Түркі тілдерінде үстеулердің сөз табы ретінде қалыптасуына мол ықпал еткен формалардың бірі – етістіктің көшемше категориясы. Көне түркі жазба ескерткіштері мәтіндерінен белгілі үстеулердің сөз табы ретінде толық қалыптаспаған дәуірінде аталмыш көсемше формаларымен жасалған үстеулік мәні, мағынасы бар, қызмет аясына байланысты толық пысықтауыштың функциясында қолданылған сөздер тобы кездеседі. Осыған қарап, үстеулердің қалыптасуындағы алғашқы белгілер көшемше формаларымен байланысты болса керек деген пікір туындайды.
Тілде үстеулердің бастапқы пайда болу белгілері есімдермен қатар етістікті түбірлерден де жасалып отырғандығын байқаймыз. Сол көне дәуірдің өзінде оталмыш көшемше формалары етістікті түбірмен грамматикалық байланысқа түсіп, сөйлем ішіндегі қолданысына байланысты өзінің бастапқы мағынасынан алшақтап, үстеулер қатарына өтіп отырған. Бұл процесс ұзақ созылыңқы құбылыс. Тілдегі айтылып отырған аталмыш құбылыс қай сөз табының қалыптасуында болмасын белгілі бір дәуірді, мерзімді қажет етеді. Ел аузында, жазба тілде әбден сұрыпталуы қажет. Екіжақтылық сипатынан айрылып тек үстеулік ерекшеліктерімен көрінуі тиіс.
Көне түркі ескерткіштері, одан беріде М. Қашқари, Ж. Баласағұни еңбектерінен жалғасын тапқан көшемше формалары единицалар тілдің дамуы барысында алуан түрлі сөз өзгерту жүйелеріне еніп отырған. Қазіргі түркі тілдері тұрғысынан қарағанда негіз, түбір үстеулер сипатына ие бірнеше үстеулердің құрамында аталмыш көшемше формалары өлі элеметтер түрінде кездесіп отырады. Ол сөз құрамын тек тарихи тұрғыдан ғана талдау арқылы бастапқы түбірі мен қосымшасын анықтауға болады. Қазіргі тілімізде қолданып жүрген көптеген сөздер құрамында зерттеліп отырған көшемше жұрнақтары жиі кездеседі.
Сөйлем ішінде қолдану ыңғайына байланысты семантикасының өзгеруі нәтижесінде лексикаланып барып үстеу қатарына өтіп отырған мұндай форманттар барлық етістіктер мен оның көрсеткіштеріне тән емес. Үстеулер қатарына өтетін сөз көшемше формаларын қабылдағанда етістік ретінде қимылды, оның сипатын білдіретіні анық. Мұндай қасиет барлық етістіктер мен оның формаларына тән. Бірақ, солардың ішінде пысықтауыштық қызметке ие болып, сөйлем ішінде қимылдың белгісін білдіретін сөздер үстеулер қатарына өте алады.
Нәтижесінде көсемше формаларын қабылдап, контексте тұрақты пысықтауыштық қатынасқа ие болған сөз қимылды, іс-әрекетті емес, сол қимылдың белгісін білдіретін сөзге айналады. Сөз толығымен семантикалық жақтан өзгеріп, жалпы грамматикалық мағынаға ие болады. Ол өзгерген мағына үстеудің белгісін білдіреді. Жоғарыда айтылып кеткен кейбір жекелеген сөздердің екіжақтылық қызметке ие болуы көсемше формаларымен үстеуге айналатын сөздер бойынан да кездеседі. Мұндай аралық қызметке ие болған сөздер тілдің дамуы барысында өзінің қолданылу функциясы арқылы лексика-семантикалық тобын айқындайды.
Етістік пен үстеу категориялары бір-біріне өте жақын сипатқа ие сөздер тобы. Әрбір категорияның өзіне ғана тән ерекшклігі де бар. Олардың ара жігін ажыратып тұратын өлшемдері де нақты дәлелдермен беру шарт. Барлық к-шемше формаларын қабылдаған түбірлер үстеулер қатарына өте бермейді. Олардың біразы өздерінің бастапқы етістікке тән сипаты мен қасиетін сақтап қалады. Аталмыш процесс көне тілдерде ғана емес, қазіргі түркі тілдерінде де көп кездеседі. Бұлардың басын ажыратып тұратын белгілер тек сөйлем ішінде ғана көрінеді. Сөздің сөйлем мүшесі ретінде атқаратын қызметтеріне қара пысықтауыштық қатынаста жұмсалуы бар. Адвербиалданушы сөз сол функцияда тұрақты, ұдайы қолданылуының барысында лексикаланып барып үстеулер қатарына өтеді.
Жазба ескерткіштер дәуірінен белгілі адвербиалдану процесіне жататын көптеген етістікті түбірлерден үстеулер жасаған көсемшенің –а, -е, -й, -у, -ү, -ы, -і формалары. Аталмыш форманың ықпалымен лексикаланған сөз жаңа мағынаға ие болып, жаңа сөз табының ерекшелігіне сай қызмет атқара бастайды. Грамматикалық қатынастың нәтижесінде сөз бен форма бірігіп, тұтастай бір тұлға ретінде танылады. Бастапқыда белгілі бір контексте ғана үстеулік қызмет атқарып жүрсе, кейіннен толығымен үстеулер қатарына өтеді. Бұл құбылыс тілде ұзақ жалғаспалы мерзімдік қолданыстың нәтижесінен кейін қалыптасады.
Сөз таптарының ішінде үстеулерді қалыптастыруға ықпал ететін сөз топтарының бірі – есімдіктер. Есімдіктің барлығы бірдей қалыптастыруға қатыса бермейді. Көбінесе сұрау есімдіктері мен сілтеу, жіктеу есімдіктері үстеулер қатарына өтіп жатады. Олар үстеу қатарына дайын единица күйінде де грамматикалық көрсеткіштер көмегіменде өтеді. Тілдегі кездесетін есімдіктен жасалған үстеулердің көбі грамматикалық көрсеткіштер негізінде қалыптасқан.
Көне түркі тілдерінен белгілі бірқатар ғалымдар салыстырмалы септік формасы деп таныған –ча, -че (-ша, -ше) қосымшалары дәл осы үстеулерді, нақтығырақ айтқанда, мөлшер үстеулерін қалыптастыруда үлкен мәнге ие. Көне жазбалардан (анча, мунша), қазіргі тіл материалдарынан кездесетін (мұнша, сонша, қанша) тұлғалық үстеулер толық адвербиалдану құбылысын басынан өткізеді. Аталмыш сөздер үстеу ретінде толық қалыптасып, оның құрамындағы септік жалғауы түбірмен сіңісіп, құрамдас бөлігі болып қалған. Мұндай сөздерді тек тарихи тұрғыдан ғана түбір мен қосымшаға ажыратпаса қазіргі тіл тұрғысынан ешбір бөлшектеуге келмейді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Кононов.А.Н. Грамматика современного турецкого языка. — М-Л., 1956. – 309 с.
2. Сарбалаев Н. Адвербилизация туралы.- Қазақ тілі мен әдебиет. Алматы, 1994. — 35-39 б.
3. Гулямов А.Г. К вопросу об адвербиализаций в узбекском языке. Уч. записки ТГПИ.