«Тұран» Университі



бет130/171
Дата21.10.2022
өлшемі2,56 Mb.
#44551
1   ...   126   127   128   129   130   131   132   133   ...   171
Байланысты:
С. Мырзалы Философия

Қозғалыс пен даму
Жоғарыдағы көрсетілгендей, Дүние үне бойы қозғалыста, барлық заттар мен құбылыстар бір-бірімен шытырман байланыста, бір нәрсе пайда болып, екіншісі кетіп жатыр, зат бір сападан сандық өзгерістердің негізінде екінші сапаға секіріп өтуде, оның бәрінің қайнар көзі ішкі қайшылықтың шешілуі арқылы жүреді екен.
Енді осы арада екінші сұрақ заңды түрде пайда болады: шытырман қозғалыстағы Дүние ешқандай тәртіп жоқ хаос па, әлде ол ретке келтірілген өзгерістер ме? Әрине, оқырман өз тәжірибесінің негізінде-ақ Дүниеде белгілі бір заңдылықтардың барын мойындайды. Оны философияда даму категориясы арқылы көрсетеді.
Даму деп Дүниедегі заттар мен құбылыстардың өз ішкі қайшылығынан туындайтын белгілі бір заңдылықтардың негізінде ретке келген, күрделену үстіндегі, қайта оралмайтын, өзіне тән бағыттағы өзгерістерін айтамыз.
Енді жоғарыда көрсетілген анықтамаға түсініктер берейік. Қайсыбір даму үрдісіндегі зат, я болмаса, құбылыс өз ішкі қайшылықтарының шешілуі арқылы дамиды. Сыртқы ықпал дамуды тездетуге, я болмаса, баялатуға әсер етуі мүмкін. Мысалы, қайсыбір тіршілік формасы өз ішіндегі генетикалық (тұқым қуушылық) бағдарламаға сәйкес жағалай ортамен зат, энергия, информация алмасуына түсіп өсіп-өнеді. Егер де сыртқы ықпал теріс болса (қуаңшылық, қатты аяз т.с.с.), онда даму үрдісі баяулап, я болмаса, тіпті сол тіршілікті құртып жіберуі мүмкін. Соңғыны даму деп айтуға, әрине, болмайды.
Адамның білімі мен мәдениетінің дамуы үне бойы ішкі (білген мен білмегеннің арасындағы) қайшылықтарды шешу арқылы іске асады. Егер адамның білімге деген ішкі ынтасы болмаса, онда оны Оксфорд пен Гарвардта оқытсаңыз да еш нәтиже ала алмайсыз. Сонымен қатар, ішкі оты, орасан ынтасы бар адам өз талпынысы мен дайындалуының негізінде білімді азамат болып шығуы мүмкін.
Екіншіден, даму үрдісі белгілі бір заңдылықтардың негізінде іске асады. Заңдылық деп даму барысындағы қажетті, тұрақты, қайталанатын ішкі байланыстарды айтамыз, соның арқасында барлық үрдістер рет-ретімен өзара байланысты түрде шындықта өтіп жатады. Мысалы, И.Ньютонның ашқан Дүниежүзілік тарту заңына сәйкес күн жүйесі өмір сүреді. Энергияның сақталу заңына сәйкес, ол өзінің бір түрінен екіншісіне ауысқанмен жоғалмайды. Биологиядағы табиғи іріктелу заңына сәйкес жаңа дүниеге келген организмдегі өзгеріс оның жағалай ортаға бейімделуіне сәйкес келсе сақталып қалады.
Үшіншіден, қайсыбір даму заттың әрі қарай күрделенуімен байланысты. Ол заттың ішкі құрылымының толығуымен қатар ұйымдасу деңгейінің өсуіне әкеледі. Мысалы, қазіргі реформа барысында мыңдаған жаңа құрылымдар пайда болып, олардың бір-бірімен байланыс деңгейі күшеюде. Қоғамның инфрақұрылымында компьютерлік технологияларға негізделген оқу жүйесі, статистикалық жүйелер, адам қажеттіктерін өтейтін салалар т.с.с. тез дамып келеді.
Төртіншіден, даму үрдісі өткен сатыларға ешқашанда қайтып оралмайтынын айту керек. Сәбилік кезеңнен өткен балауса, сол шағына қайта орала алмайды. Жасына келген адам жастық шағын қанша армандаса да, оны қайтара алмайды. Бүгінгі экологиялық дағдарыстың шешу жолдарын “антитехнократтық” бағыттағы кейбір ғалымдар “ғылыми-техникалық үрдісті тоқтату”, “табиғатқа қайта оралу” керектігінен көреді. Ал, ол – мүмкін емес.
Бесіншіден, даму үрдісі белгілі бір бағытта іске асады. Ол болмайынша заттың даму үрдісіндегі өзгерістердің қорлануы іске аспай, ішкі өзара байланысқан бағытынан айырылып қалар еді. Дамудың бағыты уақыттың шеңберінде ғана жүреді, ал ол өзінің бір бағыттығы мен қайталанбайтынымен сипатталады.
Қозғалыс пен дамудың байланысы жөнінде ғылымда, негізінен алғанда, екі қарама-қарсы пікір бар. Бірінші, кеңінен таралған пікір: даму - әрқашанда қозғалыс, ал кейбір қозғалыс – даму емес,- деген пікірге келеді. Расында да, біз қолымыздағы сағатты шешіп, столға қойсақ, ол - қозғалыста болды. Бірақ, ол жөнінде, “сағат дамыды”,- деп айту қиынырақ болар.
Екінші пікір дамуды қозғалысқа қарағанда іргетасты есептейді “Егер объективті шындықты біртұтас ретінде қарасақ, онда оның ішіндегі барлық үрдістердің жиынтығын даму ретінде қарау керек” (қараңыз: Материалистическая диалектика.,т.1., М.,1981, стр.231).
Соңғы пікір бүгінгі таңдағы ғылымда бірте-бірте өз өрісін өсіруде. Астрофизикада ХХ ғ. 20-ші жылдары “кеңею үрдісіндегі ғарыш” болжамы жасалып, 40-ші жылдардағы “алғашқы жарылыс” жөніндегі болжам 70-ші жылдарда “Ұлы жарылыс” (grand explosіon) теориясына ауысты.
Осыдан 20 млрд. жыл бұрын материяның “сингулярлық” ақуалының негізінде (көлемі атомның көлеміндей, қысымы 10 –94-ші дәрежедегі грамм 1 кв.см.!!!) Осындай, практикалық түрде көзге көрінбейтін нәрседен “Ұлы жарылыс” пайда болып, бүгінгі таңдағы орасан-зор Ғарышты тудырды. Бұл ғылымда жасалған “коперникандық төңкеріспен” бірдей, өйткені, мыңдаған жылдар бойы ұлы ойшылдар ғарыш мәңгілікті өмір сүріп жатыр деген пікірде болатын. Енді ғарыштың өзі “тарихи оқиға” болып шықты, өйткені, оның уақыт шеңберіндегі бастамасы бар. Олай болса, ол өзгерісте, дамуда. Оның болашақта соңы да болады. Осы 13 млрд. жылдың шеңберіндегі ғарыштың өткен сатыларын зерттеп ой-өрісімізде қайта құруға болады. Сонымен, ХІХ ғ. Ч.Дарвиннің жасаған биология ғылымы саласындағы эволюциялық теориясы ХХ ғ. физика мен космологияда толықтырылды.
Енді кезек химия пәніне келіп отыр. Бұл уақыттың қойған талабын химия пәні ХХ ғ. 80-ші жылдарынан бастап өзінің жаңа саласы – “эволюциалық химия” арқылы шешуде. Оның түйіні – химия ғылымының болашақтағы негізгі даму бағыты “Ұлы мәртебелі Табиғаттың” 13 млрд. жылдың шеңберінде сан жетпейтін химиялық қосындылардан қандайын іріктеп алды – соны зерттеп, соның негізінде экологиялық жағынан зияндық жасамайтын жаңа материалдар мен қосындыларды жасау болмақ. Олай болса, даму идеясы химия ғылымына да кеңінен кіруде.
Сонымен, қазіргі жаратылыстану ғылымы “Дүниедегі барлық - даму, эволюция нәтижесі”,- деген пікірге келіп отыр.
Бұл арада мынандай өткір сұрақ пайда болады: Егер Дүниедегі барлық даму үрдісінде болса, онда ол қалай қарай бара жатыр? Даму шексіз болуы мүмкін бе? Әрине, оған теріс жауап қайтаруға болады. Тіпті Ғарышта саналы адамнан да жоғары тіршілік болса да дамуды шексіз соза беруге болмайды – Дүние қаншалықты орасан-зор болғанымен шектелген, оның бастауы бар, олай болса, соңы да болады. Біздің ойымызша, әлі де кеңею үстіндегі Ғарыш миллиардтаған жылдардан кейін өзінің кері қарай серпілісін тудырып, тағы да бір нүктеге жыйырылуы (коллапс, я сингулярлық нүкте) мүмкін. Келесі сатыдағы жарылыста Ғарыштың бүгінгі моделіне ұқсамайтын жаңа түрі кездейсоқтың нәтижесінде Дүниеге келмек.
Бүгінгі ғылымның нәтижелеріне сүйене отырып Ғарыштағы жүріп жатқан екі үрдісті айтсақ-та болғаны.
Біріншіден, термодинамикадағы (әр-түрлі энергияның бір-біріне өту заңдылықтарын зерттейтін ғылым) 2-ші бастамаға сәйкес, Дүниеде ыдырау, жылы зат энергиясының жағалай ортаға тарау үрдістері (энтропия) өтіп жатыр. Ол біржақты үрдіс. Бұл заңдылықты ашқан Р.Клаузиустың тұжырымы бойынша, “Жылылық өз-өздігінен суық денеден ыстық денеге тарамайды ”. Керісінше, ыстық денеден суық денеге ғана өтеді. Бұл заңдылық ашылған уақытта неше-түрлі пессимистік көзқарастар пайда болды. Мысалы, Ғарыш ең соңғы сатысында толығынан ыдырап хаосқа айналады,- деген пікір де айтылды.
Алайда, мұндай көзқарас адамдардың санасында келесі сұрақты тудырды: егерде Ғарыш хаосқа қарай өтуге бағытталса, онда бүгінгі таңдағы биік дәрежеде ұйымдасқан Дүние тәртібі қалай пайда болды? Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясы өсімдіктер мен жануарлар әлеміндегі үне бойы тарихи созылған күрделенуді, ұйымдасу деңгейінің өсуін, энтропияға қарсы бағытталған күш-қуатты көрсетті.
Философия саласында бұл сұраққа өзінше жауап берген ұлы француз ғалымы Пьер Теяр де Шарден болды. Өзінің “Адам құбылысы” деген еңбегінде ол Дүниенің екі бастамасы бар дейді. Оны бірі – тангенциалдық, яғни физикалық, заттық болар болса, екіншісі – радиалдық, яғни рухани энергия. Дүниені күрделентіп, оның біртұтастығына жауап беретін соңғы радиалдық күш болмақ. Ал оның қайнар көзі - Құдайда деген пікірге келеді. (қараңыз: П.Т. де Шарден., Феномен человека. М.,Прогресс, 1998, стр.165)
Ал материалистік бағыттағы философия өзінің басынан ақ материяның өзіндік дамуға деген қабілетін мойындаған болатын. Бірақ, ол жалпы болжам ретінде мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп нақтылы мазмұнға ие болған жоқ-ты. Тек қана ХХ ғ. 70-ші жылдарынан бастап бельгиялық ғалымдар Г.Хакен мен И.Пригожин жаңа ғылым саласын – синергетиканың негіздерін жасап, жоғарыдағы көрсетілген материалистік постулатқа жаңа тыныс береді. Синергетика (cіnergіa,- грек сөзі,- бірігіп іс-әрекет ету,- деген мағна береді ) - өзіндік ұйымдасу теориясы. Оның негізгі идеялары:
А) Ғарышта екі бір-бірімен байланысты үрдістер бар. Оның бірі - қирау, құру, ыдырау болса, екіншісі - қайта құрылу, күрделену, ретке келу болмақ.
В) Жасампаздық үрдістің (күрделену мен ретке келтірудің өсуі) қандай жүйе болмасын бірегей алгоритмі бар. Ол үшін:
дамитын жүйе ашық болуы керек, яғни ол жағалай ортамен зат, энергия, информация алмасуына түсуі қажет;
жүйе термодинамикалық теңдіктен алшақ болуы қажет. Практикалық түрде Дүниедегі кездесетін жүйелердің бәрі де осындай. Классикалық физикадағы бөлініп қаралатын жабық жүйелер – жасанды және идеализацияланған.
Синергетика ғылымы ашық та тұрақтанбаған жүйелерде даму үрдісі күрделену мен ретке келудің өсуімен танылады,- деген пікірге келеді. Алғашқы сатысында даму үрдістері бірте-бірте, алдын-ала болжауға болатын салдарлар әкелуі мүмкін. Бірақ, жүре келе дамитын жүйе өзінің тұрақсыздық, аумалық (бифуркация) жағдайына келіп тіреледі. Міне, осы сәтте, секіріс арқылы зат өзінің жаңа бұрыннан да гөрі күрделенген, ретке келу деңгейі өскен сатысына ауысады. Тек бұл арада назар аударатын нәрсе – зат өзінің аумалы, тұрақсыз, бифуркация нүктесіне келген кезде “ұлы мәртебелі кездейсоқтық” арқасында көп мүмкіндіктердің біреуі ғана іске асады. Олай болатын болса, бұл жүйелердің дамуын алдын-ала болжау мүмкін емес. Әрине, қазіргі компьютерлік есептерге сүйене отырып әр-түрлі варианттардың мүмкіндігін шығаруға болады. Бірақ, олардың қайсысы жеңеді – оны тек кездейсоқтық шешеді.
Осындай күрт даму, күрделену сатысындағы жүйе жағалай қоршаған ортадан зат, энергия, информацияны пайдаланады да оның құлдырауын, хаосизациясын өсіреді. Тәртіптің деңгейін көтеру үшін оған “төлем” жасалуы қажет – энергия мен информацияның өсуі осымен байланысты. Мысалы, АҚШ - өте қатты дамыған, әрі қарай күрделену жолындағы ел. Ал оны қамтамасыз ету үшін жыл сайын энергия қажеттіктері өсіп, сонау мыңдаған шақырым алыстағы Парсы шығанағын, соңғы кезде Каспий теңізін олар “ұлттық мүдделілік” аймағы деп отыр.
Белгілі бір биік ұйыдасу дәрежесіне көтерілген зат, я болмаса, құбылыс жағалай ортадағы неше- түрлі үрдістердің ықпалында болып оған қарсы “шаралар” қолданады. Бірақ, оның мүмкіндіктері шектелген, ал жағалай ортадағы үрдістер шексіз. Сондықтан, ертелі-кеш қандай биік дәрежеде ұйымдасқан объект болмасын сыртқы ықпалдарға қарсы тұру мүмкіндіктерін сарқыған кезде құлағызып, соңынан хаосқа айналады. Бірақ, хаостың шеңберінен тағы - тағы да тұрақты, ұйымдасқан күрделенген заттар мен құбылыстар дүниеге келіп жатады да соңынан хаосқа қайта өтеді.
Сонымен, синергетика ғылымы дамуды тек тіршілік әлеміне ғана жатқызбай, бүкіл Дүниедегі өлі және тірі табиғат, қоғам, рухани өмір – бәрі де өзара даму мен хаосқа айналу үрдісінде,- деген тұжырымға келеді . Бұл үрдісте “кездейсоқтың” мәні күрт өсіп ешкім, ешқашанда Дүниенің болашағын анықтай алатын болжамдар жасай алмайды. Дүние ешқашанда өзінің кемеліне келмейді – соның арқасында ол үне-бойы даму мен ыдырау үрдісінде. Оны қазақ халқы “жалған”, “арман” деген сияқты ұғымдармен сезінген.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   126   127   128   129   130   131   132   133   ...   171




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет