-ЛЫҚ, -ЛҮК, -ЛИК жұрнағы. Қазіргі түркі тілдеріндегі сияқты ескерткіште де есім түбірлерге жалғанып, жаңа сөз тудыруда қолданылатын өнімді жұрнақ. Мн ескерткішінде араб-парсы тілінен енген сөздерді қосып есептегенде алты сөздің құрамында ұшырасты. Түркі сөздері: йырақлық (жырақтық), көрклүклар (көріктілер), түгатмаклик (түгесілмек). Араб-парсы сөздеріне бірыңғай -лық тұлғасы жалғанған: вафалық (адалдық), салтанатлық (салтанаттық), вафасызлық (опасыздық).
XI-XII ғасырлар ескерткіштері тілінде -луғ (-луқ, -лығ/-лық, -лүг/-лүк, -лиг/-лик) деген сегіз түрлі варианты кездеседі екен [39, 29 б.]. Ал қазақ тілінде алты варианты (-лық/-лік, -дық/-дік, -тық/тік) қолданылады.
Мн ескерткіші тілінде -лық, -лүк, -лик жұрнағы арқылы жасалған сөздердің түбірі зат есім, сын есім, етістік болып келеді. Бұл өнімді -лық, -лүк, -лик жұрнағы арқылы жасалатын туынды сөздердің мағыналары мынадай:
1) зат есімдерге жалғанып сапаның, күйдің, қасиеттің барлығын білдіретін сын есімдер жасайды: йырақлық (жырақтық), көрклүклар (көріктілер).
Йырақлық бирла мен сизни унутман 272 (Жырақ кетсем де сізді ұмытпан). Қамуқ көрклүклар үзра падишасын 287 (Барлық сұлулардың падишасысың).
Ескерткіште есім сөздерге -лық, -лүк варианты тікелей жалғанса, кейбір сөздерге -мак+лик құранды жұрнақ формасында жалғануымен ерекшеленеді.
Мн-да -мак+лик екі жұрнақтың қосындысынан жасалған бұл құранды жұрнақ етістік түбірге жалғанып 2) дерексіз ұғымды білдіретін зат есім жасап тұр: түгатмаклик (түгесілмек). Түгатмакликка хақ берди ´инайат 623 (Жазып бітіруге құдайым пұрсат берді).
Достарыңызбен бөлісу: |