Мұғалімнің сабаққа дайындығы үлкен қажырлықты, жауапкершілікті қажет етеді. Мұғалім сабаққа дайындалғанда негізінен үш нәрсені анықтап алуы керек: алдағы сабақтың мазмұнын, оны өткізудің әдістерін және сабақтың құрылымын. Сабақ – оқу процесінің маңызды бір буыны болғандықтан, мұғалім алдымен жеке сабақтың жоспарын жасамайды, керісінше, сабақтар жүйесін жоспарлайды. Ол үшін тақырыптық жоспар жасайды.
Оқу жұмысын жоспарлау жылдық жоспарды құрастырудан басталады. Бүкіл бағдарламалық материалды курсты оқып-үйренуге арналған сағат саны мен оқу апталарының санын ескере отырып, жарты жылдық екі кезеңге бөледі. Жоспар құру үшін жарты жылдықтағы апталар саны мен дүниетануға бөлінген апта сағаттарын білу керек. Сағат сандарына орай тақырыптар бөлінеді, олар сол мерзімде өтілуі тиіс.