Торғай ақындарының



Pdf көрінісі
бет5/7
Дата26.01.2017
өлшемі0,79 Mb.
#2761
1   2   3   4   5   6   7

ҮШІНШІ ТАРАУ   
Көркемдік дәстүр жалғастығы 
 
  ХХ  ғасырдың  басында ұлт мүддесін ойлап, Ресей  империясының отарында 
отырған  Қазақ  елін  бодандық  бұғау  мен  тәуелді  тұсаудан  құтқару  жолында 
ойын  онға,  санасын  санға  бөлген  қазақ  зиялыларының  қалыптасқаны  мәлім. 
Олар "Алаш" партиясы болып ұйымдасқан болатын. Қазақ ғылымының негізін 
қалап,  жан-жақты  өрістеткен  бұл  қозғалыстың  негізгі  мақсаты  "арбаны  да 
сындырмай,  өгізді  де  өлтірмей",  кеңестік  империяның  құрығынан  қазақ  елін 
алып  шығып  тәуелсіз  мемлекет  құру  еді.  Алайда,  "мұртты  көсем"  басқарған 
кеңес өкіметі бұл қозғалыстың тамырына балта шауып, ғұмырын келте қылды. 
Ұлтымыздың мыңдаған аяулы боздақтары Сталиндік репрессияда қуғын-сүргін 
көріп,  атылғаны  атылып,  тірі  қалғандары  өмірінің  соңына  дейін  кеңес  өкіметі 
үшін  "ақ  қарға"  болып,  жәбір  көріп,  жапа  шекті.  Олардың  ел  үшін,  ұлт  үшін 
еткен  еңбектерін,  шығармашылығын  сөз  ету  былай  тұрсын,  есімдерін  атауға 
тыйым салынды.  
Тарихымыздың  ақтаңдақ  беттерін  қайтадан  аршып,  күні  кешеге  дейін 
"халық  жауы"  атанып  келген  алаш  арыстары  есімдерінің  қайта  оралуы 
тәуелсіздік  алуымызбен  тұспа-тұс  келді.  Дегенмен  де,  30-жылдар  ойранында 
жазықсыз  жазаланған  көптеген  тұлғалар  ақталып,  қара  күйеден  арылса  да, 
тарихтан өз орнын алып, толық танылмай жүргені жасырын емес. 
       1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен кейінгі ірі оқиғалардың             бірі – 
торғайлықтардың  "Алаш"  партиясы  мен  "Алашорда"  қозғалысына  қатысуы. 
1917  жылдың  қарашаның  14-інде  Орынборда  "Алаш"  партиясының  ең  үлкен 
орталығының  бірі  –  Торғай  облыстық  комитетін  құрды.  Оның  төрағасы  Ә. 
Бөкейханов,  басшылығында  А.  Байтұрсынов,    М.  Дулатов,  А.  Бірімжанов,  С. 
Қадірбаев, Б. Қаралдин тағы басқа азаматтар белсене жұмыс істеді. 1918 жылы 
алашордашылар Торғайда Совет өкіметін құлатты. Қазір "Алаш" партиясы мен 
автономиясының қызметіне жан-жақты баға беріліп, әділеттілігі айтылуда. Рас 
оның  қателіктері  де,  кемшіліктері  де  болды.  Бірақ  "Алаш"  жетекшілерінің 
мақсаты  мен  мұраты  –  халық  бостандығы  мен  азаттығы  жолындағы  басын 
бәйгеге тіккен күрес еді. Қазақ еліне автономия алу үшін олар әртүрлі бұралаң 
жолға да түсті.  
1919 жылы "Алаш" басшылары мен жауапты қызметкерлеріне            В. И. 
Ленин кешірім жасаса да, олардың соңына Ахаң "қу жақ" деп атаған қанқұйлы 
жендет Голощекин шам алып түсті. Сөйтіп тарихта "Алаш" атын былғап кеткен 
де,  оның  басшыларын  жаппай  азапқа  салып,  қырғынға  ұшыратқан  да  осы 
қарғыс  атқыр  Голощекин  еді.  "Алаш"  партиясының  қызметіне  әділ  бағасы 
берілері  анық.  Қалай  дегенмен  де  ол  ұлт  намысы  мен  елдігі,  егемендігі  үшін 
күрескен үлкен қозғалыс ретінде тарихтан өз орнын алады [44].    
      Алаштың  рухани  көсемі  Ахмет  Байтұрсынұлы,  Міржақып  Дулатұлы 
туған  Торғай  төңірегінде  олардың  идеясын  қуаттап,  қолдаған  Нұрғали  және 
Нәзипа  Құлжановтар,  Ахметсапа  Юсупов  т.б  сияқты  жерлестерінің  арасында 
ақындар  –  Файзолла  Сатыпалдыұлы  мен  Әлмұхаммед  Оспанұлы  да  "Алаш" 

 
75 
ісіне  белсене  араласты.  "Халық  жауы"  ретінде  сотталып,  жер  аударылған  бұл 
ақындардың шығармашылығы алаш идеясын үндейді. 
        Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған 20-жылдардың өзінде:             
Ей, қазағым, жан бауырым туғаным, 
Сенің қамың бала жастан қуғаным. 
Сен бақытты, сен өркенді ел болсаң, 
Болмас еді менің дағы арманым. 
 
Ей, қазағым, кештің тағдыр күрделі, 
Сендей болсын – болса бір ұлт зерделі. 
Құрбандығың болар едім жолыңда, 
Ел болсаң сен өз алдыңа іргелі! [43, 10 б.] –  
деп  жырлаған  қари,  ақын,  Файзолла  Сатыбалдыұлы  1883  жылы  Торғай 
өңіріндегі  белгілі  дінбасы  Сатыбалды  ишан  Ғабдоллаұлының  отбасында 
дүниеге  келген.  Файзолла  Троицкідегі  Ахон  қазірет  медресесінде,  одан  соң 
Бұхарадағы  "Көкілташ"  медресесінде  діни  білімді  меңгеріп,  он  алты  жасында 
құранқарилық  атақ  алған.  Медресені  тамамдағаннан  кейін  1901-1928  жылдар 
аралығында Торғай төңірегінде әртүрлі діни қызметтер атқарған.  
1928  жылы  желтоқсан  айында  "алашордашыл",  "ұлтшыл  ұйым  мүшесі" 
деген  кінә  тағылып,  Қостанайдың  атақты  ақ  түрмесіне  қамалып,  1929  жылы 
сәуір  айында  Алматыға  айдалып,  14  жылға  сотталады.  1929-1935  жылдар 
аралығында 
Қазақстандағы 
Іле, 
Ақтеңіздегі 
Беломорканал, 
Мәскеу 
каналдарында, Новосибирде айдауда болады. 1935 жылы 14 жылдық жаза жер 
аударумен  ауыстырылып,  Татарстан,  Башқұртстан,  Қарағанды,  Солтүстік 
Қазақстан, Ақмола аймақтарында болып, туған жеріне 1946 жылы 63 жасында 
оралады. Өмірінің соңына дейін Алланың ақ жолынан таймаған Файзолла қари 
Сатыбалдыұлы 1959 жылы көз жұмды. 
        Азаттық  жолындағы  күреске  бел  буған  Ахмет  Байтұрсынұлы,  Міржақып 
Дулатұлы,  Ахметсапа  Юсупов,  Ахмет,  Ғазымбек  Бірімжановтар,  Нұрғали, 
Нәзипа Құлжановтар сияқты Торғайдан шыққан Алаш азаматтарының үркердей 
тобында  Файзолланың  да  болғандығы  ақиқат.  Айта  кету  керек,  Файзолланың 
анасы  –    Әйін  Міржақып  Дулатұлының  апасы,  яғни  Файзолла  Міржақыпқа 
жиен болып келеді. Жоғарыдағы пікірімізге бұл бір дәлел болса, Файзолланың 
"Алашордаға қатысы бар", "Ұлтшыл ұйым мүшесі" деген кінәмен қуғын-сүргін 
көруі  –  екінші  дәлел.  Сонымен  бірге,  Файзолла  шығармалары  идея,  тақырып 
жағынан Алаш қайраткерлерімен мақсаттас, мүдделес, үндес. 
        Файзолла  Алаш азаматтарымен айдауда болған жеті жыл ішінде де таныс-
біліс болған. Мәселен, Мағжан Жұмабайұлымен түрмеде бірге отырған. 
        Файзолла  Сатыбалдыұлы  "Алаш"  партиясының  толық  мүшесі  болмаса 
да,  оған  тілектес,  ниеттес  болғандығын,  оның  шығармашылығында  ұстанған 
азаматтық  позициясынан  айқын  аңғарамыз.  Мысалы,  Ахметсапа  Юсуповқа 
жазған хатында: 
 
                     Сәлем де достарыңа бірге жатқан, 
Қамығып, қапаланып шерге батқан. 

 
76 
Қолыңа тисе хатым бәріне де, 
Айтарсың тілектестік ағаң жақтан. 
 
Отырмын қайран таппай ойға қалып, 
Шеше алмай әр нәрсенің басын шалып. 
Айтарсың дұғай сәлем мына менен, 
Ахмет пен Міржақыпқа қолын алып. 
 
Және де Аймауытов Жүсіпбекке, 
Жас өрен Бірімжанов Ғазымбекке. 
Бәріңді аман-есен сақтай көр деп, 
Тапсырдық мінәжат қып құдіретке [43, 30 б.], –  
 
деп  қамауда  жатқан  Алаш  азаматтарының  тілеуін  тілейді.  Файзолла  Алаш 
партиясының 
рухани 
көсемі 
Ахмет 
Байтұрсынұлымен 
Ақтеңіздегі 
"Беломорканалда"  айдауда  бірге  болған.  Екеуінің  арасындағы  жерлестік 
қатынас,  рухтас  достық  қатынасқа  ұласқан.  Ақын  "Ахмет  қайтыс  болды 
дегенде" атты өлеңінде: 
 
                         ...Айрықша артық көрген ғазиз досым, 
Жоқ еді қысқада кек, ұзында өшің. 
Алаштың қамын жеген азамат ең, 
Сүйреген алға қарай қазақ көшін. 
 
Біраз жыл тізе қосып болдық дәмдес, 
Тағдырдың жазғанына кім бар көнбес. 
"Ақынның хаты өлмейді" деген бар ғой, 
Шырағың жағып кеткен жанар, сөнбес. 
 
Ғафу ет, жерлер болса, тілім тиген, 
Шаһбаз дос, құрмет тұтып, жаным сүйген. 
Тілеймін көрмесін деп кейінгі жас, 
Қамытты қиын күнде біздер киген [43, 48 б.], –  
 
деп өз бастарындағы қиындық қамытын кейінгі ұрпақ кимесін деген тілек тілей 
отырып, Ахмет шырағының жанатынына, өздері бастаған істің аяқталатынына, 
өздері аңсап, соның жолында күрескен азаттық күнінің туарына сенім білдіреді. 
Осы өлеңдегі:   
 
...Ақиқат ақ сөйлейтін туар заман, 
Боларын ондай күннің білмес надан, – 
 
деген жолдар да бұл ойымызды дәлелдей түседі. 
        Жалпылай алғанда ақын шығармашылығы өз заманының қайғы-қасіретіне 
толы  болса  да,  онда  ертеңге  деген  сенім,  қазақ  азат  ел  болады,    азаттық 

 
77 
жолында күрескен ерлердің еңбегі ақталып, тарихтан өз орнын  алады, әділетті 
заман  орнайды  деген  оптимистік  көзқарас  басым.  Мәселен  "Міржақыпты 
жоқтау" деген өлеңінде: 
 
Уақыт өтсе оңар бөз, 
Талқан болып тозар жез. 
Дүниеде өлмейді, 
Ғибратты асыл сөз. 
Міржақып пен Ахмет, 
Нақақтан нақақ болды шет. 
Бір уақыттар болғанда, 
Ақталар орнап әділет. 
 
Немесе: 
 
Дүние деген тегеріш, 
Ұмыт болмас келелі іс. 
Замана қазір өзгеріп, 
Тарылып тұр ғой кең өріс. 
 
Қиянат кетпес тоқтаусыз, 
Әділ сөз қалмас құптаусыз. 
Күндердің күні болғанда, 
Міржақып кетпес тоқтаусыз! [43, 49 б.] – 
 
дей  отырып,  бүгінгі  күнді,  яғни  кейінгі  ұрпақтың  жазықсыз  қуғын  көріп, 
әділетсіздіктің  құрбаны  болған  алаш  азаматтарын  ақтап  алатынын  аса 
сезімталдықпен  болжағандай.  Осы  жерде  бір  қызықты  деректі  айта  кеткен 
орынды.  Айтыскер  ақын  Дәулеткерей  Кәпұлы  Файзолланың  "Міржақыпты 
жоқтау"  өлеңін  Монғолияда  4-5  сыныптарда  жатқа    айтқанын  айтады.  Бұл 
өлеңнің Монғолия жеріне бару тарихы беймәлім. 
        Файзолла  ақын  өз  өлеңдерінде  кеңес  өкіметінің  сұрқия  саясатының  бет 
пердесін ашып, ұлттық қалпын, салт пен дінін, тілін сақтап қалу үшін қазақ өз 
алдына дербес ел болу керек деп ұлтына ой салғысы келеді. Кеңес заманында 
Амангелді  Иманов  бастаған  ұлт-азаттық  көтеріліс  деп  аталып  келген  1916 
жылғы Торғайдағы Әбдіғапар хан Жанбосынұлы көтерілісінде көтерілісшілерге 
дем  беріп,  Әбдіғапар  ханның  кеңесшісі  болған  Файзолла  ақынның  көксеген 
мақсаты  –  қазақ  халқының  азаттығы  мен  тәуелсіздігі  болатын.  "Туған  елмен 
қоштасу" өлеңінде ақын былайша толғанады: 
 
... Ай, заман-ай, заман-ай, 
Замананың зауалы-ай. 
Құбылып соққан құйындай, 
Айласы мен амалы-ай. 
 

 
78 
Бір қазақтың баласын, 
Екіге бөліп арасын. 
Қырқыстырып қойғаны-ай, 
Ағызып көзден сорасын. 
 
Ел арасын ашқаны – 
Ескі әдетке басқаны. 
Осылай қылған ежелден, 
Қазақтың барлық дұшпаны. 
 
Бірікпесе ел басы – 
Құрғамайды көз жасы. 
Болмаса екен бір күні, 
Әлдекімнің олжасы. 
 
Ата дәстүр, салт пен дін, 
Осы күні болды мін. 
Мұның бәрі жоғалса, 
Елдігіңде бар ма құн? 
 
Зиялыңды қудалап, 
Қараңғыңды бұйдалап. 
Берекеңді кетірер, 
Қырықпышақ қып қидалап [43, 11 б.]. 
 
           Осы  өлеңде  қазақ  жерінің  талауға  түскенін,  бұл  отаршыл  орыс 
патшасынан басталған саясат екендігін айта отырып, ата-бабадан қалған мұра – 
жерімізді: 
 
...Қорғай алмай сорладық, 
Бәтуәсыз зарладық. 
Ата-баба рухын, 
Аяқ асты етіп қорладық. 
 
Қорлағанның белгісі – 
Әр жаққа тартып әр кісі. 
Аз қазақтың шықты ғой, 
Әңкісі мен тәңкісі – 
 
деп  азаттық  жолындағы  күреске  қазақтың  дәрменсіздігін,  ел  ішіндегі 
алауыздықты, ынтымақ-бірліктің жоқтығын сынайды. 
              Файзолла  жаңадан  орнаған  кеңес  өкіметінің  аңысын  аңдап,  түпкі 
мақсатының астарына үңіле қарап, сұрқия саясаттың сырын ұғып, оны халқына 
түсіндіруге тырысады. 
 

 
79 
Бай, кулак деп бөлгені – 
Зауал күннің келгені. 
Көп үміттің сөнгені, 
Бір сұмдықтың төнгені. 
 
Таланып жайлау, өрісің, 
Тапталып ар мен намысың. 
Аруақ қонып, нар шөккен, 
Ежелгі ата қонысың – 
 
Күннен күнге тарылып, 
Етек-жеңі түріліп, 
Аузымыздан жырылып, 
Келімсектерге телініп – 
 
Ту-талапай болар-ау, 
Түрлі ұлтқа толар-ау, 
Бұқар жырау айтқандай, 
Айламен бәрін алар-ау... 
 
           "Ата-баба  қонысының  тарылып,  келімсектерге  беріліп,  түрлі  ұлтқа 
толатынын" ақын көрегендікпен болжай отырып: 
 
Мөңке биден қалған сөз, 
Кейінгіге болса кез, 
Білер еді шындықты, 
Зерделеп оқып, салса көз [43, 13 б.], –  
 
деп өзінен  бұрынғы  Мөңке бидің,  Бұқар жыраудың  нақыл-өсиеттерін жырына 
дәйек  етеді.  Файзолла  ақын  шығармаларынан  бізге  жеткен  көптеген 
шығармалары  бар.  Атап  айтқанда  "Заман-ай",  "Қалимаға  жазған  хаттар", 
"Шағыну",  "Бұқар  жырау  сиынған  менің  пірім",  "Абай  романын  оқығанда",  " 
Мінажат",  "Әлмұхаммед  молдаға",  "Ахмет  қайтыс  болды  дегенде", 
"Міржақыпты  жоқтау",  "Ақтеңізден  сәлем",  "Өменді  жоқтау",  "Ахметсапа 
Юсуповқа  хат",  "Кәріліктің  келуі",  "Бұл  күнде  қария  болдық  күркілдеген", 
"Жатыпатар",  "Қайдасың  жаны  жайсаң  ақылдылар",  "Қорқамын  адамдардан 
алақұйын" т.б. өлеңдерімен бірге 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліс 
туралы  жазған  "Әбдіғапар  хан",  "Дауылда  ұшқан  жас  қыран"  поэмалары, 
"Өмірбаян"  автобиографиялық  поэмасы,  өзінің  айдаудағы  өмірі  туралы  "Ұзақ 
жол"  поэмасы,  "Тоқымбет  –  Гүләйім"  ғашықтық  дастаны,  1921-22  жылғы 
аштықтағы  халықтың  жағдайы  туралы  "Тасмешін"  поэмасы,  "Адамзат 
шежіресі" атты шежіре-дастаны бар. 
            Ақын  шығармаларының  жариялануына  келсек,  ақынның  "Тоқымбет  – 
Гүләйім" атты кітапшасы Аманкелді ауданында, "Ай, заман-ай, заман-ай!" атты 
кітапшасы  Арқалық  қаласында  басылып  шықты.  Ал  республикалық  деңгейде 

 
80 
1992 жылы "Жалын" баспасынан жарық көрген "Қапаста жазылған хаттар" атты 
жинақта,  әр  жылдары  "Егемен  Қазақстан",  "Халық  кеңесі",  "Қазақ  әдебиеті", 
"Қазақстан  мұғалімі"  газеттерінде,  "Жұлдыз",  "Парасат"  журналдарында 
шығармалары жарияланды [45].  
          Файзолла  Сатыбалдыұлы  араб,  тәжік,  өзбек,  татар,  башқұрт,  орыс 
тілдерін  жетік  білген.  Шығыс  және  орыс  әдебиетімен  жақсы  таныс  болған. 
Қазақ  ауыз  әдебиетінің  үлгілерін,  шешендік  сөздерді,  өзінен  бұрынғы  және 
өзімен  тұстас  ақындардың  ақыл-өсиеттерін,  нақыл  сөздерін  жинастырған 
фольклорист те еді [43, 6 б.]. 
          Төсінде талай тарихтың таңбасы сайрап жатқан Торғай жерінде, бүтіндей 
арқа  өңірінде  Файзолла  Сатыбалдыұлының  есімі  жақсы  таныс.  Өз  дәуірінің 
озық  ойлысы,  замана  құбылысына  көзқарасын  тайға  таңба  басқандай  етіп 
білдіріп отыратын Файзекеңнің жыр-дастандары ел ішінде жатқа айтылады [46, 
107 б.]. 
          
Ақылдылар, тілегім қарғай көрме, 
Алдамшының сөзіне ыңғай берме. 
Түйгенімді өмірден өлең қылдым, 
Айырарсың бір күні, жез бе, зер ме? 
 
Болса да көкірегім алтын көмбе, 
Мен де бір бағы жанбай кеткен пенде. 
Асығыс ғайбаттама не істеген деп, 
Боларсың қысым көрсең мендей сен де. 
 
Дүниеге ойлап тұрсаң адам қонақ, 
Болғанда біреу ұста, біреу олақ. 
Менің де өлеңдерім зармен жазған, 
Күндердің күндерінде болар сабақ, – 
 
деп  өсиет  қалдырған  алаш  тілекті,  абзал  жүректі  ақын  Файзолла 
Сатыбалдыұлының  шығармашылығы  қазақ  әдебиеті  тарихының  жарқын 
беттерінің біріне айналарына сеніміміз мол.         
         Алаш  арыстарымен  тілектес,  ниеттес  Торғай  ақындарының  бірі  – 
Әлмұхаммед  Оспанұлы.  Файзолла  Сатыбалдыұлы  сияқты  бұл  кісі  де 
"Алашордашыл  ұйым  мүшесі"  деген  айыппен  сотталып,  жер  аударылып, 
сталиндік репрессияның құрбаны болған. 
         Әлмұхаммед  Оспанұлы  ғылыми  ортаға  белгісіз  есім  болғандықтан  оның 
өмірбаянына  қысқаша  тоқталып  өтелік.  Әлмұхаммед  ақын  1886  жылы  Торғай 
уезі, Тосын болысының 4-ауылына қарасты Бестау өңіріндегі "Сасықсор" деген 
жерде  дүниеге  келген.  12  жасына  дейін  ауыл  молдасынан  хат  танып,  сауатын 
ашқан ол  13  жасында  Торғай  қаласындағы 4  кластық орыс  қолөнер  мектебіне 
түсіп  "ағаш  ұстасы"  деген  мамандық  алып  шығады.  17  жасында  Торғай 
қаласындағы  6  жылдық  орыс  мектебінің  4-ші  класына  қабылданып,  оны  1905 
жылы  бітіріп  шығады.  1911  жылы  Троицк  қаласындағы  Зейнолла  ишанның 

 
81 
"Расулия"  медресесіне  түсіп  оны  1916  жылы  аяқтайды.  Оқуын  тамамдағаннан 
кейін  туған  жеріне  оралып  "Бостандық"  атты  мешіт-мектеп  ашып  халықтың 
орысша-қазақша сауатын аша бастайды. Бұл мешіт-мектеп туралы Орынборда 
шығатын "Қазақ" газетінде "Игілікті істің бастамасы" атты мақала жарияланған 
[47, 6 б.].  
1920  жылы  Орынбордағы  ағарту  бөлімі  мешітті  қазақ  тіліндегі  бастауыш 
мектеп  етіп  ашып,  осында  үш  айлық  курс  ұйымдастырылып,  осы  мектептен 
Торғай  уезі  бойынша  75  адам  мұғалімдік  куәлік  алып  шығады.  Осы  курста 
Әлмұхаммед Оспанұлы А. Байтұрсынов құрастырған емлемен бірінші рет сабақ 
береді.  1923  жылы  Ақтөбе  қаласында  ашылған  мұғалімдер  курсында  білімін 
жетілдірген  Ә.  Оспанұлы  "Бостандық"  мектебінің  меңгерушісі  болып 
тағайындалады.  
1926  жылы  Уфа  муфтиінің  жарлығымен  Торғай  уезіне  мұхтасиф  болып 
тағайындалып, бұл қызметті 1929 жылға дейін атқарады. 1929 жылы "ұлтшыл 
ұйым мүшесі", "Алашордашыл" деген айыппен 10 жылға сотталады. 1931 жылы 
бұл  жаза  жер  аударылумен  ауыстырылып,  1931-1934  жылдары  Ырғызға  жер 
аударылады. 1935 жылы елге оралып әртүрлі қызметтер атқарады. 1937 жылы 
зобалаңның алдын алып Троицкіге көшіп кетеді. 1939 жылы Қостанайға келіп 
ұстаздық  қызмет  атқарады.  1940  жылы  "халық  жауы"  деген  жала  жабылып 
Қостанай  түрмесінде  екі  жарым  жыл  отырып,  1943  жылы  8  жылға  үкім 
шығарылып  Маринскіге  айдалады.  Сонда  жүріп  арызданып  1944  жылы 
босанып шығады. 1944-1948 жылдары Қостанай төңірегінде әртүрлі жұмыстар 
істеп  62  жасқа  келген  Әлмұхаммед  ақын  елге  оралады.  1956  жылы  Қазақстан 
қазиының  жарлығымен  Семиозердегі  мешітке  имам  болып  бекітіледі.  Біраз 
жыл  имамдық  қызмет  атқарған  ақын  туған  жеріне  келіп  1966  жылы  қайтыс 
болады [48].           
       ХХ  ғасырдың  басындағы  әдебиетіміз  негізінен  екі  бағытта:  діни-
ағартушылық  және  ағартушы-демократтық  бағытта  дамыды.    Әлмұхаммед 
ақынның шығармашылығын қарастыра отырып біз оның осы екі бағытты қатар 
ұстанғанын  байқаймыз.  Діни-ағартушылық  бағыттағы  өлеңдерінде  ақын 
имандылық,  шариғат  мәселелерін  сөз  ете  отырып  сол  кезеңде  қазақ  арасына 
тарай  бастаған  маскүнемдікті  сынайды.  Мұндай  өлеңдердің  қатарында  "Кел 
қолым,  қалам  ұста  қылып  ермек",  "Ішкіліктің  олжасы"  сияқты  өлеңдері  бар. 
"Кел  қолым,  қалам  ұста  қылып  ермек"  өлеңінде  ақын  арақтың  қазақ  арасына 
тарай  бастағанына  нали  отырып,  оның  қазақ  сияқты  көзі  жаңа  ғана  ашылып 
келе  жатқан  ұлт  үшін  өте  қауіпті  дерт  екенін  айта  отырып  жастарды  ондай 
әдеттен  аулақ  болуға  үндейді.  Шариғат,  имандылық  мәселелерін  алға  тарта 
отырып: 
 
... "Айтады дос жылатып" деген де бар, 
Кей сөзім, кейімеңдер, болса кермек. 
Шын мақсат тіршілікте шырақтарым, 
Үйреніп өнер-білім, өрге жүзбек. 
 
Түзетіп мінез-құлық, тұрмысыңды, 

 
82 
Бір уақыт шын дос-жармен ойнап-күлмек, 
Халық үшін болсын қылған қызметің, 
Ұлтыңа, ұлысыңа көмек бермек [47, 34 б.] ,– 
 
деп жастардың халық пен ұлт алдындағы негізгі міндетін айқындап береді. 
         Ал, "Ішкіліктің олжасы" атты өлеңінде ішімдіктің зардаптары туралы айта 
келіп,  арақтың  ұлттың  санасын  улайтын,  мұсылманды  иманнан  айыратын  аса 
қауіпті нәрсе екенін тілге тиек етеді: 
 
... "Кел, қатын, төсек салшы", – деген бір шал 
Бойжеткен өзінің қыз баласына. 
Соны айтқан келініне және бір шал, 
Сірә да, көз көрмесе нанасың ба? 
 
Аз емес әзіл айтқан азамат та, 
Өзінің "әйелім" деп анасына. 
Осының бәрі арақтың әрекеті, 
Кел, қарттар, құмарлықты қоясың ба? [47,39 б.]. 
 
           Діни-ағартушылық  бағыттағы  ақын  өлеңдерінің  бір  парасы  түрмеде 
жазылған.  "Жазушыдан  соңғы  сөз",  "Туған  жерге  сәлем  хат",  "Тұтқындардың 
бірінші  мүнәжаты",  "Тұтқындардың  екінші  мүнәжаты",  "Қоштасу",  "Жол 
үстіндегі  мүнажат"  өлеңдерінде  ақын  өз  туысқандарына,  өзінің  тілектес, 
ниеттес  дос-жарандарына,  тұтқында  бірге  отырған  тағдырластарына  жұбату 
айтып, сабырға шақырады. Бұл өлеңдердің әсіресе тар қапаста жазықсыз жапа 
шеккендердің қайрат-жігерін шыңдауда таптырмас құрал болғаны сөзсіз. Ақын: 
 
... Болыңыз болған іске болаттай-ақ, 
Бостықты бойға жуық жолатпай-ақ. 
Қайғы ойлап, қасірет шегіп қажымаңдар, 
Шіріген шырғай құсап құлатпай-ақ. 
 
Күн санап көндігіңіз гүл-гүл жайнап, 
Пірлерден болған жәрдем қуаттай-ақ. 
Шыдаңыз шын жібектей ширатылып, 
Бұйыға мінген байлап құр аттай-ақ. 
 
Немесе: 
 
... Ар-ұят, әдеп әркез азаматқа, 
Жарасар жаңа таққан манаттай-ақ. 
Бүгін бар, ертең жоқ боп туған заман, 
Сыйлаңыз бір-біріңді қонақтай-ақ. 
 
Алдағы жақсылардың жол жобасы, 

 
83 
Көрініп жатқан жоқ па сораптай-ақ. 
Досқа күлкі, дұшпанға таба болмай, 
Уайым ойламаңдар, олақтай-ақ [47, 33 б.], – 
 
деп  тағдырластарының  жігерін  жанып,  дұшпанға  сыр  алдырмауға  шақырып 
оптимизмге тәрбиелейді.    
     Әлмұхаммед  Оспанұлының  ағартушы-демократтық  бағыттағы  өлеңдерінде 
қазақ  халқының  өткен  заманындағы  қараңғылық  пен  надандық  сынға  алына 
отырып,  халықтың  болашағы  өнер  мен  білімде  екендігі,  сол  себепті  қазақ 
жұртының  білімге,  өнерге  ұмтылуы  керектігі  баса  айтылады.  Ақын  өзінің 
қоғамдағы  орнын  дәл  аңғарып  ұлтты  білім  мен  өнерге  шақырып,  үгіт-насихат 
жүргізуге белін бекем буады: 
 
Ғазал жаз, Әлмұхаммед, қалам ұштап, 
Доғарма зеһиніңді қараңғы ұстап. 
Паш айла пікіріңді баян етіп, 
Шықсын аз іштегі шер сыртқа тастап. 
Артыңа аз да болса бір сөз қалдыр, 
Көргендей кейінгі жас қолына ұстап... 
 
...Не түрлі танимысың заманыңды, 
Өлшеп піш заманыңа ғамалыңды. 
"Айқаптың" журналына көмек көрсет, 
Қостырып шашуға арнап шамалыңды. 
Ғасырдың сөз өлшеген сыншылары, 
Байқасын жүйрік яки шабаныңды...[47, 12 б.]. 
 
       Жалпы 
Файзолла  Сатыбалдыұлы  мен  Әлмұхаммед  Оспанұлының 
ағартушы-демократтық  бағытқа  түсуіне  сол  кезеңдегі  шығып  тұрған  "Айқап", 
"Қазақ" сияқты мерзімді басылымдардың ықпалы зор болды. Ү. Субханбердина 
құрастырған  "Қазақ  халқының  атамұралары"  деп  аталатын  мазмұндалған 
библиографиялық  көрсеткіште  осы  екі  ақынның  аты  да  аталады.  Мәселен 
"Айқап"  журналының  белді  авторларының  бірі  ретінде  Файзолла 
Сатыбалдыұлы туралы мынадай түсіндірме берілген: 
       Сатыбалдин  Файзолла  (1883-1959)  –  ақын-ағартушы.  Торғай  облысы, 
Батпаққара  өңірінде  дүниеге  келген.  "Айқап"  бетінде  жарияланған  мақала-
хабарларында  оқу-ағарту,  шаруашылық  мәселелерін  көтерген.  Қуғын-сүргінді 
көп көрген [49, 85 б.]. 
       Сонымен бірге ақынның фотосуреті де берілген. 
       Кеңес  заманында  жазылған  көптеген  зерттеулерде  ХХ  ғасыр  басындағы 
әдебиетті  сөз  еткенде  діни-ағартушылық  бағыт  пен  ағартушы-демократтық 
бағытты бір-біріне қарама-қарсы қою басым болып келеді. Сонымен бірге діни-
ағартушылық  бағытты  регрессивті  бағыт,  ал  ағартушы-демократтық  бағытты 
прогрессивті  етіп  көрсету  де  ғылымда  орын  алып  келгендігі  жасырын  емес. 
Қалай  десек  те  ХХ  ғасыр  басындағы  қазақ  әдебиетінің,  қазақ  поэзиясының 

 
84 
дамуында  аталған  екі  бағыттың  да  маңызы  зор  екендігі  ақиқат.  Файзолла 
Сатыбалдыұлы  да,  Әлмұхаммед  Оспанұлы  да  дін  адамы  болғандықтарына 
қарамастан,  оларға  ағартушы-демократтық  бағыт  жат  емес.  Керісінше  бұл 
ақындар аталған екі бағытты бір-бірімен ұштастыра білген. 
     Әлмұхаммед  Оспанұлы  "Қазағыма"  атты  өлеңінде  сол  кезеңдегі  әртүрлі 
тарихи  оқиғаларға,  қоғамдық-саяси  жағдайларға  халықтың  назарын  аударып, 
оны былайша суреттейді: 
 
Қарашы, мынау халқым, неткен заман, 
Көндіріп өз дегенін өткен заман. 
Көл жайлап, бие байлап, толықсыған, 
Дәуірі көшпелінің біткен заман. 
 
Қармалап қараңғыда қазақ жатыр, 
Басқалар бар мақсатқа жеткен заман. 
Ішіп-жеп, басып-жаншып, пайдаланып, 
Теңдіксіз ұрып-соғып кеткен заман. 
 
Құмары азаматтың ала қағаз, 
Сауы жоқ және ішімдік дерттен аман. 
Қараңғы надан елдің күні құрсын, 
Бұралқы қадірі жоқ иттен жаман [47,13 б.]. 
 
"Көл  жайлап,  бие  байлап,  толықсыған"  көшпелі  заманды  аңсап  "қараңғыда 
қармаланып"  жатқан  қазақтың,  "басқалар  ішіп-жеп,  басып-жаншып, 
пайдаланып,  теңдіксіз  ұрып-соғып  кеткен"  қазақтың  санасын  оятып,  отаршыл 
Ресейдің  сұрқия  саясатына  үңілдіре  отырып,  көшпелі  дәуірдің  өткенін,  қазақ 
жұртына өркениетке ілесіп, өнер-білімге ұмтылу қажеттігін насихаттайды: 
 
Кел, қазақ, надандықпен қоштасалық, 
Қайрылмас қанша айтқанмен кеткен заман. 
Қатардан қалыспасқа қам етелік, 
Қалмасын кейінгі жас тіпті надан. 
 
Жастарды жасөспірім, жаңа талап, 
Сақталық бұл адасқан беттен аман. 
Үйреніп өнер-білім өрге жүзіп, 
Сау қалсын, саналы жас дерттен аман [47, 14 б.]. 
 
      Ақын өлеңдерінде сол замандағы өз құлқынының қамынан әрі аса алмағын 
би-болыстар,  қожа-ишан,  молдалар  да  ащщы  сынға  алынады.  "Қатар-құрбы 
қазақ  жастарына"  атты  өлеңде  парақор  би-болыстардың  іс-әрекеттері 
әшкереленіп, сол заманның қоғамдық картинасы суреттеледі. Ақын: 
 
...Жас сері, енді сенің сенерің кім, 

 
85 
Бар болса айтшы маған түсі барын. 
Байларға малы бар деп сенемісің, 
Отырған үнем қылып іші-қарын. 
 
Басшы қып біздің халық бас иіп тұр, 
Қасқырдай қарыс азу тісі барын. 
Пара алып би-болыстар бөліп жатыр, 
Бұрмалап бұзықтардың дау мен шарын. 
 
Халық үшін қаны қызып қайғыра ма, 
Таласқан дауға түсіп сатып арын. 
Ерік бер ескілерге жата берсін, 
Қожа, ишан қолына алып молдаларын, – 
 
дей  келіп,  қазақ  жастарын  қазақ  қоғамындағы  парақор  би-болыстар  мен 
кертартпа,  ескішіл  қожа-молдалар  сияқты  "бітеу  жараны"  сылып  тастауға 
шақырып, қазақ жастарының біріге қимылдап, халықтың халін, жұрттың қамын 
ойлауға насихаттайды: 
 
...Тақырып халықтың халін, жұрттың қамын, 
Талапты ойла өткір туғандарың. 
Халық үшін ойдағы мен бойдағыны, 
Жұмсалық құрастырып қолда барын, –  
 
дей келіп, жастарды: 
 
   ...Сералин, Байтұрсынов, Дулатовтың, 
   Жаны ашып, жазған әуел жұмбағын шеш [47, 15 б.], – 
 
деп,  Мұхамеджан  Сералин,  Ахмет  Байтұрсынұлы,  Міржақып  Дулатов  сияқты 
Алаш арыстарының соңынан еріп, олар бастаған ұлы істерге көмек көрсетуге, 
жалғастыруға  үндейді.  Бір  қарағанда  жоғарыдағы  мысал-үзінділерге  қарап 
отырып, бұл өлең кеңестік идеологияның ықпалымен жазылған өлең деп ойлап 
қалуға  болады.  Себебі  бұл  өлеңде  де  сол  кезеңдегі  көптеген  шығармалардағы 
сияқты  жағымсыз  кейіпкерлер  –  байлар,  би-болыстар,  қожа-молдалар.  Бірақ 
олай емес. Автор бұл жерде кейбір құлқын қамын ойлаған байлар мен парақор 
би-болыстарды, кертартпа қожа-молдаларды айтып отыр. Әйтпесе Әлмұхаммед 
ақын  өзі  де  дәулетті  десе  дәулетті,  әрі  діни  білімді  нағыз  пірадар  молда  кісі 
болған. 
        Ахмет  Байтұрсынұлына  байланысты  атап  өтерлік  тағы  бір  ақын  Қарпық 
Шолақұлы.  Ахметпен  жерлес  әрі  рулас  Қарпық  ақын  өлеңдері  бізге  толық 
жетпеген. 
         Қарпық ақынның руы – Үмбетей. 
            
               Бергі атамыз – Аралбай, 

 
86 
               Шыға бір шапқан қамалға-ай. 
               Қыдыр дарып, бақ қонып, 
               Нәсілі қалды заманға-ай, – 
   
деп  ақынның  өзі  жырлағандай,  Үмбетейден  Аралбай,  Аралбайдан  Өміртай, 
Өміртайдан  Қожырбай,  Қожырбайдан  Шолақ,  Шолақтан  Қарпық.  Ахаңның 
аталас туысы [53].  
      Шолақтың  балалары  оқыған,  көкірегі  ояу,  көзі  ашық,  сөзге  шешен  жандар 
болады.  Солардың  ішінде  Қарпық  ақынның  шоқтығы  биік.  Қарпық  ақынның 
толық  жеткен  өлеңдерінің  ішінде  "Төлебайдың  жамағатының  жоқтауы"  деп 
аталатын жоқтау мен ақынның ағалары Байтұрсын мен Ақтас айдаудан қайтып 
келгенде  айтқан  өлеңінің  орны  бөлек.  Бұл  екі  өлең  де  бізге  Ахмет 
Байтұрсынұлының  еңбектері  арқылы  жетті.  Кеңес  заманында  ел  аузында 
жасырын  түрде  айтылып  жүрген  бұл  өлеңдер  Ахаң  мен  Жақаң  ақталғаннан 
кейін  жарияланды.  "Жоқтау"  жинағында  Ахаң:  "Төлебайдың  жоқтауын 
шығарған Қарпық ақын",– дейді [5, 41 б.]. Ал "Әдебиет танытқыш" еңбегінде: " 
... Байтұрсын, Ақтас деген жақын ағалары 15 жыл айдауда болып, қайтып келіп 
тұрған  қуаныштың  үстінде  айтқан  Қарпық  ақынның  марқайыс  толғауында 
мынадай сөздер бар: 
 
Кәпірге қылыш сілтеп қарысқаным, 
Дүниеде теңін тауып жарысқаным. 
Тәніңнен дұшпан көрсең түгің шыққан, 
Лайық заманына арыстаным. 
 
Нашарды сырт дұшпаннан арашалап, 
Қам ойлап қарашаға болысқаным. 
Үлгімен әр орында тұра берген, 
Ақылға Аплотондай данышпаным. 
 
Достардан қасірет отын қалыс ойлап, 
Қайырлы сағатында қауышқаным. 
Шұбалаң, Қарақоға, Жыланшықпен, 
Дені сау түсінікті болыстарың. 
Бұл күнде сіздер үшін дұғада тұр, 
                      Атқарып жолдас болған орыстарың",  
 
– деп Қарпық ақын өлеңінен үзінді келтіреді [41, 164 б.]. 
       Ахметтің  әкесі  Байтұрсын  мен  ағасы  Ақтас  1885  жылдың  12  қазанында 
Жыңғылды  бекетінің  жанындағы  Жаркешу  өткелінде  Торғай  уезінің  бастығы, 
полковник  Я.  П.  Яковлевтің  басын  жарады.  Осы  оқиғаның  себебінен  Шошақ 
әулетінің  үш  арысы  Байтұрсын,  Ақтас,  Сабалақ  15  жылға  Сібірге  айдалады. 
Осы кісілер Сібірге жер аударылып бара жатқанда Қарпық ақын айтқан толғау 
өлең бізге Әбіқай ақынның баласы шежіре-шешен Ахметқан арқылы жетті. 
 

 
87 
... Байтұрсын, Ақтас түсіп жанған отқа, 
Тартылды жазаланып, ісі сотқа. 
Кәрі ояз Яковлевпен ерегесіп, 
Кигізді басын жарып, қызыл ноқта. 
 
Сібірге он бес жылға жер айдалды, 
Дүние шыркөбелек, шыр айналды. 
Айрылған қамқоршысы, ерлерінен, 
Халықтың көкірегіне дерт байланды... 
 
      Ал  Ахмет  Байтұрсынұлы  "Әдебиет  танытқышта"  келтірген  Қарпықтың 
марқайыс –толғауының басы Ахметқан нұсқасында былай басталады: 
 
Байтұрсын, Ақтас ағай сәлем бердік, 
Шүкірлік жүздеріңді аман көрдік. 
Сендердің тұқымың деп бізді соқты, 
Не қиын, қилы-қилы заман көрдік. 
 
Аққан жас көзімізден тиылмады, 
Сібірден келдіңіздер қиырдағы. 
Жақсы ғой топырақтан тысқары боп, 
Дәм-тұздың осы жерден бұйырғаны. 
 
Құдайға мың мәртебе шүкіршілік, 
Қалмасын көңілде енді күпіршілік. 
Алланың добы деген адам басы, 
Бәрінен артық бұл күн, бұл тіршілік [53]. 
 
      1990  жылы  "Жазушы"  баспасынан  "Боздағым"  атты  қазақтың  жоқтау 
жырларының  жинағы  басылып  шықты  [54].  Құрастырып,  алғысөздері  мен 
түсініктерін  жазған  филология  ғылымдарының  кандидаты  Тоқтар  Арынов. 
Жинақ  баспаға  Ахаң  есімі  ақталмай  тұрған  кезде  ұсынылғандықтан  Ахаңның 
есімі  бұл  кітапта  аталмаса  да,  ол  құрастырып  Мәскеуде  1923  жылы  араб 
әрпімен  басып  шығарған  "23  жоқтау"  жинағындағы  дүниелер  толығымен 
енгізілген [55]. 
      Аталған  жинақта  Қарпық  ақын  шығарған  бес  жоқтауы  жарияланған.  Оның 
үшеуі Төлебайға арналған. Төлебай есімі Торғай төңірегіне кең танымал. Елінің 
бірлігін  қолдаған,  патша  нөкерлерінің  жергілікті  жерлердегі  озбырлығына 
қарсы тұра білген Төлебай алып тұлғалы, зор денелі батыр кісі болған. Төлебай 
қайтыс  болғанда  Қарпық  ақын  оның  екі  жасар  қызына,  келіндері  мен 
бәйбішесіне  жоқтау  шығарып  береді.  Төлебайға  арналған  бірінші  жоқтау 
қызының атынан айтылады. 
 
... Елу алты жасында, 
Дүниеден өтті арыстан. 

 
88 
Аруақты туған атақтым, 
Бабасынан сөйлесем, 
Белгілі бекзат данышпан... 
 
деп  басталатын  жырдағы  мазмұн  мен  дерек  Төлебай  әулетінің  арғы-бергі 
тарихынан  көп  мағлұмат  береді.  Осы  жырда  ел  ағаларының  есімдерін  атай 
келіп, сөз түйінінде: 
 
... Қазынасын күтелік, 
Жаратушы Алланың. 
Тәжмағамбет, Ахмет, 
Тілегін қатты тілейік, 
Қадірлі екі ағаның,– 
 
деп  азалы  Ахметтің  болашағына  үміт  арта  отырып  жоқтауын  аяқтайды. 
Төлебайға арналған бірінші жоқтау мазмұны жағынан бай, тарихи деректері де 
мол.  Келінінің  атынан  айтылатын  екінші  жоқтау  жыры  қысқа  да,  нұсқа 
қимастық  үлгісінде  жалпылама  жырланған.  Төлебайдың  бәйбішесінің  атынан 
айтылатын  үшінші  жоқтау  жыр  да  қорғасындай  салмақты,  мағыналы.  Одан 
кейінгі  екі  жоқтау  Есмағамбет,  Ерғазы  сияқты  ел  ағаларына  арналған.  Бұл 
жоқтауларда ел қамын ойлаған ерлердің еткен істері мен азаматтық бейнелері 
сипатталады. Есмағамбет Торғай еліндегі сол кезеңде білімді, ойлы адамдардың 
бірі  болса,  Ерғазы  Байтұрсынның  туған  інісі,  ол  ағалары  Байтұрсын,  Ақтас, 
Сабалақтар  Сібірге  айдалғанда  олардың  жанұяларына  бас-көз  болып, 
қамқорлығына  алған  кісі.  Ағаларының  жоқтаушысы  болған  Ерғазы  патша 
жандайшаптарының қолынан 41 жасында қаза табады. 
      Қарпық  шығарды  дейтін  жыр-жоқтауларды  оқи  отыра,  ақынның  сөз  құрау 
шеберлігі мен шешендік дарын, шежіре санатына таң қаласың. Бұрын Қарпық 
ақын  туралы  сирек  әңгімеленетін.  Ал,  Қарпықтың  Қазгелдісі  туралы  жиі 
айтылып  жүрді.  Қазгелдінің  азаматтығымен  қатар  артында  қалған  шешендік 
шежіре, көсемдік сөздері бар. Қазгелді орысша да сауатты болған көрінеді [55]. 
      Үмбетейден сөз ұстап, өлең қуғандар болса, осы Қарпық мектебінен шықты, 
осының әсері деп әбден айтуға болады [56, 31 б.]. 
      Ахметке Торғай атырабының атақты жырауы Қарпықтың тигізген шарапаты 
мол. Қарпық жыраудың әуезді үні, өлең өрімдері, табанда үйлестіретін тапқыр 
ұйқастары, шешендік шеберлігі, халық тарихын жете білетіндігі жас Ахметтің 
талант  көзін  ашуына  көмектесті.  Ол  бірте-бірте  талант  дегеннің  тазалықтың, 
адамгершіліктің, ардың ісі екенін айқын түсіне бастады [ 6, 119 б.]. 
     Қарпық  ақынның  сөз  саптауы  мен  түбірлі  төрт  буынды  шымыр  ұйқасынан, 
дәл  тауып  қолданған  теңеулері  мен  өткір  тілінен  оның осал  ақын  болмағанын 
аңғару  қиын  емес.  Сонымен  бірге,  өлең  құрылысынан,  шұбыртпалы  ұйқаспен 
жазылуынан  оның  Торғай  ақындық  мектебінен  сусындағаны,  өткір  де  өжет, 
шындықты бетке айтатындығы да байқалады [53].  
     Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов шығармашылығында елеулі орын 
алатын  шығармалардың  бірі  –  1928  жылы  жазылып,  1931  жылы  Қызылорда 

 
89 
қаласында  "Адасқандар"  деген  атпен  жарық  көріп,  кейіннен  1959  жылы  
"Мөлдір  махаббат"  деген  атпен  қайта  жазылған  роман.  Біз  Торғай  ақындары 
тақырыбы  бойынша  материалдар  жинап  жүріп  осы  романға  қатысы  бар 
қызықты  бір  шығармаға  кезіктік.  Ол  –  романдағы  басты  кейіпкер  Бүркіттің 
прототипі Сұлтанбектің өз шығармасы "Сұлтанбек пен Бәтима" атты ғашықтық 
дастан.  Кішкене  кезімізден  ата-әжелеріміздің  аузынан  естіп  өскен  осы 
дастанның толық нұсқасын жинастырып жеке кітап қылып Арқалық қаласында 
басып  шығарған  белгілі  журналист,  "Егемен  Қазақстан"  газетінің  тілшісі  – 
Қайсар  Әлім.  Көркемдігі  мен  құрылымы  жағынан  кемшін  тұстары  көп,  қазақ 
әдебиетінің  тарихына  үлес  қоса  қояды-ау  деуге  келмейтін  бұл  қарабайыр 
дастанның "Мөлдір махаббат" романының жазылу тарихын зерделеуде маңызы 
зор.  Сонымен  бірге  бұл  дастанда  кейбір  "алаш"  қайраткерлерінің  есімі 
айтылады. 
     Романдағы  Сұлтанбек  (Бүркіт),  Бәтима  (Бәтес)  бейнелері  шындық  өмірден 
алынған.  Екеуі  де  дәулетті  ортадан  шыққан.  Романда  Сұлтанбек  бірбет,  өжет 
жан  бейнесінде  көрінеді.  Өз  жанынан  өлең  де  шығаратыны  бар.  Олардың 
бірсыпырасы  шығармада  беріліп  те  отырады.  Бәтеске  ғашықтығын  да  жыр 
жолдарымен жеткізеді [57, 21 б.]. 
      Аталған  дастанда  Міржақып  Дулатовтың  есімі  аталады.  Міржақып  дастан 
авторы  Сұлтанбек Әбеуовтің  нағашысы.  Сұлтанбек  Ташкенттегі  оқуын  тастап 
Қызылорда қаласына қайтып келгенде нағашысы Міржақыпты паналайды. 
 
... Сұлтанның Жақаң жақын нағашысы, 
Келмейді жамандық іс қарағысы. 
Сейдазым бұл жұмыстың турасында, 
Азғырған алты ай жазы, ала қысы. 
 
Шықты деп, школынан естіп бұрын, 
Болды деп жүреді екен бұған қиын. 
Шақырып Сұлтанбекті бүгін үйге, 
Бұл дағы хабарланып келгендігін. 
 
Үйіне шақырған соң келді түнде, 
Кім білсін жиыла ма бұлар күнде. 
Жүсіпбек, Сапа менен Мұхтар отыр, 
Отырды амандасып Сұлтан бірге [58,47 б.]. 
 
Мұндағы  автордың  айтып  отырған  кісілері  Сейдазым  Қадірбаев,  Жүсіпбек 
Аймауытов,  Ахметсапа  Юсупов,  Мұхтар  Әуезов  сияқты  сол  кездегі  "Алаш" 
қозғалысының белді  мүшелері.  Шығармада Міржақып  қамқор  нағашы ретінде 
Сұлтанбектің  оқуды  тастағанына  ренжіп,  қазақ  жастарына  оқудың  өте  қажет 
екендігін  түсіндіріп,  Ғазымбек  Бірімжанов  пен  Мұхтар  Әуезовті  үлгі  ретінде 
көрсетеді. 
 
... Қалған соң оңаша боп Сұлтан үйде, 

 
90 
Отырып жиенімен Жақаң бірге. 
Ақыл ғып, ұрсыңқырап сөз бастады, 
Түстің деп бір қыз үшін мұндай күйге. 
 
Әлгіні танимысың Мұхтар деген, 
Шамасы мүшелі үлкен оның сенен. 
Мәскеуде осы күні оқуда жүр, 
Білімі кейін емес оның бізден. 
 
Қазымбек жүрген анау дүние кезіп, 
Оқу деп, ата-анадан, елден безіп. 
Орташа ең болмаса білімің жоқ, 
Тастайсың оқуыңды сен не сезіп. 
 
Адаспа, ақымақ болма, қой, тілімді ал, 
Ойыңды, зейініңді оқуға сал. 
Бұл іске алаң болмай, тілімді алсаң, 
Бас ұрар алдыңа кеп сол адамдар...[58,48 б.]. 
 
Біздің  ойымызша,  Сұлтанбектің  бұл  дастанындағы  оқиғалардың  бәрі 
өмірде болған оқиғалар, яғни автор өз басынан өткен оқиғаларды тек қана өлең 
қалыбына түсіріп баяндаған. 
      Енді  осы  ғашықтық  дастанның  "Мөлдір  махаббат"  романының  жазылу 
тарихында қаншалықты маңызы бар, сол тұрғыдан сөз қозғап көрелік. 
       Филология  ғылымдарының  докторы,  профессор  Рақымжан  Тұрысбектің 
"Дүниетаным  және  шығарма  немесе  "Адасқандар"  романының  нұсқалары, 
кейіпкерлер  әлемі  туралы"  атты  мақаласында  осы  турасында  біраз  құнды 
пікірлер айтылған. 
       Қайсыбір шығарма болмасын өмір шындығынан тыс алынып жазылмайды. 
Бірақ,  шығарма  авторы  өмір  көрінісі  мен  материалын  әртүрлі  танып, 
типтендіретіні  анық.  Осы  реттен  алғанда  С.Мұқановтың  "Адасқандар" 
романында  формалық  ізденіс  бар,  яғни  күнделік  сипатында  жазылған. 
Романның  жазылу,  жарық  көру  мерзімін  еске  алғанда  бұл  өзіндік  ізденіс-
жаңалық  екені  ақиқат.  Бұған  Сұлтанбектің  дәптерін  немесе  "Еркіннің  сыры" 
орнына  Бүркіттің  хаты  кіріктірілуін  осының  дәлел-дерегі  дер  едік.  Бұл 
формалық ізденіс бірталай өзгеріс, басынан аяғына дейін қайтадан жазылған" – 
"Мөлдір  махаббатта"  Бүркіттің,  Бәтестің  дәптері  негізінде  жүйе  құрады  да 
авторлық  көзқарасты,  тақырыпқа  тұрақтылықты,  шығармашылық  туындыға 
деген тазалықты танытады [57, 20 б.]. 
      Сұлтанбектің  дастанында  да  осы  аталған  форманың  белгілері  кездеседі. 
Дастанда  Сұлтанбек  пен  Бәтиманың  хат  жазысулары,  оқиғаның  бірде 
Сұлтанбек  атынан,  бірде  Бәтиманың  атынан  баяндалып,  өрбіп  отыруы 
романдағы  Бүркіт  пен  Бәтестің  дәптерлеріне  ұқсас.  Бұдан  шығатын                  
қорытынды – С. Мұқанов Сұлтанбектің дастанын білген және оны роман жазу 
барысында қажетіне жарата білген. 

 
91 
      Осы  орайда  Бүркіт  пен  Бәтестің  күнделік  дәптерлері  туралы  бірер  сөз. 
Ақиқатында  бұл  дәптерлер  болған  ба?  Біз  бұл  күнделік-дәптердің  болғаны 
турасында  жазушының  жарынан  да  (М.  Мұқановадан)  естідік,  әдебиетші                   
Қ. Ергөбековтің "Адасқандар" ақиқаты"  атты роман туралы повесінен де оқып 
білдік.  Бұл  ойымызға  роман  авторының  "Мөлдір  махаббат"  басылымындағы 
"жазушыдан"  деген  ескертпесіндегі  төмендегідей  пікірлері:  "...  ауыр 
қылмыспен әділ жазасын тартқан басты кейіпкер – Бүркіт тиісті жазасын өтеп 
шығып  азамат  қатарына  қосылғаннан  кейін,  романды  толықтыратын  тың 
материал  беруі  және  "Адасқандар"  басылымынан  кейін  тағы  бір  басты                        
кейіпкер – Бәтестің де толық "естелігі" табылуы" дәлел бола алады" [ 57, 21 б.]. 
       Біздің ойымызша, жазушы айтып отырған басты кейіпкер берген "романды 
толықтыратын  тың  материалдардың"  бірі  Сұлтанбектің  Әбеуұлының 
"Сұлтанбек  пен  Бәтима"  атты  ғашықтық  дастаны  болса  керек.  Біз  роман  мен 
аталмыш  дастанды  салыстыра  отырып  дастанның  романның  жазылуындағы 
материал  ретінде  қалай  пайдаланылғанын  анықтау  басқа  әңгіменің  арқауы 
болғандықтан  оған  аса  көп  тоқталмадық.  Алайда  Сұлтанбек  дастанының 
романның  жазылуында  алатын  орнын  жоғарыдағы  пікірлер  арқылы  көрсете 
білдік деп ойлаймыз. 
      Еңбек  материалдарын  жинауда  қолға  түскен  тағы  бір  өлеңнің  де  орны 
бөлек.  Ол  –  Міржақып  Дулатовтың  туған  ағасы  Асқар  Дулатовтың  ұлы 
Адайдың  майданда  жүріп  елге  өлеңмен  жазған  хаты.  Он  сегіз  шумақтан 
тұратын  бұл  өлеңде  соғыстағы  азаматтың  елге  деген  сағынышы-мұңы,  арман-
аңсауы,  соғысқа  деген  қарғысы  мен  күңіренісі,  елдегі  туған-туысқандарын 
жұбатуы  суреттеледі.  Автор  майдандағы  хал-жағдайды  айта  келіп  өлеңін 
мынандай жолдармен аяқтайды: 
 
Кетіп жатыр мұсылманның баласы, 
Бәрі-дағы бір-бір үйдің данасы. 
Бірге болып сол әскердің ішінде, 
Мұны жазған мен Асқардың баласы. 
 
Сөз аяғын қысқартайын ағайын, 
Көңілге алған ойды түгел жазайын. 
Бұл өлеңді кім жазды деп сұрасаң, 
Қолдарыңда кеше жүрген Адайың [59]. 
 
      Ұлы  Отан  соғысында  ерлікпен  қаза  тапқан  Адай  Асқаровтың  ақындығы 
жайында  ел  арасында  көп  айтылады.  Белгілі  ғалым  Сапарғали  Омарбеков 
өмірден  қыршын  кеткен  досы  туралы:  "Торғай  қаласында  Адаймен  бірге 
оқыдым. Ол өте зерек, сабақты үздік оқитын, өзі ағып тұрған ақын еді. Керемет 
намысшыл  болатын.  Бір  күні  Адайға  бір  оқушы  бала  :  "Сенің  тұқымың  жау 
болған" депті. Адай ызаланып: "Әттең, сенің сөзің өтіп тұрған соң не лаж бар. 
Не  істейін  саған?"  –  депті  де,  әлгі  баланы  келемеждеп  өлең  шығарды"  [59,  83 
б.].  Адай  Асқаровтың  ақындығы  жөнінде  Гүлнар  Міржақыпқызының 

 
92 
естелігінде де айтылған [59, 83 б.]. Алайда Адай шығармаларынан бізге жеткені 
– жоғарыда аталып өтілген он сегіз шумақтан тұратын өлең-хаты ғана.  
      Торғай ақындық мектебі өкілдерінің Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы 
мен  Міржақып  Дулатұлына  тигізген  ықпалы  мол.  Уақ  Жұмабай  Шалабайұлы, 
Есенжол  Жанұзақұлы,  Сейдахмет  Бейсенұлы,  Әбіқай  Нұртазаұлы  сияқты 
Торғай  ақындық  мектебінің  негізін  салушы  ұстаз  ақындар  Ахмет  пен 
Міржақыптың  ақын  болып  қалыптасуындағы  алғашқы  мектеп  болды.  Қарпық 
Шолақұлы,  Алтыбас  Ақмолда,  Уәлі,  Шаңдыаяқ  ақындардың  тигізген  әсері  аз 
емес.  Құбаша  Шалбайұлы,  Файзолла  Сатыбалдыұлы,  Әлмұхаммед  Оспанұлы, 
Иманқұлдың  Әбдірахманы,  Күдері  Жолдыбаевтар  Ахмет  Байтұрсынұлымен, 
Міржақып Дулатұлымен пікірлес, ниеттес болып олар бастаған игі істерге қол 
көмегі  мен  қалам  көмегін  аямады.  Біразы  сол  үшін  қуғын-сүргін  көрді, 
сотталды,  жер  аударылды.  Торғай  ақындық  мектебі  өкілдерінің  ұзақ  уақыттар 
бойы  оқырман  назарынан  да,  әдебиеттанушылардың  назарынан  да  тыс  қалып 
келуінің жалғыз-ақ себебі – олардың Ахметпен, Міржақыппен жерлес қана емес 
рухтас болуында жатыр. 
      Торғай  ақындарының  шығармашылығынан  мол  орын  алған  маңызды 
тақырыптардың бірі – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс. Ақындар өздері куәсі 
болған  осы  тарихи  оқиғаға  көптеген  өлең-жырлары  мен  эпикалық  туындылар 
жазған.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет