ҚОРЫТЫНДЫ
Жалпы түркологиядағы сияқты қазақ тілі білімінде де ерте заманнан бері сөз болып келе жатқан бірнеше салалар бар. Олардың қатарына тілдің де, ол туралы ғылымның да негізіне жататын фонетика, лексикология, грамматика деп аталатын салалар жатады. Бұл үшеуінің әрқайсысы өз ішінен әртүрлі тарау-тармақтарға жіктеледі.
Қазақ тіл ғылымының бастауы тіл табиғатын жан-жақты зерделеген ғылыми еңбектермен қатарласа қалыптасқандықтан, оның теориялық бірліктері мен ұстанымдары да, бағыт-бағдары да белгілі бір ережеге бағына, жүйелі реттілікте сақтай отырып жүзеге асты деп айта алмаймыз. Тіл болмысын, оның қызметін адамзат атаулының тұрмыс-тіршілігімен, таным-қабылдауымен, пайым-түсінігімен байланыстыра зерделеу арқылы өзектелген бұл сала алғашқыда пәлсапа мәселелерінің тілдік тұжырымдарға етене арласуымен өзгешеленсе, одан кейінгі кезекте мұнда ғылымдардың ара-жігін ашуға ұмтылу, тілдің құрылымдық жүйесін сұрыптау, ал экстра факторларды екінші кезекке қалдыру әрекеттері көбірек байқалды, сол себепті аталмыш зерттеулерде танымдық ұстанымдардың деңгей-дәрежесі де бір қалыпты дамыған жоқ.
Олай болса, қазақ тіл біліміндегі тілтанымның әлеуметтік негіздерін қоғам, қоғамдық сана мен ой-өріс, қоғамдық таным, әлеуметтік тыйым, әлеуметтік картина, заман, тұрмыс мәселелері, тәжірибе сынды ұғымдар құрайды, себебі ғалым Ә.Хасенов атап өткендей, «Қоғамсыз тіл болмайды, тілі жоқ қоғам – адамзаттың ешбір қауымы болмайды. Демек, қоғам үшін тіл керек; тілдің өмір сүруі үшін оның қоғамы болу керек. Бұл – ақиқат та тарихи шындық», яғни қоғамдық құрылыстың құрамды бөліктері тілтанымның универсалды әлеуметтік негіздерін анықтау үшін, ал тіл мен танымның ұғымдық бірліктері қоғамның даму сипатын айғақтау үшін аса қажет.
Елбасы өзінің «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы жолдауында: «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді».
Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», деп тіл мәселесіне кеңінен тоқталды. Яғни, қоғамның барлық саласында қолданылатынмемлекеттік тілді білу, сөйлеу, сондай-ақ іс-қағаздарын сауатты жүргізу, толтыру – әрбір қазақстандық азаматтың тілге деген құрметінің айғағы.
Тіл барлық кезеңде ұлттық идеяның басты діңгегі және мемлекеттік идеологияның негізгі іргетасы болып саналады. Тіл арқылы тілдесе де, бірлесе де аламыз, біріге де, кіріге де аламыз. Адамзат қоғамның саналы түрде сабақтаса, араласа тіршілік етуінің айрықша белгісі, ұлттық ділінің көрінісі – тіл. Адам баласы ұлтына, жеріне, тарихи дамуына, қауымдасына, діліне қарай джербес мемлекеттер болып өмір сүріп жатқанда тіл мәселесінің мазмұны да, мәні де артатындығы белгілі. Бұл арада қазақ халқының саяси тәуелсіздік алып, өз алдына жеке ел болуы – оның тілінің де еркіндік алуымен, кедергісіз өрістеуімен тікелей сабақтасып жатуы керек деп ойлаймын. Қандай халықтың болсын егемендікке қол жеткізуі – өзінің байырғы ұлттық құндылықтарына оралуын білдіреді. Өйткені тәуелсіздігіміздің мәні қандай болса, тіліміздің де мәні соншалықты маңызды.
Сөз соңын: «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын біріктіруші аса маңызды фактор», деп Ана тіліміздің қоғамдағы орнын айқындап берген Елбасымыздың сөзімен аяқтағым келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |