37-бап. Тұрғын емес үй-жайлар иелерiнiң құқықтары мен мiндеттерiнiң ерекшелiктерi Ескерту. 37-бап алып тасталды – ҚР 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 38-бап. Пәтерге, тұрғын емес үй-жайға кiру Пәтерге, тұрғын емес үй-жайға кiру пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі хабардар етілген кезде жүзеге асырылады. Егер кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің жай-күйiн тексеру, оны жөндеу немесе алмастыру қажет болса, пәтердің меншік иесі, жалдаушысы (қосымша жалдаушысы) не онда тұратын өзге де адам, тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі (жалға алушы) пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерін, үй кеңесінің мүшелерін немесе кондоминиум объектісін басқару және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау жөніндегі қызметтерді көрсететін жеке және заңды тұлғалар өкілдерін кіргізуге міндетті. Адамның денсаулығына немесе өмiрiне қатер төндiретiн авариялық жағдайларда немесе өзге де төтенше жағдайлар кезінде күні бұрын хабарламасыз да кiруге рұқсат етiлуге тиiс. Ескерту. 38-бап жаңа редакцияда – ҚР 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
39-бап. Пәтерге, тұрғын емес үй-жайға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне келтірілген залалдың орнын толтыру 1. Егер пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі басқа пәтерге, тұрғын емес үй-жайға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне залал келтірсе, ол залалды жоюға не оны жою бойынша шығыстардың орнын толтыруға міндетті. 2. Осындай міндетті пәтерді тұрақты немесе уақытша иеленетін немесе пайдаланатын отбасы мүшелері немесе жалдаушы (қосымша жалдаушы), мүліктік жалдау (жалға беру) шарты негізінде тұрғын емес үй-жайды жалға алушы, егер олар тікелей залал келтірсе, меншік иесімен бірлесіп көтереді. Ескерту. 39-бап жаңа редакцияда – ҚР 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.