Байланысты: МУЗЫКА САБАҒЫНДА ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ-БҮГІНГІ ҚАЖЕТТІЛІК
Қызылорда облысы
Қазалы ауданы
Абай ауылы
Абай атындағы №90 мектеп
Музыка пәні мұғалімі:Н.Рахманберген
МУЗЫКА САБАҒЫНДА ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ-БҮГІНГІ ҚАЖЕТТІЛІК Тәрбие-бұл ұрпақтың өмір сүру тәжірибесін екінші ұрпаққа жалғастырушы үрдіс.Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған халық.Сонау ерте дәуірдің өзінде де өздернің тарихында жас буынға тәрбие берудің басқа ұлтта қайталанбайтын бай тәжірибесін жинақтап,өзіндік салт-сана,әдет-ғұрып, дістүрлерін дүниеге әкелді.Олардың әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерімен бала тәрбиесіне өте ықпал жасайды.
Бүгінгі заман талабы-еліміздегі болып жатқан түрлі өзгерістерге байланысты жас өспірімдердің тәрбиесіне жаңа тұрғыда қарауды талап етіп отыр.Қазіргі таңдағы тәрбиенің мақсаты ұлттық сана-сезімі оянған,мәдениетті,шығармашылықпен қызмет атқара алатын,қоршаған әлеуметтік ортаға тез икемделе алатын,үйлесімді дамыған тұлға қалыптастыру.Соған байланысты жеке тұлғаның осылай жан-жақты дамуына халықтық педагогиканың мүмкіндігі орасан зор екендігін атап өтуге болады.
Халық мұрасының танымдық мәні-ұлан ғайыр дүние.Ол-адам өмірінің барлық кезеңінде мәнді,адамзаттың рухани-эстетикалық қуатының қайнары.Оның ішінде тікелей бала тәрбиесіне байланысты,баланың жан-дүниесінің қалыптасуына әсер ететін дәстүрлері қаншама.Сондықтан халық педагогикасының келер ұрпаққа айтар ақылы мен берер тәлім-тәрбиесі сол ұлттың күй,музыка,фольклорлық шығармалары арқылы,ойын,салт-дәстүрлер арқылы насихатталған.Міне осылар арқылы өз ұрпағының ұлттық болмысын,бейнесін сақтап,дамыта алатыны белгілі.
Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин ұлтын сауаттандырудың,халықты тәрбиелеудің,ұлт санасын дамуытудың қайнар көзі,сонымен бірге тәлім-тәрбие негіздері халықта екенін терең зерттеп,оның этнопедагогикалық үрдістерін құлшына пайдаланып,оны өмірге қолайлы қолданудың ұтымды тәсілдерін тапқан еді.Міне сол игі істер бүгінгі күні де жалғасын тауып келеді.
Қазіргі таңда музыка сабақтарының негізгі мақсаты-балаға ұлттық өнердің құдіреттілігін таныту арқылы олардың санасына,сезімі мен ұшқыр қиялына игі әсер ету.Сонымен қатар,қазақ халық педагогикасының әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып,ұрпақтар ұласымындағы тұлғаның әлеуметтік дамуына оң әсер ету.Яғни, музыка сабағында ұлттық тәрбие беру арқылы ұлттық болмысымызды дамыту.Ал ұлттық тәрбиенің қайнар көзі фольклорымыз екені даусыз.Өйткені дәстүрлі мәдениетіміздің ұмыт бола бастаған қай түрін,қай саласын болса да фольклорымыздан тауып ала аламыз.Халқымыздың сан ғасырлар бойы жинақталған бай музыкалық фольклоры бар.Олар:Тарихи әндер,эпикалық жырлар,тұрмыс- салт жырлары, лирикалық әндер т.б.Міне,осы фольклорымызбен-ақ ұлттық болмысымызды қалыптастыратын тәлім-тәрбие беріліп отырғаны тарихи шындық.
Мен өз тәжірибемде бастауыш мектептерге арнап жасаған Шолпан Құлманова,Мөлдір Оразалиева,Бота Сүлейменованың музыка сабағының бағдарламасын пайдаланып келемін.Бұл бағдарламаның ерекшелігі мұндағы музыкалық материалдар,музыкалық фольклорымызды пайдалана отырып,балаларға ұлттық тәрбие беру негізінде құрылғандығы.Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты сол,қазақ халқының әдет-ғұрпын,салт-дәстүрін,өнерін қадірлейтін,оның өмірмен байланыстығын түсінетін,эстетикалық және музыкалық танымы дамыған,тұлға тәрбиелеп шығаруға бағытталған.
Баланы ұлттық санада тәрбиелеуде,халықтың рухани құндылықтары мен салт-дәстүріне баулуда,ұлттық өнерімізді дәріптеуде халық күйшілері-Қорқыт баба,Ықылас Дүкенұлы,Құрманғазы,Дәулеткерей,Тәттімбет,Байжігіт,Асанқайғы сияқты,әнші-сазгерлеріміз Ақан Сері,Біржан Сал,Жаяу Мұса,Сегіз Сері сияқты тұлғаларымыздың шығармаларының тәлім-тәрбиелік мәні зор.Қазақ халқының музыкалық мұрасы мәдени мұра ретінде ұлттық мәдениетімізді бала бойына сіңірудің бірден-бір жолы.Сондықтан қазіргі музыка сабақтарында ұлттық тәлім-тәрбие беру әдіс-тәсілдерін пайдаланып келеміз.
Жоғарыда айтып өткенімізлдей қазақи тәлім-тәрбиенің көзі ұлттық фольклорымызда жатқаны анық. Тек бұны оқу-тәрбие барысында шығармашылықпен қолдана білу қажет.Фольклорымыздан нәр алып өскен баладан елін сүйетін,елін өркендетуге ат салысатын,ұлтжанды азамат қалыптасатынына сенімім мол.
Мысалы музыка сабағының бірінші сыныбында Қорқыт бабамыз туралы «Қорқыт-күй атасы» деген тақырыпта сабақ өтіледі.Бұл сабақты Қорқыт туралы аңыз әңгімеден бастап,қобыз аспабының шығу тарихымен таныстырылады.Сонымен бірге оқушыларға Қорқыттың күйлері «Әуппай», «Ұшардың ұлуы» тыңдатылады.
Қылқобыз-қазақтың ежелден келе жатқан көне аспабы.Қазақ халқы өз мұңын қобыздың күңіренген зарлы үніне қосып,кері заманның қайғылы оқиғаларын күйге қосқан.Сондықтан қобыз аспабын таныстыра отырып балаларға ұлттық аспабымыздың халқымыздың салт-дәстүрінде ерекше орын алатындығын,мәдени-рухани мұра екендігін ұғындыру.Қорқыт туралы аңыз әңгімемелерді баяндай отырып,қазақ халқының салт-дәстүрлерінен хабардар ету.
Қорқыттың «Әуппай» атты күйінің қысқаша мазмұнын баяндау.Аштықтан қолындағы құндақтаулы баласына беретін тамақ болмай,оны жұбата алмай әбіржіген ана.Бұл көрініске қатты толқыған Қоқыт осы «Әуппай» күйін шығарған.Осы күйді Қорқыт сол жерде ойнаған сәтте жас нәресте күйдің әуеніне елтіп ұйықтап кеткен екен.Бұл күйді тыңдатудағы мақсат-қазақ халқының басынан небір қиыншылық кездер өткенінен хабардар ету және ұлттық музыкамызды құрметтеуге,оны түсіне білуге баулу.
Музыка сабағының бесінші сынып бағдарламасында Қоқыт туралы сабақ қайталанады.Бұл сабақтың мақсаты оқушылардың Қорқыт туралы танымдарын кеңейте түсу,яғни Қоқыттың оғыз тайпасынан шыққандығын,оның халқының мүшкіл қалін сөйлеуші,ақыл кеңес беруші,бақсыларға бата беретін көріпкелділігі болғандығын айта отырып,ұлттық өнеріміздің тарих жолдарымен таныстыра отырып,тәрбие беру.
Музыка сабағында сонымен бірге оқушыларға терме оқытылады.Сыр сүлейлері Нұртуғанның,Жиенбайдың,Тұрмағамбеттің,Нартайдың,Базар жыраудың т.б. шұрайлы жырларын тыңдату,баланың өмірдің мәнін түсінуге,ұлттық сана-сезімінің оянуына әсер етеді.Жалпы,терме өнері-ежелден келе жатқан қазақ халқының төл тумаларының бірі.Әр қазақ терме тыңдай отырып,ой-өрісі жетіліп отырған.Терме-қазақтың тұнып тұрған тарихы,салт-санасы,өсу жолы,ұлттық бейнесі және тәрбиесі.Яғни,терме педагогикамен ұштасып жатқан дүние.Педогогикада тұлғаны тәрбиелеу болса,термеде де дәл осы міндеттер толғанады.Өсиет,нақыл сөз түрінде айтылып,келер ұрпаққа тәрбиенің сан түрлерін жүктейді.Жастарды еңбексүйгіштікке,өнегелі,өнерлі болуға,елін сүюге,халқының қалаулы азаматы болуға үндейді.
Сол сияқты музыка сабағының үшінші сыныбында «Алпамыс батыр» жыры туралы сабақ тыңдалады.Жыр жолдарын баяндай отырып,Алпамыстың ерлік істерімен танысады.Бұл сабақтың мақсаты қазақтың салт-дәстүрлерімен таныстыру,ұлттық өнеріміз жырға деген қызығушылықтарын арттыру,Алпамыс секілді елін қорғайтын батыр болуға баулу.Міне батырлар жыры халқымыздың өмір салтында,тіршілік тынысында елеулі орын алған.Сондықтан ұлттық тәрбиенің қайнар көзі музыкалық фольклорымызда дей келе,балада жалпы адамзаттық құндылықтар мен адамның айналадағы дүниемен жеке тұлғалық қатынасын (этикалық, эстетикалық, адамгершілік тұрғысынан) тәрбиелеу мақсатын халқымыздың мәдени рухани мұрасының, салт-дәстүрінің озық үлгілерін оның бойына дарыту арқылы жүзеге асыруға болады деп нық айта аламын.
Сонымен бірге ұлттық ойындарды сабақта қолдану оқушылардың ой-өрісін жетілдірумен бірге, өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу құралы. Айтар болсақ халықтық педагогиканың ең бір көне тиімді құралдарының бірі ойын.Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді. Ұлы педагог В.И.Сухомлинский: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, творчествосыз, фантазиясыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды», - десе,ал Е.Сағындықов өз еңбегінде: «Қазақтың ұлттық ойындары тақырыпқа өте бай және әр алуан болады», - дейді.Ал Б.Төтенаев қазақтың ұлттық ойындары туралы еңбегінде «Ұлттық ойындардың қалыптасуы тек балаларға ғана керектігімен дамып қойған жоқ,ересектердің күнделікті түсінігіндегі тіршілігіндегі қозғалысы мен көңіл көтеріп,демалыс уақытын өткізудегі еңбектің бір түрі ретінде де дамыды» деген пайымдау жасаған.Демек,баланың ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы баии түседі.
Оқу үрдісінде,яғни музыка сабағында ұлттық ойын элементтерін сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сай аламын.тақырыпқа сай болғанда ғана оның танымдық, тәрбиелік маңызы арта түседі. Оқушыларды әсіресе, «Сиқырлы қоржын», «Көкпар», «Асық» секілді ұлттық ойындарға қатыстыру өте тиімді. Бұл ойындарды жаңа материалды бекіту немесе қайталау кезінде қолданамын. Оқушы ойынның үстінде не соңында өзінің қатысу белсенділігіне қарай бағалаймын.Өйткені мұғалім әр оқушының еңбегін бағалап, ынталандырып отыруы тиіс. Ойынның тәрбиелік маңызы мынада: ол баланы зеректікке, білгірлікке баулумен қатар ұлттық сана сезімінің дамуына әсер етеді.
Сонымен бірге оқушылардың нота сауаттарын тексеру мақсатында «Қыз қуу», «Орамал тастамақ» ойынын пайдаланамын.Бұл ойында жүргізгендегі мақсатым ұлттық ойынымен таныстыра отырып,ұлттық салт-дәстүрімізді бойларына сіңіру.Ал бастауыш мектеп оқушылары арасында Қазақ халқының көне ойындары «Соқыр теке»,»Көрші», «Ұшты-ұшты» пайдалану баланы ептілікке,ширақтыққа тәрбиелеп ғана қоймай,адамдар арасындағы қарым-қатынасты үйренеді.
Әр елдің мемлекеттігін айқындайтын оның шекарасы,тілі,ұлттық мәдениеті болуы шартты.Осы орайда ұлттық мәдениетімізді,салт-дәстүрімізді бүгінгі күн талабына сай қайта жаңғырту,дәстүр сабақтастығын қалыптастыру мақсаты өмір талабынан туындап отыр.Бұл мақсатты жүзеге асыруда ұлттық рухани қазынамыздың озық үлгілерін оқу-тәрбие жүйесіне лайықтап ендіру ұстаздардың басты міндеті болмақ.Міне, сондықтан,халқымыздың салт-дәстүрлері арқылы ұлттық тәрбие берудің нәтижелі болуы ұстаздардың осы бағытта алған этно-білімдері мен әдістемелік дайындықтарының деңгейіне тікелей байланысты.
Қорыта айтқанда елдік қасиеттер аспаннан түспейді,жоқтан пайда болмайды.Өз топырақ тозаңымен,ана сүтімен сіңген ұлтжандылық,өскен ортасы мен қоғам дарытар терең де текті дүниетаным негізінде түзіледі.Сондықтан оқу-тәрбие ісінде ұлттық тәрбие беру бүгінгі қажеттілік.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.А.Жұбанов. «Ғасырлар пернесі»
2.Р.К:Дүйсембінова. «Музыкалық білім беру педогогикасы»
3. «Музыка әлемінде» журналы.
4.Б.Төтенаев «Қазақтың ұлттық ойындары»