінікті. Біреудің сөзін қайталап сатира, сарказмнің қызметін атқаруы мүмкін немесе юморлық ыңғайда жұмсалуы да ықтимал. Қалай дегенмен, тура қолданысында қарттың айтар сөзі болуы табиғи құбылыс. Тәкен де солай етеді. Бұл үзінді қарт Сейтектің аузынан айтылып отыр. Бұлай болуының екінші себебі, балауса жастардан гөрі көпті көрген, жадында көп нәрсені, соның ішінде ата-бабадан келе жатқан сөз талғау барысындағы өнерді жадында молырақ сақтаған көне көз қарияның айтуы ақылға сыйымды көріне береді. Демек, кейіпкер тіліне мақал-мәтелдерді орынды кірістіру арқылы Тәкен шеберліктің тағы бір кішкентай қырын танытады. Кейіпкер тілін ғана емес, оның ой-түйсігін дараландырып тұру үшін дүниеге көзқарасын байқататын мақал-мәтелдер көп табылады. Бұлардың көпшілігі «Сейтек сарынында» көзге түседі.Тәкен Әлімқұлов шығармаларын ерекшелендіретін бір жай –ондағы жергілікті тіл ерекшеліктерінің молынан және саналы қолданылып отырғандығы. Тілдегі диалектизмдер дәстүрлі бойынша фонетикалық, грамматикалық, лексикалық деп бөлінетін болса, сөз болып отырған шығармаларда бұлардың бәрінде ұшыратуға болады.
Тәкен Әлімқұлов стилі өмірді терең, көрікті ашады. Әр сөзі, әр тіркесі шебер қиысады. Тәкен стилі суретке толы. Өйткені, жазушы айналаға үлкен суреткерлік сезіммен қарайды.Ұлттық тіл өрнегін жазушы өз атынан сөйлегенде, лирикалық, шегіністерінде, жыл мезгілдеріне сәйкес табиғат суретін салғандай құлпырта пайдаланады. Сөйлемде кездесетін әрбір теңеу, метафора, эпитет тағы басқа көркемдегіш құралдар өте ұқыптылықпен таңдалып алынады, айтылмақ ұғымды, суреттермек құбылысты көмескілендіретін бір сөзге де орын берілмейді. Көркем шығарма тілі – проблемалық мәселе. Көркем шығарманы жасайтын жазушы. Шығармаларынан жазушының өзіндік ерекшелігіндегі шеберлігі, стилі байқалып отырады.Тәкеннің тілі-шұрайлы, құнарлы, шоқырақтамай, қысқа сөйлемдермен-ақ тайпала көсіліп отыратын халықтық тіл. Жазушы халықтың байырғы бояулы тілін еркін, өнімді құрал еткен. Тілдің байлығы мен шұрайлылығы шығарманың құрылыстық бітімінің қамшы өргендей беріктігі, адам мінездерінің әр қырынан ашуы жазушы шығармаларына ортақ. Жазушы Тәкен Әлімқұловтың повестері мен әңгімелерінің тілін зерттеп, сөздерді сұрыптап қолдану тәсілдерін жалпы халықтың тіл үлгісін байытып, тыңнан қосқан жаңа сөйлем қолданыстарын айқындап, жан-жақты талдау жасау негізгі мақсат болды.
Шығармалары:
• Сейтек сарыны. Повесть.1966;
• Туған ауылда. Әңгімелер.1968;
• Күрең өзен. Повесть және әңгімелер.1971;
• Кертолғау. Повесть және әңгімелер.1973;
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Оңтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясы.
2. «Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық.» – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.