Expected result: It will help to ensure that the urgent problem of generation and national education does not turn into a human problem.
Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып түзілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады. А.Байтұрсынұлы Тәуелсіздік. Азаттық. Егемендік. Осы үш сөздің төркіні ұқсас, тамыры бір діңге нәр береді. Тәуелсіздің сөзінің төркіні тап бір тарихтағы тәуелді елді танытады. Азаттық – рухты сөз. Ақиқаты сол айтылуы да, жазылуы да ұрандатады. Бұл екі сөз де тарихтың кешегі қатпарына сіңген қан мен тердің ізін еске салады. Қазақ онсыз да кешегісін ұмыт қалдырмайды. Қалдырған да емес. Ал, егемендіктің жайы бөлек. Жүрекке де, тілге де жайлы. Самайдағы құлаққа да жағымды естіледі. Мұнымен не айтпақпыз? Мағынасы бір болғанмен, сөзге мән берген елміз ғой. Айтылар сөздің ырғағы мен әсеріне де байқап, бала тәрбиесі мен ұлт болашағының біте қайнасқан жігіне бей- жай қарамайтын халықпыз. Бабаларымыз да солай болған. Біз де сол қаймақтың уызын татып, таңдайымыз жарыған толқынбыз. Қазіргі педагогиканың жаңа екпіні сол шәрбатті танымымыз бен түсінігімізді тарамдап жеткізіп жатыр ма? Жаһандық танымның шеңберінде шырмалған мән мен тәннің аражігін ажырата алмай адасып жатқан жас буынның бәз балалықтан бозкүрең бейтәлім ортаға елігіп жатқаны жанымызды шошытып, ұлт келешегі ғана емес адамзат болашағының адамшылық бейнесіне алаңдаушылық тудыратыны заңды. Жаһандануды еліктеу деп сезінетін жаңа танымдағы ұрпақ санасына саналы сөздерді танытуды неден бастаған жөн деген сауал талайды толғандырып жүрген болар?... Заманының заңғар тұлғалары тамызықтай жағып, тарамдап түсіндіріп кеткен сөз маржанын тізіп, тыңдағанды тамсантатын қариялар қатары сиреген сайын сида ойлы буынның танымы таязданып бара жатқаны бүгін де жаңалық емес. Бірақ сол таным мен түсінікті жеткізіп, желкілдеген жас құрақты жанды, ұлықты сөздермен суарып, жасыл құраққа айналдыру тәлім мен тәрбиенің алғышарттарына негіз болуы керек. Психология мен педагогика негіздері шетел ғалымдарының жұмыстарынан жалаң, төте, жалпыға түсініксіз тілмен аударылмай, өз бабаларымыздың параққа түспей, пайыммен санаға түсірілген ілімінен алынуы керек деген ұсыныстар бұрыннан да айтылып келе жатқаны мәлім. Бірақ қолға алынуы әлі де кешеуіл тартып отыр. Осы тұрғыда, ой елегі мен тәжірибе талдаулардың талқысынан өткен ұлықты сөздердің үлгілік үзбелерін тізіп көрелік. Ең алдымен «Ұлықты сөз » ұғымана түсініктеме бере кетсем... Ұлы деп өзгеден ерекшелеп, киесі мен қасиетін даралайтын сөзді үш әріп, екі буынды сөз деп алу, әрине, әбестік болар еді. Ұлы сөзі сонау Түркі бабамыздың тәу еткен көкбөрісінің ұлумен үндескен сөз . [У-АИ] «Ұлық» сөзі “ұлы”, “ұлылық” деген мағынада, таптық қоғамның пайда болуына байланысты жекелеген иеліктерді, не болмаса тайпалық одақтарды билегендерді атаған. Демек, төресі, биік дәреже , атақ. Немесе «Ұлытауға бардың ба? Ұлар етін жедің бе?» деген ерекше мақамның астарында нағыз киенің келелі өлшемі жатқанын аңғартады. Қазақта ер кіндікті баланы ұл дейді. Ал ұлы сөзімен ұл сөзінің түбірлес болуында да терең астар жатыр. Ер азаматтың ел басқарар көсем не ел қорғаны батыр боларынан үміт еткендіктен айтқан- ау дана бабаларымыз . «Ұлың ұлықты, қызың қылықты болсын!» деген батаны балалы үйге бағыштап тілеген. Бұдан шығатын қорытынды , ұлықты сөз дегеніміз - көп қырлы, көркемдік дәрежесі жоғары сападағы, қанатты сөз айшығы, данышпан ақылдың төзінен, ой көзі айқын көрінетін, сөз жасаушы ұлы шебердің мүсіндеуінен шыққан , іші - алтын, сырты - күміс сөз төресі. Ұлықты сөздерді мақал- мәтелдер, нақыл сөздер, тыйым сөздер, қанатты сөздер деп бөліп алып қарауға болады. Көркем ой мен тұжырымнан туындаған тәрбиелік мәні терең сөздердің қайсысын алсақ та, ұлық сөздер деп атауға лайықты. Қара сөз бен дана, дара сөздің айырмасын танып біліп, талғап жеткізе білген аталарымыздың күнделікті өмірдегі сөз саптауы , әсерлі сөйлеп, әділін танып білу де мақал-мәтелдер мен тыйым сөздерден көрініс тапқан. « Ақылсыз адам айқай келеді. Жан-жағын жайпай келеді. Ақылды адам жай-жай сөйлейді, Жан жағын байқай келеді» деген мақал адамның жаман -жақсы қасиетіне таразыдай талғап айтылған ой. Әр сөзді ойланып айтқан адам қашан да дұрыс шешім қабылдайтынын, ойланбай сөйлеп жүрген пенденің түбі опық жейтініне дәлел етіп айтады. «Ақылсыз атқа мінсе, Атасын басып кете жаздайды» деп ақымақтықтың арты дау , барар жері таяз , басар жері аяз екеніне көз жеткізе баян етеді. Тәлімнің кқкесі де оы жерде жатыр емес пе? «Болар адам – он бесінде бас болар, Болмас адам – қырық бесінде жас болар» деп , тәрбиенің жастан, білімнің бастан екенін айтып, тыңдаушыға талпынысты үндейді. Он бес жасында ел басқарып - көсем сөйлер, қол бастап - ерлік жасар қасиетке ие болар көшпелілер тәрбиесінің жемісі екенінен ой толғайды. «Өзін ғана ойлаған, Жамандықтың белгісі. Өзгені де ойлаған, Адамдықтың белгісі» деген мақал сөз арқылы адамшылықтың алды мейірім мен қайырым деген тұжырым айтылған. Мақал мен мәтелдердің тақырыптары , адам бойында тұнған сан қырлы, сан алуан мінез- құлық, қасиет пен сипат, жақсы мен жаман, асыл мен ақықты талдап, тарамдап көрсететін тәрбиеге бастайтын тәлім сөздердің барометрі іспеттес. «Атасы тұрып ұлы сөйлегеннен без, Анасы тұрып қызы сөйлегеннен без» деп , сыйластықтың сара жолынан сыр тартса, «Жаман адам төршіл» деп мансапқорлық пен шенқұмарларға шектеу қоймаққа ой тастайды. Адам өмірінің кез келген тұстарына дөп келетін мақал- мәтелдерді талдап, таратып қөрсету бір ғана баяндама аясына сыймақ емес. Бірақ осы мәрмәрден соғылғандай мөлдір , тұнық сөздік қор – тәлім-тәрбие саласының қаймағына , тыйым сөздер тұздығына айлануы шарт деп есептеймін. Қазақ әдебиетіне келсек, оның жазба әдебиеті басталған 19 ғасырдың 2-жартысында қазақ халқының мәдени дәрежесі өзіне әдебиеттің қызмет етуінің дидактик. үлгісін біршама керек еткен кезеңде туды. Сол тұста әдебиетке қоғамдық сипат беріп, сол арқылы күреске түскен Ыбырай Алтынсарин , Абай Құнанбайұлының шығармаларында нақылды сөз сипатын қалыптастыру көрінбей қалған жоқ. Ұлы ұстаздың әдебиеттік еңбектері өзінің педагогтығымен бір сипатта тәлімді сөздер үлгісіне құрылды. «Кел, балалар, оқылық!» өлеңін алсақ , «Саусқаннаң тамағы шоқуменен табылған, ...Өнер, білім - барлығы оқуменен табылған», «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар » деп, жеткіншекті ерте жастан білімге шақыратын маржан сөзден кесте тігеді. Ал шағын әңгімелері де шыңдалған шумақты мәнді , ұлықты сөздермен түйінделеді. Әдебиетте өз тұстастарынан бір дәуір ілгері кеткен Абай қазақ топырағында шын мәніндегі нағыз көркем поэзияны жасай отырып, «Сегіз аяқ » өлеңінде «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Бойда қайрат, ойда көз , Болмаған соң айтпа сөз» т.т. сөз жолдары тұлықты сөздер қатарыны құрады. Нақыл сөздер де мақал- мәтелдер сияқты біржақты пікірлерді ортақ таныммен қосақтайтын қоспасыз сап алтын сөздердің бір парасы. Нақыл сөз деп - өмір тәжірибесіне, даналық тұжырымға, мағыналық қисын мен ғибратты өнегеге негізделген терең ойлы, сөзді атаймыз. Қазақ даласынан шыққан ғұламалардың бірі, әдебиетші, тіл маманы, ұстаз, Әбу Наср әл-Фарабидің замандасы, Әбу Ибраһим Исхақ Әл-Фараби “Әдеби жинақ” [3] атты еңбегінде: “Нақыл сөз деп – болмыстағы белгісіз бір жұмбақ нәрсенің сыры ашылып, сөз қауашағына тұрақтауын айтамыз” дейді. Дәлірек айтсақ, мәтін мен мәннің үйлесім табуы, түйіннің дәлдігі. Нақыл сөздер әрдайым халық шығармашылығының формаларына жатады. Нақыл сөз негізгі идея білдіретін тәуелсіздік нысаны ретінде пайдаланылуы мүмкін, және де мағынасы әрдайым өзгеріссіз қалды және талассыз фактіні білдіреді . Алаштың арда азаматтары Ахмет Байтұрсынұлы нақыл сөзді “ділмар сөз” деп әспеттесе, Шәкәрім Құдайбердіұлы “мәнді сөздер” деп атаған. Қалай атасақ та тарих қатпарларынан еш бүлінбей, байырғы қалпында жеткен сөз жауһарларынан талай мән тауып, татуға болады.Сөз сырына үңіліп талдай кетсек, « Тек шындыққа сөз бөбегін бөлесін, Сол кезде оның пайдасын да көресің» деп Жүсіп Баласағұн шын сөз бен жалған сөздің аражігіне анықтама береді. Адам әрекетінің сөзінен көрніс табатын мінезін жіліктеп сөге баяндайды. Алысқа баймай адамшылықтың ақ, адал кейіптерін сомдаудың сара жолдарын танытқан Ахмет Байтұрсынұлының ғибратқа толы нақылдарына тоқталсам, «Ағашты кесетін – балта, балтаның сабы ағаш», «Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі», «Адамның мінезі ойының түрінен, көңілдің күйінен, істеген ісінен білінеді» деген сөздерінен самаладай сезілетін тәлім лебіне сүйсінбеске лажың жоқ. «Тарихтың мақсаты – бүтін адам баласының өмірі нендей табиғат заңымен өзгеретінін білу. Тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын сымға тартқандай сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді » деген терең тұжырым - таным мен түсінікке балдай сіңетін түсінік. Пәлсапалық ой тұжырым , түсінікті сөзбен өрнектеліп, қисынын тапқан. Тоқсан ауыз сөздін тобықтай түйіні, қазақ танымындағы ұлықты сөздер санатындағы тәлімі мол сөздер қатарын таныту, ұрпақ тәрбиесінде кеңінен пайдаланылып, қарапайым тілдік құралдар қатарында қолданылса, қазіргі тіліміздің төркіні мен төрінен орын тепсе, жаңа заман ұрпағының жаңа болмысын тәрбиелеуде тектілікті оятар ма еді деген үміт ұшқынын оятады. Ұлт болмысын қалыптастыру үшін тәрбие құралдарын алыстан іздемей, барымызды байыппен танып, нәтижеге бағыттап жұмыс жасауды ұсынамын. Ол үшін: Тәлім сабақтарына арналған оқулықтар қорын жазу, шығару, тарату;
Тіл сабақтарына «Ұлықты сөз» әдістері мен «Тәлім сөз» сәтін міндеттеу;
Жас ерекшелігіне сай үлестірмелер мен кітапшалар шығару;
Тәлім сөзден шеберлік сыныптары мен байқаулар ұйымдастыру .
Ұлт ұстазы айтқандай «Шабыттанып істемеген соң іс оңды болмайды». Ісімізге шабыт, шәкірттерімізге талапты тең берсе , тарихтың төзі мен өмірдің өлшеусіз өзегінен өз танымымызды ұлықты сөздермен үйлестіре білейік.Бабаларымыз сөз қадірін түсініп, тәлім -тәрбиені бар болмысымен бағамдай білген.«Ұлын ұяға, Қызын қияға қондырып» деп ұлын қыранға, қызын аққуға теңеген тектілік, Сайыпқырандар мен Аққулар елі яғни көкті тәңірі санап, төсінде қалықтаған төрелікті ұрпақ санасында қалыптасу үшін біздер, ұстаздар қауымы, талмай еңбек етуіміз шарт. Пайдаланылған әдебиеттер: Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері.– Алматы, 2007.
Ерназарова З. Қазақ сөйлеу тілі синтаксистік бірліктерінің прагматикалық негіздері. – Алматы, 2001.