Терминологиясы



Pdf көрінісі
бет1/22
Дата05.02.2017
өлшемі1,84 Mb.
#3429
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

ӨМІРЗАҚ АЙТБАЙҰЛЫ
ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНІҢ 
ТЕРМИНОЛОГИЯСЫ 
МƏСЕЛЕЛЕРІ
Алматы
2013

УДК 80/81 
ББК 81.2-3
А 32
 
Айтбайұлы Ө. 
 
Қазақ  тіл  білімінің  терминологиясы  мəселелері – Алматы: 
«Абзал-Ай» баспасы, 2013. – 400 бет.
ISBN 978-601-7172-23-7
Кітапта  қазақ  тілі  лексикасының  ең  күрделі  де  бай  саласы – 
терминологияның  жүз  жылға  таяу  тарихы  зерттеліп,  оның  жасалу, 
қалыптасу, даму жолдары сараланған.
Əдеби  тілдің,  оның  ішінде  ғылым  тілінің  өркендеуіне  септігін 
тигізген  терминдік  жүйе  туралы  бұрын-соңды  айтылған  əр  алуан 
пікірлерді  сарапқа  сала  отырып,  автор  өзіндік  топшылауларын  алға 
тартады, термин жасау принциптеріне өзінің тың көзқарасын ұсынады.
Сондай-ақ,  қазақ  əдеби  тіл  лексикасының  үлкен  бір  тармағы – 
қоғамдық  жəне  гуманитарлық  ғылымдар  терминологиясы  ғылыми 
талданады.  Терминологияның  тіл  құрылымындағы  орны,  оның 
жасалу көздері мен жолдары, сондай-ақ жазу мен аударманың термин 
қалыптастырудағы,  тіл  байытудағы  рөлі  деген  мəселелерді  ғылыми 
тұрғыдан талдауға талпыныс жасалады.
Жұмысты  жазу  барысында  А.Байтұрсынұлы  атындағы  Тіл 
білімі  институты  Терминология  мен  аударма  теориясы  бөлімінің 
картотекалық қорының материалдары кеңінен пайдаланылды.
А32
© Айтбайұлы Ө., 2013
© «Абзал-Ай», 2013
УДК 80/81 
ББК 81.2-3
ISBN 978-601-7172-23-7
Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі 
Тіл комитетінің тапсырысы бойынша 
«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 
2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» 
аясында шығарылды

ҚАЗАҚ 
ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ 
ДАМУЫ МЕН 
ҚАЛЫПТАСУЫ

4
КІРІСПЕ
Жалпы, тіл – өмірдің сəулесі, қоғамдық құбылыстардың 
айнасы  іспетті  нəрсе.  Қоғамда  болып  жатқан  неше  алуан 
өзгеріс,  жаңалық  атаулының  бəрі  əуелі  тілден  орын  тебеді 
де, содан соң халық мұрасына айналады. Ендеше, тілді зерт-
теу арқылы, оның түп негізін терең тексеру арқылы тұтас бір 
халық, ұлт өмірінің өткелдерін, тарихи кезеңдерін анықтауға 
болады. Сонымен бірге қоғам өмірінің даму кезеңдерін зер-
делеу  нəтижесінде  тілдің  де  эволюциялық  өсу  өрісін  сара-
лай, жіктей аламыз.
Ал қалыптасу, даму дегеніңіз барлық уақытта бірқалыпты 
жүріп  отырмайтыны  белгілі.  Қазақ  тілі  тарихынан  да  біз 
осыны  аңғарамыз.  Бұл  тіл  өзінің  бастауын  сонау  көне 
замаңдардан  алады,  біздің  жыл  санауымыздан  бұрын 
тайпалық,  рулық  қарым-қатынас  құралы  ретінде  пайда 
болып,  кезеңінде  түрлі  қауымдастықтар  мен  патшалық, 
хандықтарға,  құрылымдар  мен  ірі  мемлекеттерге  қызмет 
еткен  (Найман,  Керей,  Үйсін,  Қаңлы  мемлекеттері,  Түрік 
қағанаты, Алтын Орда, Көк Орда т.т.). Халық басынан өткен 
осынау тарихи дəуірлер ізі əрдайым тілімізде сақталып, бізге 
жетіп  отырған,  əсіресе  «түрік  халықтарының  көбіне  ортақ 
түбірлердің» (Ə.  Қайдаров)  қазақ  тілінде  көптеп  табылуы 
зерттеушілерді осындай ойға жетелейді.
Терминологиялық  лексика,  міне,  осы  халықтық  тіл 
негізінде пайда болады. Мұның да өзіндік жасалу жолдары, 
қалыптасу  тарихы  бар.  Бұл,  негізінен,  ғылыми  ой-пікірдің 
өрбуіне,  техника  мен  мəдениеттің  дамуына  орай  туындай-
тын арнайы лексика.
Қазақ  тілінің  терминдік  жүйесін  осы  тұрғыдан  зерде-
леп  байқасақ,  қилы-қилы  қызықты  да  күрделі  кезеңдерге 
кезігеміз.  Ең  алдымен,  терминологиялық  лексиканың  пай-
да  болу,  жасалу,  қалыптасу  тарихын  Қазан  төңкерісіне 
дейін, төңкерістен кейін деп екіге бөліп қарау керек сияқты. 
Төңкеріске  дейінгі  кезең  қазақ  терминологиясы  үшін  жар-

5
тымды  материал  бере  қоймағанмен,  терминжасамның  ал-
ғашқы  нышандарын  нұсқайды.  Болашақта  терминденуге 
қажетті тірек сөздердің бəрін сол кезеңнен табамыз.
Төңкерістен бергі жерде пайда болған терминологиялық 
лексиканы əлденеше кезеңге бөліп қарау лазым. Неге десеңіз, 
75 жыл шамасында бұрынғы Одақ құрамындағы ұлттар мен 
ұлыстар тілінде аса күрделі жаңалықтар пайда болды. Оның 
бəрі қоғам өміріндегі сан қилы құбылыстар мен қозғалыстарға 
байланысты туған еді. Тіл дамуына ықпал еткен ұлы дүбір-
төңкеріс,  ұжымдастыру,  тəркілеу,  ашаршылық,  репрессия, 
бесжылдықтар,  соғыс,  тың  игеру,  коммунизм  шеруі,  қайта 
құру, тəуелсіздік т.т. тарихи оқиғалар еді. Осылардың қай-
қайсысы да қазақ тілінің сөздік құрамына көптеген жаңалық-
тар əкелді. Əрқайсысының мəңгі таңбаланып, ізі қалды. Сол 
бір кезеңдерде пайда болған терминдік атаулар (социализм, 
революция,  кеңес,  колхоз,  совхоз,  бесжылдық,  тың  игеру, 
халық жауы, аға лейтенант, фронт, тиімділік, сапа, салауат-
тық,  нарықтық  экономика,  егемендік,  тəуелсіздік  т.б.) 
арқылы  біз  ел  тарихын,  халық  тарихын  оқитындай 
дəрежедеміз.  Өмірде  болып  жататын  неше  алуан  құбылыс, 
қозғалыстардың  бəрін  өрнектеп,  баяндауға  алдымен 
ұмтылатын  сөздер  легі – терминдер.  Сондықтан  бұлар  бір 
есептен алдыңғы шептегі сарбаздар іспетті.
Термин сөздерді қозғалысқа салып, көктемгі қызғалдақтай 
қаулататын  тағы  бір  сала  ғылыми-техникалық  прогресс 
болып  табылады.  Тілдегі  көптеген  терминдердің  пайда  бо-
луы, негізінен, ғылым мен техниканың өмірге дендеп енуіне 
тікелей  байланысты.  Сондай-ақ,  өнер,  білім,  оқу,  ағарту, 
бас-пасөз бен баспа жұмыстарының қауырт қолға алынуы да 
терминологиялық лексиканың қанат жаюына сеп. Осы тек-
тес сан салада туындап, қолданысқа еніп жататын терминдік 
лексика көбіне-көп игерусіз, өз бетінше өмір кешіп жатады.
Ендеше, еліміз тəуелсіздіктің туын жоғары көтеріп, Бірік-
кен Ұлттар Ұйымына мүше болып отырған қазіргі кезеңде тіл 
тағдырына, оның ішінде əлемдік деңгейде өріс тапқалы тұрған 

6
мемлекеттік  тіліміздің  дипломатиялық  тірегі  болуға  тиісті 
терминологиялық  жүйеге  аса  зор  мəн  беру  қажет.  Осыдан 
келіп  ұлттық  терминологиямызды  түбегейлі  зерттеп,  оның 
табиғатын  ашу  қажеттігі  туындайды.  Байқасақ,  тіліміздің 
ғылыми  стилін  қалыптастыруда  аса  зор  рөл  атқаратын  бұл 
арнайы  лексика  күні  бүгінге  дейін  түбегейлі  қарастырыл-
маған.
Əсіресе, қоғамдық ғылымдар терминологиясының қалып-
тасу, даму барысын бағдарлаудың мəні тіпті зор деп білеміз.
Қазақ тілінің терминологиялық лексикасы бұл еңбекте кең 
ауқымда қарастырылып отыр. Əрине, бұдан бұрын бірен-саран 
ғылыми еңбектерде, қайсыбір кандидаттық диссертациялар-
да бұл күрделі проблеманың жекелеген мəселелері қозғалды. 
Қоғам өмірінің айнасындай қоғамдық ғылымдар терминоло-
гиясының даму жайын зерттеу арқылы біз бұл кітапта қазақ 
терминологиясының  жасалу,  қалыптасу  жолдарын,  тарихи 
кезеңдерін айқындадық. Терминжасам тəсілдері мен заңды-
лықтарын, принциптерін сөз еттік. 
Еңбектің негізгі қорытындылары мен түйіндеулерін түрлі 
терминологиялық  сөздіктер  түзу  барысында  пайдалануға 
болады. Сондай-ақ оның қазақ тілінің оқулықтары мен оқу 
құралдарын жазуда, жоғары оқу орындарында мамандар мен 
мектеп мұғалімдерін даярлау барысында септігі болады деп 
білеміз. Жұмыстың практикалық мəні осынысында.
Қазіргі терминтану процесінің негізгі ережелеріне сүйене 
келе  жəне  көптеген  қажетті  материалдарды  жүйелі  зерттеу 
нəтижесінде  қазақ  тілінде  тұңғыш  рет  терминологиялық 
зерттеу тарихы жан-жақты сөз болды, осы кезге дейін белгісіз 
болып  келген  қазақ  терминологиясының  негізін  салушы-
лар  еңбектері  мен  ой-пікірлері  түбегейлі  қарастырылды, 
терминжасамның негізгі көздері анықталды, қоғамдық тер-
миндердің бұрын зерттелмеген құрылымдық жүйесі саралан-
ды, аударма процесі барысындағы терминжасам тəжірибесі 
талданды.

Жұмыс  А.  Байтұрсынұлы  атындағы  Тіл  білімі  инсти-
тутының  Терминология  бөлімінде  жинақталған  картотека-
лық қор негізінде жазылды. Мұның үстіне, М. Əуезов атын-
дағы  Шымкент  педагогика  институтының  профессоры 
Қ.Бектаев  тобымен  бөлім  арасындағы  келісімге  сəйкес 
терминологиялық  сөздіктер  сала-саласымен  электронды 
есептеу  машинасының  сарабынан  өткізілді.  Ұзын-ырғасы 
60-70  мыңдай  сөз  техника  талқысына  түсіп,  сұрыпталып, 
жүйеленді.  Сонымен  бірге  жұмыстың  жазылу  барысында 
күнделікті  баспасөз,  бұқаралық  ақпарат  материалдары  да 
қамтылып отырды. Біз кітапта қоғамдық жəне гуманитарлық 
деп аталатын өзара тығыз байланысты салаларды жігін ажы-
ратпай, белгілі бір тұтастықта қарастыру қажет деп шештік.
Сонымен,  қадірлі  оқырман,  қазіргі  қазақ  терминология-
сы хақындағы зерттеу еңбегі сіздердің қолдарыңызда. Қал-
қадерімізше мəселенің кең ауқымын қамтып, тың пікір айтуға 
тырыстық.  Кітап  жөніндегі  жанашырлық  пікірлеріңізді 
авторға  немесе  баспаға  жолдасаңыздар – алғыстан  басқа 
айтарымыз жоқ.

8
І ТАРАУ
ЖАЛПЫ ТІЛ БІЛІМІ МЕН ТҮРКОЛОГИЯДАҒЫ 
ТЕРМИН ЗЕРТТЕУДІҢ ҚАЗІРГІ ЖАЙЫ
а)  Терминология – қазіргі  тіл  білімінің  көкейкесті 
мəселесі.
ə) Терминология жəне əдеби тіл.
б) А.Байтұрсынұлы – қазақ терминологиясын жасау-
шы.
Қоғам  өміріндегі  өзара  қарым-қатынастың  ең  басты 
құралы болып саналатын тілді əлеумет əрдайым өте жоғары 
бағалап,  оның  өзгеріс,  өрістерін  жіті  қадағалап  отырады. 
Тіл қоғамдық құбылыстың бірі ретінде сол қоғам тіршілігін 
айнаға түсіргендей өрнектейді.
Қоғам  қашан  да  қозғалысқа,  өзгеріске,  дамуға  бейім 
тұрады. Осыған орай тіл де дамиды. Бірақ тілдің даму деңгейі 
оның  барлық  қабатына  бірдей  тəн  емес.  Оның  белгілі  бір 
қатпары өзгеріс, өріске онша көне бермейді (мəселен, тілдің 
грамматикалық  категориялары,  дыбысталу  жүйесі  т.т.).  Ал 
оның  қайсыбір  қатпарлары  жаңалыққа,  соны  мағыналық 
ұғым, түсініктер əкелуге бейім тұрады. Осы тұрғыдан алып 
қарағанда,  дамыған,  жетілген  тілдің  басты  көрсеткішінің 
бірі оның терминдік жүйесінің саралануы болып табылады. 
Тілдің қоғамдық қызметі арта түсті, дамыды деп ауыз тол-
тырып  айтарлықтай  дəрежеге  жетсек,  осыны  айтқызатын, 
алдымен, терминологиялық лексика.
Кешегі  Қазан  төңкерісінен  кейін  өзгеше  қаулап,  қанат 
жайған  мəдени  өміріміздің  əрбір  күні,  əрбір  сəті  жаңа  іс, 
жаңа  қимыл,  жаңа  əрекетке  толы  болатын.  Сауатсыздыққа 
қарсы шабуыл, неше алуан үйірме, бастауыш мектептердің 
ашылып, газет-журналдардың шығуы, қызыл бұрыш, қызыл 
отаулар т.б. саналы жорығы – қазақ сөзі мен қазақ жазуына 
жаңаша өріс берді. Осы ірі оқиғалар тұсынан бергі жердегі 

9
қазақ  тілінің  болмысына  көз  салсақ,  оның  ұлттық  сипаты 
ғана өзгеріп қоймай, сонымен бірге халықаралық қуаты арта 
түскенін де байқауға болады.
Осының нəтижесінде сөздік қорымызға революция, комму-
низм, социализм, интернационал, совет, министр, комитет, 
парламент,  партбилет,  радио,  комсомол,  коммунист  т.б. 
тəрізді  толып  жатқан  кірме  сөздер  енді.  Ал  еңбек,  екпінді, 
күрес,  жарыс,  іс,  тап,  жиналыс,  жоспар,  күн,  белсенді 
сияқты сан алуан сөздер жаңаша қолданысқа түсіп, термин-
деу өрісі кеңіді. Бұл есепсіз мол қазына қатары күні бүгінге 
дейін толысып, молайып келеді. Яғни тіліміздің терминдеу 
сапасы  əлі  жүріп  жатыр.  Тілдің  осылайша  толығуы,  оның 
қоғамдық қызметін күшейтіп, бұрынғыдан əлдеқайда қуатты 
құралға айналдырды. Тілдің байлығын молайтып, қызметін 
күшейткен,  оның  икемділігі  мен  дəлдігін  дамытқан  бұл 
лексикалық қабатты ғылым тілінде термин сөздер деп атау 
лингвистер түсінігінде дағдыға айнала бастады.
Атау  сөздердің  күнделікті  өмірде  араласпайтын  жері 
жоқ. Тіпті қазіргі кезеңде термин сөздердің ауызекі сөйлеу 
тілімізге  де  еніп,  күнделікті  өзара  қарым-қатынас  құра-
лына да айнала бастағанын байқау қиын емес. Мұның өзі – 
тілдің,  атап  айтқанда,  əдеби  тілдің  қарқынды  дамуын 
байқататын  бір  белгі.  Керек  десеңіз,  сан  салалы  ғылыми 
қажетімізді өтеуге қызмет етіп отырған əдеби тіл, ең алды-
мен,  осы  терминологиялық  лексиканың  өрістеуіне  тəуелді. 
Терминологиялық жүйесі жасалмаған, терминдік ұғымдары 
қалыптаспаған  тіл – ол  əлі  əдеби  тіл  дəрежесіне  көтеріле 
алмаған тіл.
Термин  ретінде  мұны  біліп  қолданатындар  да  бар,  тер-
мин екенін сезбей қолданатындар да бар. Тілдің мəдениетіне 
ойысатын  мəселенің  бұл  жағы  əлі  зерттей  түсуді  тілейді. 
Сөйтіп,  кім  қалай  қолданса  да,  термин  сөздердің  əлеумет 
өмірінің  қатынас  құралындық  қажетін  қамтамасыз  етіп 
отырғаны  даусыз.  Яғни  терминсіз  қолданыс  болмайды, 
терминсіз  ғылыми  ой-пікірді  өрбітуге  болмайды.  Оның 

10
қанат  жайғаны  соншалық,  қоғам  өмірінің  қандай  саласын-
да  да  қазір  терминсіз  күн  кешу  мүмкін  емес.  Ал  арнайы 
лексиканың  аумағын  саралап,  оның  ғылыми  анықтамасын 
беру оңай іс емес екені мəлім.
Ғылыми-техникалық  революция  кезеңінде  мəселенің 
бұлайша  қарастырылмауы  мүмкін  де  емес.  Өйткені  тер-
минологиялық лексика, əсіресе қоғамдық, табиғат жəне тех-
ника ғылымдары тілі бұл кезеңде өзгеше даму жолына түсіп, 
соған байланысты неше алуан күрделі проблемаларды алға 
тартады.  Міне,  сондықтан  ұғымдар  жүйесін  тіл  материа-
лы арқылы жабдықтайтын терминология кез келген ғылым 
саласының қисындық мазмұнын жасайтын негіз деп аталуға 
хақысы  бар.  Ендеше,  терминология  дегеніміз  ғылым  тілі 
болып шығады.
Қоғам  дамуын  ілгерілете  түсудің  бірден-бір  тиімді 
жолы  ғылыми-техникалық  прогресс  болып  отырған  жағ-
дайда,  қоғамдық  ғылымның  үлесіне  тиер  шаруа  аз  емес. 
Іскерлік, жауапкершілік, білгірлік, білімдарлық, шапшаңдық, 
қабілеттілік  талабы  күшейген  қазіргі  кезең,  əсіресе,  тілдің 
ең  күрделі  де  бай  қатпары – терминологиялық  лексиканы 
реттеуді қажет етеді. Өйткені ғылыми-техникалық прогресс 
жетістіктеріне  сүйену  арқылы  экономика  мен  əлеуметтік 
шаруаны  жеделдете  түсуі,  бір  есептен,  сол  жетістіктерді 
дұрыс өрнектеуге тиіс тілдің терминдер жүйесіне де тікелей 
байланысты деп түсіну керек.
Мəселенің  бұл  жағына  келгенде,  əрбір  тілдің  өзіне  тəн 
міндеттері  айқын.  Кеңес  заманында  өзгеше  өріс  алып, 
дамыған  тілдер  қатарына  қосылған  қазақ  тілінің  термино-
логиясы  түбегейлі  зерттеліп,  оның  барлық  мəселесі  жан-
жақты  қарастырылды,  дəйекті  шешім  тапты  деп  əзір  айта 
қою  қиын.  Рас,  əдеби  тілдің  халықаралық  сипатын  таны-
татын  терминдер  жүйесін  жасап,  қалыптастыруда  кезеңдік 
қажетті  өтеген,  практикалық  рөл  атқарған  əрекеттер  бол-
ды.  Алайда  оның  ғылыми-теориялық  мəселелері  əлі 
түбірлі  де  терең  зерттеуді  керек  етеді.  Бүкіл  қоғамдық 

11
өмірдің барлық саласында түбірлі өзгерістер болып жатқан 
қазіргі  кезеңде  сол  өзгерістерге  лайықты  қызмет  ету-
ге,  соны  айна-қатесіз,  нақпа-нақ  білдіруге  тиісті  құрал – 
тіл  десек,  оның  ішінде  терминологиялық  лексиканың  жөні 
мүлде бөлек.
Термин  қатарына  қандай  сөздер  жатқызылатынынан 
жұртшылықтың  жалпы  мағлұматы  болғанмен,  бұл  салада 
да түсінісер жайт көп. Оның анықтамасына келгенде, мəнін, 
құрамын анықтау, жасалу принципі туралы əр алуан түсінік 
бар.  Енді  əңгіменің  осы  жағына  ойысалық.  Ең  алдымен, 
кеңес тіл білімпаздарының біразы бұл мəселе жөнінде сонау 
20–30-жылдардың өзінде-ақ ой толғап
1
, оның мəні, мазмұны, 
ғылым,  білім  игеруде  жасайтын  септігі  жайында  еңбектер 
жазған.
Алдымен соларды еске алалық.
Сонымен, термин жəне терминология дегеніміз не? Оны 
сөздік  құрамның  өзге  қабатынан  қалай  ажыратуға  бола-
ды?  Негізгі  белгілері  қандай?  Біз  бұл  жұмысымызда  осы 
ұғымға  байланысты  туатын  сұрақтардың  бəріне  бірдей 
жауап  береміз  деп  айта  алмаймыз.  Тек  күні  бүгінге  дейін 
ғылыми  əдебиетте  орныға  бастаған  кейбір  пікірлерді  ғана 
саралап,  салғастырып  өтпекпіз.  Терминологиялық  лек-
сиканы  зерттеуде  жəне  оның  қоғам  үшін  мəнін,  маңызын 
анықтауда  А.А.  Реформатскийдің,  В.В.  Виноградовтың, 
А.Н.  Баскаковтың,  Г.В.  Степановтың,  С.Г.  Бархударовтың, 
О.С. Ахманованың, И.Ф. Протченконың, В.И. Сифоровтың, 
Ю.А.  Дешериевтің,  К.М.  Мусаевтың,  Р.А.  Будаговтың, 
Л.И. Скворцовтың, В.П. Даниленконың, Т.С. Коготкованың, 
Т.С. Канделакидің, А.В. Суперанскаяның, Б.З. Букчинаның, 
В.Ф.  Журавлевтің,  И.Н.  Волковтың,  Б.О.  Орузбаеваның, 
1
 
Чаплыгин  С.А.  Задачи  и  методы  работы  по  упорядочению  технической 
терминологии  // Изв. АН СССР, ОТП, М., 1973; Винокур Г.О. О некоторых 
явлениях  словообразования  в  русской  технической  терминологии // Труды 
Московского института истории, философии и литературы. М., 1939. Т. 5.

12
М.Ш.  Гасымовтың,  Т.  Бертагаевтың  т.б.  зерттеуші  ғалым-
дардың рөлі ерекше болды.
Бұл  жайында  түркология  ілімінде  де  біраз  əңгіме 
қозғалды.  Оның  ішінде  өзіндік  пікір  өрбіткендері  де  бар. 
Атап айтқанда, А. Байтұрсынұлы, қазақ түрколог тілшілері: 
Қ. Жұбанов, Н.Т. Сауранбаев, С. Аманжолов, Ə.Т. Қайдаров, 
М. Балақаев, Ш.Ш. Сарыбаев, А. Əбдірахманов, Р. Өрекенова, 
С. Исаев т.т.
Термин  жайында  бүкіл  түркология,  оның  ішінде  қазақ 
тіл  білімінде,  сондай-ақ  орыс  лингвистикасының  өзінде  де 
осыған  тоқтайық  дейтін  бəтуəлі  пікір,  тұжырым  тізгінін 
ұстау қиын. Оның не екенін, лексиканың қай тобына жата-
тынын елдің бəрі білгенмен, негізгі, басты белгілерін ажыра-
тып, тануда əрқилы түсінік бар. Оған берілетін анықтаманың 
өзі де ала-құла.
Ал  «термин»  деген  ұғымының  өз  басына  келер  болсақ, 
əлі  күнге  бұл  жайында  бірыңғай  пікір  қалыптаса  алмай 
келеді. Мына еңбекте қабылданған көзқарас бойынша, «Тер-
мин – бұл  арнаулы  қолданыс  саласындағы  ғылыми  немесе 
өндірістік-технологиялық  ұғымның  атауы  болып  табыла-
тын жəне дефинициясы (тиісті ұғымның анықтамасы) бар 
сөз немесе сөздер тіркесі»
2
. Ұсынылып жүрген анықтамалар 
бірыңғай емес. Принципінде кез келген сөз термин бола ала-
ды, бірақ ол оның ерекше қызметіне (функциясына) байла-
нысты.  Өндіріс  жағдайында  терминдер  белгілі  бір  адамдар 
(мамандар) тобының өзара қарым-қатынас құралы есебінде 
пайдаланылады. Яғни олар маман ортада, арнаулы əдебиетте 
қолданылады.
Кəсіби  терминология  əдетте  белгілі  практикалық  мұқ-
таждыққа, күнделікті қажеттілікке орай пайда болады. Əдеби 
тіл  мен  оның  функционалдық  стильдері  пайда  болмастан 
бұрын кəсіби лексика өзінше табиғи түрде жасалып отыра-
2
 
Прохорова В.Н. Актуальные проблемы современной русской лексикологии
М.: Изд- во МГУ, 1973. С. 40.

13
ды, кейде тіпті оның əрқилы жергілікті (терминологиялық) 
нұсқалары да қабаттаса жүреді. Арнаулы əдебиеттердің пай-
да  болуы  сөздік  құрамның  бұл  саласының  дамуына  жаңа 
бірлеп қосады, яғни дамудың басқаша арнасына түседі.
Термин  жөнінде  ғылыми  жəне  анықтағыш  еңбектерде 
түрлі мəліметтер беріледі.
Тиянақты түйін мен дəл анықтамалар беруге тырысатын 
энциклопедиялық сөздіктерге үңілгенде, мынаны байқадық.
«Термин – рим мифологиясында шекара құдайы, Т. – тер-
миналдар  құрметіне  арналған  мейрам»  дегенді  меңзейді 
екен.  Сонымен  бірге  термин – шекара,  шек  деген  ұғымды 
білдіретін  латын  сөзі.  Бұл – 1980 жылы  Мəскеуде  жарық 
көрген бір томдық «Советский энциклопедический словарь» 
деген еңбекте берілген анықтама.
Терминология  мəселесімен  айналысқан  ғалымдардың 
қай-қайсысы да, ең алдымен, оның мазмұны мен мəнін ашып, 
анықтамасын  айқындап  беруге  тырысып  отырған.  Əсіресе 
бұл  проблеманы  лингвистер  тереңірек  қарастырып  келді. 
Мысалы,  бұл  жайында  О.С.  Ахманова  еңбегінен
3
  мынадай 
жолдарды оқуға болады: «Термин (ағыл.) дегеніміз – арнайы 
ұғымдар мен арнайы заттарды дəл белгілеу үшін жасалған 
(қабылданған,  енген  жəне  т.б.),  тілдегі  арнайы  (ғылыми, 
техникалық т.т.) сөздер мен сөз тіркестері».
Сонда  бұл  келтіріліп  отырған  екі  анықтаманың  өзара 
аздаған ғана айырмасы болғанмен, негізінен, біртектес екенін 
көреміз.  Термин  болатын  сөздің  шегі,  шеті,  шекарасын 
анықтау керек дегенді меңзейді. Яғни оның өзге сөздерден 
айырмасы  оның  мағынасының  шектеулі  болатындығында 
дегенді білдіретін тəрізді.
Бұл  екі  сөздікте  «терминология»  ұғымына  да  анықтама

берілген. Энциклопедияда берілген анықтамада терминоло-
3
 
Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. М., 1966.
4
 
Кеңесбаев І., Жанұзақов Т. Тіл білімі терминдерінің орысша-қазақша сөздігі. 
Алматы, 1966.

14
гияның белгілі бір ғылым, техника салалары мен өнер түр-
лері  терминдерінің  жиынтығы  екеніне  мəн  беріледі.  Ал 
О.С. Ахманованың сөздігінде осы айтылғандарға қоса мұның 
реттеуге,  жөндеуге  мейлінше  көнбіс  лексиканың  ерекше 
қабаты  екені  баса  айтылады.  Шынында,  лексиканың  өзге 
үйірлеріне қарағанда, мұның саналы əрекет арқылы реттеуге 
мүмкіндігі мол екенін дəлелдейтін деректерді ғылымның кез 
келген саласынан ойып алуға болады.
Ал  Д.Э.  Розенталь  мен  М.А.  Теленкова  терминнің  жо-
ғарыда  айтылған  белгілеріне  қоса,  бір  мағыналылығына 
мəн  береді.  Яғни  тілдегі  сөздердің  біразы  көп  машиналы 
болып  келсе,  термин  болатын  сөздердің  олардан  негізгі 
айырмашылығы – жалқы  мағыналылығында  деп  түйеді. 
Əрине, бұл да термин сөздің табиғатын нақтылай, анықтай 
түсетін басты белгілердің бірі екені даусыз.
Тіл білімінің белгілі мамандарының бірі А. Реформатор-
ский  де  термин  мен  терминология  ұғымының  теориялық 
мəнін  ашып  беруге  тырысады.  Ол  термин,  ұғым,  сөз 
түсініктерінің  өзара  байланысы  жөніндегі  түрлі  пікірлерді 
сүзіп  шығып,  екі  түрлі  бағытқа  ден  қояды:  бірі – терминді 
белгілі  бір  затпен  байланысты  қарайтындар  да,  екіншісі – 
ұғыммен  байланысты  қарайтындар.  А.А.  Реформатский 
терминді ұғыммен байланыстыра қарайтын бағыттың белең 
алып келе жатқанына назар аударады. Ол мұның, яғни тер-
мин  мен  ұғымның  өзара  қатыстылығы,  əсіресе  ғылымда 
айқынырақ көрінетінін байқайды. Сөйтіп, осы уақытқа дейін 
термин мен терминологияға беріліп келген анықтамалардың 
көп  кемшілігі  барын  сынайды.  Ол  терминнің  басты  бел-
гілерін  анықтап  беруге  тырысады.  Оның  дəлелдеуінше, 
терминнің жоғарыда сөз болған ерекшеліктеріне қоса мына-
дай белгілері бар: термин емес сөздердің мағынасы көбінесе 
контекст арқылы ашылып отырса, термин сөздер контекске 
тəуелді  емес.  Сондай-ақ  термин  сөздерге  көп  мағыналық, 
экспрессия жат екенін баса айтады.

15
Термин  мəселесімен  тікелей  айналысқан  қазақ  ғалымы, 
белгілі  лингвист  Қ.  Жұбанов  Мемтерминком  бюллетенінің 
2-санында  бұған  былай  орысша-қазақша  анықтама  береді: 
«Термином  называется  специфический  видопределенных 
словесных обозначений, передающих определенные понятия, 
установленные на данном этапе развития науки и револю-
ционной практики, причем передаваемое термином терми-
нологическое  понятие  может  не  совпадать  сословарным 
значением,  которое  присущеданной  словесной  величине  в 
обыденной жизни»
5
. 
Бюллетеньнің келесі санында (№ 3) дəл осы ойын ол бы-
лай деп қазақша түсіндіреді:
«Белгілі бір ұғымдарды білдіретін қарақшылы (qaraqcіlі) 
сөздер  болады,  сөздерді  əлгіндей  ұғымдарға – ғылым  мен 
революция  жағы  қандай  сатыда  тұрса,  міне,  осы  екеуі 
теліп отырады; сонымен қатар термин сөзінің терминдік 
ұғымы мен күнделік тіршілікте қолданылатын жай сөздік 
мағынасы басқа болуы да мүмкін».
Проф. Қ. Жұбанов терминнің өзіндік өзгешелік сипатын 
дұрыс  түсінбеушіліктен  кеткен  қателерге  назар  аударады. 
Мысалы,  ол  аударуға  болмайтын  терминдердің  (психоло-
гия,  коммунист,  геометрия)  аударылуын  (жан  жүйесі, 
ортақшыл,  пішіндеме)  қате  санайды.  Мұның  негізгі  себебі 
терминдердің  терминдік  мағынасы  емес,  лексикалық 
мағынасына мəн беруден дейді. Яғни əңгіме бұл жерде бір 
тілден  екінші  тілге  аударуда  немесе  қабылдауда,  ең  алды-
мен, көңіл қойылуға тиісті шарт – оның терминдік мəні болу 
керек екендігінде.
Академик  І.  Кеңесбаев  пен  профессор  Т.  Жанұзақов  та 
терминнің  о  баста  латын  тілінің  «шек», «шекара»  де-
ген  сөздерінен  пайда  болғанын  айта  келіп:  «Ғылым  мен 
5
 
Жубанов  К.  О  специфике  слов-терминов // Бюллетень  государственной 
терминологической комиссии. №2, Алма-Ата, 1935. Его же. Исследования по 
казахскому языку. Алма-Ата, 1966. С.273.

16
техниканың,  көркем  өнер  мен  қоғам  өмірінің  алуан  түрлі 
саласына  байланысты  қолданылатын,  тұжырымды 
білдіретін сөздер мен сөз тіркестері, атау сөз»
6
, – деп түйін 
жасайды. Қазақ Кеңес энциклопедиясында да негізінен осы 
типтес анықтама берілген: «Термин, атау – ғылым, техника, 
сол сияқты тұрмыстың белгілі саласындағы ұғымдарды дəл 
атау үшін жұмсалатын сөздер мен сөз тіркестері»
7
.
Ғылыми əдебиеттерде кездесетін пікірлердің бəрі де, сай-
ып келгенде, негізінен осы тұжырымдарға тоқтайды. Сонда 
термин дегеніміз, ең алдымен, негізінен, белгілі бір ғылым 
мен техника саласында қолданылатын арнайы лексика болып 
шығады. Оның басты белгілері: дəлдік, қысқалық, жүйелілік. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет