Термин жасаудың негізгі тәсілдері және олардың ҚҰрылымдық сипаты



Дата05.12.2022
өлшемі24,7 Kb.
#55007
түріРассказ

ТЕРМИН ЖАСАУДЫҢ НЕГІЗГІ ТӘСІЛДЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ СИПАТЫ
Жолдасбек Д.Н. – М1701-11 тобының магистранты
Оразбаева Э.Б. – ф.ғ.к., доцент м.а.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті,
Шымкент, Қазақстан
Резюме: В статье рассказывается об основных способах создания терминов и их структурных характеристиках.
Summary: The article describes the main ways of creating terms and their structural characteristics.

Қандай бір тілде болсын жаңа термин жасау, оның терминологиялық қорын байытып, терминологиялық жүйесін реттеудің негізгі көзі, ең алдымен сол тілдің өз сөздік құрамы, жалпы әдеби тілі, ұлттық тіл лексикасы болып саналады. Яғни терминдер де байырғы сөздер секілді тілде бұрыннан бар сөздер мен түбірлер негізінде жасалады. Олай болса бұлардың қатарында ұлт тіліне тән неше алуан құрылымдық типтері (түбір, туынды түбір, күрделі сөз, сөз тіркесі) молынан кездеседі.


Терминжасам процесінде ұлт тілі өз сөзжасам амалдарының дайын үлгілерін (модельдерін) алға тартса, басқа тілдерден кірме сөздерді қабылдау сәтінде де осы тәсілдерге сүйене отырып, ол өзіндік модельдерін құрайды. Мұның әрқайсысының өзіндік сипаты бар. Тілдегі болып жататын мұндай өзгеріс, өрістерді дер кезінде есепке алып, ескеріп отыруы қажет [1, 26].
Өзге тілде қолданылып жүрген терминдердің бәрін бірдей талғамсыз қабылдай беру қандай ретсіз болса, әмбеге ортақ лексикаға айналған халықаралық терминдерді қалайда аударып алуға тырысу тіпті қисынсыз. Осыған қарағанда, бұл өте бір терең талғамды талап ететін саналы іс-әрекет нәтижесі болуға тиіс. Термин жасау шығармашылық іс. Ол үлкен жауапкершілікті қалайды. Тіліміздің терминологиялық сапасын саралап отырғанда, біз оның сол қоғам дамуына сәйкес әр кезеңде әр алуан күйде болғанын байқадық. Жылдар бойы қалыптасып келе жатқан сөзжасам амалдары терминжасамға тікелей қатысып, олардың қайсыбірі белгілі бір кезеңде активтеніп, қайсыбірі солғын тартып, үнемі үздіксіз өзгеріске түсіп отырғаны көрінеді. Революциядан бұрынғы феодализм дәуіріне тән терминжасам үлгілері мен модельдерін таба қою әрине қиын. Тек XIX ғасырдың екінші жартысында жарық көрген баспасөз материалдары ғана бұл жайында аздаған мәлімет беретінін бұдан бұрын айтқан болатынбыз.
Ал революциядан бергі жердегі ұлттық тіліміздің терминологиялық жүйесінің жасалуы мен қалыптасуында мән бермеуге болмайтын кезеңдік белгілер бар. Мәселен, конфискелеу, колхоздастыру, коллективтендіру, индустрияландыру, механикаландыру, интенсивтендіру, ғарышқа қанат қағу, тың игеру, қайта құру, жеделдету т.б. қоғамдық іс-әрекет кезеңдерін еске түсіріп көрелікші. Бұлардың әрқайсысының тұсында терминологиялық лексикамыз өзгеше екпінмен дамып, терминдік жүйе қатары мейлінше толығып отырған. Яғни әрбір кезең өзіне тән терминдік жүйе арқылы тілде өз мөрін қалдырып отырған. Пуристік ағым жағаласып тұрған 20-30 жылдардағы интернационализм, коммунист, паровоз, велосипед, тәрізді халықаралық терминдердің өзін ортақшыл, қара айғыр, отарба, шайтан арба, бейбауырмалдық сияқты аударып алу, сондай-ақ -лы мен -лық қосымшасына ретсіз, жүйесіз құмарлық (50 жылдар), араб, парсы сөздеріне емексу (20 не 60-70 жылдар) т.б. осы ойымызға дәлел бола алады [2, 12]. Біздің ендігі сөз етпегіміз қазақ тілі терминологиясының құрылымдық сипаты мен олардың жасалу жолдары, амалдары жайлы болмақ.
Қазақ тілінде термин жасау күрделі де қызық проблеманың қатарына жатады. Ол негізінен тіліміздегі сөзжасам процесінің аумағына енетін мәселе. Осы сөзжасам процесінде, оның ішінде терминжасам ісінде мамандардың тірек ететін негізгі материалы ең алдымен ана тілдің өз сөз байлығы, оның негізгі сөздік құрамы дедік. Қазақ тілінің сөздік құрамы термин жасауға көптеген дайын материал беріп келеді. Бұл сарқылмайтын байлық көзі. Оның термин жасау мүмкіншілігін біз әлі түгел пайдаланып біте алғанымыз жоқ. Қазақ тілінің осындай өз ішкі мүмкіндігі терминжасам процесін пайдасы тиер бір арнаның көзін ашып, көмектесер болса, кірме сөздерді игеру мен қабылдауда назар аудармауға болмайтын біраз қиындықтар кезігеді. Ол қиындықтар, әсіресе кірме сөздерді термин есебінде жабдықтап, қабылдау кезеңінде, олардың мағыналық өрісін ашу барысында жиірек байқалады.
Баз біреулер терминжасамды бір тілдің термин сөздерін екінші тілге аудару, немесе тілдегі кез-келген сөзді пайдалану деп, оп-оңай түсіндіргісі келуі де мүмкін. Бұл жансақ пікір. Шындығында бұл шығармашылық ізденісті талап ететін мейлінше күрделі мәселе. Терминжасам мәтінде түпнұсқа терминдердің мағыналық мазмұнын терең түсініп, оған қазақ тілінен әр алуан варианттар іздеп, соның ең дөп түсетін терминдік өзегін аршып танып, таңдап, талғап пайдалануға тура келеді. Жаңа ұғым, жаңа түсінік арқалаған терминнің дәлдік, нақтылық, бір тектілік, қысқалық сипатын түгелдеп беру, соны басқа сөзбен ауыстыруға келмейтіндей күйде қолданысқа ендіру нағыз маман ретіндегі біліктілікті қажет ететін қасиет. Мұндай қабілет екінің бірінде кездесе бермейді. Сондықтан да халқымыздың қасиетті мұрасы – ана тілдің ғылыми-техникалық қабілет қарымын кеңейтіп халықаралық сипат алуына қызмет еткен қаламгерлер, бір қарағанда жер қыртысын ақтарып асыл тас іздеген геологтар іспетті. Тіліміздің терминологиялық мүмкіндігін аша білген, сөйтіп сөз жарасымын келтірген, оның ғылыми ой-пікір өрбітерлік қабілет қасиетін дәл тауып тиянақтаған жандар біздің мәдени тарихымызда бар екенін алдыңғы тараулардан аңғаруға болады.
Қазіргі қазақ тілінің сөздік құрамында терминдік мәнге көшкен байырғы сөздердің алуан-алуан түрі молынан кездеседі. Мысалы, тап, күрес, жарыс, жалау, бопса, екпін (ударение), сұранамын (спрос), ұсыным (предложение), сөре (старт), мәре (финиш), ізашар (предшественник), ізбасар (последователь), адарма (перевод), демалыс (отпуск), Отан (отечество), шеберлік (мастерство), сайлау, шарт (договор), тәртіп (дисциплина), бөген (водохранилище), болмыс (бытие), т.б. Советтік дәуірде ғана терминдік мәнде жұмсалып қалыптасқан ғылыми ойды білдірер байырғы сөздер. Міне бұл сияқтылар тілдің өз даму ырғағымен сырт күшті әсер-ықпалынсыз өз бетімен пайда болған сөздер емес. Бұлардың жаңа мағыналары, қолданыстағы жаңа қызметі қоғам дамуының нәтижесінде, адамдардың саналы әрекетінің барысында туындаған, келе-келе дағдылы қалыпқа түскен лексикалық қабаттар [3, 5].
Осыдан байқалатындай, тіл дегенініңіз өзгеріс-өріссіз қатып, семіп қалған нәрсе емес. Ол үнемі жаңарып, толығып отырмақ. Оның құрамында жаңа сөздер, терминдер пайда болады. Бұрынғы сөздер жаңаша қызметке көшеді. Соның нәтижесінде тілдің икемділігі, байлығы, нақтылығы артады. Жаңадан жасалатын сөздер ойдан табылған жаңалық арқылы, бастапқы үлгілер негізінде соған ұқсатып жасау арқылы пайда болады.
Жалпы сөз жасаудың ғасырлар бойы тұрақтанған, дәуірлер сынынан өткен әлденеше жолы бар. Осы процеске тұрақты түрде қатысып отыратын негізгі элементтер – сөз, түбір (негіз) және қосымшалар. Бұлардың қатысуынсыз тілде бірде сөзжасам реакциясы жүрмейді, бірде бір жаңа сөз жасалмайды. Сонда алдымен байқалатын нәрсе тілдің осы негізгі элементтері барлық уақытта сөзжасам процесіне актив қатысы бермейтіні, яғни бұлар дәуіріне, кезеңіне орай құбылып отыратын қоғам өміріндегі өзгерістерге сәйкестене дамиды. Тілдегі осындай құбылыстарды зерттеу арқылы біз әрбір кезеңнің өзіне тән ерекшелігін танимыз, тіл, сөз арқылы таңбаланған өзгеріс, өрістерін білеміз. Және сөзжасамның алуан-алуан түрін көреміз. Жалпы жорамал жасап қарағанның өзінде (әрине көне тарихтан бері тартылатын кейбір зерттеу материалдарын есепке алғанда) жаңа сөз жасау, сөз түрлендіру, байырғы сөздерді жаңа мағынада қолдану, сөздерді біріктіру, тіркестіру, қысқарту амалдарын пайдалану жағынан да бұл кезеңнің жөні мүлде бөлек. Әсіресе, терминжасамның неше түрін советтік өмір шындығы беріп отыр.
Жаңа термин жасаудың тілдерде, оның ішінде, әсіресе түркі тілдерінде қалыптасқан мынадай бірнеше жолын алдымен атап көрсетуге болады:

  • Семантикалық тәсіл;

  • Морфологиялық тәсіл;

  • Синтаксистік тәсіл;

  • Калькалау тәсілі.

Аталып отырған тәсілдің бәрі де, негізінен, екі түрлі арнадан туындайды. Ол қандай арна? Біз жинап, сұрыптаған терминологиялық материал табиғаты қазақ тілі терминологиясының ең негізгі екі жолға сүйене отырып жасалғанын көрсетеді. Оның бірі –тілімізде бұрыннан бар сөздерді терминдік мәнде қолдану болса, екіншісі – жаңа терминдерді қазақ тілінің сөзжасам мүмкіндіктерін пайдалана отырып жасау. Тіл табиғатында қалыптаса бастаған терминжасамның аталмыш тәсілдерінің бәрі де осы негізгі екі бағыт шеңберінде туындаған.
Терминжасам тәсілдерінің жеке-жеке тоқталмас бұрын, ғылым тілі мен жалпыхалықтық тілдің сөзжасам процесіндегі өзара ортақ қасиеттерімен ерекшеленетін белгілерін анықтап алу қажет.
Кейбір ғалымдардың атап көрсеткеніндей, жалпыхалықтық тіл қорын байытып отырған тәсілдің қай-қайсысы да терминжасам процесінде өнімді қызмет атқара алады. Әңгіме тілдердің даму тарихында қанат жайған семантикалық, синтаксистік, морфологиялық амалдар туралы болып отыр. Бұл – қазақ әдеби тілінде қалыптасқан сөзжасам принциптері терминдердің жасалуында да сақталады деген сөз. Ғылым тілі негізінен осы принциптерге сүйене отырып, сонымен бірге дәлдік пен дәйектілікке негізделген жаңа сөз жасаудың өзіндік жүйесін түзеді. Мұның бәрі терминологиялық лексика талабына сай заңдылыққа лайықты жасалады [3, 54].
Ғылым тілінің сөзжасам ерекшеліктерін зерттеудің маңызының өзі осы мәселелерге тікелей байланысты. Неге десеңіз терминжасам заңдылықтарын дұрыс бағалап, дұрыс түсіну арқылы біз термин қалыптастыру саласындағы күнделікті практикалық жұмыстарымызды шығармашылық іс дәрежесіне көтере аламыз, термин жасау ісін белгілі бір жүйе арқылы нақты жүргізе аламыз.
Соңғы он бес – жиырма жыл барысында пайда болған жаңа терминдер және арнайы лексиканың осы саласы жайындағы пікірлер ыңғайына қарағанда, бұлар біріншіден, жалпы әдеби тілдің ерекше қызметі бар бір тармағы (яғни ғылым тілі) болып табылатын тіл единицасы, екіншіден, ол белгілі бір объекті мен ұғымдар атауы, үшіншіден, терминде анықтағыштық (дефиниция) белгі басым болуы керек, өйткені белгілі бір ұғымның мазмұны осы анықтағыштық қасиеті арқылы айқындалады. Ал бұл бір ұғымды келесі бір ұғымнан айырып тану үшін және сол ұғымда арнайы бір классификациялық қатарда қарастыруға мүмкіндік жасау үшін қажет.


Пайдаланылған әдебиет тізімі:

  1. Бегимова Г. Дипломатиялық терминдер: таным және мағына. – Алматы: «Қазақ университеті», 2012.

  2. Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясы. – Алматы, 2014. – 902 бет.

  3. Құрманбайұлы Ш. Терминтану. – Астана, 2009. – 243 бет.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет