91-бап. Тұрғын үйдi күрделi жөндеуден өткiзуге байланысты азаматтарға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру 1. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы көппәтерлі тұрғын үйге күрделi жөндеу жүргiзiлген кезде жөндеудi тұрғындарды (жалға алушының) көшiрмей жүргiзу мүмкiн болмаса, жалға берушi жөнделетiн үй-жайды жалдау шартын бұзбастан, күрделi жөндеу жүргiзiлетiн уақытқа жалға алушыға және оның отбасы мүшелерiне басқа тұрғын үй беруге мiндеттi. 2. Тараптардың келiсiмi бойынша көшiрудiң орнына жалдау шартының бұзылуы, ал жалға алушыға жаңа жалдау шарты бойынша тұрақты пайдалануға осы Заңның 75 және 76-баптарында, 106-бабының 2, 3, 4-тармақтарында көзделген талаптарға сай келетiн басқа тұрғынжай берiлуi мүмкiн. 3. Жалға алушыға күрделi жөндеуге байланысты көшу кезiнде келтiрiлген шығындарды жалға берушi өтеуге тиiс. Жалға алушы тек күрделi жөндеу кезiнде берiлген тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн, сондай-ақ бұл тұрғын үйде көрсетiлген коммуналдық қызметтер үшiн ғана ақы төлейдi. 4. Жалға алушы және оның отбасы мүшелерi тұратын мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үй күрделi жөндеудiң нәтижесiнде сақталмайтын жағдайларда жалға алушыға күрделi жөндеу басталғанға дейiн басқа тұрғын үй берiлуге тиiс. Жалға алушының немесе жалға берушiнiң талап етуi бойынша басқа тұрғын үй күрделi жөндеудiң нәтижесiнде үй-жай едәуiр үлкейтiлiп және жалға алушыда артық алаң пайда болған жағдайларда да берiледi. Егер күрделi жөндеудiң нәтижесiнде тұрғын үй тарылып кетсе, жалға алушыға оның талап етуi бойынша мемлекеттiк тұрғын үй қорынан осы Заңның 75 және 76-баптарында, 106-бабының 2, 3, 4-тармақтарында көзделген талаптарға сай келетiн басқа тұрғын үй берiледi. Ескерту. 91-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.