108-бап. Тұрғын үйдi жалға алу (қосымша жалға алу) шартын жарамсыз деп танудың салдары 1. Шарт жасасып, тұрғын үй алған адамдардың қасақана заңсыз әрекеттерiнiң салдарынан тұрғын үйдi жалға алу (қосымша жалға алу) шарты жарамсыз деп танылған жағдайда олар басқа тұрғын үй берiлместен шығарылуға тиiс. 2. Егер тұрғын үйдi жалға алу (қосымша жалға алу) шарты осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайлардан басқа негiздер бойынша жарамсыз деп танылса, шартта аталған азаматтар өздерiнiң бұрын тұрып келген тұрғын үйi немесе басқа жайлы тұрғын үй берiп шығарылуға тиiс. Басқа тұрғын үй беру мiндетi шартты жарамсыз деп тануға әрекетi негiз болған заңды тұлғаға жүктеледi. Бұл жағдайда соттың шешiмiнде берiлетiн тұрғын үйдiң мекен-жайы көрсетiлмеуi мүмкiн. 3. Жалдау (қосымша жалдау) шартын жасасу кезiнде заңсыз әрекетке жол берген лауазымды адам Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапқа тартылады. Ескерту. 108-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.07.07 № 182, 2007.07.06 № 276 (орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді) Заңдарымен.
15-тарау. ҚЫЗМЕТТIК ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДI ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТIК ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫНЫҢ ЖАТАҚХАНАЛАРЫНДАҒЫ ТҰРҒЫН БӨЛМЕЛЕРДI ПАЙДАЛАНУ
109-бап. Қызметтiк тұрғын үйлер 1. Қызметтік тұрғынжайлар өздерінің еңбек қатынастарының сипатына байланысты жұмыс орны бойынша тұруға тиісті Қазақстан Республикасының азаматтарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарын және оралмандарды жалдау шарты бойынша қоныстандыруға арналады. 2. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк мекемелердің жұмыскерлері мен судьялар, егер олар мемлекеттiк қызметте, бюджеттiк ұйымдарда, мемлекеттік кәсіпорындарда немесе судья лауазымында (мемлекеттiк сайланбалы лауазымда болу мерзiмiн қоса алғанда) кемiнде он жыл (жиынтығында) жұмыс iстесе, сондай-ақ еңбек қатынастары мынадай негіздер бойынша: 1) ұйымның таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша; 2) одан әрi жұмыс iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты; 3) зейнеткерлікке шығуына байланысты тоқтатылса, жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, өздерi тұратын қызметтiк тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендiре алады. Қызметтiк тұрғын үй берілген қызметкер қайтыс болған жағдайда, жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді. Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы ретінде қызметтік тұрғынжай берілген Қазақстан Республикасының азаматтары және оралмандар, егер олар қызметтік тұрғынжайда кемінде бес жыл тұрса, өздері тұратын қызметтік тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендіре алады. 3. Қызметтiк тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. 4. Осы баптың 2-тармағында белгіленген негіздер болған кезде тұрғын үй комиссиясы тұрғын үйді жекешелендіру туралы шешім шығарады. Бұл тұрғын үйді жалдаушының кейіннен жекешелендіруі үшін ол коммуналдық тұрғын үй қорына ауыстырылады. Ескерту. 109-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.06.27 № 444-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 270-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 23.11.2015 № 417-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 421-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.