Ой тіл арқылы айтылған мазмұнның негізін құрайды. Ой арқылы, адам миының сәулелендіруші әрекеті арқылы тілдік единицалар объективті дүниенің заттары мен және құбылыстарымен байланысқа түседі, мұнсыз адамдардың бір-бірімен тіл арқылы қатынас мүмкін болмаған болар еді. Белгілі бір тілдің дыбыстық комплекстері ойлауда сәулеленетін объективті дүниенің элементерінің сигналдары ретінде қызмет етеді де, бұл дыбыстық комплекстерде адам танымының нәтижелері орнығып бекітіледі, ал осы нәтижелердің өзі ары қарай танып білуге негіз болады. Сондықтан да тіл ойлаудың қаруы, инструменті ретінде, ал тіл мен ойлаудың байланысы бірлік ретінде сипатталады.
Жалпы тілдік қатынасты «ойлау мен сөйлеудің қатысы арқылы тілдік тұлғалардың таңбалық жүйесі мен дыбысталу қасиеті нәтижесінде жүзеге асатын, қатысымдық тұлғалардың семантикалық бірлігі мен байланысу заңдылықтары арқылы берілетін, адамдардың өзара түсінісуін қамтамасыз ететін, тек адамзатқа ғана тән күрделі тілдік қоғамдық-әлеуметтік процесс.
Ғылым саласындағы қарым-қатынастың неғұрлым өзіндік үлгілерін анықтауда қарым-қатынас тақырыбы, тілдік құралдардың жұмсалу тәртібі, әлеуметтік ұстаным тағы да басқа факторлар ерекше орын алады. Қазақ тіл білімінде З. Ерназарова ауызша ғылыми тілді жалпы сөйлеу тілінің құрамында қарастыра отырып, ғылыми сөздің прагматикалық бағытын мынадай түрлерге бөледі:
1) сөйлеуші өз ойын дәлелдеп, жеткізуді мақсат етеді;
2) сөйлеуші белгілі бір ғылыми бағытты, тақырыпты жақтап, қолдап сөйлеуді мақсат етеді;
3) пікірді, ғылыми тұжырымды сынау, қарсы шығу мақсаты көзделеді,
4) ескерту, ұсыныс айту мақсаты көзделеді.
Автор осылай бөле отырып, одан әрі былай деп жазады: «Сөйлеуші мақсатының әр түрлі болуы түзілетін мәтіннің құрылымы мен мазмұнына әсер етеді. Бірақ кез келген ғылыми сөзде дәлелдеу, ойды нақты, тартымды етіп жеткізу, жаңа мәлімет беру сияқты қосымша мәліметтері бар».
Адам өмірінің барлық мазмұны тілде көрініс табады. Қоршаған орта туралы ой-түсінік, шындық өмірдегі категориялар мен байланыстар т.т. ойлау арқылы қорытылып және талданып тілде бейнеленген немесе ұлттық тілдік санамен қабылданған. Адам белгілі бір оқиға және деректер туралы немесе оларға қатысын, сезімі мен талап-тілегін тіл арқылы жеткізеді, сөйлеу арқылы ұғым, ой мен ой қорыту қалыптастырады. Адамдар сөйлеу арқылы бірін-бірі іс-әрекетке шақырады, яғни коммуникативтік қарым-қатынасқа түседі.