Темпераменттердің типтері және олардың психологиялық сипаттамасы
И.П.Павлов темперамент пен жүйке қызметінің типтерін бір-біріне балама кұбылыс деп түсінді. Кейінгі зерттеулер жүйке қызметінің типтері темперамент типтерімен ылғи сәйкес келіп отырмайтындығын көрсетті. Шындығында да, темпераментке тек жүйке жүйесінің қасиеттері ғана емес, сондай-ақ жеке адамның соматикалық (дене) құрылымдары да әсер ететіндігі белгілі. Жүйке қызметінің типін темпераменттің нышаны ретінде ұғынган дұрыс. Мәселен бір зерттеуде, біркелкі ортада, жүйке жүйесінің әлсіз типіне жататын жануарлар мінез-құлқының енжар-қорғаныстық түрі, ал күшті, жүйке үрдістері тең емес организмдерде прогрессивті мінез-құлық байқалған.
Холериктемпераменті. Бұл типтің өкілі аса қозғыштығымен, соған орай мінез-құлқының ұшқалақтығымен көзге түседі. Холерик қарым-қатыста — күйгелек, бір беткей, шабуылға жаны құмар, іс-әрекетте — пысық. Холериктер жұмысты үзіп-үзіп істегенді ұнатады. Олар айналысқан ісіне жан-тәнімен беріледі. Осы жолда кездескен қиындықтың бәрін жеңуге даяр тұрады, кедергілерді жеңіп, мақсатына жетеді. Қайрат-жігері мұқалы, өз мүмкіндігіне сенімі кетсе, еңсесі түсіп, еш нәрсеге мойны жар бермей қояды. Осылайша, тек көңілі ауғанда істеушілік, оның жүйке қызметінің бір қалыпты тепе-тең еместігінен болады.
Сангвиниктемпераменті. Бұл темпераменттің өкілін И.П.Павлов қызу қанды, іскер адам деп санайды. Бірақ ол ылғи қызықты іспен айналысқанда ғана осындай күйде болады. Мұндай іс жоқ кезде ол жабырқаңқы, сылбыр жүреді. Сангвиникке қимыл қозғалыста – белсенділік, өмір жағдайының өзгеруіне жеңіл бейімдеушілік тән. Ол адамдармен тез тіл тауып, шүйіркелесе кетеді, жұртты жатырқамайды. Ұжым ішінде сангвиник көңілді ақ-жарқын, іске бар ықыласымен кірісетін, әуесқой адам. Осылайша жалындап тұрғанымен іске зауқы болмаса, яғни күнделікті күйбеңі, төзімділікпен ерінбей-жалықпай істеуді қажет ететін жұмыс тап болғанда суынып қалады.
Сангвиникте эмоция тез пайда болып, тез өзгереді. Бұл — оның көңіл күйінің қолайсыз түрінен тез арылып, өзін қызықтырған іске кіріскен кезде ақ жарқын, жаны жайсаң жағдайға түсе алатындығының белгісі.
Флегматик — салмақты адам, ол күшін босқа сарп етпейді, бастаған істі аяғына жеткізеді. Ол бөспелікті сүймейді. Жұртпен қарым-қатынасы да бір сарынды жүріп жатады.