Тілдің құқықтық мәртебелері және тіл саясатындағы орны
Адамзаттың барлық әлеуметтік-мәдени тарихы сияқты тілдердің де қарым-
қатынастық иерархиясы басым көпшілігінде арнайы ұйымдастырылмаған түрде
(стихиялы) қалыптасқан. Ал тілдердің заңдылық мәртебелерін адамдар өздері
береді. Сондықтан да бұл тілдердің субьектілік және жасанды мінездемесі
болып табылады. Алайда тілдердің әлеуметтік лингвистикалық типологиясында
бұл белгі өте маңызды, тіл саясатының актісі ретінде өте қызық. Сондықтан
оларға жекелей тоқталайық.
Құқықтық мәртебе түрлері. Тілдердің өзара қатынасын заңды түрде
реттейтін елдердің заңдарында тілдердің құқықтық мәртебелері бір, екі немесе
үш терминмен анықталады. Алайда бұл терминдер жиынтығы оннан аса
анықтамаларды қамтиды: мемлекеттік тіл, ресми тіл, ұлттық тіл (ағылшын
тілінің national сөзі «ұлттық» дегеннен гөрі «жалпымемлекеттік» дегенге
көбірек келеді), уақытша мемлекеттік тіл (Үндістан Конституциясындағы
ағылшын тілінің мәртебесі), штаттың ресми тілі (Үндістанның 22 штатының
14 штаты үшін конституцияда бекітілген термин), одақтас (автономия)
республика тілі, ұлттық округ тілі (бұрынғы КСРО мен одақтас
республикалар конституциялары), ұлтаралық қатынас тілі, түпкілікті ұлт
тілі, титулды ұлт тілі, азшылық ұлыстар тілі, көпшілік халықтың тілі, ұлыс
тілі (бұрынғы Югаславия конституциясында ұлт тілінен айыру үшін
қолданылған), жергілікті тілдер т.б..
Бұрынғы КСРО-ның 1989-1991 жылдары қабылданған Тіл туралы
заңдарында республикаға аты берілген халықтардың тілдері жаппай
мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Мұның алдында, 1978 жылғы одақтас
республикалар конституцияларында мұндай мәртебені тек азербайжан, армян,
грузин және абхаз тілдері иеленген болатын. КСРО-ның ыдырауы алдында
ұлттық тілдерге мемлекеттік мәртебе беру қозғалысын Балтық жағалауындағы
республикалар бастады. Тіл туралы алғашқы заң Эстонияда (1989 жыл, қаңтар)
қабылданды. Одан соң Литвада, Латвияда, 1989 жылдың қыркүйегінде
Қазақстанда, қазанында Украинада, 1990 жылдың қаңтарында Белорусияда
қабылданды. «КСРО-ның халықтары тілдері туралы» (1990 жылдың сәуір
айында қабылданған) заң бойынша орыс тілінің құқықтық мәртебесі КСРО-ның
ресми тілі ретінде анықталды. 1991 жылдың қазанында орыс тілі Ресей
Федерациясының мемлекеттік тілі мәртебесін алды.
АҚШ-та федералдық деңгейде ағылшын тілінің мәртебесін анықтауға
талай мәрте ұмтылыс жасалған. 1981 жылы АҚШ Сенаты конституциялық
тұрғыдан ағылшын тілін мемлекеттік тіл ретінде тану туралы заңды
талқылады, бірақ федералдық деңгейде ол жоба өтпей қалған. Алайда қазіргі
күні АҚШ-тың 12 штатында халықтық референдум бойынша ағылшын тілі сол
штаттардың ресми тіл мәртебесіне ие.
Ұлттық тіл, мемлекеттік немесе ресми тіл деген терминдердің нақтылы
заңды мәні әр түрлі елде әр алуан болып келеді. Бұл кейбір елдерде ресми
немесе мемлекеттік тілдің біреу, ал шамамен айтқанда 20 елде екі, тіпті үшеу
болуына байланысты. Айталық, Сингапур Республикасында төрт тілге (малай,
қытай, тамиль және ағылшын) мемлекеттік мәртебе берілген.
Бұл терминдердің ара жігі ажыратылып көрсетілетін мемлекеттер де бар.
Мысалы, Мавритания Исламдық Республикасында «ұлттық тіл» мәртебесі араб
тіліне, ал «ресми тіл» мәртебесі француз тіліне берілген.
Тілдердің дипломатиялық мәртебесі. Дипломатиялық хаттама бойынша
халықаралық басқосулар мен конференциялардың барлық құжаттары,
хаттамалары және қорытынды актілері сол басқосуға қатысқан барлық
мемлекеттер тілдерінде берілуі тиіс. Өйткені бұлар дипломатиялық
қатынастағы басқосудың ресми тілдері болып табылады.
Ал оларға қарағанда жұмыс тілдерінің шеңбері біршама тар болады. Бұл
тілдерде мәмілелер жүргізіліп, баяндама немесе шешім жобалары жасалады.
Егер халықаралық шарт екі немесе бірнеше тілдерде жасалса, онда соның
соңғы баптарында әрбір тілдегі мәтіндер бірдей заңдылық күші бар екендігі
көрсетіледі, бәрі де түпнұсқа, бірдей мәнде саналады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, БҰҰ-да ресми тіл мәртебелері оған мүше
мемлекеттердің барлығының тілдеріне емес, тек алты тілге берілген. (1945
жылы БҰҰ-ның құрылу кезінде ондағы ресми тіл бесеу болды: ағылшын,
испан, қытай, орыс, француз). Бұл тілдерде БҰҰ-ның Жарғысы жасалып, қол
қойылды. Кейін, 1973 жылы алтыншы ресми тіл болып араб тілі енгізілді.
Ұлттық-тілдік саясаттың деңгейлері. Қалыптасқан қызмет түріне қарай
ұлттық-тілдік саясаттың өзіндік әрекет ету иерархиясы мен логикасы бар. Оның
негізгі деңгейлері мынадай:
1) тілдік саясатты идеологиялық қамтамасыз етудің тұжырымдамасын
жасау;
2) тілдердің қоғамдағы өзара қарым-қатынасын заңмен бекіту;
3) тілдердің өзара қарым-қатынасын әкімшілік бақылау және реттеу;
4) тілдік нормаларды кодификациялау;
5) тілдік саясатты қаржы-экономикалық қамтамасыз ету.
Жалпы тіл саясаты дегенімізді тіл қолдануды реттеуге бағытталған барлық
саналы әрекеттер деп түсінген жөн.
Екі, одан да көп тілдік жағдайында тіл саясаты қатар өмір сүріп отырған
тілдердің қызметі мен қолданылу салаларын анықтаудан тұрады. Ал бір тілді
қоғамдағы тіл саясатының нысаны жазудағы, грамматикадағы, лексика,
стилистика, дыбыстаудағы норма болып табылады. Тілді нормаландыру
ауызекі сөйлеу тілі емес, жазу тіліне бағытталады.
Саясат, оның ішінде тіл саясаты туралы айтқанда белгілі бір мақсатты
жүзеге асыруға бағытталған саналы әрекетті көреміз. Тілге қатысты
адамдардың қандай саналы әрекеті, мақсаты болуы мүмкін? Адамдар тілде нені
өзгерткісі келеді? Әдетте қоғамның қажетіне қарай тіл өздігінен өзгермеуші ме
еді? Егер тек өздігінен өзгеріп қана қоймай, адам арқылы өзгеруі қалай
жүрмек? Адамдар тілге қалай саналы әсер ете алады, ол қаншалықты іске
асады? Тіл саясатын кім жоспарлайды және кім жүргізеді?
Көптеген елдерде тіл саясатының субъектісі әр алуан мемлекеттік және
мемлекеттік емес органдар мен институттар болып табылады.
Оларды өмірдің үш саласы байланыстырады:
1) мектеп;
2) кітап, кітап бастыру (кейінгі баспасөз радио, кино, теледидар);
3) қоғамның этникалық қарым-қатынасын реттеу мәселесі.
Адамдардың саналы әрекетін қажет ететін тілдің негізгі үш түрлі саласы
мыналар:
1) графика және орфография;
2) терминология;
3) тілдің нормативті-стилистикалық жүйесі.
Тіл саясатын жүзеге асыратын субьектілер тізімі мынадай:
1. Этносаралық қатынастар істері жөніндегі комитеттер (министрліктер,
департаменттер)
2. Мектеп және арнаулы білім беру мекемелері (министрліктер,
департаменттер)
3. Масс-медия
4. Ғылыми мекемелер
5. Ана тілі жанашырларының ерікті ұйымдары (қоғамдар мен серіктестіктер
т.б.).
Ұлттық-тілдік идеологияның типтері. Ұлттық-тілдік саясат белгілі бір
теориялық және идеологиялық негіздемелерге сүйенеді. Мемлекет, қоғамдық
кластар мен жіктер, партиялар мен әр түрлі қозғалыстар ұлттық мәселе
бойынша белгілі бір тұжырымдамаға, яғни өз түсініктерінде халық, ұлт, ұлыс
дегендер кімдер, халықпен (этноспен) тіл, дін, мәдениет, мемлекет қалай
байланысқан,
мәдениетте,
саясатта,
идеологияда
этникалық
және
жалпыадамилық, ұлттық, дінге сенушілік қалай сипатталады, халақтардың
өзара қарым-қатынасындағы әділдік пен алға ұмтылушылықтың (прогресс)
мәні не дегендерге сүйенеді.
Гуманитарлық сараптамалық тұрғыдан ұлттық мәселе бойынша әлемдік
қауымдастық белгілі бір басымдылықтар, бағыт-бағдарларға негізделген
шарттар жасаған. Бұл шарттар БҰҰ құжаттарында анық көрсетілген. Айталық,
«Адам құқығының баршаға ортақ декларациясы (1948) мен «Адам құқығы
туралы Халықаралық биллге (1966) сәйкес этнос пен мемлекет құқығына
қарағанда адам құқығы жоғары басымдылыққа ие. Этнос құқығы этносты
құрайтын адамдар құқығы арқылы жүзеге асады, ал мемлекет этникалық
белгілеріне қарамастан барлық азаматтар құқығын қамтамасыз етуі керек.
Тілдердің қолданылуын заң арқылы реттеу. Тілдердің қоғамда қызмет
етуін заңды реттеу, әдетте, этникалық қостілділік жағдаятына қажет. Ол
тілдердің ресми мәртебелерін, қолданылу құқығы мен салаларын заңдылық
тұрғыдан анықтайды.
Көптілділік жағдайында заң тілдерге тең немесе тең емес мәртебе беруі
мүмкін. Алайда мәртебедегі заңдылық теңдік не теңсіздік мемлекеттік саясат
бағытының шынайылылығын көрсете алмайды.
Көптеген елдерде тіл туралы заңдар жасалу дәрежесіне қарай әр түрлі
болып келеді. Көп жағдайда заңдар тілдің ресми (мемлекеттік) салалардағы
қолданылуын реттеп, жеке өмірдегі тілді таңдауға, жұмыстағы бейресми
қатынастарға араласпайды.
Зайырлы мемлекеттерде тіл туралы заңдар діни бірлестіктер мен
ұйымдарға тарамайды. Заңдар, әдетте сөз таңдау, сөз формасы, сөзді дыбыстау
т.б. мәселелерді қозғамайды, бұл заңдардың немесе билік органдарының
міндеті емес, лингвистиканың тіл нормаландыру аймағы, «ішкі» тілдік саясат,
тіл мәдениетінің мәселесі.
Көптеген елдердің тіл туралы заңдарында заңдылық тұрғыдан реттелетін
обьектілер құрамы бір-біріне сәйкес келе бермейді. Біршама типті обьектілер
мыналар:
1) тілдің ресми (заңдылық) мәртебесі;
2 тілдің қолданылуы мүмкін немесе міндетті болып табылатын әлеуметтік
өмір салалары;
3) білім беру саласындағы социумның тіл қолдану ерекшелігі мен
дәрежесі.
Осыларды қорыта келгенде, бүгінгі қазақ тілінің жағдайына байланысты
мыналарды айтуға болады:
1.
Қазақ тілінің қарым-қатынастық рөлі мен мәні жан-жақты зерттелуі
керек. Бұл – оның бүгінгі кезеңдегі хал-жағдайына әлеуметтік
лингвистикалық сипаттама беру деген сөз.
2.
Қазақ тілінің құқықтық мәртебесін нақтылау керек. Бұл – оның
мемлекеттік мәртебесін іс жүзіне асыру деген сөз.
3.
Қазақ тілінің жағдайын жақсарту бойынша нақтылы шаралар белігіленуі
қажет. Бұл – адамдардың тілді саналы түрде дамыту мүмкіндігін іске қосу
деген сөз.
Абасилов Аман Маделханұлы
Филология ғылымдарының кандидаты, социолингвист-ғалым, 1966 жылы, 9
қазанда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылында дүниеге келген.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қазақ тілі
кафедрасының меңгерушісі
Республика, облыс көлемінде тіл саясаты, мемлекеттік тіл мәселелері, тіл
тазалығы мен мәдениеті, қазақ әдеби тілі, оның нормалары мен стильдері,
терминология, әліпби, қостілділік т.б. мәселелермен тұрақты түрде айналысып
жүрген тіл маманы, жаңашыл ұстаз. Қазақстандық әлеуметтік лингвистика ілімінің
дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан ғалымдардың бірі. Ол осы салада 30-дан
астам мақала жариялаған, 2 оқу құралының авторы.
Достарыңызбен бөлісу: |