Торғай ақындарының



Pdf көрінісі
бет3/7
Дата26.01.2017
өлшемі0,79 Mb.
#2761
1   2   3   4   5   6   7
Е.  Ысмайыловтың  “Ақындар”  атты  монографиясында  Қашқынбай  Қазұлының 
сөзі  берілген.  Онда  Қашқынбай  ақын  былай  дейді:  “Қайын  жұртымда 
(әйелімнің  әкесі)  Шалабаев  Жұмабай  деген  ірі  ақын  болды,  өлең  айтарда 
көзінен жас ағып, селкілдеп кетуші еді. Өлеңге құмарлығымды сезіп, өлерінде 
маған  батасын  беріп  еді,  сонан  былай  өлеңге  еркін  болып  кеттім.  Ол  кісінің 
сөзі, ақындығы маған зор үлгі болды” [1, 83 б.].  
      “Қазақ  әдеиеті”  газетінің  1991  жылғы  3  санында  қайталап  басылған 
Нысанбай  жыраудың  “Кенесары  –  Наурызбай”  дастанының  алғысөзінде                          
Е.  Бекмаханов:  “Қазақ  ССР  ҒА  Тіл  және  әдебиет  институтының  қолжазба 
қорында  Нысанбай  жырының  тағы  екі  варианты  сақтаулы.  Оның  бірі  –  1912 
жылы  Қазанда  Жүсіпбек  Шайхысламов  бастырған  нұсқа,  екіншісін  институт 
қызметкерлері Торғай облысында ақын Қашқынбай Қабаевтан жазып алған”, – 
депті [11]. Мұнда Қашқынбай Қазұлының фамилиясын Қабаев деп қателескен. 
1996  жылы  жарық  көрген  “Тарихи  жырлар”  атты  көп  томдықтың  “Кенесары–
Наурызбай” жырына арналған томында жырдың Қашқынбай нұсқасы берілген. 
Осы  жырдың  түсініктемесінде  Қашқынбай  бұл  жырды  Жұмабай  ақыннан 
үйренгені туралы айтылады [12].  
     Жұмабай Шалабайұлы Торғай ақындық мектебінің дәстүрін қалыптастырып, 
оның  дамуына  зор  үлес  қосқан,  осы  мектептің  өзінен  кейінгі  өкілдеріне 
ұстаздық еткен ерекше тұлға.  
     Уақ  Жұмабай  ақыннан  кейінгі  Торғай  дәстүрлі  ақындық  мектебін 
қалыптастырушылардың  бірі  ретінде  Сейдахмет  Бейсенұлының  есімін  ерекше 
атауға  болады.  Торғайдағы  ақындық  мектептің  негізін  салып,  оның  көркемдік 
дәстүрін дамытуды Сейдахмет ақын шығармашылығының да маңызы зор.  
     Ақын  Сейдахмет  Бейсенұлы  1841  жылы  қазіргі  Қостанай  облысы,  Арқалық 
ауданына  қарасты  Қайыңды  ауылында  дүниеге  келіп,  1914  жылы  қайтыс 
болған.  

 
22 
     Сейдахмет ақын өлеңмен сурет салады. Образбен сөйлейді. Адам характерін 
жасауда  ол  өзі  тұстас  ақындардың  қай-қайсымен  де  таралғысы  тең  түсіп 
отырады. Кейде Махамбетше, аузынан от шашырата үстем тап өкілдерін өкірте 
сынаса, бірде Шернияздай ащы сарказмды қолданады. Қолма-қол, ауызба-ауыз 
айтысқа  келгенде  Шөжедей  тапқыр,  Орынбайдай  орнықты  сөйлейді.  Кейде 
Базар  жыраудай  төгіп-төгіп  алып,  өлеңнің  әдемі  топшылы  түрін  жасайды. 
Сондықтан  болар  Ахмет  Байтұрсынұлы  Сейдахмет  ақынды  жаттап  өскен, 
дарынына тәнті боп бас игенге ұқсайды [3, 31 б.].  
     Торғай, Қостанай, Ақмола, Ақтөбе өңірлеріне “Таңат Сейдахмет ақын” деген 
атпен  белгілі  Сейдахмет  Бейсенұлының  шығармалары  Торғай  ақындық 
мектебінің басқа өкілдеріне қарағанда, ХІХ ғасырдың өзінде баспа бетін көрген. 
Ағартушы  Ыбырай  Алтынсариннің  “Қазақ  хрестоматиясында”  ақынның  “Бір 
нашардың  Әділ  төреге  айтқаны”,  “Сейіт-Ахмет  деген  жігіттің  ғашығына 
айтқаны”  атты  өлеңдері  жарияланған.  Осы  жерде  айта  кетерлік  тағы  бір 
қызғылықты  мәселе,  жергілікті  журналист  Бөгетбай  Әлмағамбетов  “Торғай 
таңы”  газетінде  жарияланған  “Тағат  Сейдахмет  ақын”  атты  мақаласында 
Сейдахмет  пен  Ыбырайдың  төс  түйістірген  дос  болғандығы,  Ыбырай  қайтыс 
болғаннан  кейін,  оның  кіші  қызы  Шәрипаны  Сейдахмет  ақынның  өз  қолынан 
жасаулап ұзатқандығы туралы деректер келтіреді [13].  
      Сейдахмет  ақынның  есімі  Ахмет  Байтұрсынұлының  ұлы  Абай  туралы 
жазған “Қазақтың бас ақыны” атты мақаласында да ұшырасады. Сонымен бірге 
Ахмет Байтұрсынұлы “Әдебиет танытқыш” еңбегінде Сейдахметтің “Мінажат” 
өлеңі  мен  жоғарыда  аталған,  ғашық  қызына  арнаған  өлеңін  мысал  ретінде 
пайдаланған [4].  
      Сейдахмет Бейсенұлының шығармашылығын зерттеумен Сабыр Шәріповтің 
де  айналысқаны  туралы  дерек  бар.  “Лениншіл  жас”  газетінің  1969  жылғы  29 
наурыздағы санында сол кездегі Гурьев мемлекеттік педагогика институтының 
орыс,  қазақ  және  шетел  әдебиеттері  кафедрасының  меңгерушісі,  филология 
ғылымдарының кандидаты, доцент Ермек Өтебаевтың “Жазушы папкасындағы 
жырлар” атты мақаласы жарияланған. Ғалым бұл мақаласында белгілі жазушы 
Сабыр  Шәріповтің  өмірі  мен  шығармашылығын  зерттеу  ісімен  шұғылдана 
жүріп,  көптеген  қосалқы  жайттарға,  тың  табыс,  өнімді  “олжаға”  кездескенін 
айтады.  Мұнда  автор  бірқатар  ақындар  мен  шешендер  сөздерінің  жиналғанын 
әңгімелей келіп, мақаласының үштен бірін Сейдахмет ақынға арнайды. “Сабыр 
Сейдахметтің  біраз  өлеңдерін  жинаған.  Тегінде  ол  Сейдахметті    қағаз  бетіне 
толығырақ түсіру арқылы оның талантын да тани білген сияқты”, – дей келіп, 
ғалым  С.  Шәріповтің  деректеріне  сүйене  отырып,  ақынның  туған,  өлген 
жылдарын  жорамалмен  көрсетіп,  “Сейдахмет  сыншыл,  бұқарашыл  реалистік 
әдебиет өкіліне жатады” – деп баға береді [14].  
     Академик  Қажым  Жұмалиевтің  “ХҮІІІ-ХІХ  ғасырлардағы  қазақ  әдебиеті” 
еңбегінде Ыбырай Алтынсариннің ықпалында болып, онан үлгі алған ақындар 
қатарында  Сейдахмет  ақынның  есімі  де  ұшырасады:  “Алтынсарин  оқытудан, 
мектеп  жұмысынан  бос  кезінде  халық  көпшілігімен  қоян-қолтық  араласып, 
асқан  кішіпейілділікпен  олардың  мұң-мұқтажына  көңіл  бөлумен  қатар 
халықтың  жуан  ортасынан  шыққан  талант  иелері,  ақын,  әр  алуан 

 
23 
өнерпаздардың  өсіп  ілгерілеуіне  көмек  көрсетіп,  жетекшілік  еткен.  Күдері, 
Ақмолда, Сейдахмет, Нұржан т.б. ақындардың теріс бағытын оңға түзеуге көп  
кеңес береді... Көп ақындар Ыбырайды өздерінің рухани басшысы деп білген. 
Сондықтан да олар Ыбырайдың іс-амалындағы бұқарашылдықты, ел қамын сөз 
етіп,  жұрт  пайдасын  ойлап,  ел  ортасындағы  дау-шар  мәселесіне  турашыл 
әділдігін өз өлең, жырларына арқау етіп алған. Мысалы Сейдахмет өзінің “Бір 
нашардың  әділ  төреге  айтқан  сөзі”  деген  ұзақ  өлеңінде  бай  мен  кедейдің 
арасындағы  дауға  төреші  болған  оқымысты  қазақтың  әділдігі  жөнінде 
айтылады” [15, 224-225 б.]. 
      Сейдахмет  ақынның  шығармашылығы  мен  өмірі  туралы  жергілікті  
журналистер  Н.  Бектемісов  пен  Б.  Әлмағамбетов  республикалық,  облыстық, 
аудандық 
мерзімді 
баспасөз 
беттерінде 
мақалалар 
жариялап, 
шығармашылығына  кеңінен  тоқталған.  Филология  ғылымдарының  кандидаты, 
доцент,  ақын  Серікбай  Оспанов  та  “Қостанай  таңы”  газетінде  жарияланған 
“Ахметтің  өскен  ортасы”  атты  зерттеу  мақалаларының  топтамасындағы  бір 
бөлімді Сейдахмет ақынға арнаған [7].  
     Сейдахмет  ақынның  қолда  бар  өлеңдеріне  қарағанда,  өлеңді  ерте 
бастағандығын аңғарамыз. 
  
Он үште топқа түсіп айқайладым, 
Жас күнде албырт қиял байқай ма алдын.  
Шоқ болып жүрегіне барып түстім, 
Жамылып шен-шекпенін шалқайғанның, - 
 
дейді  ақын.    Ақынның  өлең  жазуды  ерте  жастан  бастауына  оның  ескіше 
сауаттылығы  да  оң  ықпалын  тигізген  сыңайлы.  Ол  “Оқуға  он  жасымда  талап 
еттім”, – деп басталатын өлеңінде он жасынан бастап талап еткендігін ғана емес 
білімнің, оқудың пайдасын жете түсінгендігін, ізденіс, талпынысы мен білімге 
деген құштарлығын дәл бейнелейді. 
  
...Оқуға он жасымда талап еттім, 
Баланы бұрын түскен қуып жеттім.  
Жыр, қисса-өлең кітап оқымауды, 
Басыма зор уайым, қайғы тұттым.  
Аз ұйықтап, аз тағам жеп ыждағаттап, 
Жанымды ізденіспен ренжіттім, 
Ойнақтап Ортекедей ойын салған, 
Алаңсыз, армансыз күн, қайда кеттің? 
Талпыныс, талаптылық қасиетті, 
Өзіме  айнымастай тірек еттім.  
 
      Бұл  өлеңнен  біз  Сейдахмет  ақынның  өз  заманындағы  кейбір  ақындар 
сияқты  құр  ақындық  таланттың  буына  семірмей,  оқып-біліп,  үнемі 
ізденгендігін,  сол  арқылы  ақындық  талантын  ұштай  түскендігінің  куәсі 
боламыз.  “Жыр,  қисса-өлең  кітап  оқымауды,    басыма  зор  уайым,  қайғы 

 
24 
тұттым”,  –  деген  жолдар  ақынның  шығыстық  қисса-дастандармен,  сол 
кезеңдерде  жарық  көрген  шығармалармен  таныс  болғандығын  аңғартады.  Бұл 
қисса-дастандар  Сейдахмет  ақындығының  қозғаушы  күші,  тәлімгер  ақындық 
мектебі  ретінде  қызмет  атқарғандығы  даусыз.  Осылайша  ескіше  сауат  ашқан 
Сейдахмет  кейіннен  Көртоғай  болысының  жарлықпен  бекітілген  (указной) 
молдасы қызметін атқарады.  
      ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында 
өмір  сүрген  Сейдахмет  ақын  шығармашылығының  негізгі  тақырыбы  –  ақ 
патшаның  билік  жүйесіндегі  әділетсіздік.  Бұл  дәуірдің  қазақ  елінің  саяси, 
қоғамдық  өмірінде  елеулі  ерекшелігі  барлығын  айттық.  Қазақ  жері,  халқы 
Орынбор,  Сібір,  Астрахан,  Түркістан  губернияларына  бөлшектеніп,    аға 
сұлтандық  жойылған  бұл  кезеңде  қазақ  халқының  өз  атауы  түгілі  “Қайсақ” 
қосымшасы  да  алынып  тасталып,  ресми  түрде  қорлық  көрсетіліп,  “қырғыз” 
атанған.  Губерния,  уездерде  орыс  әкімі  тағайындалып,  жергілікті  халықтың 
өкілдеріне  болыс,  ауылнайлық  сияқты  төменгі  қызметтер  ғана  қалған.  Оның 
өзінде отаршыл Ресей өкіметі “бөліп ал да, билей бер” саясатын қолданып, ел 
ішін  бір-бірін  күндеу,  жағымпаздық  сияқты  жағымсыз  әрекеттерді  әдейі 
туғызып  отырған.  Онсыз  да  бір-бірімен  бақталас,  араз,  жанжалдасып  бірікпей 
отырған елді тізгіндеп ұстау жеңіл. Отаршылдық бұл арамза саясат өзінің ұлы 
жемісін  берді.  Қазақ  қауымының  бірлігіне,  оның  жауынгерлік  рухына  үлкен 
нұқсан  келтірді.  Бір  кезде  Жоңғар  басқыншыларына  қарсы  отандық  соғыста 
күш жинап, соққы берген, ұлан байтақ жерін азат еткен, тіпті Қытай әскеріне де 
соққы  беріп,  Үрімжіні  басып  алған  қазақ  елі,  орыстың  қарапайым  қара 
шекпендісінен қаймығатын болды. Өйткені үкімі күшті заң соның жағында еді. 
Тіпті  азулы  болыс,  билердің  өзі  орыстың  бұзақы  бас  бұзарына  ауыз  аша 
алмайтын.  Бұл  дәуірдегі  қазақ  халқының  қоғамдық-саяси,  әлеуметтік 
жағдайының картинасы Абай шығармашылығында кеңінен көрініс тапқандығы 
мәлім.  
     Түп  негізі  отаршылдық  саясатта  жатқан  қоғамдық-саяси  өмірдегі 
әділетсіздікті  қазақ  ақын-жыршылары  әртүрлі  түсінді.  Мысалы  Дулат,  Мұрат, 
Шортанбай  сияқты  “зар  заман”  ағымының  өкілдері  отаршылдық  саясаттың 
сырын  тереңнен  аңдап  Ресей  өкіметінен  көрсе,  Торғай  ақындары  бұл 
жағдайдың  себеп-салдарын  халықтың  алауыздығынан,  бірлік  пен  татулықтың 
жоқтығынан  іздеді.  Бұған  патша  өкіметінің  күнделікті  жүргізіп  отырған  аяр 
үгіті мен сұрқия насихаты да әсер етті.  
      Қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік бұзылуы қазақтың өз кінәсі деген түсінік 
пен ұғым осылай қалыптасты. Қазақ халқы алауыз, күншіл, надан деген түсінік 
біздің  заманымызда  да  жоғалған  жоқ.  Мұндай  әдет  пен  мінез  ұлтымызға 
отаршылдық  саясатпен  сіңгендігін  қаперде  ұстауға  тиістіміз.    Мұны  ХІХ 
ғасырдағы  қазақ  зиялылары  Шоқан,  Ыбырай,  Абай  және  басқа  да 
көрегендеріміз  сол  кездің  өзінде  сезіп,  біліп,  елді  бірлікке,  игілікке, 
адамгершілікке  шақырған.  Олар  орыс  білімі  арқылы  өркениетті  елдердің 
ғылымы  мен  өнеріне  қадам  басты.  Қазақ  халқы  ислам  дүниесінің  ғылым-
білімімен қатар, дүние жүзінің өркениетіне ұмтылды. ХІХ ғасыр бізге осындай 
екі жақты ерекшелігімен сараланады.  

 
25 
      Халқымыздың  ойы  мен  сана  сезіміндегі  осындай  өзгерістерді  өз  көзімен 
көріп,  түйсініп,  сезіне  білген  Сейдахмет  ақын  оның  жағымсыз  жақтарын,  өз 
шығармаларында  қатты  сынады.  Күншілдік,  өсек-өтірік,  ұрлық,  басараздық, 
қулық-сұмдыққа  қарсы  күресті.  Қоғамдық  өмірдегі  осы  көрініп  тұрған 
мерездерді сылып тастауға бар күшін салды. Өзі сөзімен де, ісімен де елге үлгі-
өнеге  берді.  Жамандықтан  өзі  безініп,  жұртты  да  бездірді,  жақсылыққа, 
адамгершілікке  ұмтылды.  Өз  басы  адалдық,  әділдік  жолына  қызмет  еткен 
адамдарды  қолдап,  өнеге  етті.  Олардың  ісін  уағыздап,  үлгілі,  өнегелі  істерге 
шақырады.  “Қай  жерде  жақсы  көрсем  жанап  өттім”  немесе  “Халқымның 
жолдас  болдым  ағасына,  Бой  да  емес  өңір  де  емес  жағасына”  деген  жолдар 
осыны айғақтайды.  
       Ақын  шығармалары  әділетсіз  төрелер,  парақор  болыс,  билер  мен  дүмше 
молдаларды  ащы  мысқылмен  сынауға  бағытталған.  Ол  осы  тақырыптағы 
өлеңдерінде бірде:  
 
...Теретін жамандықты мен бір тауық, 
Екі адам араз болса, қылдым сауық, 
Екі араз татуласты деп естісем, 
Қалады көшім тоқтап, жүгім ауып.  
Бір адам жамандықты таста десе, 
Тұрамын шабаланып, иттей қауып... 
немесе: 
Атаңыз Тілеуліге харам жаққан, 
Кем емес барлығы да мал мен бақтан.  
Баласы ұрлық қылған бәрі де бай, 
Құдайым бұл кәсіптен мені қаққан, – 
 
деген  өлеңінде  және  Әмір  Әбдіғапардың  екі  жігіті  ұрлап  салған  малын  іздеп, 
Әбдіғапардан  қорыққан  екі  шалдың  Сейдахметке  өтініп  “малымызды  әпер” 
дегенде ақынның жазып берген өлең-хатында:  
 
Арғыннан мал іздеген келді екі шал, 
Мінген ат, киген киім, бірталай мал.  
Арамнан жиіркенбес інім едің,  
Өлтіріп екеуін де сен тонап ал! – 
 
деп ащы сарказм мен иронияны қолданса, тағы бір өлеңінде заман шындығын, 
қоғам көрінісін былайша суреттейді:  
 
Болыстар ауылнай мен ұры қолдап, 
Кедейді арзандатты, байды бұлдап.  
Ұрылар екі қара ұрлап келсе, 
Береді әкіміне бірін сомдап.  
Ұрыдан малым шықты деп естісе, 
Келеді мал иесі әкімге аңдап.  

 
26 
Жалынып малымды әпер деп отырса, 
Ұрыны қашырады өздері ымдап.  
Бетін басып “тап” деген балаларша, 
Біреудің біреу отыр көзін алдап... 
 
       Ақын  өзі  өмір  сүрген  замандағы  ұрлық,  парақорлық,  әділетсіздік,  қазіргі 
тілмен  айтқанда  сыбайлас  жемқорлық,  коррупция  сияқты  кеселді  әдеттерді 
аяусыз  сынай  отырып  өз  қоғамының  картинасын  панорамалық  сипатта 
суреттеген:  
 
... Пұл болса ешкім бақпас жолдасына, 
Алданар арам дүние олжасына.  
Біреудің ұры, залым малын ұрлап,  
Сұрасаң бәле солар өз басыңа.  
Парық жоқ бұл заманның адамында,  
Бірінің бірі нанбас алласына.  
Қарсы дау біреу айтса соны тыңдап,  
Бақса да адам көз жетті оңбасына 
Пақырды міскінменен партия ғып, 
Береді садақасын қолқасына.  
Бұл сөзі Сейдахмет өтірік пе, 
Рас па салдым көптің ортасына. 
  
      Сейдахмет  ақынның  өзі  указной  молдалық  қызмет  атқарған,  имандылық 
жолын  ұстанған,  намазын  қаза  қылмай  өткен,  діни  сауатты  кісі  болған. 
Сондықтан  да  ел  арасындағы  надан,  дүмше,  арамза  молдалар  ақынның  ащы 
сынынан  тыс  қалмаған.  Бірде  зекет  жинай  келген  бір  молда  Сейдахмет 
ақынның  малы  жоқтығын  біле  тұра,  оның  зекет  беруін  талап  етеді.  Шариғат 
заңы  бойынша  қырық  ұсақ  малдан  бір  тұяқ  діни  орын-мешітке  тиесілі  екен. 
Сонда Сейдахметтің молдаға айтқаны: 
 
Мүждаһит жоғарыдан келді бізге, 
Мың-дағы тоғыз жүзінші осы күзде. 
Үш тасид бұрынғы өткен иманда жоқ, 
Мұны тұт, баяндайын көңіліңізге.  
 
Жоқ парыз бұрын да жоқ бізге салсаң,  
Малым жоқ беретұғын сөзге нансаң. 
Ішкен, жеген тамағым сайда жатыр, 
Қырық нәжістен бір нәжіс зекет алсаң. 
 
     Ақын  заманындағы  әлеуметтік  теңсіздікке  көп  көңіл  бөледі.  Елді 
әділеттілікке  шақырып,  бұқарашыл  пиғылда  болып,  қалың  бұқара  мүддесін 
көздейді. Ел өмірінің күнделікті өмірін тақырып етіп жырлаған Сейдахмет ақын 
арнау өлеңдер, толғау,  термелер, мысалдар, жұмбақ өлеңдер жазған. Сонымен 

 
27 
бірге поэзияның көлемді жанры – дастанға да қалам тербеген. Жасынан шығыс 
әдебиетімен  таныс  болған  Сейдахметтің  “Мың  бір  түн”,  “Тотынама” 
сюжеттеріне  құрылған  “Махрума”  және  “Өнерлі  уәзір”  атты  екі  дастаны  бар. 
Жоғарыда талдап көрсеткен өлеңдерінің тақырыбы мен шығыстық сюжеттерге 
дастан  жазуы  Сейдахметтің  ұлы  Абаймен  рухтастығын  танытқандай.  Аталған 
“Махрума” дастанында жақсылыққа жамандық жасап, өзін өлімнен азат еткен 
әйелді  қорлыққа  салған  опасызға  лағынет  айтылып,  ажарлы,  ақылды,  адамға 
мейірімі мол әйелдің қиындықты жеңіп, еркіндікке жеткені суреттелсе, “Өнерлі 
уәзір” дастанында мұсылман діні тыйым салған суретшілік өнер уағыздалады. 
Мұнда ақын өнерді игеруді насихаттаған.  
      Ақын  аталған  шығармалардан  басқа  кедейлік,  жоқшылық  тақырыбына 
“Байлар мен Таңатар”, “Сейдахмет пен кедейлік”, “Өкініш” сияқты жырларын 
арнаса,  әлеуметтік  әділетсіздікке  қарсы  “Біз  көрдік  талай  жанның  қиянатын” 
қоғам өміріне өз көзқарасын білдіретін “Айна” сияқты жырларын жазған.  
     Сейдахмет  ақындығының  бір  қыры    мысал  жанрынан  да  көрінеді.  Бізге 
ақынның  “Түлкі  мен  сауысқан”  атты  мысалы.  Мысалдың  негізгі  сюжеті 
Крыловтың  “Қарға  мен  түлкі”  атты    мысалына  ұқсас.  Алайда,  Сейдахмет 
мысалының  ерекшелігі  түлкіден  алданған  сауысқан  кейіннен  түлкіні  алдап 
қасқырдың  апанына  бастап  апарып,  қасқырға  жем  қылады.  Мұндағы  идея  – 
“біреуге  қиянат  жасама,  өз  басыңа  келеді”  немесе  “біреуге  ор  қазба,  өзің 
түсесің”,  –  деген  тұжырым.  Сондықтан  да  Сейдахмет  мысалы  Крылов 
мысалынан анағұрлым мәнді де мазмұнды шыққан.  
      Сейдахмет  ақын  өлеңді  жазып  шығарған.  Сонымен  бірге  барша  қазақ 
ақындары  сияқты  суырып-салма  импровизаторлығы  да  басым.  Ақынның  бұл 
қыры  кейбір  қағысуларынан  анық  байқалады.  Күлік  деген  досымен  ренжісіп 
қалғанда айтқаны: 
  
Иілмей тас болғаннан сынған жақсы, 
Қасыңа пәле келсе тынған жақсы.  
Мінгенше жамандармен алтын таққа, 
Жақсымен бірге түскен зындан жақсы.  
 
Дос емес дос сыртынан мақтамаса, 
Бір-бірін жамандықтан сақтамаса. 
Болса да бүгін тату, ертең араз,  
Достығы бүгінгінің тап-тамаша, – 
 
деген  өлеңінде  ақынның  импровизаторлық  қасиетімен  бірге  философиялық 
ойлылығы,  өз  заманындағы  достықтың  жалтармалығын,  баянсыздығына  деген 
ирония да жатыр.  
      Жоғарыда    айтылған  ойымызды  қуаттайтын  тағы  бір  мысал оның  Алтыбас 
Ақмолда ақынның: 
 
Қолыма ойландым да қалам алдым,  
Бейрұқсат жазасы көп алған малдың.  

 
28 
Аулыңа су берем деп шақырып әкеп, 
Сейдеке, бір түйемді ұрлап қалдың, – 
 
деген сөзіне қайтарған мына жауабы:  
 
Өлеңге бейқұттығым түйе малдай, 
Қайтейін ашыққан соң түйеңді алмай.  
Таңертең, ерте тұрып жібергенде, 
Асушы ед алты қырдан бірі қалмай.  
Бұрынғы өтіп кеткен балалығың, 
Жүр екен әлі күнге естен қалмай. 
  
      Бұл  өлеңде  Сейдахмет  ақынның  кедейлігі,  бұрынғы  өз  өнерінің  арқасында 
ешнәрседен  тарықпай  өткен  дәуренін  аңсау  сезімі  байқалады.  Шынында  да, 
Сейдахмет  қартайған  шағында  таршылық,  жоқшылық  бейнетін  көреді.  Оның 
бұл  кезде  жазған  өлеңдерінің  көпшілігі  жоқшылық,  кедейлік  тақырыбына 
арналған.  Ахмет  Байтұрсынұлы  “Әдебиет  танытқыш”  еңбегінде  жариялаған 
“Мінажат” өлеңінде: 
 
Құдай-ау мен не жаздым бұл заманға? 
Қадірің болмайды екен жұртқа әманда.  
Ел-жұрттың қасиетті жолы қалып,  
Болмай жүр еш қадірім бір адамға. 
Секілді  ай мен жұлдыз аспандағы,  
Қажетің түссе егер бір наданға.  
 
Бұл күнде іздеп тапқан кетті достар, 
Сұрасқан хал-ахуал, көңіл қоштар.  
Деміндей айдаһардың тартқан достың, 
Бірі жоқ осы күнде қолмен ұстар, – 
 
деп  қартайып,  кедейленген  шағында  қадірінің  болмай,  бар  кезіндегі,  бай 
кезіндегі  “айдаһардың  деміндей  тартқан”  достарының  сырт  айналғанына 
қынжылады. Қарынының ашқаны емес, қадірінің қашқанына жылайды.  
      “Шағында  жігіттіктің  қонды  бақыт,  Дамылсыз  үсті-үстіне  кірген  олжа”,  – 
деп  жырлаған  ақын  сал-серілік  құрған  күндерін  аңсап,  кедейлік  пен 
жоқшылыққа налиды: 
 
... Қолдағы аз мал кетті, бала есалаң, 
Кез болдым алпыс үште қалың сорға.  
 
Үйіме қонақ келсе анда-санда, 
Қолыма мал түспейді қамдасам да. 
Әйтеуір жоқшылықтың жолы қиын, 
Қатардан қара басым қалмасам да. 

 
29 
  
     Ақын кедейлігінен ұялмайды, атақ-даңқына қанық, оны қадір тұтатын қонақ 
келгенде,  қазақтың  қонақжайлылық  салтын  жасай  алмағандығына,  жомарт 
қолды  жоқтықтың  байлағанына  күйінеді.  Күйінеді  де  өзін-өзі  өлеңмен 
жұбатады: 
 
Кейде жоқ таба наным, кейде дайын, 
Мен – борсық семіретін ұрған сайын. 
Ат шөпке, адам тояр ықыласқа, 
Болсаң да бөрі құрсақ, қылма уайым. 
 
     Ақын шығармашылығы идеясының өткірлігімен, тақырыбының тереңдігімен 
ғана  емес,  көркемдігімен  де  құнды.  Оның  образды  ойлау  қасиеті  жұмбақ 
өлеңдерінен  айқын  көрінеді.  Алтыбас  Бекентай  деген  ақынға  Сейдахмет  ақын 
мынадай жұмбақ жасырады: 
  
Құдайым мұндай өнер берген оған, 
Мәнзалын мекен еткен лайлаған.  
Бөрі мініп, ешкі ертіп бір сағым зат, 
Келеді есек өңгеріп, түйе айдаған. 
  
     Қарсыласы  бұл  жұмбақтың  шешімін  таба  алмайды  да,  Сейдахмет  жауабын 
өзі айтады:  
 
Қоянның құлағы еді мысалы есек, 
Ерінін түйе ерніне қылдым есеп. 
Төрт аяғы бөрінің аяғындай,  
Құйрығын ұялмаймыз ешкі десек. 
 
Содан соң екінші жұмбағын жасырады: 
 
 
 
    Ағаңда толып жатыр әртүрлі өнер, 
 
 
    Мұны шеш дана болсаң сөзге шебер. 
 
 
    Бір тыным мұны тапсаң алар едің, 
 
 
    Бір нәрсе судан туып, судан өлер. 
  
Бұған қарсыласы былай жауап қайырады: 
  
Сөз шықпас жан қиналмай ауыз беріктен, 
Таппасам бұл жұмбақты болады өкпең. 
Су құйып егін ексе, бітік дақыл, 
Қала ма бір күн соққан қыркүйектен. 
 
     Алайда оның бұл шешімі дұрыс болмай, Сейдахмет жұмбақтың шешімін өзі 
айтқан екен: 

 
30 
 
Бекентай жақсы айтасың мына кепті, 
Не дейін, айта берсем сөзім көп-ті. 
Судан туып, суда өлген тұз емес пе, 
Егінге неге салдың қыркүйекті? 
 
      Сейдахмет ақын қарасөзге де шешен, тапқыр. Оның айтқыштығы жөніндегі 
көптеген  әңгімелер  ел  ішінде  әлі  күнге  дейін  айтылып  келеді.  Бұл  әңгімелер 
біздің жұмысымыздың зерттеу аясына кірмесе де, бір жағы ақынның талантын 
әр қырынан таныту мақсатымен, екінші жағынан шешендік өнер де әдебиеттің 
бір  саласы  болғандықтан,  тоқталып  өткенді  жөн  көрдік.  Ақынның  тапқырлық 
сөздері көбіне кедейшілікке, жоқшылыққа байланысты болып келеді. Ақынның 
“Қолдағы  аз  мал  кетті,  бала  есалаң,  Тап  болдым  алпыс  үште  қалың  сорға”,  – 
дегеніндей, кенже баласы Әлімжан қыдырымпаз екен. Оның қыдырымпаздығы 
сондай, ауылдың жанынан өтіп бара жатып, кездескен адамнан “біздің үй аман 
ба”, – деп сұрайды екен. Сейдахмет ақынның “Біздің Әлімжан қайда баратынын 
өзі де білмейді”, – деген сөзі мәтелге айналып кеткен екен. Сол Әлімжан айлап 
қыдырып  үйіне  келгенде,  алдындағы  асқа  көңілі  толмай,  “ет  жоқ  па”,  –  деп 
ренжіген  екен.  Сонда  Сейдахмет:  “Әлімжан-ау,  ет  қайдан  болсын,  келмейді 
деген сенің өзің биылдыққа үшінші рет келіп отырсың”, – деген екен.  
      Тағы  бірде  үйге  келген  қонақтар  құрауыз  аттанып  бара  жатқанда, 
Сейдахметтің бәйбішесі ұялғаннан: 
      - Шай-пай ішпедіңіздер ме, – деп қалады. Сонда Сейдахмет: 
      -  Бәйбіше-ау,  ерте  айттың  ғой,  қонақтар  әлі  үйден  шыққан  жоқ,  отырып 
қалса қайтесің, – депті.  
      Бірәлі деген бай жомарт адам екен. Осы кісі Сейдахметпен сыйлас болады. 
Бірде Сейдахмет ақынның үйінде көже ішіп отырып: 
- Мал басқа бітеді, 
Қына тасқа бітеді.  
Байлық ішіп-жейтін ерге бітпей, 
Ішіп-жемейтін насқа бітеді.  
Құдайда  да  әділдік  жоқ-ау.  Көжені  мынадай  ғып  дәмді  ұстайтын  Сейдекеңнің 
үйіне  бір  үйір  жылқы  берсе  қайтеді  екен,  –  дейді  Бірәлі.  Сонда  Сейдахмет 
тұрып:  
     - Берем десең бір үйір жылқы өзіңде де бар ғой, Бірәліжан. Құдай бермеген 
бір үйір жылқыны өзің беріп, сол құдайдың өзін бір ұялтшы, – деген екен.  
      Сейдахметтің мұндай шешендік сөздері мен тапқырлықтары өте көп. Ол да 
жеке зерттеуді қажет ететін бөлек мәселе. 
      Торғай  ақындық  мектебінің  тағы  бір  ұстазы  –  Есенжол  Жанұзақұлы. 
Есенжол  ақын  1845  жылы  Торғай  уезі,  Аққұм  болысында  дүниеге  келген.  Ел 
аузында “Ахметке домбыра үйреткен Есенжол ақын”, - деген сөз бар. Назарбек 
Бектемісұлы  “Ахмет  ұшқан  алтын  ұя”  еңбегінде  Есенжол  ақындықпен  қатар 
күйшілік, сазгерлік өнерді де меңгерген үлкен өнер иесі екендігін айтады. Оның 
“Он  екі  үйрек”  әні  Затаевичтің  “Қазақтың  1000  әні”  жинағында  жарияланған. 
Есенжолдың  бүгінгі  күнге  жеткен  бірнеше  өлеңдері  мен  дастан-шежіресі  бар. 

 
31 
Есенжол өлеңдері мазмұндылығымен, көркемдігімен және төрт буынды мығым 
ұйқасымен  ерекшеленеді.  Есенжол  шығармалары  қолымызға  толық 
түспегенімен, оның өз заманындағы белді ақын болғандығын Есенжол ақынның 
туысы  Қирақайдың  Молдағалиы  деген  кісінің  қызылордалық  Мақсұт 
Қалиұлынан жазып алған Тұрмағамбет Ізтілеуовтың мына өлеңінен аңғарамыз: 
  
...Есенжол ақын екен таптырмайтын, 
Кері ұйқас, кесір сөзді жақтырмайтын.  
Сұмырай, залым да емес жасырынып, 
Жүректен жүлде бермес бақты ұрлайтын.  
 
Дәріптеп өзін-өзі сүйремеген, 
Кедейлік құрсауына күйремеген.  
Күншілдің ісін істеп күңкілменен, 
Озғанның өңменінен түйремеген.  
 
Қалыптан қана деген аспайды екен, 
Сөйлесе түйдек-түйдек тастайды екен. 
Кеудесі күмбірлеген алтын сандық, 
Болса да көп мақтанға баспайды екен.  
 
Бесікке өлеңменен жөргектелген, 
Халқынан құрмет көріп төрлеп келген. 
Дәл мұндай сом ұйқас пен сазды әуенді, 
Әзірге көргенім жоқ жер-көктен мен [3, 24 б.]. 
  
     Торғай  ақындық  мектебін  қалыптастыруда  Есенжол  Жанұзақұлының  еңбегі 
ересен. Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің анасы Әбіш жас кезінде Қостанай 
төңірегіндегі айтулы ақындардың бірі Басықараның Қанапиясымен айтысында:  
 
... Сүймеймін текіректі, жортақыны, 
     Торғайдың көтерген соң төрт ақыны... [3, 16 б.] 
 
дегендегі  төрт  ақын:  Уақ  Жұмабай  Шалабайұлы,  Сейдахмет  Бейсенұлы, 
Есенжол  Жанұзақұлы  және  Әбіқай  Нұртазаұлы.  Жоғарыда  айтып  өткен  Әбіш 
пен  Қанапия  айтысына  Есенжол  ақын  төрелік  айтқан  екен.  Айтысты  талдай 
келе Әбішке  
 
 
 
...Өнердің қалқып алар қаймағы боп, 
 
 
 
Қуанды-ау, елің, жұртың, аймағың боп.  
 
 
 
Ортада аман жүрші, айналайын, 
 
 
 
Торғайдың үкілеген тайлағы боп, – 
 
деп батасын бере келе Қанапияны: 
 
... Жерім жоқ өнеріңе өкпелеген, 

 
32 
Ақын ең көк нөсердей төкпелеген.  
Жер түтігіп Қанапия айғайымен, 
Ұшатын қанат байлап көкке де өлең.  
 
Алпыс жас арқандаған алқындырып, 
Өлеңің танытпады тартымдылық. 
Жастарға жол берейік Қанапия, 
Үлкеннің шын үлкендік қалпын біліп [3, 17 б.], – 
 
деп тоқтатқан екен.  
      Есенжол ақын өлеңді киелі өнер деп танып, қадірмен өткен. Ол өлеңді Абай 
айтқандай  “бөтен  сөзбен  былғамауға”  тырысады.  Оның  төрт  аяғын  басқан 
жорға өлеңдерінен артық-ауыс сөзді кездестірмейсіз: 
 
...Тербесе домбыраны он бармағым, 
Оралар ақ қағазға толғанғаным.  
Шығатын кер ауыздан кесір сөзді, 
Өлеңді өлтірер деп қолданбадым, – 
дейді  ақын  тіл  туралы  өлеңінде.  Бұл  өлеңінде  ақын  өлеңге  өте  биік  талап 
қойып,  оның  тілінің  көркем  болуы  бөтен  сөзбен  шұбарланбауы  қажеттігін 
айтады.  Осы  арқылы  ол  өз  заманының  үлкен  проблемасы  –  тіл  проблемасын 
қозғайды.  ХІХ  ғасырдың  соңғы  ширегі  мен  ХХ  ғасырдың  басында  азды-көпті 
кітап  шығарған  діни-ағартушылық  бағыттағы,  кейбір  ғалымдарымыз  “кітаби 
ақындар”  деп  атап  жүрген  ақындар  шығармаларында  араб-парсы,  шағатай 
тілдеріндегі сөздер орынды-орынсыз көп қолданылғаны белгілі.  
      ХІХ  ғасырдың  екінші    жартысында  бұл  саладағы  ақындардың  идеялық 
бағытына сәйкес тілдерінде де араб-парсы сөздерін көп қолдану жиі ұшырады. 
Араб-парсы  сөздерін  өлеңдерінде  неғұрлым  көбірек  қолданса,  ол  –  ақынның 
“мәдениеттілігін”, басқалардан “артықшылығын” көресетеді деп білді [19, 186 
б.].  
     Бұл  жайлы  С.  Торайғыров  1913  жылы  жазған  “Қазақ  тіліндегі  өлең 
кітаптары  жайынан”  деп  аталатын  мақаласында:  “Қазақ  тілінде  деп 
бастырылған  кітаптардың  көбінде  қазақтың  иісі  де  жоқ...  тілдері  бытбырақ. 
Оларда  шала  тілдер  көп  араласқан.  Кейде  шолжықтап,  жығылып-сүрініп 
жүрген жайы бар” [16, 195 б.], – деп қатты сынға алған. 
     Осы  мәселеге  өз  тұрғыластарының  арасынан  бірінші  болып  тіл  қатқан 
Есенжол ақын десек қателеспейміз. Бұл өлеңінде ақын мына жайттарды қадап 
айтады:  
біріншіден, тіл – ұлттық сипаттың басты белгісі; 
екіншіден, өз тілін білмеу – өліммен тең; 
үшіншіден, шұбар тіл өлеңнің мәнісін кетіріп, “өлеңді өлтіреді”; 
төртіншіден,  өлеңді  өзге  тілмен  келсін-келмесін,  оңды-солды  шұбарлау 
білімділіктің белгісі емес. 
  
Аузыма бал татыған ана тілім, 

 
33 
Сондықтан қазақ болып жаратылдым.  
Құдай бір, құран шынды қазақша айттым, 
Арабтың оқысам да санатын мың.  
 
Білімнің тілден тарар сабағы да, 
Қызығы, желісі мен сағағы да.  
Өз тілін білмеу өлім тірі адамға, 
Жүрген соң екі аяқты санағында. 
  
     Бұл  өлеңнен  сонымен  бірге  ақынның  өлеңді  жазып  шығарғандығын, 
“арабтың мың санатын оқығандығын”, яғни ескіше діни сауатты болғандығын 
да аңғарамыз. Ақын өлеңдерін оқып отырғанда оның сауаттылығы бірден көзге 
ұрады. Ақын тағы бір өлеңінде өлең туралы былай деп тұжырым жасайды: 
 
...Кеудемен кейбір ақын көк тіреген, 
Шарлайды жерді қойып көкті кілең. 
Өлеңге табан тірер көкте орын жоқ, 
Шамасы жердегі өлең отты білем. 
  
Ақынның  мұндағы  айтпағы  –  асып-тасқан,  әлем-жәлем,  сылдыр,  жылтырақ, 
ойсыз,  нәрсіз  өлеңнен  көрі  ойлы,  нәрлі,  асып-таспайтын  қарапайым  өлеңнің 
отты келетіндігі.  
      Өлең  әдебиеттің  көне  жанры  ғана  емес,  көлденең  көк  атты  кимелей 
алмайтын  көш  бастаушы  “көсем  жанры”  [17,  109  б.].  Сондықтан  да  Есенжол 
ақын екі ауыз сөздің басын қосып, “кеудесімен көк тіреген, жерді қойып көкті 
шарлаған” ақынсымақтарға қарсы.  
      Ақындық  міндет.  Бұл  ұғымның  аясы  кең.  Оған  ақынның  азаматтық  асыл 
мұраты,  асқақ  мақсаты,  қоғам  мен  адам,  уақыт  пен  мораль,  адамдық  пен 
надандық, парасат пен кесапат туралы  ордалы ойлары жатады. Азаматтық пен 
адамгершіліктің  биігінде  тұрған  адам  ғана  алдына  ұлы  міндет-халқына 
қаламмен  қызмет  ету  міндетін  асқаралы  мақсат  етіп  қояды.  Үлкен  жүрегі  бар 
адамнан  ғана  үлкен  өнер  туатындығын  тарих  тағылымы  көрсетіп  келеді.  Бұл 
Пушкиннің  “Даналық  пен  зұлымдық  ешқашан  сыйыспайтын  екі  дүние”  деген 
ұлы сөзін дәлелдей түседі [17, 108 б.]. 
     Есенжол  ақын  өнерді  халықтікі  деп  түсінеді.  Ақындық  өнерді  халыққа 
қаламмен  қызмет  ету  деп  ұғады.  Бойындағы  өнерді,  асыл  қазынаны  халқына 
беруді ақындық міндеті деп санайды:  
 
...Бере алмай келем елге берерімді, 
Тере алмай келем елден терерімді.  
Залымдық ғалымдыққа ақыл айтса,  
Дал болам білмей кімге сенерімді. 
  
     Есенжол  ақын  үнемі  өзін  халыққа  қарыздармын  деп  санап,  халықты  ұстаз 
тұтады. “Тере алмай келем елден терерімді”, – деп отырғаны – халықтың үлгі, 

 
34 
ғибрат,  тәлім-тәрбие,  оның  бай  рухани  мұрасы,  мәдениеті,  парасаты.  Ақын 
өзінің  бойындағы  өнерін  халқына    толық  бере  алмадым  деп  өкініп,  оған 
кедейліктің қолбайлау болғандығын айтады: 
 
...Дүние жеткізбейді қос аттыға, 
Кедейлік екі қолды босатты ма?! 
Тоқпағы тіршіліктің күнде ұрғылап, 
Ауру ғып аяқ-қолды тұсатты да. 
 
Көңілім шағалаша шарықтамай, 
Өлімнен қайтып жүрмін барып талай.  
Әйтеуір, тірі жанға жазығым жоқ,  
Бағамды берер екен халық қалай?! [3, 28 б.]. 
 
      Есенжол  ақынның  өлеңдерінен  ұйқасқа  қатты  мән  беріп  қарайтындығын 
байқаймыз.  Төрт  буынды  ұйқас  сол  кезеңдегі    қазақ  ақындарынан  өте  сирек 
кездесетін  құбылыс.  Есенжол  өлеңдерінің  ұйқасы  алып  келді,  барып  келді 
дейтін  әншейін  ұйқас  емес,  артық  сөз  жоқ  төрт  аяғы  тең  ұйқас.  Бұл  дәстүр 
Торғай ақындық мектебінің Жұмабай, Әбіқай, Әбдірахман, Сейдахмет, Құбаша, 
Аяп  т.б.  ақындарына  тән  дәстүр.  Келесі  бөлімде    бұған  арнайы  тоқталатын 
боламыз.  Жоғарыдағы  үзіндіге    назар  аударып  қарасаңыз  Есенжолға  ғана  тән 
ерекшелікті  байқауға  болады.  Қазақ  поэзиясындағы  қара  өлең  үлгісінде  
айтылатын  ойдың  негізгі  түйіні  үшінші,  төртінші  тармақта  айтылып, 
шумақтағы  ой  аяқталатын  да,  келесі  шумақ  басқа  ойға  ауысатын.  Ал,  шумақ 
көп  тармақты  болып  келсе, ойдың  түйіні  шұбыртпалы ұйқаспен  өрілетін.    Тіл 
білімі  тілімен  айтсақ,  өлеңдегі  шумақ  –  бір  күрделі  сөйлемнің  міндетін 
атқарады. Ал, Есенжолдың жоғарыда берілген өлеңінің бірінші шумағында ой 
аяқталмайды,  яғни  бірінші  шумақ  құрмалас  сөйлемнің  бірінші  компоненті 
қызметін  атқарып,  екінші  компонентте  айтылатын  ойдың  бағыныңқы  сыңары 
ретінде  оның  себебін  білдіріп  тұр.  Бұл  ерекшелік  Есенжол  ақынның  мына  бір 
өлеңінде де кездеседі: 
 
...Ойламай дүниеде жалқылығын, 
Ұстанған имандылық салты мығым. 
Қаршадай Ахметке басын иіп, 
“Торғайда туа салған алтын інім”, – 
Деп оны қадірлеуі танығаны, 
Шарықтап шығуы да анық әлі.  
Шын ақын Сейдахмет әттең кедей, 
Қайтейін – дейді өзі, қамығады. 
  
     Есенжол  өз  ұстазы  Уақ  Жұмабай  ақынды,  замандасы  Сейдахмет  ақынды 
қатты  қадірлеген.  Біз  сөз  қылып  отырған  өлеңде  Жұмабай  ақын  туралы  ойын 
былайша түйіндейді: 
 

 
35 
... Айына бір соқпасам Жұмабайға, 
Қалам ғой бір құдайға ұнамай да.  
Өлеңнің от қызуы тік көтеріп, 
Келеді ол көп ауруға құламай да. 
  
      Есенжол  кедейлік,  жоқшылық  тақсіретін  көп  тартқан  адам.  Сол  себепті  де 
оның өлеңдерінің бір парасы осы тақырыпқа арналған.  
...Сездірмей келдім пендеге, 
Қанатымның талғанын. 
Жүрегімнің жанғанын, 
Түндей өмір түрмесі, 
Талантымды жалмадың. 
Шығармасқа үнімді, 
Жұтқыздың жоқтық қармағын 
Көсіліп шаба алмадым.  
Жұртпен бірге жазылып, 
Ойын-тойға бармадым. 
Иыққа салдың  именбей, 
Дүниенің салмағын.  
Тістеумен келді Есенжол, 
Қанатып күнде бармағын. 
Секемді сезім жеткізді, 
Қоршауға мені алғанын, 
Өкініш болды өзекте, 
Түнекте түндей қалғаным, – 
 
деп қайғырған ақын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті қуана қарсы алады. 
  
...Арманым, менің, арманым,  
Теңдікке қолды жалғадың. 
Енді бүгін естідім, 
Бақыттың таңы атқанын, 
Қараңғы өмір қарасы, 
Келмеске мүлде батқанын. 
Азаттық үшін азамат, 
Жағалай жортып, шапқанын. 
Тілегіңді тілеймін, 
Арайлы, нұрлы, ақ таңым.  
Шынжырын үзіп лақтырдым,  
Аурудың қанды қақпанын.  
Тілегім мен жүрегім, 
Сарбаз деген саптамын. 
Күтіп едім осындай, 
Ұлы дүбір боларын.  
Түйдек жырды төгейін, 

 
36 
Жауға шапқан қосындай, 
Тілегі бір бауырмен, 
Басым бүгін қосылды-ай 
Бас батыр мені қолтыққа ал, 
Езілген Еділ-Қапал ем, 
Теңдікке жүрген қосылмай, – 
 
деп  тебіренеді.    Есенжол  шығармалары  11  буынды  қара  өлең  үлгісінде  ғана 
емес,  7-8  буынды  жыр  үлгісімен  де  айшықты.  11  буынды  өлеңде  ақынның 
тереңдігі мен сыршыл суреткерлігі танылса, жыр үлгісінде небір көркемдеуіш-
бейнелеуіш бояуларды түйдек-түйдегімен тастайтын эпикалық қуаты көрінеді.  
      Өзі  өмір  сүрген  дәуірдегі  саяси-әлеуметтік  мәселелер,  қараңғылық, 
пайдакүнемдік,  жағымпаздық,  парақорлық  сияқты  жат  мінез  құлықтар  ақын 
қаламынан  тысқары  қалмаған.  Оның  дидактикалық  сарында  жазған  насихат 
термесінде осы жайлар сөз болады: 
 
...Дүние тілін алғанның, 
Көрмедім пайда тапқанын. 
Оңғанын естіп білмедім, 
Тиынға арын сатқанның. 
Құлқынның құлы болғанның, 
Кім көрді  жұрттан артқанын. 
Жараса ма жамандық, 
Қасқыр боп ұрлап тартқаның? 
Харам болған шәймене, 
Тойып ұрлық кереңе, 
Он екі ағза  денеңе.  
Дақ салдың да арыңа, 
Арамды жиып сақтадың, 
Оқсыз  мылтық секілді 
Шайтанды дұрыс атпадың. 
Айла, қулық, арамдық, 
Болса егер баққаның – 
Көруің күнә тірліктің 
Арайланған ақ таңын.  
Ерте тұрған біледі, 
Сәулелеп таңның атқанын. 
Ертешіл пайда іледі 
Дұрыс па ұйықтап жатқаның, – 
 
деп  қараңғылық  тұманын  серпіп,  “таңың  атты,  ұйыңнан  тұр”,  –  деп  елін 
оятқысы келеді.  Бұл дәстүр кейіннен Есенжол ұстаздық еткен Торғай ақындық 
мектебінен  түлеп  ұшқан  Ахмет  Байтұрсынұлының  “Масасы”  мен  Міржақып 
Дулатұлының “Оян, Қазағында” жалғасын тауып, түрленіп кеңейе түсті.  
...Ұрпағым ақын болсаң – Қыран бол! – деп, 

 
37 
Құдайдан тілек тілеп бата берем... 
 
...Мұрам бар ұрпағыма жалғасатын, 
Арман көп соларменен алға асатын, – 
 
деп жырлаған ақын Есенжол Жанұзақұлының аңсаған арманы да, мақсат-тілегі 
де сол болатын.  
     ХІХ  ғасырдың  екінші  жартысы  мен  ХХ  ғасырдың  басындағы  Торғай 
өңіріндегі  ақындық  мектептің  ұстаздары  –  Жұмабай  Шалабайұлы,  Сейдахмет 
Бейсенұлы,  Есенжол  Жанұзақұлы,  Күдері  Жолдыбайұлы,  Иманқұлдың 
Әбдірахманы,  олардан  кейінгі  толқын  Құбаша,  Қарпық,  Ақмолда,  Қашқынбай 
ақындардың арасында Әбіқай Нұртазаұлының орны ерекше.  
      Кеңес  заманында  кеңестік  идеология  мен  саясатқа  қайшы  келгендіктен 
шығармалары  жарық  көрмеген  Әбіқай  ақын  1871  жылы  Торғай  уезі,  Тосын 
болысында  дүниеге  келген.  Әкесі  Нұртаза  қажылыққа  барған,  Торғай  мен 
Ырғыз  төңірегіне  аты  мәлім  молда  кісі  екен.  Әкесінің  ықпалымен  екі  жыл 
медреседе оқыған Әбіқай: 
 
        ...Кедейлік деген шіркін тарықтырар, 
Аяздай аза бойды қарып тұрар. 
Күрмеуге келмейтұғын қысқа жіптей, 
Қайтарып қайратыңды шалықтырар, – 
 
деуіне  қарағанда  құлашын  жайып,  кеңінен  білім  алуға  жағдайы  болмағанға 
ұқсайды.  Оған  кезінде  дәулетті  болған  Нұртаза  қажының  қажылықтан  кейінгі 
кедейленуі  де  себеп  болса  керек.  Әйтпесе,  Ахмет  Байтұрсынұлымен  ауылдас, 
әрі  құрдас  (аралары  2  жас)  Әбіқайдың  оқымай,  ауылда  қалып  қоюы  мүмкін 
емес сияқты. Соған қарамастан Әбіқай ескіше өте сауатты болған. Кейіненнен 
60  жасында  балалармен  бірге  латын  әліпбиін  үйренген.  Бұл  сөзімізге  оның 
мына өлеңі дәлел: 
 
...Оқыдым латын әрпін алпыс жаста, 
Ғылым жоқ сатпай берген, бұрын босқа.  
Пұл алмай әділ кеңес оқытқан соң,  
Жұмылып оқып жатыр, кәрі-жас та.  
Қимылда, ынтаңменен еңбекші жас, 
Көзі айқын, көңілі ашық, сен жол баста.  
Біз қанша ұмтылғанмен уақыт өтті, 
Әй, тұрмыс, келер ме едің бұдан жаста. 
  
Әбіқай  ақын  белгілі-бір  оқу  орындарында  білім  алмаса  да,  өздігінен  
талаптанып, үнемі ізденіс үстінде болған. Осынша зеректігі мен зерделілігінің 
арқасында Әбіқай өлеңдері өте сауатты жазылған. Ол өлеңді ауызша да, жазып 
та шығарған. 

 
38 
       Ендігі  сөз  Әбіқай  шығармашылығының  зерттелуі  мен  жариялануы 
жайында. Әбіқай ақын шығармалары бізге ақынның баласы шежіреші, әңгімеші 
Ахметқан,  халық  ақыны,  Әбіқайдың  шәкірті  Нұрхан  Ахметбеков,  жыршы 
Жүсіпбек  Салықовтар  арқылы  жетті.  1957  жылы  қазақ  поэзиясының  көрнекті 
өкілдерінің  бірі  Қайнекей  Жармағамбетов  ақынның  баласы  Ахметқанның 
аузынан Әбіқайдың біраз өлеңдері мен “Тас мешін” дастанын жазып алған. Ол 
дәптер  қазір  Торғайдағы  Н.  Ахметбековтың  музей-үйінде  сақтаулы  тұр.  Ақын 
шығармаларының  ішінен  кеңестік  идеологияға  сәйкес  келетін  бір-ақ  өлең  – 
Ленин  туралы  өлең  1969  жылы  “Ленин  деп  халық  жырлайды”  деген  жинаққа 
енгізіліп,  жарияланған.  Содан  кейін  жарық  көрген  шығармасы  –  “Тас  мешін” 
дастаны. Бұл дастанды ақын С. Тұрғынбеков 1990 жылы, 28 қыркүйекте “Қазақ 
әдебиеті”  газетінде  жариялады.  Ақынның  шығармалары  азды-көпті  аудандық 
газеттерде  үзік-үзік  жарияланғаны  болмаса,  жоғарыда  аталған  бір  өлеңі  мен 
дастанынан басқа ешбір мұрасы күні бүгінге дейін еш жерде жарық көрмеген. 
Зерттелуіне  келсек,  ақын  шығармашылығын  С.  Кенжеахметов,  Н.  Бектемісов, 
С.  Оспановтар  қарастырған.  Жазушы,  сатирик,  этнограф  С.  Кенжеахметов 
“Торғай  ақын-жазушылары”  еңбегінде  ақынның  өмірбаяны  мен  шығармалары 
туралы  деректер  берсе,  жергілікті  әдебиеттанушы-журналист,  ақын  Н. 
Бектемісұлы  өзінің  “Ахмет  ұшқан  алтын  ұя”  еңбегінде,  Әбіқай  ақын 
шығармашылығына  бір  тарау  арнаған  [3,  58  б.].  Әбіқай  шығармашылығы 
туралы  филология  ғылымдарының  кандидаты,  ақын  С.  Оспанов  облыстық 
“Торғай  таңы”  газетінің  1991  жылғы  1-2-сандарында  көлемді  мақала 
жариялады. Осылардан басқа Әбіқай ақын шығармашылығының зерттелуі мен 
жариялануы жайында ауыз толтырып айтарлық дерек жоқ.  
      Жалпылай алғанда ақынның бізге жеткен әдеби мұрасы  оншақты өлең, бір 
мысал,  бір  дастан  және  “Өлең  туралы  ойлар”  деп  аталатын  қарасөзі.  Ақын 
өлеңдерінің басым көпшілігі төңкеріске дейінгі болыстардың, молдалардың, ел 
басшыларының  бойындағы  келеңсіз,  жаман  мінездерді  сынауға  арналған.  Сол 
дәуірдегі  болыстардың,  ел  басшыларының  бойындағы  бақталастық, 
шенқұмарлық,  күншілдік  сияқты  әдетті  заман  дерті  деп  түсінеді.  “Штатқа 
таласқандарға” өлеңінде: 
 
...Ағайын, атқа міндің аһаласып, 
Біріңді-бірің күндеп, табаласып.  
Бақталас, шенқұмарлық шырқын бұзды-ау, 
Ерлерді ел бастайтын қара басып.  
Бұл күнде құрсақтының құрты қозды, 
Шіп-шикі шылқы майға араласып, – 
 
деп елдің атқамінер азаматтарының шенге таласып, “қара басқанына” налиды. 
Сонымен бірге, әйтеуір малды екенмін, дәулетті екенмін деп, өзіне емес, малы 
мен дәулетіне сеніп, “құрты қозған құрсақтыларды” сынайды.  
 
...Аңғалдар ала қамшы аттанысты, 
Әуре боп бір-бірімен жағаласып. 

 
39 
Заманды өңкей заңқой бүлдірген шақ, 
Ар кетті, адал, арам араласып, – 
 
деп  болысқа  ерген  аңғал  елдің  бір-бірімен  “ала  қамшы”  боп,  жағаласып 
бірліктен,  елдіктен  айрылуына,  арынан  айрылуына,  заманның  бүлінуіне 
“заңқойларды”  кінәлайды.  Ақынның  “өңкей  заңқой”  деген  сөзінің  астарында 
отаршыл орыс чиновниктері мен уезд басшылары жатыр.  
 
...Ентігіп елу үйлік еліріп жүр,  
Қасқырдай қансоқтаға семіріп жүр.  
Төбеттер қызыл тұмсық болып әбден, 
Қаңқасын өлкесінің кеміріп жүр, – 
 
деген  жолдарда  образды  ойлайтын  ақын  уезд  басшылары  мен  болыс-билерді 
қасқыр,  олардың  қасындағы  атшабар,  поштабай,  шабарман-  жандайшаптарды 
төбет, олардың талауында қалған қауқарсыз елді өлексе етіп бейнелеп, барлық 
ауыртпалықтың елге түсіп отырғанын метафора арқылы өте шебер бере білген.  
 
...Адасып алласынан молдекеңдер,  
Шарғысыз болды даулы сөзге шебер.  
Қадірлеп ісі қалмай пенде сенер, 
Боп кетті барлығы да баққа құмар,  
Қалмады дейтін бір жан “елдесе гөр”, – 
 
деген ақынның шырғалаңды тоқтатады деп сенген молдалардың өзі “алласынан 
адасып”,  “даулы  сөзге  шебер”  даукес  болуы,  балыстың  сойылын  соғушыға 
айналып  “пенде  сеніп,  қадірлейтін  ісі  қалмағанына”,  елді  елдесуге,  бірлікке 
шақыратын  жан  болмағанына  налиды.  Осы  өлеңдегі  суреттер  М.  Әуезовтің 
әйгілі “Абай жолы” роман-эпопеясындағы “Қарашығынды” еске түсіреді. Бұдан 
басқа  осы  тақырыпқа  арналған  “Есжанға”,  “Борышқорға”,  “Азамат,  мен  бір 
ауру  өлердей-ақ”  өлеңдері  мен  “Қыран  мен  құладын”  мысалында  ақын 
болыстың  қасында  жүрген  шабармандарына,  байдан  қарыз  алып  күн  көріп 
жүрген  борышқорларға  “болыстан  да,  байдан  қайыр  жоқ,  өз  еңбегіңмен  күн 
көр!” дей келе:  
 
...Харекет аз да болса талап етсең, 
Себеп сол ерге дәулет құралатын... 
...Онан да басқа бір жол тап, 
Егін сал, еңбек ет, адалыңнан мал тап,  
 
деп адал еңбекті насихаттайды.  
      “Түрмедегі  бауырларға”  өлеңінде  ақын  өткен  ғасырдың  жиырмасыншы 
жылдарында  кеңес  өкіметіне  жақпай,  қуғынға  ұшырап  Қостанайдың  “ақ 
түрмесіне”  қамалған  ел  азаматтарына  достық  көңілін  білдіріп,  қайрат,  жігер 
береді. Ақын жаңадан орнап жатқан кеңес өкіметіне үрке қарайды, сенімсіздік 

 
40 
білдіреді.  Бұл  өлеңде  кеңестік  қызыл  империяның  жандайшаптары  –  “шолақ 
белсенділердің” жағымсыз кейіптері саналады:  
 
...Өрге шыққан өңездерден үріктім 
 Хат жазды, – деп айтар қалсақ біліне.  
Сөз айтамын сүйек болған баладай,  
Өлмеген соң ұқсайық деп тіріге [3, 59 б.]. 
 
     Осыдан-ақ,  қазақ  халқының  басына  келе  жатқан  зұлмат-репрессияның 
көлеңкесі  жиырмасыншы  жылдардан  бастап  көрінгенін  байқауға  болады. 
Өлеңде  коллективтендіру,  жаппай  отырықшыландыру  саясатының  зардаптары 
да әшкереленеді: 
 
...Жүдеді ел әттегенде осыны ойлап,  
Төбеге дүрсілдетті тосын ойнақ.  
Халықта мал да азайып бара жатыр 
Қайыстық қайран ерді қосып ойлап... [3, 59 б.]. 
 
     Ақын түрмеде жатқан азаматтарға барша елдің тілеулестік ниеті мен тілегін 
жеткізе отырып, оларға ақ патшаның қуғынын көрген Байтұрсын мен Ақтасты 
(Ахметтің әкесі мен ағасы), Шақшақ Жәнібек тарханның ұрпақтары Мұса мен 
Шегенді үлгі етіп көрсетіп, төзімділікке шақырады: 
 
...Ел көріп, бәрекелде, дегендей-ақ, 
Қату бол қайыспайтын емендей-ақ. 
Не пайда назырқаудан жанды мүжіп,  
Тік қара Мұса менен Шегендей-ақ. 
Келеді уайым күн кімге тумай, 
Жүректе шөгіп қалар шешендей-ақ.  
Байтұрсын, Ақтастардан артық кім бар? 
Еңбегі кетер ме екен еленбей-ақ [3, 59 б.]. 
 
“Келеді  уайым  күн  кімге  тумай”,  –  деп  ақын  келе  жатқан  уайым  күннен 
құтылар амалдың жоқтығын да түсінеді. 
 
 
 
 
...Бет бұрып, бері келер белсенді жоқ, 
 
 
 
Жыласаң бәленше етем дегендей-ақ, - 
дей келе: 
 
 
 
...Киіңдер кеңес тонын келісті деп, 
 
 
 
Уайым ойламаңдар олақтай-ақ, – 
 
деп  “келісті  деп  кеңестің  тонын  киюден”  басқа  амалдың  қалмағанын  айтады. 
Қызыл  империяның  қылышынан  қан  тамып  тұрған  жиырмасыншы  жылдарда 
жазылған бұл өлең кеңес өкіметіне деген әлсіз де болса қарсылық еді. Біздің:  
 

 
41 
...Қожа мен молданы, 
Қойдай қу қамшымен... 
 
...Бізге күннің керек жоқ, 
Күн-көсем нұрын шашады, – 
 
деп ұрандағандарды әспеттеген әдебиетімізде Әбіқайларға орынның болмағаны 
әрине, айтпаса да түсінікті.  
      Жаппай  коллективтендірудің  салдарынан  жұтаған  елдің  жағдайы  ақынның 
“Азамат мен бір ауру өлердей-ақ” өлеңінен айқын көрінеді:  
 
...Үй де жоқ, мал дегеннен адалым жоқ,  
Ат қойып, ешкімге айдар тағарым жоқ.  
Ешкімді сөз білдім деп сөккен емен, 
Әуелден жаратылыс, амалым жоқ, 
Қом түгіл қара қоң жоқ қозғалатын, 
Талпынып талып болдым, табарым жоқ.  
Басым бар байлап қойған бұзаудай-ақ, 
Есіктен аттап шығып барарым жоқ [3, 56 б.]. 
      “Байлаулы  бұзаудай”  еріксіз  коллективтендірілген  қазақ  халқы  осы  өлең 
жазылғаннан  кейін  үш  жылдан  соң  ашаршылыққа  ұшырады.  Әбіқай  ақынның 
өзі де 1931-32 жылдардағы Торғай өңіріндегі  ашаршылықтың құрбаны болды. 
Ақынның  1921-22  жылдардағы  Торғай  өңіріндегі  ашаршылық  туралы  жазған 
“Тас  мешін”  атты  поэмасы  бар.  Бұл  поэма  “Қазақ  әдебиеті”  газетінің  1990 
жылғы  28  қыркүйектегі  санында  жарияланды.  Біздің  болжауымызша  поэма 
жиырмасыншы  жылдардың  аяғында  жазылған.  Композициялық  құрылымы 
“бірінші  толғау”,  “екінші  толғау”  атты  екі  бөлімнен  тұратын  бұл  сюжетсіз 
поэма  идеялық  құндылығымен  де,  көркемдігімен  де  аса  бағалы  шығарма. 
Поэманың тақырыбы 1921-22 жылдары Торғайда болған, жергілікті жұрт “Тас 
мешін” деп атап кеткен мешін жылғы жұрттағы ашаршылық, елдің ауыр халі.  
     Тарихи  деректерге  жүгінсек,  жаңа  экономикалық  саясаттың  әсерінен 
Қазақстандағы  ауыл  шаруашылығы  1921-22  жылдары  дағдарысқа  ұшыраған.  
Ауыл шаруашылығында болған апаттың аяғы сұмдық аштыққа апарып соғады. 
1921-22  жылдары  Орынбор  губерниясында  445  мың  адам,  Қостанай 
губерниясында  225  мың  адам,  Оралда  400  мың,  Ақтөбеде    360  мың,  Бөкей 
губерниясында 100 мың адам аштық азабын тартты.  
      Кейінірек анықталған мәліметтерге қарағанда, республикада 2 млн 300 мың 
адам ашыққан.  
      Аштықтан  және  онымен  ере  келген  аурулардан,  сол  сияқты  ауыртпалық 
жайлаған аудандардан үдере көшу халық санын күрт кемітті. 1914 жылы өлке 
жерінде 4 811 662 адам тұрса, 1922 жылы 3 795 963 адам қалды [39, 315 б.].  
      Ақын  поэманы  өзі  жеті  жасында  куә  болған  “Жалпақ  қоян”  жұтын 
суреттеуден бастайды: 
 
... “Қоянда” мешіндей боп мал қалмады, 

 
42 
Ішетін үйде тамақ, нәр қалмады.  
“Жарлыға арлы болма!” – деген мысал, 
Аулауға ілік-тамыр қарбаңдады.  
Жан жалдап, терін сатып талай сабаз, 
Тұқымын сақтау үшін мал қамдады [18] –  
 
дей  келе,  осы  жұтты  пайдаланып  мол  байлыққа  батқан  саудагер-
спекулянттардың  елді  алдап,  ұн,  қант,  шай  сияқты  азық  әкеліп  малға 
айырбастап  елді  шығынға  батырғанын,  елдің  Арқаға,  Сырға  ауғанын  айтады. 
“Жалпақ  қоян”  жұтының  зардаптарын  суреттей  отырып  өзінің  елу  жасқа 
келгенде көрген “Тас мешін” жұтын баяндауға көшеді: 
 
...Елуде көрдік жылды мешін деген, 
Салмағы кейін жатты кесілмеген.  
Жаяулық, жалаңаштық, тамақ аштық, 
Дауасыз темір түйін шешілмеген.  
Шалқыған шалқар көлде аққу едік,  
Кез болды бұл секілді кесір неден.  
Барлықты барымта алған бұл бір уақыт,  
Талғамай табылғанды жесін деген.  
 
Қыс түсті октябрьдің он бесінде, 
Ендігі ел ол сұмдықты көрмесін де.  
Алты айлық ақ сирақ жұт тегіс болды,  
Құдайым хан-қараңды тергесін бе... [18]. 
 
     Қыстағы  жұттан  малы  қырылып,  жаздағы  қуаңшылықтан  егіні  шықпай 
сорпасы сорға төгілген сорлы халықтың басындағы нәубетті ақын қабырғасына 
қайғыдан  қан  илене  отырып  суреттейді.  Ақынды  бұл  шығарманы  жазуға 
итермелеген  де  осы  ауыр  қасірет  еді.  Себебі,  Әбіқай  бұл  нәубетті  сырттан 
бақылаушы  емес,  сол  нәубетті  басынан  кешірген  адам.  Адам  ретінде 
ашаршылық  зұлматы  басына  бір  түссе,  ақын  ретіндегі  қасірет-қайғысы  одан 
мың  есе  ауыр  еді.  “Елдің  табанына  кірген  шөңге,  маңдайыма  кірсін”  дейтін 
ақынға  өзі  көрген  ауыртпашылықтан  көрі,  ел  басындағы  ауыр  жағдай  қатты 
батқаны  анық.  Бұл  оның  поэмасының  өн  бойынан  айқын  аңғарылады. 
Сондықтан да ақын:  
 
 
 
 
...Болдыру алыс емес, болып болдық,  
Айтпаймын албырттықпен өлең бар деп.  
Жылы сөз, рахым көзбен қарамады, 
Шыққан ел қыстан аман бізді жан деп.  
Тентіреп Торғай жұрты босып кетті, 
Тыңдаңдар өлең емес, мұны зар деп, – 
 
деп шығармасын өлең ретінде емес, зар ретінде тыңдауды сұрайды: 

 
43 
 
...Мешіннің қысы өтіп, жазын көрдік, 
Көп малдың жұттан қалған азын көрдік.  
Мал айдап, жал шайнаған бәрі де өтіп,  
Кедейлік замананың сазын көрдік.  
Кер кетіп, кейін қарап бара жатыр,  
Еш нәрсе көрінбей тұр әзір жөндік... 
 
...Сауын жоқ жазға қарай қарын ашты, 
Сырдағы, қырдағы ілік бәрі қашты.  
Аштықтан ажарлы жан көре алмадық, 
Бетіне қақ тұрмаған кәрі-жасты.  
Бағын мал, барар жер жоқ қайтеміз деп,  
Үміт қып, егін егіп тұқым шашты.  
Торғайдың торабына егін шықпай,  
Жұттан жұт бетер болып тағы ұласты.  
 
...Тамақ аш, бой жалаңаш жұрттың бәрі, 
Төгілді-ау кедейліктен ұлттың ары... 
 
...Аштықта жұрт жемеген шөп қалмады, 
Нәсілі адам болса тоқталмады.  
Табылды талай жерде жақсылардың,  
Тарыны кебегімен жеп салғаны... 
 
...Тапқанды талғамады тамақ аштық, 
Кигізді тері шекпен жалаңаштық.  
Қарындас қайрылмастай туды нәубет, 
Ғарасат майданындай қара бастық.  
Ұлға ата, қызға ана қарамады, 
Жалпақ жұт болғаннан соң заман аштық... [18]. 
 
Міне,  сізге  ұжымдастыру!  Қазан  төңкерісінің  шұғыласы!  Сәулелі 
социализм  мен  керемет  коммунизм!  Ішкі  Ресейде  ашаршылық  басталғанда 
Арал  балықшыларына  сәлем  жолдап,  үндеу  тастаған  “кемеңгер  күн  көсем” 
Торғайдағы  аштық  түнегіне  “нұрын”  шашпады.  Қазақстанда  да  бұл  аштық 
туралы  біреу  білсе,  біреу  білмейді.  Ежелден  төрт  түлікті  төресіндей  көрген 
қазақ  халқы  үшін  тіршіліктің  қайнар  көзі,  құт-берекесі  де  мал  шаруашылығы 
деп білген ақын төрт түлікті аңсайды. Ашаршылықтың зардаптарын жан-жақты 
ашып көрсетуде бұл өте тиімді тәсіл болып шыққан:  
 
...Бұрынғы қой-қозы жоқ маңыраған, 
Кешкілік мәре-сәре жамыраған.  
Атақты ауылдарда қара қалмай,  
Аңқиып ақ боз үй тұр қаңыраған... 

 
44 
 
...Шұрқырап жылқы қайда кісінеген, 
Алланың кім ақылдас ісіменен. 
Мінгені ат орнына аяқ, таяқ, 
Талай ер тұлпар тұтып кісі деген.  
Тақымы тұғыр атқа тимегенді,  
Көндірді құдіреттің ісі деген... 
 
...Алшаңдар інген қайда ыңқылдаған,  
Аққудай ботасы үйде сұңқылдаған.  
Сәуірде дәуір, дәурен көруші едік, 
Мәні жоқ мезгіл болды дымқылдаған.  
Торғайға тор жайғандай кездескен шақ, 
Толықсып тоны да жоқ жыртылмаған... 
 
...Өретін сиыр қайда таңмен азан, 
Дыбысы көрінетін бұрын мазаң. 
Ірімшік, қаймақ, қатық сиырда екен, 
Шаршадың шалап  татпай міне сазаң... [18]. 
 
Ақынның  ашаршылықты  суреттеуде,  поэманың  негізгі  идеясын  беруде 
“Ақтабан  шұбырынды,  Алқакөл  сұлама”  кезеңін  еске  түсіретін  Қожаберген 
жырау үлгісіндегі тәсілі де тиімді пайдаланылған: 
  
...Тап болды мешін деген қайдан заман, 
Ешкімге тиген-ақ жоқ пайдаң заман.  
Көз тойған көңіл тоқтап келелі мал, 
Артыңа бір қарамай кеткенің бе, 
Тұтамдап, тұтанбаған байдан жаман.  
Көзіме өткен күндер елестейсің, 
Саны жоқ сауық еткен сайран заман.  
Түстей боп өңде көрген кеткенің бе, 
Қайрылмай қалыбыңа қайран заман... [18]. 
 
Міне,  поэманың  негізгі  идеясы  осы  шумақта  жатыр.  Ақын  бұрынғы  еркін 
заманын аңсайды. Расында да кеңес заманынан гөрі отаршыл ақ патша заманы 
қазақ  үшін  салыстырмалы  түрде  еркіндеу  болғандығы  жасырын  емес.  Ақын 
поэмасының астарындағы “Тас мешін” – кеңес өкіметінің бейнесі. “Тап болды 
мешін деген қайдан заман, Ешкімге тиген-ақ жоқ пайдаң заман” деген жолдарда 
бүткіл  поэманы  түйіні,  идеялық  мәні  жатыр.  Ақын  ашаршылықты  суреттей 
келіп,  оны  бұрынғы  заманымен  салыстырады,  артықшылықтарын  көрсетеді. 
Кеңес  өкіметі  орнағаннан    кейінгі  қазақтың  күнін,  отырықшылық  өмірді 
былайша бейнелейді:  
 
...Бұрынғы, өткен шіркін заманым-ай, 

 
45 
Бір жылда қалдық көшпей, қамалып-ай.  
Отырды ел жар жағалап, су сағалап, 
Жайлауға шығатындар саналып-ай. 
Көзіңе сар қымыздай көрініп тұр,  
Шөпшіден ішпейтұғын шалабың-ай. 
Жер жыртып, балық аулап, егін салу, 
Жоқтыққа тауып тұрған амалың-ай, 
Таршылық бұл заманда аштан өлмеу,  
Талпынған берсін алла талабыңа-ай... [18]. 
 
     Ақын  поэмасының  “екінші  толғау”  атты  бөлімінде  “Тас  мешін  заман”  – 
кеңес заманынан қорлық көрген ерлердің жағдайы сөз болады: 
 
...Екінші бір толғау өлең ерлерім, 
Көңіл болып тарқар ма екен шерлерің.  
Қараң заман қараңғыдай қинаған, 
Ой, дариғай кебер ме екен терлерің... 
 
...Тар заманда талай көлдер шөл болып, 
Қор болдық-ау көр таба алмай кірерге... 
 
      Ақынның  “Тас  мешін  заман”,  “Қараң  заман”,  “Тар  заман”  сөздерінен  зар 
заман ақындарының сарыны сезіледі.  
      Академик  Мұхтар  Әуезов  1927  жылы  жарық  көрген  “Әдебиет  тарихы” 
еңбегінде  зар  заман  ағымын  жан-жақты  талдай  келіп,  зар  заман  әдебиетін  екі 
кезеңге  бөліп,  оның  алғашқысына  Асанқайғы,  Бұқар  жырау,  Махамбеттерді, 
екінші кезең өкілдеріне Шортанбай, Мұрат, Дулат, Нармамбет, т.б. жатқызады. 
Олардың алғашқылары “қазақ жайлаған сахараның бір шетінен шыққан шоқтай 
бұлтты  көріп,  соның  белгісінен  шошып,  содан  келетін  бәле  қандай  екенін 
болжам, тұспал қылып айтатын” [19, 212 б.]. 
 
...Ұлы, қызың орысқа бодан болып, 
Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер... 
 
 
 
 
 
 
(Асанқайғы) [20, 117 б.]. 
 
...Өзі сары, көзі көк, 
Орыстар келер ғалым боп. 
Әулиедей көрінер, 
Діндарынның аты поп... 
...Орыстарды пір тұтқан, 
Сорлы болған қазағым.  
Тартарсың сонда жазаңды-ай... 
 
 
 
 
 
    (Бұқар жырау) [20, 150 б.]. 
 

 
46 
      Соңғы  ақындардың  заманында  сол  бұлт  бір  есептен  қазақ  үстінен  соғып 
өтті.  Сондықтан  бұл  ақындар  баяғыдай  шыққан  бұлтты  сөз  қылмай,  содан 
түскен  бұршақты,  үй  жыққан  дауылды,  мал  ықтырған  соққыңды  сөз  қылды. 
Дала  жайлаған  елдің  өмірінде  бұлттан  түскен  қаза  мен  дерт  қандай  болды, 
соларды айтып күңіренетін болды [19, 213 б.]. 
...Мынау ақырзаманда, 
Алуан, алуан жан шықты. 
Арам, араз хан шықты, 
Қайыры жоқ бай шықты... 
 
 
 
 
 
(Шортанбай) [20, 194 б.]. 
 
...Мұның өзі зар заман, 
Зарлығының белгісі 
Ұл сыйламас атасын. 
Арам сідік болған соң 
Атасы бермес батасын. 
Қазы, болыс, хан қойды, 
Некесіз туған шатасын... 
 
 
 
 
 
(Шортанбай) [20, 195 б.]. 
 
...Мынау азған заманда, 
Қарасы – антқор, ханы – арам. 
Батыры көксер бас аман.  
Бозбаласы – бошалаң, 
Қырсығы туды қыз балаң. 
Нары – жалқау, кер табан, 
Құсы – күйшіл, ат – шабан. 
Жырғалаң жоқ, жобалаң, 
Ебі кеткен ел болды... 
 
 
 
 
 
(Дулат) [20, 177 б.]. 
 
...Еділді тартып алғаны, 
Етекке қолды салғаны. 
Жайықты тартып алғаны, 
Жағаға қолды салғаны. 
Ойылды тартып алғаны, 
Ойындағысы болғаны... 
 
 
 
 
 
(Мұрат) [20, 241 б.]. 
 
...Замана қайтіп түзелсін – 
Қоңсыдан туған би болды... 
...Қара кісі хан болды... 
...Замананың адамы, 
Заманың мұндай сұм болды... 
 
 
 
 
 
(Мұрат) [20, 241 б.]. 

 
47 
 
     Зар 
заманның  алғашқы  кезеңіндегі  Асанқайғы,  Бұқар  жыраулар 
отаршылдықты  болжап  айтса,  одан  кейінгі  Дулат,  Шортанбай,  Мұрат  сияқты 
ақындар  отаршылдық  саясаттың  жүріп  жатқан  кезін  бейнелейді.  Ал,  ХХ 
ғасырдың  басындағы  зар  заман  сарынын  өз  шығармаларына  арқау  еткен 
ақындар  сол  отаршылдықтың  зардаптарын  сөз  етеді.  Яғни,  М.  Әуезов  тілімен 
айтқанда жауған бұлттың сарқынды суының жайылып жатып алуын, ол судың 
үйдің  іргесін  кеулеп  үңгіп,  мүжуін,  сасып-борсып  айналасын  шіріткенін 
айтады. Біз Әбіқай ақынды соңғы үшінші топтағы ақындар қатарына қосамыз.  
     Әбіқай  ақынның  “Тас  мешін”  поэмасында  ұлт-азаттық  ой  ұшқындары  да 
көрінеді. Кеңес заманында, әсіресе жиырмасыншы жылдарда мұндай ой қозғау 
екінің бірінің қолынан келе бермегендігін де айта кеткіміз келеді. Ақын баяғы 
заманның аңсап қана қоймайды. Ақынның арманы еркіндіктегі “Жаз заман”: 
 
...Есіл ерлер есін жиып ел болып, 
Ой, дариға-ай, қонысына қонар ма... 
...Күн көретін кедей байға асылып, 
Бай қалмады, бәрі қалды басылып.  
Жарқыраған жаз заманың туар ма, 
Ой, дариға-ай, қара тұман ашылып... [18]. 
 
      Бұрынғы “дариға дәуренін” аңсаған ақын әр шумақтың соңғы тармағын “ой, 
дариға-ай!” деген күрсініспен аяқтап отырады. Сырттай қарағанда ақын баяғы 
көшпелі  өмірді  насихаттап  отырған  сияқты  көрінеді.  Ақынды  да  түсінуге 
болады.  Ескіше  ғана  сауатты,  ақ  патшаның  қанауын  бір  көріп,  1916  жылғы 
“маусым жарлығын” бір көріп, 1917 жылғы дүрбелеңнен кейін үміті енді жана 
ма деген уақытта сенген кеңес өкіметінің елді отырықшыландырудағы шалағай 
саясат    пен  ел  бастаған  атқамінер  азаматтардың  түрмеге  қамалып,  қорлық-
зорлық  көруі  –  осының  бәрі  сұрқия  саясаттың  түпкі  мақсатын  сезе  білген 
сұңғыла ақынға  өткен еркін заманын аңсап қиялдаудан басқа жол ұсынбайды. 
Ақынды регрессивті ойларға жетелеп, кертартпа етіп көрсететін де осы жайлар. 
Қазақтың өткен көшпелі өмірін суреттей келіп:  
 
...Өткен қызық, түгесе алман бәріңді, 
Дүние шіркін, көрдік кең мен тарыңды.  
Мешін, малды алғаныңмен бара бер, 
Жаббар ием, ала көрме арымды [18], –  
 
дейді  ақын.  “Жаным-арымның  садағасы”,  –  дейтін  қазақ  үшін  ар-намысынан 
қымбат  нәрсе  жоқ.  Сол  себепті  де  ақын  қазақтың  ары  жоғалмаса  екен  деп 
тілейді. 
 
...Азаматтан алды алдымен сәнімді, 
Қинады ғой одан кейін жанымды.  
Іштегі шер шіреп бара жатқан соң, 

 
48 
Ауыздан сөз шықты оттай жалынды. 
Айтып өттік, өткен дәуір мәлім-ді.  
Азайтты ғой нашарлатып әліңді. 
Қайран күнім қара қомға қалып тұр, 
Тоқпақтайын үзіп тастап жалыңды [18], –  
 
деп “азаматтың сәнін алып, елдің жанын қинаған мешін заманның салдарынан 
іштегі шері шіреп бара жатқан соң аузынан жалынды оттай сөз шығарған ақын” 
халқын  жұбатып,  төзімділікке,  еңсесін  көтеріп,  қамығып  күрсінбеуге 
шақырады. Ақын: 
 
...Қалың жұртым, шаппай, желмей дамығып, 
Көңіл көтер, күрсінбеңіз, қамығып.  
Болған іске болаттай бол деген бар, 
Тұлпар ерлер, жабы болма жабығып! 
 
Жоқ бұрынғы көңілдегі нысана, 
Ем қылыңыз іштегі дерт-құсаға. 
Терің сатып қызмет ет миллетке, 
Ақсұңқарлар жапалаққа ұқсама! – 
дей келіп, 
...Жоқтың назын жер көтерер деген бар, 
Жанды қина – насихаттап жастарға! – 
 
деп  жастарды  миллет  үшін  жанды  қинап  қызмет  етуге  насихаттап  поэмасын 
аяқтайды.  
      Ақынның  шығармаларын  талдай  отырып,  оның  көркемдік  қуатының 
құндылығын,  өлеңдерінің  құрылысындағы  ерекшеліктерін,  әсіресе  ұйқас 
құраудағы,  аллитерация,  ассонанстарды  қолданудағы  шеберлігін  аңғармау 
мүмкін емес. Халық жазушысы Сырбай Мәуленовтің: 
 
...Әбіқай от-жалындай қызулы адам, 
Сөз келсе сыпайы боп сызылмаған. 
Үнемі отыратын өлең жазып,  
Ұйқасы балталаса бұзылмаған [21], –  
 
деуі  тегін  емес.  Әбіқай  ақын  өз  ұстаздары  Жұмабай,  Сейдахмет,  Есенжол 
ақындар сияқты өлеңді киелі, құдіретті өнер санап, қатты қастерлеп өткен. Өз 
ақындығы заманында ешкімнен кем болмаса да, ұлы Абай өлеңдерін оқығаннан 
кейін өлең жазуды қойып, қағаз-қаламды тастауы  – өнердегі шын мәрттік еді. 
Ақынның “Абайды оқығанда” өлеңіне көз жүгіртелік:  
 
...Өмірде кез болғанды талай ақын, 
Солардың бәрінен де Абай ақын.  
Білмедім не құдірет сөздерінде, 

 
49 
Жаныма бола қалдың қалай жақын.  
 
Табармын сенен өткір сөзді қайдан,  
Ой жүйрік томаға көз құралайдан. 
Келтірмес сөз нақышын дәл өзіңдей, 
Басқа жан жаратушы бір құдайдан.  
Кәусардай шыққан алыс бал бұлақтан, 
Жанымды жадыраттың қалғып жатқан.  
Ойымды өнер таптым деген менің, 
Аңғарға кеттің алып тар жұмақтан.  
Кетпеске бір жолыңды ұмыт тастап, 
Оқимын таңға дейін ымырт бастап. 
Сөз қуып, сүрең болған мен сорлыны, 
Кетті ғой, сен келген соң үміт тастап.  
 
Өзімді жерде, Абайды көкте көрем, 
Талас жоқ шын ақынға өрен дарын, 
Өлеңге енді қайтып өкпелемен [3, 58 б.]. 
 
      “Ұлылықты  мойындаудың  өзі  –  ұлылық”  –  деген  халық  даналығы 
осындайда  айтылса  керек-ті.  Әбіқай  ақынның  1932  жылы  қайтыс  болғанын 
ескерсек,  Абайды  алғаш  танушылардың  бірі  де  Әбіқай  болғандығын 
байқаймыз.  Абайды  танушылардың  басы,  “Қазақтың  бас  ақыны”  атты  мақала 
жазған Алаштың рухани көсем Ахмет Байтұрсынұлы мен тұңғыш рет  Семейде 
Абай  кешін  өткізген  Нәзипа  Құлжанова  Әбіқайдың  тек  жерлестері  ғана  емес, 
рухани байланыс жасап тұрған, аралас-құралас болған пікірлестері де еді.  
      Ақынның поэзияны, ақындық өнерді қадір тұтқандығы мына бір өлеңінен де 
аңғарылады:  
 
...Өлең деген жебелі оқ, 
Нысанадан бір өтер. 
Сөз ұғар жан деме жоқ, 
Бұлдана берме құр бекер.  
Ақындық деген алыс жол, 
Жалынсыз жүрек дір етер. 
Жаныңды жайлар, жүдетер, 
Қорықсаң қума, құл етер... [3, 62 б.]. 
 
     Абай  өлеңін  оқығаннан  кейін  өлеңді  қойған  ақын,  Абай  дәстүрімен  “Өлең 
туралы ойлар” деп аталатын қарасөз жазған. Бұл қарасөзді өлең туралы шағын 
ғылыми мақала десек те болғандай.  
      “Елуге  келгенше  есіміз  кірмепті.  Абай  өлеңдерін  оқыдым.  Егер  дүниеде 
Абайдай алымды да, ақылды ақын барын білсем, қалам ұстамаған болар едім, – 
деп бастайды ақын қарасөзінде. Ендігі тіршілікте өзім жетер, сөзім жетер жерге 
Абай  өлеңдерінің  шыны  мен  сырын  уағыздай  алсам,  өзімді  армансызбын  дер 

 
50 
едім.  Абай  өлеңнің  тәңірісі  екен.  Біздікі  –  пендешілік.  Енді  менен  өлең 
күтпеңдер...” [21].  
     Әбіқай  ақынның  өлең  туралы  эстетикалық  ойлары  ғылыммен  қабысып 
жатыр десек, қателеспейміз.  
      “Жақсы өлеңнің жұртқа жаяр жаршысы да, аршысы да – әдемі әні ғой. Қазақ 
үшін  әні жоқ өлең  сәні  жоқ  сауда  мүлкі  тәрізді.  Шіркін, өлеңді өнер деп  ұғар 
ұрпақты көрсем! Өлеңнің сараң жолдарындағы сан қилы тәтті де, ащы ойларды 
таразыға тартар азамат бесікте ме екен, әлде есікте ме екен?! Өлеңді мәпелер, 
өлеңнің  өз  бағасын  әперер  өрен  туса  екен?!”,  –  деген  ақынның  арман-аңсары 
орындалып,  оның  шәкірттері  халық  ақыны  Нұрхан  Ахметбеков  пен  Қайнекей 
Жармағамбетовтер  қазақ  поэзиясына  зор  үлес  қосты.  Ақынның  жоғарыда 
өлеңнің  әні деп отырғаны – өлеңнің әуезділігі. Ақынның бұл тараптағы ойлары 
әдебиеттанушы  ғалымдар  мен  поэзияны  зерттеушілер  пікірімен  сабақтасып 
жатқандығын сол ғалымдардың поэзия туралы еңбектерімен салыстыра отырып 
байқауымызға болады.  
       Поэзияның  көркемдік  әлемінің  сыры  мен  сипаты  туралы  сонау 
Аристотельден  бастап  әркім  әртүрлі  айтып  келе  жатыр.  Солардың  ішіндегі 
Пушкиннің  біреу  біліп,  біреу  біле  бермейтін  мына  ойларында  поэзияның 
формуласы жатқан сияқты. 
... Ищу союза, 
Волшебных звуков, 
чувств и дум. 
Шындығында  да  өлең  дегеннің  өзі  осы  үш  бірліктен  –  сезім  мен  ойдың  және 
қырлы дыбыстардың үйлесім-үндестігінен меруерттей мөлтілдеп түзілмей ме?! 
Пушкиннің  “Сиқырлы  дыбыстар”  деген  сөзінің  төркінінде  сөздің  музыкалық 
жарасымы,  ырғақ  пен  ұйқас  үйлесімділігі  сияқты  сабақтастық  қойындасып 
жатқан жоқ па? 
     Белгілі совет ақыны, поэзиядағы философиялық-интеллектуальдық ағымның 
көрнекті  өкілі,  ауызға  көп  алына  бермейтін  Николай Заболоцкий өлеңді ұстап 
тұратын  үш  таған  бар  деп  жазады.  Атап  айтқанда  олары:  “Ой,  Образ  және 
Музыка”.  Ақын  бұл  тұста  “мусикос”  –  музыка  деген  грек  сөзін  түпкі  түбірі 
гармония мағынасында қолданып отыр. Ақынның өзі оны қысқартып, шартты 
түрде жазуды жақсы көрген. Яғни, М – О – М (мысль – образ – музыка). Оның 
айтуынша, осы үш таған бар жерде қашан да поэзия бар [17, 112-113 б.]. 
     А.  А.  Потебня  сөзден  үш  түрлі  сипатты  көреді:  біріншісі  –  мән-мазмұны, 
екіншісі – ішкі құрылысы, үшіншісі – дыбыстық жағы, естілуі [23, 5 б.].  
      Әдебиет 
тілі 
әуендік 
образға, 
философиялық-символикалық 
шарттылықтарға,  метрикаға,  аллитерацияға  құрылады.  Поэзия  тілі  көркем 
мағына мен ассоциациялық-эстетикалық байланыстар жүйесіне, стильдік бояу-
нақыштар мен музыкалы үнге құрылады [24, 38-44 б.].  
      Көркем  сөз  –  адамның  рухани  қызметінің  ерекше  саласы.  Шындықты, 
болмысты  образды-эстетикалық  тұрғыда  игерудің  айрықша  көрінісі.  Келісті 
көркем  образдың  ішкі  сұлулығы,  ішкі  қуаты,  бейнелілігі  (ырғақтылығы, 
симметриялылығы, гармониялылығы мен үндестігі) тағы бар [23, 6 б.].  

 
51 
      Поэзияның 
гармониясы,  тілі,  образдық-музыкалық  кестесі  туралы 
Аристотель,  Лукрецкий,  Гораций,  батыс  Еуропа  классиктерінің  өкілдері    Н. 
Буало, Скампер, Антонио Минтурио, Людовико Кастельветро, Торквато Тассо, 
Филлип  Сидин,  Бенжамин,  Франсуа  Малерб,  Мартин  Опиц  тағы  басқа 
оқымыстылардың ой-толғамдары бар [23, 7 б.].  
       Поэзия  адамның  еркін  сөзімен  берілетіндіктен,  онда  үн  де,  сурет  те  және 
байымды,  айқын  айтылған  түсінік  те  болмақ.  Ол  тәтті  түйсігімен  бүкіл 
жүйемізді  тебірентетін  музыкалы  пьесадан  аумайды.  Әрине,  лирикалық 
шығарма  музыкалы  шығармамен  бір  емес,  алайда  олардың  негізгі  асылында 
жалпы  ұқсастық  бар,  –  дейді  В.  Г.  Белинский  “Поэзияны  тегіне  және  түріне 
қарай бөлу” атты еңбегінде [25, 49-50 б.].  
     Шығыстың  ұлы  ойшылы  Әбу  Насыр  әл-Фарабидің  араб  поэзиясының 
теориялық мәселелеріне арналған “Өлең өнері” трактаты мен грек поэзиясының 
жанрларына,  терминдері  мен  өлең  өлшемдеріне  арналған  “Өлең  өнерінің 
қағидалары туралы” трактатында да поэзиядағы үн, әуен, ырғақ мәселелері сөз 
болады [26, 27 б.].  
     А.  Байтұрсынұлы  “Әдебиет  танытқыш”  еңбегінде  қарасөз,  өлең  сөз,  көсем 
сөз,  дарынды  сөз  қасиеттерін,  тек-төркінін  аша  келе,  қара  өлең  мен  жырдың 
айырмасын былайша ажыратады: а) әні басым, мәні кем, ажары аз өлең – қара 
өлең; ә) әні кем, мәні мол, ажарлы өлең – жыр [4, 187 б.].  
      Ертедегі  қазақ  өлеңдерінің  қай  түрі  болсын  әнге  келеді.  Баяу  желдірме, 
шырқама  әнмен  айтылады,  оқылады.  Әсіресе,  қара  өлең  шырқамалы,  ырғақты 
әнмен  айтылады.  Қазақ  біреу  ән  шырқап  отырса,  оны  ән  айтып  отыр  демей, 
өлең айтып отыр деген. Жұрт біреуге ән айтшы демей, өлең айтшы деп өтінген: 
өлең, ән айта білетін кісіні әнші демей, көбінше, өлеңші ақын деген [16, 81-82 
б.].  
      Өлең сөз адамға өзінің ішкі мазмұнымен, суреттілігімен, бейнелілік мәнімен 
ғана  емес,  айтылу  қалпы,  әсем  үнділігімен  де  әсер  етеді.  Сөздің  ұғым-түсінік 
беретін мәнін, бейнелі мағынасын оның өлеңдегі ырғақ-үнділігі, әуезділігі сан 
түрлі рең беріп толықтыра түседі. Тіпті өлеңдегі сөйлеп айтпай, іштей оқығанда 
да,  оның  үні,  әуезділігі,  ырғақ-интонациясы,  үйлесімі  адам  жанына  қалай  да 
әсерін тигізбей қоймайды [28, 136 б.]. 
      Міне, 
сонау  антикалық  дәуірдегі  Аристотельден  бастап,  біздің 
заманымыздағы академик Зәки Ахметовке дейінгі аралықтағы поэзиядағы әуен, 
әуезділік турасында айтқан  ғұламалар пікірінен Әбіқай ақын пікірі  де алшақ 
емес, сабақтасып жатыр.  
     Әбіқай  ақынның  “Өлең  туралы  ойлар”  қарасөзіндегі  тағы  бір  құнды  пікірі 
ұйқас төңірегінде: 
     “Өлең  көркі  –  ұйқасы.  Ұйқассыз  өлең  болмайды.  Өлеңнің  түбірі  төрт  жол, 
сол төрт жолдың мағынасы бір-бірімен қабысып келуі шарт. Ол қабыспаса өлең 
емес.  Абайдың  “бөтен  сөзбен  былғанса  сөз  арасы,  ол  ақынның  білімсіз 
бейшарасы” дейтіні де осы. Өлең ұйқасып келуі керек.  
     Бір  буынды  ұйқас  –  өлі  туған  төл.  Ол  кісінің  құлағында  қонбайды.  Ондай 
өлеңнің көкжасығы кімнің мейірін қандырады. Иесі ақын болып та оңбайды.  

 
52 
     Екі  буынды  ұйқас  –  қаңқасы  қалған  көтерем.  Қанша  мәпелесең  де  мал 
болмайды. Көтеремде көрік бола ма? 
     Үш  буынды  ұйқас  –  жарау  өлең,  жақсы  өлең,  ұшқыр  өлең  көркі.  Шіркін, 
мұндай өлеңнің іші де сұлу келсе екен дейсің. Әйтпесе, сырт сипатына мін таба 
алмайсың.  
      Төрт  буынды  ұйқас  –  балталасаң  бұзылмайтын,  көкейіңнен  сызылмайтын 
ойлы өлеңнің көркі. Қазақтың қара өлеңі үшін жаралған ұйқас осы – төрт буын. 
Онсыз  ұзақ  жолды,  шұбыртпалы  ұйқасты  өлеңіміз  ыдырап,  іріп,  өлеңдік 
қасиетінен айрылып қалады.  
      Бес буынды ұйқас – өлең үшін шарт емес. Еркін ақын бес буынды еркелетем 
десе,  кім  кінәлайды  дейсің.  Ондай  ұйқасты  Абайдың  “Сегізаяғынан”  көрдім” 
[21].  
      Әбіқай  ақынның  шәкірттеріне  –  Нұрхан  Ахметбеков  пен  өз  баласы 
Ахметқанға айтқан ақындық туралы өсиеті де назар аударарлық: “Өлеңді өнер 
деп танысаң, басың қанжығада кетсе де шындықты айт. Малы барды мадақтап, 
мазақ  болма!  Байларды  дәріптесем  мені  де  халқым  сыйламаған  болар  еді.  Ел 
сыйлағанды  ғана  сыйлайды.  Ақын  сыншысы  –  елі,  еліңнің  жүрегіне  жете  біл! 
Абайға  жетуді  армандаңдар.  Басқа  жол  тапсаңдар  тіпті  керемет!  Мұратқа 
әкеден  қалған  мал-мүлік  жеткізбейді,  ақыл  мен  арман  жеткізеді.  Құс  та 
талпынбаса ұша алмайды. Ізденіңдер,  тер төгіңдер!” [21].  
     Әбіқай  ақынның  тапқыр,  шешендік  сөздері  мен  нақыл  сөздері  өзінше  бір 
сала.  Әттең,  осы  шешендік  сөздері  кезінде  әркімнің  жұлмалауында  кетті. 
Әбіқайдың  осы  тараптағы  бір  әңгімесі  Қ.  Ысқақовтың  “Ақсу  –  жер  жаннаты” 
романының бір кейіпкерінің аузында да жүр [29, 330 б.].  
      Әбіқайдың  шешендік,  нақыл  сөздері  С.  Кенжеахметовтің  жинастыруымен 
мерзімді  баспасөз  беттерінде  жарық  көрді.  Ал,  жалпы  шығармаларынан  кеңес 
заманында жарияланған жалғыз шығармасы – “Тас мешін” поэмасы. Оның өзі 
кеңес  өкіметінің  құлайтын  кезеңінде  1990  жылы  28  қыркүйекте  “Қазақ 
әдебиеті”  газетінде  жарық  көрді.  Әбіқай  Нұртазаұлының  шығармаларын 
жинаушы,  әрі  ақынның  шәкірті  Қайнекей  Жармағамбетов  оның  жинағын 
шығаруға    қанша  талаптанса  да  кеңестік  идеология  мен  цензураның  кесірінен 
шығара  алмаған  екен.  Торғайдағы  ақындық  мектепті  қалыптастырушылардың 
бірі  Әбіқай  Нұртазаұлының  шығармалары  да  баспа  бетін  көріп,  ХХ  ғасыр 
басындағы қазақ әдебиеті тарихынан орын алары сөзсіз.  
 

 
53 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет