-УН, (-ҮН, -ЫН, -Н) жұрнағы. Бұл жұрнақ көне дәуірлерде етістіктен есім, есімдерден есім тудыратын өнімді жұрнақ ретінде саналған.
Ескерткіште -ун, -ын жұрнағы арқылы жасалған сөздер мынадай грамматикалық мағыналарды береді:
1 Дерексіз (абстракт) мағынаны білдіреді: ачун (дүние, әлем).
Ачунда парсы даптарлариң бар 48 (Дүниеде парсыша дәптерлерің бар).
2 Қимылдың, іс-әрекеттің заттық атауын білдіреді: ойын (ойын).
Ескерткіште -ун, -үн, -н жұрнағы узун (ұзын), толун (толық), бурун (бұрын) сөздердің құрамында бар.
Неча ким түн узун болса таңы бар 274 (Түн қанша ұзақ болса да ататын таңы бар); Толун ай та´бийа сарв үзра қылды 87 (Толған айды түп-түзу сәру [ағашының] үстінен қаратып); Бурун он дедим, он бир болды 590 (Бұрын он деп едім, енді он бір болды).
-нж жұрнағы. Ескерткіш тілінде бір-ақ сөздің құрамында кездесті. Адамның ішкі көңіл күйін білдіретін грамматикалық мағынада қолданылған: күванж (қуаныш). Мухаммад-Хожа-бек ´алам күванжи 110 (Мұхаммед Хожа-бек – әлем қуанышы). Бұл жерде қазақ тілімен салыстырғанда ж ~ ш сәйкестігі орын алған.
Қазақ тілінде -ыш, -іш, -ш – етістіктен зат есім жасайды. Бұл жұрнақтар -ыш, -іш, -ш көбінесе өздік етіс формаларына жалғанып, абстракт ұғымды білдіретін зат есім тудырады. Мысалы: қуаныш, өкініш, сүйініш, жұбаныш, қызғаныш, күйініш, сағыныш т.б. [57, 155 б.].
ч жұрнағының -нч, -ынч, -інч, -унч, -үнч варианттары бар екені орхон-енисей көне жазбаларынан белгілі. М. Сабыр бұл жұрнақтың тарихи-этимологиялық жағын зерттей отыра көне ескерткіштердегі және қазіргі түркі тілдеріндегі атқаратын қызметінің әр тарапты екенін айтады [58, 132-133 бб.].
Достарыңызбен бөлісу: |