«Тұран» Университі



бет158/171
Дата21.10.2022
өлшемі2,56 Mb.
#44551
1   ...   154   155   156   157   158   159   160   161   ...   171
Байланысты:
С. Мырзалы Философия

с) саяси-құқтық сала
Қоғам өмірінің келесі саласы – саяси - құқтық сала. Ол сонау көне цивилизация дүниеге келген кезде пайда болды. Ұлы Аристотель адамды “Zoon Polіtіcon” – саяси жануар,- деп сол кезде-ақ атап кеткен болатын. Сол заманнан бері осы уақытқа дейін адам саяси пәнде, өйткені ол әрқашан белгілі бір таптың, я болмаса, ұлттың т.с.с. үлкен топтың өкілі. Әрбір әлеуметтік топ қоғам өміріндегі өз орнын анықтауға тырысып, өз мүдделерін қорғап, осы жолда басқа топтармен қарым қатынасқа түседі. Олай болса, саясат миллиондаған ортақ мүддесі бар адамдардың мақсат мұраттарын шыңдап қоғам өміріне әкеледі. Саясаттың екінші жағы - әр-түрлі мүддесі бар топтардың басын біріктіріп, қарым-қатынастарын ретке келтіріп, қоғамның біртұтастығын сақтап қалу болмақ.
Олай болса, заңды сұрақ туады: саясаттың қандай қасиеттері қоғамның біртұтастығын сақтап, әр-түрлі топтардың мүдделерін бір-бірімен ретке келтіреді? Оны біз биліктен табамыз. Бірақ, саяси билік жалпы әлеуметтану категориясы ретіндегі биліктің бір түрі ғана. Расында да, біз тұлғаның өз-өзін билейтіні, адамның табиғатты, әкенің баланы, қылмыскердің банданы т.с.с. билейтіні жөнінде айтамыз. Тіпті, керек десеңіз, жануарлар үйірінің шеңберінде де билікке ұқсас, зоологиялық күшке негізделген ретке келтірушілік бар. Сондықтан да болар, уақытында Ф.Ницше “билікке деген ырықты” субстанциялап, жалпы дүниенің негізінде жатқан құбылыс деп есептеді.
Әрине, қоғам кұрделі дәрежеде ұйымдасқан жүйе ретінде әрқашан да белгілі бір тәртіпсіз өмір сүре алмайды. Олай болса, билік адамзаттың мәңгі серігі. Шындап келсек, алғашқы қауымдық қоғамның шеңберінің өзінде демократияның алғашқы қайнар көздері пайда болады, өйткені, рудың ішіндегі қарым-қатынастарды, басқа рулармен қатынастарды, қайшылықтарды үне бойы ретке келтіріп отыру қажет болды. Оноре де Бальзак “гүлдер ботаникадан ерте өмір сүрген” деген сияқты, саналы түрде алғашқы демократия өмірде болғанымен категориялық (ұғымдық ) дәрежеде әлі пайымдалған жоқ-ты. Тек жеке меншік пайда болып, тарихқа таптық қоғам келген кезде дәулеті асқандар өз мүддесін қорғау жолында саяси жолмен бүкіл қоғамға өз ырқын таңа бастайды. Осы тұрғыдан алғанда, саяси билік дегеніміз қоғамды басқарған субъекттің адамдар, әлеуметтік топтарды өз ырқына,- тіпті олар қарсы шыққанның өзінде,- көндіру болып табылады. Расында да, қоғам өмірі сан-алуан қайшылықтардан тұрады, мыңдаған адамдардың мүдделері бір-біріне соқтығысып қарсы келеді. Мұндай жағдайда әрқашанда қоғамның ауытқуына, құлдырауына, тіпті құрып кетуіне мүмкіндіктер ашылады. Сондықтан биліктегілер қоғамның біртұтастығын сақтап, үстем таптың мүдделерін қорғау үшін шынайы күш-қуатқа ие болулары керек. Көп халықтардың тілдеріндегі “билік” және “күш-қуат” деген ұғымдардың бір түбірден шыққанын байқаймыз. Мысалы ағылшын сөзі “power”- билік, күш-қуат,- деген мағна береді, қазақтың “билік”, “білік”, “білек (күш)”, орыстың “власть”, “владеть”, “волеть”,- деген сөздері де бір түбірден шыққан.
Алайда, бұл арада үлкен сұрақ пайда болады. Билектігілер өз ырқына халықты қалайша көндіре алады, ол мүмкіндік қайдан пайда болады? – Ол арнаулы әлеуметтік ұйымды құру арқылы іске асады екен. Оны біз мемлекет дейміз. Олай болса, мемлекет саяси-құқтық саланың өзегі болып табылады.
Мемлекет - қоғам өміріндегі негізгі қатынастарды заңға негізделген билік арқылы ретке келтіріп, өмірде пайда болатын әлеуметтік қайшылықтарды шешетін, қалыптасқан экономикалық, саяси тәртіпті қорғайтын құрылым. Оның негізгі ерекшеліктері:
а) мемлекет арнаулы құрылған неше-түрлі мекемелер мен ұйымдардан тұрады. Онда арнаулы дайындығы бар қызметкерлер (чиновниктер- шен иелері)) мемлекет атынан неше-түрлі шешімдер дайындап оны іске асырады.
в) мемлекет белгілі бір тарихи қалыптасқан жерді және сонда қоныс тепкен халықты біріктіріп өз билігін жүргізеді. Мемлекеттің билігінен тыс қалатын ешбір топ, я болмаса жеке тұлға жоқ. Сонымен қатар, Қазақстан мемлекеті Өзбекстанда, я болмаса Ресейдің жерінде өз билігін жүргізе алмайды. Оның билігі тек қана өз елінде жүреді. Керісінше, ешбір басқа мемлекет біздің мемлекеттің шеңберінде өз билігін жүргізе алмайды. Ғылыми тілде оны мемлекеттің прерогативасы және суверенитеті дейді.
с) мемлекеттік билік әрқашанда заңдардың негізінде іске асу керек. Ал қайсыбір заң санкцияларға (заңның талабын орындауға мәжбүр ету) негізделген. Олай болса, тек қана мемлекеттің заңның талабын орындамағандарға зорлық жасау құқы бар. Оны іске асыратын мемлекеттің арнаулы мекемелері (сот, полиция, армия, түрме, тергеу т.с.с.) .
д) мемлекет болған жерде халыққа салынатын салық та бар. Өйткені, мемлекет қызметкерлерін, армия т.с.с. құрылымдарды қаржылай қамтамасыз ету керек. Оның сыртында қазіргі мемлекеттер көп әлеуметтік мәселелерді шешеді. Оған да қаражат керек.
Мемлекет - өте көне құрылым. Оның дүниеге келуі жөнінде әдебиетте сан-қилы болжамдар бар.
Теологиялық қағидаларға келер болсақ, олар мемлекетті Құдайдың шығармашылық жолдағы тудыруымен байланыстырады.
Патриархалдық тұжырымдар мемлекетті ру, тайпа, фратрияның (туысқан тайпалардың бірігуі) жалғасы деп түсінеді.
Қоғамдық келісім теориялары мемлекетті тарихтың белгілі бір сатысында адамдардың саналы түрде жасаған келісімі арқылы құрылғаны жөнінде айтады.
Зорлық-зомбылық теориясы мемлекетті тайпалардың арасындағы соғыс, зорлық арқылы жеңілгендерді көндіріп, оларға салық салу арқылы пайда болғанын көрсетеді.
Маркстік теория өндіргіш күштердің тарихи даму негізінде жеке меншік пайда болып, үстем таптар өз мүддесін қорғау барысында мемлекетті құрғаны жөнінде айтады.
Әрине, мемлекеттің дүниеге келуі - өте күрделі құбылыс. Онда зорлық-зомбылық та, келісім де болуы мүмкін. Бірақ, негізгі фактор – тарихи жеке меншіктің дүниеге келуі болса керек.
Енді мемлекеттің функцияларына (қызметіне) келер болсақ, оларды ішкі және сыртқы деп екіге бөлуге болады. Ішкіге экономикалық (шаруашылық) мемлекеттің іс-әрекетін жатқызуға болады. Ол негізінен заңдар арқылы шаруашылық субъекттерінің белсенді іс-әрекеттеріне жағдай жасау, елдің негізгі шаруашылық бағыттарын жоспарлау, шет елден инвестициялар (қаржы) тарту, кейбір шаруашылық салаларына жеңілдік жасау т.с.с. арқылы жүреді.
Келесі – мәдени-тәрбие жұмыстарын жүргізу (мектеп, жоғарғы оқу орындары, ғылыми кешендер, клубтар, кино, театр, ақпарат тарату жүйелері арқылы т.с.с.
Үшінші - әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру (кем-тарларға, кәрияларға, жетімдерге, жастарға, жас аналарға т.с.с. көмек беру, білім мен денсаулық салаларын дамыту, әр-түрлі әлеуметтік топтарлың мүдделерін үйлестіріп дамыту т.с.с.
Төртінші - қоғам өміріндегі тәртіпті бақылау, азаматтардың қауіпсіздігін қадағалау, әлеуметтік аномиямен (ауытқулық) күресу.
Бесіншіден, жоғарыда көрсетілгендердің бәрі негізгі мемлекеттің мақсаты - қоғамның біртұтастығын қамтамасыз ету болмақ.
Енді мемлекеттің сыртқы істеріне келер болсақ, негізгі мәселе - қоғамның экзистенциалдық (өмір сүру) мүдделерін қамтамасыз ету (дербестік, ұлттық қауіпсіздік, даму, сырттан қол сұғуға үзілді-кесілді тосқауыл қою т.с.с.)
Екіншіден, басқа елдермен өзара теңдік және тиімділіктің негізінде экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынастарды орнату. Халықаралық келісімдерді ұлттық заң жүйесінен гөрі жоғары ұстап, бұлжытпай орындау болмақ.
Бүгінгі адамзат мемлекеттік түрде ұйымдасқан қоғамдарда тұрып жатыр. Уақытында Гегель айтқандай, мемлекет – ізгілік идеясының шынайы көрінісі. Расында да, қай халық болмасын өзінің мемлекеттігін құрып, басқа халықтармен терезесі тең жағдайда өмір сүргісі келеді. Біздің бабаларымыз сонау ерте заманда У-У1 ғ.ғ. Түрік қағанаты атты мемлекет құрған болатын. Шыңғыс-ханның заманында теңдесі жоқ, бұрынғы-соңғы тарихта болмаған сонау Қытайдан Балқан тауына дейін созылған алып империя құрылып, жүздеген халықтардың басы бірікті. Бұл, шамасы, көшпенділердің алтын ғасырлары болған сияқты. Жаңа дәуірде көшпенділер өмір салты сарқылып, олардың мемлекеттігі ыдырап, ақырында қазақ халқы Ресей империясының қол астына түсті. Алайда, “Ұлы мәртебелі Тарихтың” үрдісі ХХғ. аяғында біздің халықтың мемлекеттігін тағы да қайтарып берді.
Бүгінгі таңда айтатын негізгі тұжырым - Қазақ елі тәуелсіз мемлекет ретінде орнықты. Дүниежүзілік қауым оны мойындады. Қазақ халқының жүздеген жылдар бойы армандаған бостандық, еріктікке деген ынтасы мен ұмтылысы іске асты.
Өтпелі қоғамдағы елімізде қалыптасқан жаңа мемлекет басқару жүйесіне анықтама берсек, оны демократиялық құндылықтар жолын таңдаған зиялы авторитаризм деуге болар еді. Елдің зиялы көсемі бұрынғы қоғамға қайта оралу мүмкін еместігін, қоғам өмірінде түбегейлі жүйелі өзгерістерді жасау керектігін түсінген миллиондаған отандастардың тілегі мен ынтасына сүйене отырып, нарықтық экономикаға негізделген демократиялық құқтық әлеуметтік мемлекет құруға бағытталған тиімді саясат жүргізуде. Бұл жолда біз қаншалықты жетістіктерге жеттік?,- деген сұрақ қойсақ, оған қомақты жауап беруге болатын сияқты.
Біріншіден, адамдар тоталитарлық қоғамға тән неше-түрлі утопиялық, мессиандық көзқарастардан (болашақта жер бетінде коммунизм орнатамыз, Коммунистік партия – дәуірдің ақыл-ойы, ар-намысы, адамзатты құтқарушы т.с.с. мифологемалар) арылды. Қарапайым адамдарды айтпай-ақ, алғашқыда бұрынғы қоғамның ішінен шыққан саяси элитаның өзі-ақ тез арада “Оңтүстік-Шығыс Азияның акулалары” сияқты гүлденген елге айналамыз, “Біз Азияның барсы боламыз”,- деген романтикалық көзқараста болды. Бірақ, біржақты шикізат өндіруге бағытталған экономиканы қайта құру қиындықтары, Дұниежүзілік мұхитқа шығу арнасының жоқтығы т.с.с. “төмендегілер” мен “жоғарыдағылардың” тез арада мессиандық көзқарастардан арылуына көмектесті.
Егер бұрынғы тоталитарлық қоғамда бүкіл билік партияның қолында болып, оның қоғам өмірінде бақыламайтын нәрсесі қалмаса, бүгінгі мемлекет билігі, адамдардың ынталы белсенді іс-әрекетін қолдап, аса көп төмендегі болып жатқан үрдістерге қол сұқпайды.
Қайсыбір тоталитарлық мемлекеттің субъективті бағытталған мүдделері болады: фашистік Германияда болған “арий нәсілінің мүдделері”, “Кеңес Одағындағы “жұмысшы табының мүддесі” т.с.с. Бүгінгі мемлекет барлық әлеуметтік топтар, ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің мүдделерін тең түрде қорғауға тырысады.
Егер тоталитаризм тұлғаны тобырдың ішіне “сіңіріп”, әлеуметтік айырмашылықты жойып, дәстүрлі әлеуметтік байланыстарды үзуге тырысса, зиялы авторитаризм, керісінше, халықты қайта топтап (рестратификация), ұлттық қауымдастықтардың төл мәдениетін сақтап дамытуға, қазақ халқының мәдениетін қайта түлетіп гүлдетуге ат салысуда.
Егер тоталитарлық мемлекет экономика саласын қатты бақылауға алып, тіпті Кеңес Одағындай өз қолына өткізіп жіберуге дейін барса, біздің жас мемлекет ұлттық байлықтың пілдей бөлігін жекешелендіру арқылы халыққа таратты. Ал оның өзі билік пен ықпалдың біршама бөлігін үкіметтен алып қоғамға тарату деген сөз.
Қайсыбір тоталитарлық тәртіп халықты оқтын-оқтын репрессияға ұшыратып, жүрегіне қорқыныш сезім ұялатады. Жас мемлекет өзінің күш құрылымдарын нығайтқанмен, саяси репрессиялардан үзілді-кесілді бас тартып, уақытында құрғын-сүргінге ұшыраған боздақтарды ақтап шығарды.
Тоталитарлық қоғам мемлекет билігін атқару мекемелеріне толығынан беріп, заң шығару билігін қуыршақ ретінде ұстайды. Қазақстан мемлекеті алғашқыдан билікті бөлу принципін мойындап, оны іске асыру саласында біршама нәтижелерге жетті : кәсіби екі палатадан тұратын парламент заң шығару ісімен айналысуда, атқару билігі күнбе-күнгі елдегі пайда болатын мәселерді шешіп басқаруда, сот тәуелсіз билік ретінде өзгерістерге түсіп жаңа түрде қалыптасуда.
Тоталитарлық жүйе негізінен өкіметті қолдайтын бірпартиялық жүйеге негізделсе, бүгінгі таңда біздің ел көппартиялық қоғамға айналды, жеке меншікке негізделіп жұмыс жасап жатқан жүздеген ақпарат құралдары бар.
Дегенмен де, тарихи қорланған көп әлеуметтік мәселердің баяу шешілуі, тәуелсіз елден күткен, бірақ осы уақытқа дейін үміті ақталмай келген тұлғалалар мен топтар тарихи төзімсіздікке бой беріп, халықты демократизациялау ұранымен саяси белсенділікке, биліктегілерге қысым жасауға шақырады. Сондағы мақсат – кейбір билікті аңсайтындардың шиеленіскен әлеуметтік ақуалды пайдаланып, соның арқасында билікке келу болмақ. Бірақ, біз мына жағдайды ескеруіміз қажет. Қай елдің болмасын тұрғындарының белсенділік көрсетіп шынайы саяси өмірге қатынасатындары – 1%-тен - 10%-ке дейін ғана жетеді, орташа алғанда 3-5%. Шынына келгенде, саяси өзгерістер өкілдік институттар – партиялар, басқа да қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер, парламент т.с.с. арқылы, парасатты деңгейде келісімге келу арқылы жүруі қажет. Халықтың өте биік саяси белсенділігі оның қирату инстинктерін оятып, саясатты тұрпайландырып бейсаналық жолға қойуы мүмкін. Тарихи тәжірибе талай рет көрсеткендей, ақырында мұндай үрдістерге жол ашылса, ол кезекті диктатураға, қантөгіске әкеледі.
Саяси саланы талдағанда, біз мына нәрселерді естен шығармауымыз керек. Біріншіден, саяси билік әрқашанда шектелген ресурстарды (байлықты) пайдаланады. Егер бәрі де ағыл-тегіл төгіліп жатса, онда саясаттың өзі де керек болмай қалар еді. Екіншіден, саясат әрқашанда шынайы өмірден шығатын мүмкіндіктің өнері. Саясат дегеніміз – сол шектелген байлықты әр-түрлі топтардың мүдделерін ескере отырып әрі қарай дамуға жол ашатындай қылып бөлумен байланысты. Ал мұның өзі, үшіншіден, – биліктегілер мен жалпы саясаткерлердің терең білімділігін талап етеді. Мұны біз эксперттік (сараптау) билік деп айтсақ та болғаны.
Қорыта келе, біз Қазақстан қоғамының әлеуметтік-демократиялық қоғам орнату жолында біршама жетістіктерге жеткенін байқадық. Негізгі мақсат – осы жолдан таймай, жер жүзіндегі озық үлгілерді бойымызға сіңіріп, өз руханиятымызбен ұштастырып, гүлденген елге айналу болмақ.
Енді міне, қоғамның рухани өмір саласын талдауға да уақыт келді. Бірақ, ол аса күрделі де өміршеңді мәселе болғаннан кейін, оны арнаулы тарауда талдаймыз. Қазір тағы да бір өзекті мәселелердің бірі - қоғам мен табиғат арасындағы байланыстарға көшеміз. Ол, бір жағынан, бүкіл адамзат мәселесіне айналса, екінші жағынан, Табиғаты азып, ауыр жарадағы Қазақстан еліне ерекше өзекті сұрақ болып отыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   154   155   156   157   158   159   160   161   ...   171




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет