Айтолдының патшаға өсиет жазып
қалдырғанын айтады
Енді Айтолды қағаз, сия алыпты,
Алла атымен хаттың ізін салыпты.
Сөз бастады Алла атымен киелі:
«Өмір берген, асыраған Ие еді!
Ол жаратқан жан-жануар өреді,
Аш қоймайды, Алла нәсіп береді.
1330. Ол істейді қалап ойға алғанын:
Барлық нәрсе – қалауымен Алланың.
Ол билейді бар өмірді, әр демді,
Керек қылмай ешбір көмек, жәрдемді.
Ол жаратты өлу үшін, өл, мейлі... –
Бәрі өледі, оған өлім келмейді.
Сәлем менен пайғамбарға мың дастан,
Жеткіз, Құдай, бұл сәлемді тынбастан.
Сахабаның бәріне паш еткізіп,
Тұрсын Ием сәлемімді жеткізіп.
1335. Көп жасағын, патшам алған бар бақты,
Талай елде атың болсын ардақты.
Айтолды – атым, толған айдай толыққан,
Таяп өлім, баяулады толық кан.
Қатты салды өлім шеңгел, дендетті,
Қашар жер жоқ, дүниеден дәм кетті.
Қам да жедің, Жақсы ұстадың мақтап-ай,
Кетіп барам сол ісіңді ақтамай.
123
Сыйға – сый ғой! Бастың Жақсы аманы,
Жаздым саған бұл өсиет-наманы.
1340. Дүниені іске дос боп өткердім,
Бар ісіңді адал істеп жеткердім.
Міне, менде ақыл-мейір тең өсті, –
Оқы, жазып қалдырайын кеңесті.
Не дер екен мейірі мол ол кісі,
Мейірбандық – кісіліктің үлгісі:
«Сөзін ұқсаң мейірбанның – ес еді,
Дәулет болып келетұғын есе еді.
Ол – шынайы кісілердің тазасы,
Сөзін ұстан – бақ-дәрежең өседі».
1345. Ей, падишам, мейірімге бас ұрғын,
Бұл сөзімді іс-жүзеге асырғын!
Өлім келді, көп өкіндім мен өзім,
Пайда қылмас енді өкініш, жөн сөзім.
Ғибадатым бүгін, міне, жарады,
Ессіз ісім – сол күйдіріп барады.
Қалды түгел алтын-күміс тергенім,
Тек үлесім – есебін ап бергенім.
Өткен өмір өкініш боп тізілді.
Өлем – міне! Бар үмітім үзілді.
1350. Мен еріксіз өліп барам келеңсіз.
Мені өкшелеп ертең сіз де келерсіз.
Сақ бол, патшам. тұрғанда өлім жабыспай.
Ісіңді істе жетілдіріп, табыстай.
124
Малың шашып. үлестіріп жегіз де.
Сау кезіңде ізгілікті негізде.
Бәле түбін жақсылықпен қырық қыл,
Ел қуантып іспен, тілмен мырық қыл.
Не дер екен елдің есі бүтіні –
Тыңда зерек, жастан көзі жітіні:
1355. «Тірі кезде – сен салтанат кұрғанда.
Қыл ғибадат ажал келмей тұрғанда.
Өлім келсе өкініштен пайда жоқ.
Жер астында зарлап алас ұрғанда.
Ей, падишам. берік ұста өзіңді.
Бос жібермей енді уақыт, кезіңді.
Тағдыр жебеп дәулеттен қол үзбегін.
Әр ісіңнен әділдікті іздегін.
Қыл халықка әділ істі туралық.
Сонда күнің болар ізгі, тура, анық
1360. Байлық үшін отқа түспе, таспағын.
Мойнын үзіп құмарлықтың тастағын.
Бұ дүние бұйымысың – болма құл,
Ол иектер, сен де ізінен қалмағыл.
Дандайсыма, көңілді тым көтерме,
Сеніп болмас – «қу дүние кетер’’ – де!
Жақын ұста жақсы адамды тиесі,
Қаш жаманнан – жұғар қара күйесі.
Ешбір істі күншілдерге істетпе,
Опасызға бір түйір нан тістетпе.
125
1365. Тынбай табын, күнәдан жүр сақтанып,
Басқасы бос, ғибадатты сақта анық.
Өлімді ойла, жабдығын жый сайланып,
Өлім шығар бір бұрыштан айналып.
Қашсаң – өлім ұстап алар, олжа етер,
Қанша жасап тырыссаң да – ол жетер.
Қунақ жүр де, болма өлімнен бейхабар,
Көп жасаған жер жастанып жай табар.
Қашса да адам, қалды өлімге бас ұрып,
Кім жасайды мезгілінен асырып!
1370. Уақыт пен тіршілікке мезгеген,
Жақсы сөз бар, білсін оны кез кеген:
«Бұл адамзат – бір керуен тізілген,
Көп кідірмес – кезі бар ма үзілген?
Бала әкенің бел күшінен жаралып,
Құрсақта айлап жатады ғой нәр алып.
Туған бойда қалай атын қояды,
Уақыттың атына ол да қонады.
ЬІлғи жеген асым немен өтелер? –
Өңімді алар, тек өлімге жетелер.
1375. Өмір, мола – екі жер ғой тоқтайтын,
Кісі бар ма бұған, сірә, соқпайтын?
Дүниеде осы екі жол – сара жол,
Жолың қайсы – қайда әкетіп барады ол?
Оң жол берсе – бәрін игі қыларсың,
Сол жол берсе – зарлап шашты жұларсың».
126
Қарап тұрсаң: дүние – бір қор, егін,
Егін бітсе – жияр адам қорегін.
Не егілсе – сол өнім боп саналар,
О баста не берген болса – соны алар.
1380. Кісі жібін аттама да, қан төкпе –
Бұл екеуден киналады жан текке.
Өтер өмір түс сияқты байқалмай,
Құл да кетер, бек те кетер қайта алмай.
Өткен күнің түс сияқты жоғалды,
Өкініштен басқа, қане, не қалды?
Тыңда адамды сергек ойы өрілген,
Көпті көріп, өкінішке берілген.
Мұны шайыр айтқан екен әйбаттап,
Мағынасын ұғынып ал, ой жаттап:
1385. Тіршілік күн түс боп өтті, тоспады,
Қане пайда, қандай белгі тастады?
Өтті күнің тілек тілеп жүргенде,
Таусылды өмір, өкініштен аспады».
Текке жүрмей көп ойласын тірі адам,
Өмір, өлім арасы – тек бір қадам.
Болма сараң, сақтан, – сонда әңгіме,
Аты қалар жомарт жанның мәңгіге.
Әсерің де, қалың қол да кернейлі.
Алтын, күміс – бәрі пайда бермейді.
1390. Өзіңді өзің құрбан қылма өзге үшін,
Өз басыңа май жақсын да өз күшің.
127
Сенен бұрын тастап кеткен талай бек,
Бұл өмірді қарап алғын «қалай?» – деп.
Саған да өлім дайын тұр ғой «жұтам!» - деп,
Өміріңді өлшеп отыр тұтамдап.
Білген біреу дүниенің айыбын,
Айтқан екен, байқап алшы байыбын:
«Дүние-мал ащы судай кермек-ті,
Қанша ішсең де, сусын қанып көрмепті.
1395. Бұ дүние көлеңкедей алдайды,
Қусаң – қашар, қашсаң – сенен қалмайды.
Дүние ісі сағым-елес сипатты-ай,
Өте шығар сауырынан сипатпай».
Ей, падишам, жақсылықтан жалықпа,
Соған орай ізгі болар халық та.
Аш бөрілер жиылады сарайда, –
Сақ болып жүр, патшам, осы орайда.
Халық – қой ғой, бектер – қойшы күзеткен,
Қойды қойшы сүйіп бақсын ізетпен.
1400. Буып ашу, кім қаһарын жаяды, –
Содан бектік қасиет те таяды.
Мәйін сөйле, ірілікке салынбай,
Ірілік – ол күйдірер от-жалындай.
Тура жүріп, таза болсаң салмақты,
Қол жетеді жақсылыққа жан-жақты.
Өмірің бір ұзын сонар жол болар,
Болса түйсік – жер азығың мол болар.
128
Ей, падишам, сарай салма, қой, мұнда,
Үй дайын тұр қара жердің қойнында.
1405. Алтын-күміс жинап аштық көзбенен,
Кетесің ғой екі-ақ құлаш бөзбенен.
Осыны айтқан бар ғой шайыр батасы,
Шайыр сөзі – барлық сөздің атасы.
«Жинар адам талай кәкүр-шүкірді,
Ойламай-ақ «неге?» деген пікірді.
Байып, жетті тілегіне, жан берді» –
Ажал келіп, бар өмірін бітірді».
Ей, бек! аспа – тыныш өмір қозғалар,
Мәз өмірің оттай сөніп, тоз болар.
1410. Бұл өмірді беріпті ғой азапқа,
Қызық қуып, бос өткізіп азайтпа.
Шайы, жібек оранып ең жай ғана,
Жер жастанып жатасың ғой, ей дана!
Мәз боп, тоймай тіршіліктің ойнына,
Жатасың ғой кіріп жердің қойнына.
Қас жүйрік пен жорға мінген күн еді. –
Ағаш атқа ерсіз енді мінеді*.
Ойла мұны, жеп көр қамың бастың да, –
Жат өкінбей қара жердің астында.
1415. Іске тіле бір Алладан жәрдемді,
Күш береді, сол реттеп әр демді.
Бол разы қандай іске, жазаға,
Тура сөйле, мойын сұнып қазаға.
129
Екі Жалған бектігі үшін бас сақта,
Ең абзалы: бос нәрседен қашқақта.
Қан төгісіп, қастық қылған жарамас,
Қылма зорлық, татып алма арам – ас.
Ішпе шарап, әйел қуып арыма,
Бұлар бектің дақ түсірер арына.
1420. Сен тілесең мәңгі билік ұшпағын, –
Әділет қыл, елді зорлап қыспағын.
Ей, падишам! Елден еңбек аяма,
Елді сақтап, ақыл-оймен аяла.
Патшам! Үлкен жүк алыпсың бойыңа,
Болма ғафыл, сақтануды ал ойыңа.
Тән қалауы – бір алдамшы сезім-ді,
Құтқар оның құлдығынан өзіңді.
Өткен күнің көк дауыл боп борады,
Қол бұлғамай зым-зия боп барады.
1425. Күнді қалған өткізбе сен бос енді,
Өзіңді ұмыт – жөн-жорығың осы енді.
Қу дүние, опа қылмас бұл саған,
Қара, міне, маған опа қылмаған.
Ойшыл біреу айтқан екен, ол кісі –
Бар білімдар кісілердің үлгісі:
«Сен – керуен, дүние – бір сарай-ды,
Аялдамаң қанша күнге жарайды?
Бұ сарайың – байитын жер өте тым,
Кез келеді әрі жылжып өтетін.
130
1430. Кетер көшті бұрын жібер, бастағын,
Қажетіңді ал, керексізін тастағын!»
Кетіп барам – маған қарап оян да,
Жақсы атыңды қалдырып өт, аянба.
Құрғың келсе ұзақ билік, үстемдік,
Бәрін емес, кейбір істі істе енді:
Күштемей-ақ істі заңмен асырғын,
Бір тәубаның есігіне бас ұрғын.
Боса болма, сақта сақтық іргесін,
Төтен бәле иектеп ап жүрмесін.
1435. Қай істі де созба – кезін сезе біл,
Ашу-ыза буып кетсе – төзе біл.
Солай етсең – елің аман өреді,
Өмір – тыныш, жұрт артыңнан ереді.
Бар жақсыны ардақ тұтып көтергін,
Бар жаманды қу, алдыңнан кетіргін.
Жаман емес, жақсы заңды әйбатта,
Туып күнің, жансын бағың – жай жатпа.
Не дер екен – тыңда дана шешенді,
Осы сөзден алып қалсай есеңді:
1440. «Жақсы тәртіп орнат – сонда сыйлайды,
Онсыз халық бір уысқа сыймайды.
Жақсы заңды қудалаған – бопсалар,
Бір күндері аяқ асты боп қалар!»
Ей, білімдар, сен ұмытпа өзіңді,
Түбіңді ойла – соған жеткіз көзіңді.
131
Баса көрме жамам қылық ізін де,
Ол ұлытар екі өмірдің жүзінде.
Өткінші өмір өтті, кетті, абайла,
«Келер өлім келді, міне», – деп ойла.
1445. Ал ақылды, айтам құлақ түргенге:
Жақсылық қыл әзір тірі жүргенде.
Өлгендерде өсиет боп сөз қалар,
Міне, саған өсиетім ой салар.
Ей, падишам, сүйіктім ең ардақты,
Міне – сөзім пайдасы бар әр жақты.
Өсиет сөз – сөз ғой халық іздеген,
Одан пайда түсіп тұрар жүздеген.
Бұ сөзімді «шынайы сөз кені» – де,
Оны ұмытпа, ұмытпай жүр мені де.
1450. Қанша жүрдім: өмірім – бос, құр екен,
Ақырында өлім күтіп тұр екен.
Түбінде ажал сөзсіз келіп қуырар,
Тірі жанның шыбын жанын суырар.
Дайын отыр – келсе хабар егер де*,
Оралмайтын ұзақ сапар шегерде.
Бұл өлімнен құтылатын жоқ орын,
Жиналып жүр, біліп түбі соғарын.
Тыңда, бәрін білген адам барлап бір,
Өлерінде айтқан екен зарлап бір:
1455. «Келер өлім кезіктірсе сағатын,
Сен дайын бол күнін күтіп соғатын.
132
Сол өлімнің уысында үзілер
Алтын белбеу «міне, мен!» – деп тағатын».
Ей, падишам, бар хақыңды атқардым,
Мейірімнің бәрін түгел ақтардым.
Жақсылықпен түсіп таупық жолына,
Ас, киімнің кездес құты молына!
Мәз боп, аман, жылдар жаса мыңдаған,
Шадыман бол, ел көбейсін тыңдаған!
1460. Осы сөзім мейірімге толып тұр,
Ей, падишам, сау-саламат болып тұр!
Бақтияр-ау, Мен пақырың кетеді,
Ұлым қалды – бауырымның өті еді.
Мен тапсырдым Құдіреттің күшіне –
Ол қаласа – сақтар оттың ішінде.
Өтінішім – ұлымды ойға ала жүр,
Бұзылмасын – көз қырыңды сала жүр.
Әр нәрсеге Тәңір – себеп әуелден,
Жақсы, жаман сол себепке тәуелді.
1465. Ата-аналар ұрпақ туар – сол арман,
Жақсы, жаман болса бала – солардан.
Өліп барам – ұлым қалды панасыз,
Қалды жастай тұл жетім боп анасыз.
«Маңдай тері сіңді» – десең құлыңды,
Тура жолға түсіре көр ұлымды.
Қалыс қалма – үйрет, өзің – сенерім,
Елге берсін білімі мен өнерін.
133
Жөні түзу болып өссін, түлесін.
Іске жарап, теріп жесін үлесін.
1470. Ұста қатаң: бос жүрмесін сандалып,
Болса тәртіп – бала өседі сомдалып.
Бала нені білсе жастан, ұядан,
Өле-өлгенше соны таныр қиядан.
Айтқан, тыңда, шашы ағарып көп көрген,
Сынап ұғып, біліп бәрін өткерген:
«Жас кезінде білім берсең қалайда,
Өсе келе қолы жетер талайға.
Бала білім алып өмір сүрсе егер,
Оны ұмытпас өзі тірі жүрсе егер».*
1475. Жазып бітіп, өсиетін орады,
Байлап беріп, ұлына бір қарады.
Айтты ұлына бұ жазғанын алды да:
« Жеткіз, – деді, – патшамыздың алдына.
Жазғанымды оқып алып, істесін,
Дайын болсын, барлық ісін үстесін!»
Сүйіп ұлын, қиналғаны сезіліп,
Құшаққа алып, көп жылады езіліп.
«Ұлым! – деді, – көрдің халді, уайымды,
Есіңнен еш шығарма осы жайымды!
1480. Қапы қалма, әзірге сен баласың,
Ақырында сен де осындай боласың.
Пайдалы сөз айттым, ойға тоқырсың,
Ұғып алып, маған дұға оқырсың.
134
Қалма ағзамның бір қырына ұнамай,
Қыл қызмет, жөніңе жүр сынамай.
Бос сандалма, болма жалқау қырыстап,
Таза боп жүр, мінезіңді дұрыстап.
Ерте тұрып, кеш жат – ұйқың қанады,
Ерте тұрса ер бақыты жанады.
1485. Құрмет етіп, Құдіретті аяла,
Еңбегіңді бір патшадан аяма.
Қаш алыстап, жамандардан жырақта,
Қыл ізгілік, түзу жолда тұрақта.
Аман-сау жүр, сөзіңді бақ нық айтып,
Өзіңді бақ саулығыңды нығайтып.
Сүйіп ұлын, күтті сөздің кезегін,
Өкси берді, өкініш жеп өзегін.
Айтты тағы: «Бұ дүние опасыз,
Содан біздің таусылмайды қапамыз.
1490. Жаным бұрын жақсылыққа кенелді,
Қара жерге кіремін ғой мен енді.
Туып едім жап-жалаңаш тырдай боп,
Кетіп барам барлығынан жұрдай боп.
Құлақ салшы кезі келген бек ерге,
Өлерінде зарлапты ғой бекерге:
«Іштен шыққан жерге кірер!» – дейді жұрт,
Бұла өскенді жер астында жейді құрт.
Қайран өмір – пайдасы жоқ, өкініш,
Жылап-сықтап көрге кірер ол – жым-жырт»
135
1495. Жаны ұшарда көгілдір көк өріне,
«Кешір!» деді ағайын, дос – бәріне.
Болды жылап, Айтолды ғой бұл есті,
Мал-мүлкінен жұртқа берді, үлесті.
Көкке қарап айтты: «Патшам!» – көсілді,
Шаһадатпен оның тілі кесілді*.
Демі үзіліп, көз жанары сөніпті,
Жаны шығып, қараңғы түн төніпті.
Ұшты жаны, кетті көкке ілгері,
Қалды мұнда келбеті, құр сүлдері.
1500. Тумағанадай, болмағандай сап болды,
Белгі болып аты ғана сақталды.
Айтқан біреу тура сөзді ойға енер,
Енді оянып, қамсыздығын қойған ер:
«Тәннің орны болады екен қабірде,
Жанның орны – ылғи көкте, қазір де.
Ұшты жаны, қалып мұнда боқ карын,
Құдай білер оның қайда тоқтарын!»
Көкке барып табады ғой ол орын,
Жерге түссе – күт бәленің боларын.
1505. Тірі өлгенде оның қолы босайды,
Сонда жаны мәңгі-бақи жасайды.
Не тұрады мынау адам – есіл ер:
Атақ қуып, ақыр тілі кесілер.
Қайдан келіп, қай тарапқа кетеді,
Қайда тұрып, қай межеге жетеді?
136
Дана біліп, үдесінен шыға ма,
Зейіні мол, сірә, мұны ұға ма?
Жоқ ақылды мұның жайын білетін,
Тек Жаратқан келтіреді ретін.
1510. Ол – белгісіз: ішіп, жеп ап жерінбей,
Жүреді екен көз алдыңда көрінбей*.
Бұл адамға берген өмір қысқа қып,
Терең ой мен тіл беріпті нұсқа қып.
Адам өзі – бір бейшара, сұйық-ты,
Неге мұнша көтереді иықты!
Бұ Жалғанды билейтіндей көреді,
Неге сонша көкірегін кереді!
Не дер тыңда, ақыл-ойға тұшынған,
Өлімді ойлап, соған мойын ұсынған:
1515. «Ей, сұм ажал, тым аяусыз жебірсің,
Бөгей алмас сені қару, не бір сын.
Бәрін жалмап құтқармайсың бірісін.
Жаман, жақсы – бәрін жейтін бөрісің.
Тірі болса даналардың барлығы,
Жетесізге жетсе өлімнің жарлығы.
Жаман, Жақсы – қалмайды ғой бәрі де;
Жерге кетер жас адам да, кәрі де.
Ей, тірі жан, құтылу жоқ ажалдан,
Қанша жүрсең – сонша күтер о жалған!»
1520. Жақсы айтыпты «ел билеген ер» деген.
Іс бітірген білімменен, зердемен:
137
«Қандай жақсы «өлім» деген келмесе,
Керемет іс болар адам өлмесе.
Өлім мені тыныш жерге апарар,
Түбімді үзіп, тамырымды қопарар.
Адам емес, аяулы ғой қасиет,
Кісіге емес, кісілікке бас иед.
Ғажап емес – өлім қаупі төнеді,
Туған өліп, жер қойнына енеді.
1525. Бұл – ескі жол, көрші, қане, бұлтартып,
Құй қалап ал, құй қалама: бұл – тәртіп!»
Достарыңызбен бөлісу: |