Тұрақты тіркестің түрлері : идиома және фраза
І.Кеңесбаев пен Ғ.Мұсабаевтың «Қазіргі қазақ тілі» деп аталатын кітабында автор тіркес атаулының бәрін фразалық тіркес деп алады да, алдымен оны идиомдар және басқа фразалық топтар деп екіге бөледі. Идиомдарды ерекше категория ретінде өз алдына бөлек қарайды да, тіліміздегі басқа тұрақты сөз тіркестерінің бәрін (мақал, мәтел, қанатты сөз т.б.) фразаның қатарында әңгімелейді. Идиома мен фразаның негізгі айырмашылықтарын былай түсіндіреді: «Идиом тобындағы сөздер өзінің жеке тұрғандағы негізгі мағынасынан айырылып қалады да, өзара жымдасып, бір ғана негізгі лексикалық ұғым береді. Басқаша айтқанда, идиом ішіндегі компоненттер өзінің лексикалық формасы мен мағынасын жоғалтады да, грамматикалық формасын сақтайды; бұлар (компоненттер) – негізгі бір кесек күрделі лексикалық единицаның грамматикалық элементтері (мүшелері) болып есептеледі Идиоманың негізгі белгілері: біріншіден, «тұтас бір ұғым жеке сөздерінің ұғымынан алшақ кетеді де, жеке сөздер (компоненттер) өзінің дербес ұғымынан не жартылай, не мүлдем айрылып қалады», екіншіден, «бұл тізбектердің көпшілігі екінші тілге сөзбе-сөз аударуға келмейді». Ал фраза «жеке элементтердің негізгі мағынасынан барып жасалған тізбекИдиом мен фразаның ортақ қасиеттері де бар, ол – тиянақтылық.
Сөйтіп, біз идиом мен фразаның айырмасы олардың құрамындағы сөздердің жеке күйіндегі мағынасынан айрылу, айрылмауына байланысты ажыратылатынын байқап отырмыз. Авторлар мақал-мәтелдердің де негізгі қасиеттерін ашып, идиомдармен салыстыра зерттейді. Олардың ортақ белгілерінің бастысы орнықтылық, яғни бұл тіркестерді құрауға қатысып тұрған сөздердің арасына сөз қосып немесе олардың орнына басқа бір сөзді пайдалануға болмайтындығы деп көрсетілген. Бұлардың бәрін топтап келіп, жасалған мына бір тұжырымға назар салыңыз
«Мақал, фраза, идиомдарды басқа системалық күйге аударарда бұлардағы өзара негізгі айырмашылықтардың бірі айқын көзге түседі – идиом сөздердің дені сөзбе-сөз (мақал, фразадағы сөздердей) аударуға келмейді. Бұл – жоғарыда біз атап кеткен лексикалық өзгешеліктен туған қасиет
Жалпы, авторлар идиома мен фразаны егжей-тегжейлі талдағанмен, мақал-мәтелді тұрақты сөз тіркесінің қай түріне жатқызуға болатынын ашып айтпайды.
Идиомдардың тағы бір ерекше белгілерінің бірі – олардың көнелігі. Сөздер тізбегі идиом болу үшін көп замандар керек. Оның құрамындағы сөздер мүлде дерексізденіп, өзінің негізгі лексикалық мағынасынан алшақтауы осындай ой туғызады. Мақалдарды қолданғанда, оны өзгертпей сол қалпында алып, басқа сөздермен араға де («деп», «деген», «дегендей») етістігін дәнекер етеміз. Ал идиомдарды морфологиялық өзгерістерге салуға болады да, олардың синтаксистік тиянақтылығын ешбір өзгерте алмайсыз. Морфологиялық, әрі синтаксистік беріктігі бірдей идиомдар да бар, бірақ олар көп емес. Идиомдар түгесінді бір ғана ойды білдіруіне орай, олар көбінесе бір сөздің орнына жүреді.
Идиом, фразалардың тағы бір ерекшелігі – біразының дыбыс үйлесімі. Бұл тізбектерде біркелкі не дауысты, не дауыссыз дыбыспен (аллитерация) келетін немесе не біркелкі жуан, не жіңішке сөздерден келетін идиомдар бар.
Идиом, фразалардың лексикалық мағыналарын бөлек әңгімелеу қажет.
«Қазақ тілі» практикалық курсында (авторлары: Н.Оралбаева, Г.Мадина, А.Әбілқаев, жалпы редакциясын басқарған проф. М.Балақаев) «Лексика» тарауының бір бөлімі «Тұрақты сөз тіркестері» деп аталған. Мұнда авторлар тұрақты сөз тіркестерін идиома, фраза, мақал-мәтелдер деп жеке-жеке бөліп талдайды. Қысқа болса да әрқайсысына анықтама беріп, нақты тұжырым айтуға тырысқан. Әрқайсысына берілген анықтамаларға жеке-жеке қарап шығайық.
а) Идиома деп іштей бөліп, жаруға келмейтін және оның тұтас мағынасы құрамындағы сөздердің әрқайсысының лексикалық мағынасына байланысты тумаған сөздер тобын тұрақты тіркес дейміз.
ә) Тұрақты тіркестердің енді бір түрін фраза деп атайды да, оған да нақты анықтама бермегенмен, мұның өзіндік айырмасын түсіндіреді. Авторлардың түсініктемесін берейік: «Тұрақты тіркестің бір түрі – фраза. Ол да идиома сияқты түйдекті тіркес қалпында айтылады. Алайда мұның идиомадан айырмашылығы құрамындағы сөздердің бәрі не біреуі өзінің бастапқы лексикалық мағынасынан айрылып қалмайды».
Шынында бұл келтірілген мысалдар құрамындағы сөздер өзінің негізгі лексикалық мағынасынан онша алшақтамайды. Ендеше идиомалар сияқты, фразалық тіркестер де сөзімізді өткір, көрікті, образды ету үшін жұмсалады деген тұжырымды әбден қолдаймыз.
б) «Мақал-мәтелдер халықтың ғасырлар бойғы іс-тәжірибесінен, өмір тануынан қорытылып, ереже түрінде тұжырымдалған аталық сөзі, ой түйіні». Біз авторлар анықтамасын бұлжытпай беріп отырмыз. Олар мақал-мәтелдің идиома, фразаларға ұқсас жағы мен өзгешелігін ажыратқан. Ұқсас жағы – мұның бәрінде «сыртқы құрылымы, сөздердің орын тәртібі тұрақты» болуында да айырмасы – біріншіден, «мақал-мәтелдің құрамындағы сөздер өздерінің лексикалық мағынасын толық сақтап, сөйлем мүшесіне талдауға келеді»; екіншіден, «егер идиома мен фраза сөйлем ішінде басқа сөздермен байланысу үшін тұлғалық өзгеріске ұшыраса, мақал-мәтелдер ешбір өзгеріске түспей, басқа сөзбен не сөйлеммен де етістігі арқылы байланысады».
Авторлар мақал мен мәтелдің өзара айырмасын да ажыратқан: «мақалда өмір тәжірибесінен екшеліп алынған ақыл, өнеге, оқушыны жақсыға баулып, жаманнан аулақ болуға үйрететін кеңес берілсе, мәтел белгілі бір ойға, ұғымға ишара жасайды, онда астарлап, жұмбақтап айту мәні басым» болады.
Мұның қай-қайсысы болмасын, айтайын деген ойды нақты, анық етіп және тыңдаушыға бірден аңғартуға немесе сөйлеген сөзімізден қысқа, тұжырымды қорытынды шығаруға үлкен жеңілдік жасайды. Бұларды талғамсыз қолдана беруге болмайды. Екінші жағынан мақал-мәтел әдебиеттің бір жанры есепті таптық сипатта боп келеді. Міне, сондықтан сақ болған жөн.
Фразеология жөнінде К. Ахановтың пікірлері көңіл аударарлық. К.Аханов өзінің кітабында фразеологияны біраз талдайды. Ол осы еңбегінде бұларды екі топқа бөліп: оның бірін – еркін тіркес, екіншісін – тұрақты фразеологиялық тіркес деп алады. Мұның алдыңғысын синтаксистің сыбағасына беріп, кейінгісін лексиканың құрамында қарастырады.
Фразеология деген терминге келсек, мұның екі түрлі мәні бар тәрізді: біріншіден, «белгілі бір тілдегі тұрақты фразеологаялық сөз тіркестерінің жиынтығы» дегенді білдірсе, екіншіден, сол тіркестер жиынтығын ғылыми түрде зерттеп талдайтын ілім мағынасында түсініледі. Автор тұрақты сөз тіркестерін жақшаның ішінде фразеологиялық единицалар деп алады. Бұл терминологиялық сөздіктерінде орныққан термин. Мұнда да алдымен тұрақты тіркес пен еркін тіркестердің айырмасы нақты талданады. Автор мынадай басты-басты ерекшеліктерін көрсетеді:
Біріншіден, «тұрақты сөз тіркестерінің құрамындағы сөздердің орны, еркін тіркестің құрамындағы сөздердің орнына қарағанда әлдеқайда тұрақты, бекем болады.
Екіншіден, «тұрақты фразеологиялық сөз тіркестерінен туатын бір бүтін мағына оны құрастырушы сыңарлардың мағынасынан басым» болады
Үшіншіден, «тұрақты фразеологиялық сөз тіркестері бір тілден екінші тілге аударуға икемсіз келеді, әсіресе оларды тікелей сөзбе-сөз аударуға болмайды»
Ағылшын тіліндегі фразеологизмдерді зерттеу, оларды аудару мәселесімен айналысқан А.В.Кунин. А.В.Кунин өзінің еңбектерімен ағылшын фразеологиясының және де жалпы фразеологияның дамуына өте көп үлес қосты. А.В.Куниннің бұл салада көптеген еңбектерін атауға болады. Мысалы: «Фразеология современного английского языка», «Англо-русский фразеологический словарь» т.б
Кунин А.В. фразеологиялық единицалар мен сөз туралы айта келіп, олардың төмендегідей өзгешеліктерін көрсетеді. Екеуінің бірінші айырмашылығы жасалуында, үшіншіден фразеологиялық единицаның мағыналық құбылысы еш уақытта сәйкес келмейді деп сөзден айырмашылығын айтады.
Достарыңызбен бөлісу: |