4
КІРІСПЕ
Тіл үйренушінің басты мақсаты жəне арманы – сол тілде өз ойын жеткізе
алатындай дəрежеде игеру. Осыған байланысты қазіргі кезеңде тілді
үйретудің əлемдік практикасында ең тиімді бағыт ретінде сөйлеу əрекетінің
түрлерін өзара сабақтастықта, белгілі бір жүйеде пайдалана отырып, тілді
деңгейлер бойынша оқытып үйретудің əдістемесі алдыңғы қатарға шықты.
Бұл əдістеме, ең алдымен, оқыту материалдарын «қарапайымнан күрделіге
қарай» ұстанымы бойынша орналастыру арқылы тілді үйренудің оңтайлы
екендігін, тілдік дағдыларды қалыптастырудың
тиімді жолдарын айқын
дəлелдеп берді. Деңгейлік жүйеде оқытудың бағыттары одан əрі тереңдетіле
түсті; осының нəтижесінде əлемде ағылшын тілін үйретудің оңтайлы
əдістері жинақталған, тіл үйренушінің тілдік дағдыларының қалыптасуына
көмек беретін саналуан оқу-əдістемелік құралдар, шет тілі ретінде ағылшын
тілінен емтихан тапсыруға арналған тест жүйесінің кешендері жарық көрді.
Əсіресе, тілді шет тілі дəрежесінде меңгерудің деңгейін анықтауға арналған
тест жүйесінің, тест тапсыру үшін өз бетінше дайындалуға ықпал ететін
оқу-əдістемелік құралдардың маңызы жоғары.
Осындай материалдарды
пайдаланудың нəтижесінде тіл үйренуші тіл меңгеру сабақтары мен
əдістері арқылы нақты бір деңгейге (мысалы, базалық деңгейге) қажетті
тілдік құрылымдарды меңгерген соң дəл сол деңгейде тілді меңгергендігін
растайтын емтихан бар екенін жəне ол емтихан мақсатына қарай əртүрлі
талаптармен ұсынылатынын біледі, сондықтан емтихан тапсырмаларын
түсіну арқылы тіл меңгерудегі білімін одан əрі шыңдай түседі.
Мұндай оқу-əдістемелік құралдар тест бөліктері, яғни тыңдалым, оқылым,
жазылым, лексика-грамматикалық бөліктер бойынша тест тапсырмаларын
талдау арқылы сөйлеу əрекетінің түрлеріне
байланысты дағдылардың
қалыптасуын нақтылайды.
Тіл үйренушіге ыңғайлы тəсілдер бойынша жылдар бойы жинақталған
тəжірибені ескере отырып, ұсынылған оқу-əдістемелік құралдарда алдымен
кіріспе тест тапсыру арқылы тіл меңгеру дəрежесі анықталады, содан соң
əрбір бөлік бойынша мазмұны ұқсас тапсырмаларды бірнеше рет талдау
арқылы тапсырма мазмұны түсіндіріледі, тапсырма мазмұнын түсіну арқылы
оқулық тілдік құрылымды толық түсінуге септігін тигізеді. Осы кезеңдерден
соң тапсырмаларға қатысты жаттығулар беріледі.
Бұл жаттығулар да тіл
үйренушіге сол тілдің ерекшеліктерін түсінуге, қалыптасқан дағдыларды
нақтылай түсуге көмектеседі. Қорытынды тест бөлігі алдыңғы кезеңдерде
қалыптасқан тілдік құзыреттіліктерді тексеру тапсырмалары ретінде
беріледі. Əрбір тест тапсырмаларының жауаптары оқу-əдістемелік құрал
соңындағы қосымшада беріліп отырады, яғни тіл үйренушінің əрбір кезең
сайын өзінің жауаптарын тексеріп отыруға мүмкіндігі бар. Жаттығу бөлігіндегі
тапсырмаларда тікелей жұмыс дəптері ретінде пайдалануға болатындай
мүмкіндіктер қарастырылған.
Тыңдалым, жазылым бөліктері үшін
аудиожазбалар компакт-дискіде қосымша беріліп отырады. Бұл тəсіл де сол
тілдегі орфоэпиялық нормалардың дұрыс қалыптасуына, тапсырмалардың
маңыздылығы мен негізгі мəн берілетін тұстарын есте сақтау қабілеттерінің
қалыптасуына септігін тигізеді.
5
Қазіргі таңда қазақ тілін меңгеру бағытында тіл үйренушілерге əртүрлі
əдістемелер бойынша оқу құралдары, сөздіктер мен грамматикалық
анықтағыштар, тілді меңгеруді бағалаудың құралдары, ақпараттық
сүйемелдеулер, сондай-ақ БАҚ материалдары ұсынылып келеді.
Соңғы
15-20 жыл көлемінде өзге тілді аудиторияларға арналып жарияланған сан
түрлі оқулықтар мен оқу құралдарының, басқа да лингводидактикалық
материалдардың республика өкілдеріне тілді үйрету, меңгерту, сайып
келгенде, Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты мен тіл стратегиясының
жүзеге асырылуына елеулі үлес қосқандығын айрықша атап өтуге тиіспіз.
Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі – ҚАЗТЕСТ-
тің халықаралық жүйелермен ұқсастығы бар. ҚАЗТЕСТ жүйесі екі түрлі
арнамен беріледі: бірі шетел тілі ретінде тіл үйренушінің тіл меңгеру деңгейін
бағаласа, енді бірі қазақ тілін екінші тіл ретінде бағалауға бағытталған.
Тест
құрамы тыңдалым, оқылым, жазылым, лексика-грамматикалық
бөліктерден тұрады. Əрбір бөліктер бойынша тапсырмалар «өте оңай
тапсырмадан күрделіге» қағидатын негізге ала отырып құрастырылған.
Тест тапсырмаларын қалыптастырудың өзіндік ерекшеліктері қазақ тілін
меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттілік талаптарын анықтайтын
мемлекеттік стандарттар
*
негізінде анықталады.
Тапсырмалардың өзі тіл меңгеру деңгейлеріне байланысты күнделікті
өмір мен адамзатты қоршаған ортаға негізделіп тілдік ортада тіл қолдану
мүмкіндіктеріне бағытталған. ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша қазақ тілін
қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары жəне жоғары деңгейлер
дəрежесінде тіл меңгеру деңгейлерін бағалауға болады. Бұл деңгейлер
халықаралық тіл меңгеру деңгейлеріне сəйкестендірілген.
Деңгейден
деңгейге өтуде сабақтастық қағидаты сақталып отырады, төменгі деңгейде
белгілі бір тақырып бойынша өте қарапайым тапсырма берілсе, одан жоғары
деңгейде дəл сол тақырып қарастырылады, бірақ сөздік қоры да күрделірек,
тапсырма түрі де қиынырақ болып келеді.
Ұсынылып отырған оқу-əдістемелік құралдың ерекшелігі жоғарыда
айтылғандай тест құрамындағы сөйлеу əрекетінің түрлері тыңдалым,
оқылым, жазылым жəне лексика-грамматикалық құрылым бойынша тест
тапсырмаларына
тоқталып, талдап, қорытынды тест тапсыру арқылы тілдік
дағдылардың қалыптасуына ықпал етеді. Қазақ тілін орта деңгейде меңгеруге
жету үшін 220-240 оқу сағаты қажет деп есептеледі.
Қазақ тілін меңгеруде бұл еңбек өз тиімділігін берер деген ниетпен тіл
үйренушіге сəттілік тілейміз!
*
1. ҚР СТ 1926-2009 «Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері. Қарапайым деңгей. Жалпы меңгеру».
2. ҚР СТ 1928-2009 «Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері. Базалық деңгей. Жалпы меңгеру».
3. ҚР СТ 1929-2009 «Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері. Орта деңгей. Жалпы меңгеру».
4. ҚР СТ 1925-2009 «Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері. Ортадан жоғары деңгей. Жалпы меңгеру».
5. ҚР СТ 1927-2009 «Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктері. Жоғары деңгей. Жалпы меңгеру».