1.3 Дауыссыз дыбыстардың ерекшеліктері
«Мухаббат-наме» ескерткішіндегі түркі сөздерінде мынадай дауыссыз дыбыстар қолданған: б, в, г, ғ, д, ж, з, и, й, к, қ, л, м, н, ң, п, р, с, т, х, ч, ш. Сөздің барлық позициясында б, ж, й, к, қ, м, с, т, ч дыбыстары актив жұмсалған. г, д дыбыстарынан басталатын сөздер бірен-саран ғана. Түркі бөлігіндегі сөздердің ішінде х, з, р, л дыбыстарынан басталатын сөздер ұшырамайды. Ескерткіште ит сөзінен басқа и дыбысымен келетін сөздердің барлығы қазақ тілінде і дыбысымен айтылады. Дауыссыз дыбыстарға жеке-жеке тоқталсақ.
б шұғыл, ұяң, ерін дауыссызы сөз басында көбірек кездеседі: байық (анық), бағла (байла), биз (біз), бил (біл), бөри (бөрі) т.б. Ескерткіште б дыбысы мына сөздерге аяқталғанмен, оларды қазақ тілімен салыстырғанда көсемшенің -п, -іп, -ып жұрнақтарына айналғанын көруге болады: қайнаб (қайнап), көкраб (күркіреп), теб (деп), гизланиб (жасырынып), етиб (етіп), кетиб (кетіп), көрүб (көріп), кийүрүб (кидіріп), түзүб (түзіп), алыб (алып).
в дыбысынан ескерткіш тілінде сөз басталмайды. Сөз ортасы мен аяғында мына сөздерде ұшырасады: ев (үй), евүр (бұрылу), чаврүл (бұрылу).
М. Қашқари ең дұрыс айтылған тұлғалар ретінде в әрпінің айтылу ерекшелігін береді: «б мен ф арасындағы в әрпін оғыздар мен соларға жақын тұратындар у әрпіне айналдырып айтады. Сондықтан түріктер үйді ев десе, оғыздар еу дейді, түріктер ауды ав десе, олар ау дейді» [33, 100 б.].
Ескерткіште шұғыл, ұяң, тіл ортасы дауыссызы г дыбысынан басталатын сөздер саны некен-саяқ. Мысалы, гизлан (жасырыну, тығылу). Сөз ортасында г әрпі мына сөздерде кездеседі: бүгүн, егү (игі), билгүр (біліну), менгү (мәңгі), өзга (өзге), түгат (бітіру, түгесу) т.б.
Жазба тілде ғ ұяң дыбысынан басталатын сөздер ұшыраспайды. Бұл дыбыс ескерткіш мәтінінде сөз соңында екі сөзде кездеседі: йаңлығ, ұлығ. Сөз ортасында көбірек кездеседі: ағыз (ауыз), ағыр (ауыр), бағр (бауыр) т.б.
Ескерткіш тілінде д дыбысынан басталатын бірен-саран сөздер ғана кездесті: дауысқанча (тауысқанша, таусылғанша), дағы (тағы), дудағлы (ерінді), дагүл (емес), де (айт, сөйле). Сөз ортасында мына сөздерде қолданылған: қудуқ (құдық), күндүз (құндыз), мундақ (мұндай). Мн тілінде ұяң дыбыстардың аз мөлшерде қолданылуына қарап, байырғы тіл бірыңғай қатаң дыбыстармен айтылған деген тұжырымның негізсіз еместігіне көз жеткізуге болады.
Дастанда ж дыбысынан жалқы есім атауы Жаныбек сөзімен бірге жана (жаңа) сөзі басталған. Сөз соңында күванж сөзінде ғана кездесті. Ескерткіштегі й дыбысынан басталған сөздердің түгелге жуығы қазіргі қазақ тілінде ж дыбысымен айтылады. Ол туралы төменде жеке сөз болады.
Ескерткіште түркі сөздері з дауыссызынан басталмаған. з дауыссызы түркі сөздерінің соңында мына сөздерде ұшырасады: аз, саз, ағыз, йаз, сөз, өз, сиз, бираз, көз, йүз, түз.
й дыбысынан мына сөздер басталған: йаңлық (сияқты), йақту (жарық), йаңақ (бет, жүз), йола (аспан шырағы), йашын (найзағай), йа (садақ), йетан (жиен). Сөз соңында мына сөздерде қолданылған: йай (жай), йуй (жуу), ай (айт).
Достарыңызбен бөлісу: |