2 дәріс Түркі тілдерін классификациялау принциптері. Түркі тілдерінің генеалогиялық және типологиялық сипаты Түркі тілдерді зерттеудің алғашқы қадамы Махмұд Қашғаридың «Диуанынан» басталады. Ол түркі тілдерін фонетикалық, морфологиялық. лексикалық белгілеріне сүйеніп оғыз, қыпшақ, түрки деп бөледі: Орта Азияны мекендеген түркі халықтарын солтүстік, оңтүстік деп екі түстікке бөледі де, әр түстік құрамына енетін халықтар тізімін береді. Сондай-ақ түркі тілдерін оғуз, қыпшақ, турки деп аталатын 3 топқа бөледі де, әр топқа жататын тілдердің бір-бірінен дыбыстық, грамматикалық, лексикалық өзгешеліктерін көрсетеді: беженек, қыфжақ, башғырт, татар, қырғыз тілдерін Рұмға жақын орналасқан тілдер қатарына қосады. Тек түрік тілінде ғана сөйлейтіндерге қырқыз, қыфжақ тайпаларын жатқызады, башғырт тілі аталған тілдерге жақын екенін, бұлғар тілі сөздердің соңын қысқартып айтатын түрік тілі екенін көрсетеді.
Белгілі түркітанушы ғалым Әзиза Нұрмаханованың еңбегінде Абель Ремюзаның түркі тілдерін мынадай топтарға бөледі:
1. Якут группасы – якут тілі
2. Ұйғыр группасы – ұйғыр, шағатай, түрікмен тілдері
3. Ноғай группасы – татар тілі
4. Қырғыз группасы – қырғыз, қазақ тілдері
5. Түрік группасы – чуваш тілі.
Қазіргі қолданыстағы классификация көрнекті түркітанушы Н.А. Баскаковтың түркі тілдерін фонетикалық, морфологиялық жағынан және тарихи жағдайларын ескеріп, барлық түркі тілдерін үлкен екі топқа бөледі: Батыс ғұн бұтағы, Шығыс ғұн бұтағы.
3 дәріс Түркі тілдерінің салыстырмалы фонетикасы. Түркі тілдеріндегі вокализмдер жүйесі Түркілік тілтаным тарихында дыбыс өзгерістерінің туыс тілдерді ажыратудың басты белгісі ретінде қарастырылуы ХІ ғасыр лингвисі М. Қашқаридың еңбегінен басталуы классикалық араб лингвистикасымен сабақтаса дамыған түркі тіл білімінде салыстырмалы-фонетиканың негізі бұдан мың жыл бұрын қалана бастағанын көрсетеді.
Тарихи фонология Р.О. Якобсонның атымен тығыз байланысты. 1927 жылы синхронды-диахронды лингвистика зерттеулерінің басын қосып, тілдің тарихи фонологиясы мен оның жүйесінің арихын бірге қарастыра бастады. М. Қашқари заманынан кейін араға VII-VIII ғасыр салып, Батыс Еуропада салыстырмалы-тарихи фонетиканың ғылыми-теориялық негізі салына бастады.
Түркі тілдерін зерттеудің жаңа кезеңі түркологияның атасы В.В. Радлов (1837-1918) еңбектерінен басталады. Ол алғаш рет түркі тілдерінің салыстырмалы фонетикасын жазып, онда түркі тілдерінің фонетикасының жалпы сипаттамасын көрсетіп, түркі фонетикасының мәселелерін алғаш көтерген. Оның «Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы» атты ғылыми еңбегі 1882 жылы Лейпциг қаласында неміс тілінде жарық көрді. Фонетиканы салыстырмалы-тарихи тұрғыдан зерттеудің бастау көзі О. Бетлинг, В. Радлов, А.Н. Самойловичтардан басталып, «түркі теңізінің штурмандары» (О. Дзюба) болып саналатын В.В. Бартольд, С.Е. Малов, В.А. Богородицкий, А.Н. Кононов, Э.Р. Тенишев, А.М. Щербак, Б.А. Серебренников, М. Рясянен, Э.В. Севортян т.б. ғалымдар тарапынан жалғасын тапты.
Бұл еңбектерде түркі тілдерінің дыбыс жүйесіндегі заңдылықтар: олардың айтылуы, жазылуы, ерекшеліктері, ұқсастықтары салыстырылып қарастырылған. Дыбыстың функционалдық қырларын, олардың тілдік жүйедегі маңыздылығын талдау тарихи фонологияны дүниеге әкелді, әлемдік тіл білімінде бірнеше фонологиялық мектептер қалыптасты. Қазіргі таңда тіл дамуындағы фонемалардың қасиеті, функционалдық қырлары жан-жақты талдануда, фонеманың сөз мағынасын айқындау мүмкіндігімол тілдік деректермен, теориялық тұжырымдармен дәйектеледі.
Қазіргі түркі тілдерінде дауыстылар сан жағынан әртүрлі болып келеді. Мұндай әрқилылық, бір жағынан, сол түркі тілінің негізін салған ру-тайпа тілдерімен ұштасып жатса, екінші жағынан, олардың әрқайсысының тарихи дамуының нәтижесі болып саналады.