Сөз басындағы Й-Ж сәйкестігі. Бұл сәйкестік туралы түркологтардың еңбектерінде сан алуан пікірлер бар. Тілдегі дауысты, дауыссыз дыбыстардың сәйкестігін зерделеуде көне дәуірлерде жазылып қалған жәдігерлердің де қосатын үлесі зор.
Алғашқы зерттеулерден түркі тілдерінің сөз басындағы ж ~ й, ж ~ с, ж ~ ч, ж ~ дз сәйкестіктерінің тізбегіне назар аударып, түйінін шешуге тырысқан түрколог В.В. Радлов болды. Ғалым сөз басындағы й ~ дж ~ ж ~ т ~ д ~ ч ~ ш ~ с ~ з... сәйкестігінің архетипін й үндісі (соноры) деп танып, мынадай кесте түзген: й > дж, й > ч, ч > з, з > с, с > с׳ [28, 256 б.]. Осыдан кейін ары қарай В.А. Богородицкий де бұл сәйкестіктің теориясына тоқталды [35, 106-107 бб.]. Түрколог В.В. Радлов пен В.А. Богородицкийдің дж аффрикаты й үндісінен пайда болды деген тұжырымдарына қосыла отырып, өздерінің еңбектерінде В.А. Серебренников пен И.З. Гаджиева бұл қағиданы ары қарай жалғастырды.
Түркі тілдеріндегі бұл құбылыс шетелдік ғалымдардың да назарына ілікті. Аталмыш сәйкестікке Н. Поппе және И. Марквартт, Г. Дерфер өз пікірлерін білдірді. Жоғарыдағы пікірге қарсы пікірді Г.И. Рамстедттің еңбектерінен кездестіреміз. Ал Г.И. Рамстедт пен басқа шет елдік зерттеушілердің тұжырымынша й-ден дж аффрикаты емес, дж-ден й соноры пайда болған [36, 33-34 бб.]. Ш.А. Ақбаев өз еңбектерінде й-ден дж аффрикаты пайда болды деген пікірді теріске шығарды [37, 77 б.].
Қазақ тіл білімінде Б. Сағындықұлы «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» атты еңбегінде түркі тілдерінде аффрикаттардың және олардан пайда болған тс (ц), тш (ч), дз, дж, т'с', д'з', тһ, дһ, тй, дй дыбыс тіркестерін кезең-кезеңде даму заңдылықтарын зерттеп, олардың ең көнесі, арғы тегі – ц мен ч аффрикаты деп танып, өзге аффрикаттар мен дыбыс тіркестері осы екеуінен пайда болған деген тұжырым жасайды. Мынадай деректер келтіреді: «Тарихи өзгерістерге ұшырай келе, тс (ц) аффрикатының екінші элементі с өз заманындағы лингвистикалық, экстралингвистикалық себептермен әлсірегенде орнына һ эпентезасы орныққан: тс > тһ. Ал тш (ч) аффрикаты осындай өзгеріске ұшырағанда ш дыбысының орнына й эпентезасы пайда болған: тш > тй. Түркі тілдері дамуының белгілі бір кезеңінде бүкіл қатаң аффрикаттар мен қатаң дауыссыздар толығынан ұяңданған, бұл процесті жоғарыда санамаланған аффрикаттар мен дыбыс тіркестері де басынан өткерген, нәтижесінде тс > дз; тш > дж; тһ > дһ; тй > дй тізбегі өрбіген. Түркі тілдерінің бір бөлігінде ғана қатаң тс (ц), ұяң дз аффрикаттары жұмсарып, жіңішке варианттар өмірге келген: тс > т'с'; дз > д'з'. Сөйтіп ең көне ц, ч аффрикаттары өзге аффрикаттар мен дыбыс тіркестерінің түзілуіне негіз болған» [29, 18-35 бб.].
Біз қарастырып отырған ескерткіште басқа сәйкестікке қарағанда й ~ ж сәйкестігі көп сөздерді қамтыған. Мн-да қолданылған сөздердің басым көпшілігі сөз басында й ~ ж сәйкестігін құрайды. Біз зерттеу барысында ескерткіште қолданылған түркі сөздерінің й дыбысынан басталатын сөздердің жалпы санының 62 екенін анықтадық. Оның ішінде қазақ тілімен салыстырғанда сөз басында 48 сөз й ~ ж сәйкестігін құраса, 14 сөз қазіргі қазақ тілінде қолданыстан шығып қалған, көнерген сөздер қатарына жатады немесе кейбіреулері мүлдем кездеспейді. Ескерткіште й дыбысынан басталатын мынадай сөздер қазіргі қазақ тілінде ұшыраспайды. Мысалы, йаңақ (бет), йаңлығ, йаңлық (сияқты), йарур (жайнау, қуану), йарут (жарқырау), йашын (найзағай), йоғрыл (жоқ болу), йола (шырақ).
Ескерткіш тіліндегі й дыбысымен басталатын мынадай сөздер қазіргі қазақ тілінде ж дыбысымен айтылады: йақа (жаға), йақут (жақұт), йалған (жалған), йаман (жаман), йаны (жаны), йапрақ (жапырақ), йар (жар), йара- (жара), йаратты- (жаратты), йаратқан (жаратқан), йетан (жиен) йараш (жарас), йарым (жарым), йат (жат), йахшы (жақсы), йаш (жас), йаша- (жаса), йет- (жет), йети (жеті), йигит (жігіт), йел (жел), йер (жер), йоқ (жоқ), йоқал- (жоғал), йол (жол), йуй (жуу), йүз (жүз), йүр (жүр), йүрак (жүрек), йыл (жыл), йырақ (жырақ), йырт (жырт). Сөз басында й-дың көп қолданылуы, Мн тілін зерттеуші ғалымдар атап көрсеткендей, j тобына жататындығында болса керек.
Ескерткіштегі кейбір й дыбысынан басталатын сөздердің өз ішінен бірнеше дыбыстардың өзгешіліктерін байқауға болады. Мысалы, йай (жаз), йаш (жас) т.б.). Бір сөздің бойынан бірнеше сәйкестікті кездестіреміз: й ~ з, ш ~ с.
Түркі тілдерін оғыз және қыпшақ деп үлкен екі топқа бөліп тұратын й мен ж көршілес отырған тайпа тіліне де қазіргі ұлт тіліне де өз ықпалын тигізген сияқты. С. Омарбеков өзбектермен, қарақалпақтармен іргелес қоныстанған қазақтардың сөз басында ж-нің орнына й дыбысын қолданатынын, сондай-ақ й арқылы сөйлейтін оғыз тілдерінде й-дің орнына ж дауыссызының кездесетіндігін [38, 119-120 бб.] сөз етеді.
Сонымен қатар біз зерттеп отырған ескерткіш тілінде т ~ ж сәйкестігін құрайтын бір сөз табылды. Төрат. Жарату. Қара топрақдин сүнбүл төратти 13 (Қара топырақтан сүнбіл жаратты). Бұл сөз осы формада көне түркі сөздігінде де тіркелген: Төрат. Жарату. Qamuγ sẹn törättiŋ ДТС 580 (Барлығын сен жараттың). Бұны ірі түрколог ғалымдар айтқандай бастапқыда сөздер бірыңғай қатаң дыбысталған, белгілі бір себептермен қатаңдардың ұяңдану процесі болғанының дәлелі деп түйеміз.
Б. Құлжанова й ~ ж сәйкестігінің пайда болуын ХІ-ХІІ ғасыр ескерткіштерін зерттеу еңбегінде былай түсіндіреді: «Батыс хун бұтағына жататын тілдер үшін архетип қызметін атқара алатын ч аффрикаты осы тілдердің үлкен бір тобы оғыз, қарлұқ-ұйғыр тілдерінде бірте-бірте ыдырай бастайды. Әуелде оның құрамындағы ш ызың спиранты әлсірейді де, өзінің орнын й эпентезасына (сына дыбысына) береді. Сонда тш ~ тй сәйкестігі пайда болады. Бүкіл түркі тілдері ұяңдану процесіне ұшырағанда тш ~ дж, тй ~ дй сәйкестіктері өмірге келеді. Сөз басында екі дауыссыз айтылмау заңдылығынан бұл аффрикаттар мен дыбыс тіркестері жалаңданады. Олардың алғашқы жапсары т мен д элизияға ұшырайды. Қазіргі тілдердегі ж ~ й сәйкестігі осылайша түзілген. Қыпшақ тілдеріне дж аффрикаты, оғыз тілдеріне тй дыбыс тіркесі негіз болып, екі бағытта дамыған. Кестесі: тш > тй/дй > й; тш > дж > ж» [39, 15 б.].
Ескерткіштегі йыл, йер, йаз сөздері қазақ тілінде й ~ ж сәйкестігін түзеді, ал осы сөздерді тува, хакас, шор тілдерімен салыстырғанда й ~ ч дыбыс сәйкестігін көреміз: тува, хакас, шор тілдерінде сөз басында ч айтылады, йыл: тув., чыл; хак, чыл; шор., чыл; йер, йир: тув., чер; хак., чир; шор., чер; йаз: тув., час; хак., часхы; шор., час; йүрак: тува., чүрек; хак., чÿрек; йетан: тув., чээн; хак., чеен; [40, 99 бб]. Бұл тілдерге көне форма тш (ч) аффрикаты әсер еткен. Бұны қазақ тілімен салыстырғанда ж ~ ч дыбыс сәйкестігі түзілгенін байқауға болады.
Түрколог ғалым Б. Сағындықұлының зерттеулері көрсеткендей, «бүкіл түркі тілдері үшін й үндісі (соноры) көне форма бола алмағаны сияқты, аффрикаттардың кез келгені жеке-жеке алғанда й ~ дж ~ ж ~ т ~ д ~ ч ~ ш ~ с ~ з... сәйкестігінің архетипі бола алмайды. Мысалға дж аффрикаты бар болғаны қыпшақ тілдері үшін, дз аффрикаты қарашай-балқар тілі және оның диалектілері үшін, т'с' аффрикаты чуваш тілі үшін, тш (ч) аффрикаты хақас, алтай тілдері үшін көне тек ретінде қызмет еткен» [29, 155 б.] деген пікіріне қосыламыз.
Енді ескерткіш тіліндегі басқа да дауыссыз дыбыстарды қазақ тілімен салыстырғанда кездескен ерекшеліктерге тоқталып өтсек. Сөз басында, сөз аяғында ескерткіште ш дыбысы тілімізде с болып өзгеріске түскен. Қуш. Құс. Тама´ дамында қалур қуш емас мин 605 (Нәпсінің тұзағында қалатын құс емеспін). Шункар. Сұңқар. Хауа үзра берүр шунқарға қуны 9 (Көкте қуды сұңқардың жемі етеді). Улаш. Ұлас. Вали харгез улашмас гаухара хас 354 (Бірақ гәуһар ешқашан арам шөппен үйлеспейді).
Сөз соңындағы ш – оғыз тілдерінің белгісі ретінде, с – қыпшақ тілдерінің белгісі болып саналады. Дегенмен, кейбір қыпшақ тілдеріне жататын татар, башқұрттардың сөз соңында ш дыбысымен сөйлейтіні де кездеседі. Оның себебі оғыз бен қыпшақ тайпаларының әуел бастан тығыз қарым-қатынаста болуы тіліне де ықпал жасаған деп айтуға болады.
Зерттеліп отырған жәдігер тілінде б ~ м сәйкестігін құрайтын екі сөз ұшырасты. Тарихи ескерткіштерде б-дан басталатын бойун, байрам сөздері кейбір түркі тілдерде м дыбысымен айтылады. Бұл құбылысқа қазіргі түркі тілдерін өзара салыстырып қарастырғанда көз жеткіземіз. Ескерткіштегі б дыбысымен басталатын сөз қазақ тілінде м мен айтылады. Бойун. Мойын. Бойун сундум бу йолда миң балаға 411 (Мойын сұндым бұ жолда мың пәлеге). Байрам. Мейрам. Йүзүң навруз-о қашың байрам айы 11 (Жүзің наурыз, қасың – мейрам айы).
Көне түркі тілінде б дыбысымен басталатын бен, бойун сөздері оғыздық формада қолданылса, орта ғасыр ескерткішінде м-мен айтатын жіктеу есімдігінің бен емес қыпшақ тілдер тобының мен тұлғасы хатқа түскен. Қазіргі түркі тілдерінде мойын сөзі башқұрт, қазақ, қарақалпақ, қырғыз, ноғай, тува, хакас, якут тілдерінде м-мен айтылса, әзірбайжан, құмық, түрікмен, түрік, өзбек, ұйғыр тілдерінде б-мен айтылады.
А.Н. Баскаков өз еңбегінде түркі тілдеріндегі мұрын жолды м дауыссызын у~у(тау)~у(w)~п~б~в сәйкестігінің қатарына қосып қарастырады [41, 98 б.]. Бұған қарсы пікірді түрколог Б. Сағындықұлының еңбегінен кездестіреміз. Ғалым м-ді н ~ ң ~ м сәйкестігінің қатарына қоса отырып, оның пайда болу жолын былай түсіндіреді: «... аса ежелгі дәуірде н фонемасына қ, к фонемаларының тигізген әсерінен ң аллофоны, б, п фонемаларының тигізген әсерінен м аллофоны пайда болған. Кейін бұл аллофондар фонологиялық жүк арқалаудың салдарынан тұрақтанып, белсенді фонемалардың қатарына қосылған. м фонема болып әбден қалыптасқаннан соң бірсыпыра сөздердің құрамындағы б дауыссызын ығыстырған. м-нің де, б-нің де еріннің бір-біріне жабысуынан жасалуы бұған себепші болған. б-нің м-ге ауысуы – м фонемасының жасалуынан әлдеқайда кейін болған құбылыс. м-ді у~у(тау)~у(w)~п~б~в сәйкестігінің қатарына қосуға негіз жоқ» [29, 49-51 бб.].
Ескерткіштегі б дыбысы қазақ тіліндегі п дыбысына сәйкес келеді де б ~ п сәйкестігі түзіледі. Бич. Пішу. Са´адат бирла бахт икиси бичти 69 (Дәулет пен бақыт екеуі пішіп тікті).
Ескерткіште сөз басындағы д ~ т сәйкестігі ұшырасады. Дауыс. Тауыс. Дауысқынча ғазал шах гөш қылды 75 (Тауысқанша ғазалды шаһ тыңдады). Бұған керісінше құбылыс т ~ д сәйкестігін құрайтын те сөзі қазіргі қазақ тілінде де болып қолданылады. Те. Де. Сиза теб келди, Хорезмини асраң 73 (Сізге деп келді, Хорезмиді асыраңыз). Ескерткіш тіліндегі т дыбысының қазақ тілінде ұяңданғаны байқалады. Ал мына бір сөздің екі варианты қатар қолданылған. Дағы. Тағы. Бираз кечти, дағы мажлис ысынды 77 (Біраз [уақыт] өтіп, мәжіліс тағы да қызды). Тағы. Тағы. Тағы манзурыны султан йаратты 98 (Есесіне сүйіктісін сұлтан жаратты).
Достарыңызбен бөлісу: |