Химиялық барлау зақымдану ошағының шектері мен оларды айналып өту жолдарын анықтап, белгілейді, жердің, ауаның және су көздерінің улану деңгейі мен сипатын белгілейді, ҚЗ аз концентрациясы бар бағыттар мен учаскелерді зақымдалған адамдарды шығару мен эвакуациялау үшін анықтайды. Одан әрі химиялық барлау бөлімшелері зақымдалған ауа концентрациясы мен оның бұлтының қозғалыс бағытына тұрақты бақылау жүргізеді.
Медициналық барлау зақымдалғандар санын және олардың жағдайын анықтайды, медициналық құрылымдардың орналасу және жайылу орнын және бөлмелерін анықтайды, жұмыс көлемін және жұмысты жүргізу үшін қажетті күштер мен құралдардың тиісті санын анықтайды.
Зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде газқағар кию, антидит енгізу қажет және зардап шегушіге (тұшықтырғыш ҚЗ улану жағдайларынан басқа кездерде) жасанды тыныс алғызу керек. Одан соң киім мен дененің ашық жерлеріндегі ҚЗ ізі мен тамшыларын арнайы сұйықтықпен өңдейді де, зардап шегушіні ЕПМ негізінде жел соқпайтын аумақтарда құрылатын медициналық пункттерге жібереді.
Бір мезгілде дегазациялық жұмыстар жүргізіледі. Ең алдымен зақымданғандарды эвакуациялау жолдары, адамдардың улану аумағынан шығу және өту жолдары дегазацияланады. Одан соң аса маңызды объектілердің аумақтары мен құрылыстары, сумен жабдықтау пункттері, қоймалар залалсыздандырылады.
Дегазация және дезинфекция дегазациялаушы ерітінділерді құю, дегазациялаушы заттарды себу, топырақ пен қардың уланған қабатын алып тастау жұмыстары арқылы жүргізіледі.
Дегазациялаушы заттарды құю және дезинфекция жұмыстары дегазациялық машиналардың және аспаптардың көмегімен жүргізіледі. Бұнда дегазациялаушы ерітінді әр жерге шашылады. Дегазациялауды заттарды себу дегазациялаушы аспаптар мен қондырғылар ілінген автокөліктердің көмегімен немесе қолмен жүргізіледі. Дегазиялаушы заттарды себу тәсілдері уланған жерлерді дезинфекциялау мақсатында да жүргізіледі.
Топырақтың немесе қардың уланған қабатын алып тастау арқылы жасалатын жергілікті дегазация және дезинфекция бульдозерлердің, скрептердің, грейдерлер және т.б. құралдардың көмегімен жасалынады. Қардың уланған қабатын алып тастау үшін қар тазартқыштар қолданылады.
Эвакуациялау жолдарын, өткелдерді және өту жолдарын дегазациялау үшін арнайы дегазациялық машиналармен қатар құм сепкіштер, құю-жуу машиналары және т.б. қолданылады. Қатты қабығы жоқ жердің және жолдардың учаскелерін дегазациялау үшін кейбір жол және ауылшаруашылық машиналары қолданылады.