М.Әуезов: Бүгінгі тақырыпқа 10 пьеса жаздым.
Н.Н.Поспелов: Одан әрі жалғастыра беріңіз. Алайда бүгінгі күнге арналған ауқымды романыз жоқ, ал қазақ, орыс еңбекшілері сізден қазіргі тақырыпта үлкен роман күтеді. Сіз өзіңіздің уақытыңызды қазіргі заманға арналған роман жазатындай етіп реттеуіңізге тура келеді. Орыстарды да, қазақтарды да қызықтыратындай тақырыпты таңдағаныңыз дұрыс. Кеңес дамдарын ынтықтырып, жас толқынды тәрбиелейтіндей тақырып болсын», – деп нұсқау берді.
Сырттай қарағанда «мәдениетті, жылы ықыласты тілек» ретінде көрінгенімен, мәскеулік «оқшантайдың» қорабынан шыққан идеологтың бұл «тілегі» соттың үкімінен кем болмады. Әр жиналыста айтылатын «тұрақты тапсырмаға» айналды. Бұл сөздің жазушыны мезі еткені сондай, өмірінің соңында басты кейіпкері етіп орыс, обком хатшысы Карповты алған «Өскен өркен» романын жазуға отырды, алайда аяқталмай қалды.
Мұрағаттардағы деректер мен кейін жарияланған естеліктерден аңғарылғанындай, бұл тұста әдеби ортаның негізгі үш топқа бөлінгені анық аңғарылады. С.Мұқановқа қарсы М.Әуезов бастаған, Ә.Тәжібаев қостаған топтан оңаша Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің дербес жақтаушылары даралана бастапты. Соңғы екі топ кімді қолдаса, соның жығасы жығылмай, тік күйінде қалатындығы байқалады. Бұл үрдіс өте қауіпті, екі жүзді қанжар сияқты саяси қаруға айналып бара жатты. Мұны қырағы көздер тез аңғарды. «Социалистік Қазақстан» газетінде үшеуін де түйреп өткен «Мен... Мен... Мен» деген кекесінді сын жарияланды. Соның ішінде Мұхтарға да ащырақ тұздық бұйырды. Сөйтіп, ел сенген үш тұлға да саясаттың қолындағы ойыншыққа айналды. Барған сайын М.Әуезовтің «саяси қателері» қоюланып, жеке пікірлер қорытындыға, ал қорытындылар саяси айыпқа ұласты.
1947 жылы 21 қаңтар күні «Қаз ССР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының қызметіндегі өрескел саяси қателер туралы» №39 қаулы шықты. Соған орай Ж.Шаяхметов өзінің сөзінде:
«Ә.Мәметованың «Қазақ билерінің шешендік өнері» атты диссертациялық еңбегінде және «Қазақ әдебиетінің тарихының» (М.Әуезовтің жалпылай жетекшілігімен) бірінші томының қолжазбасында тарихтағы аса белгілі, халық бұқарасын тұншықтырушы Кеңгірбай, Қараменді, Шорман және сол сияқты ірі феодал-байлар мен билер халық данасы және халықтың қорғанышы ретінде марапатталады. Қазіргі аса ірі қазақ жазушыларының бірі, буржуазиялық-ұлтшыл идеяның жаршысы – М.Әуезовтің өткендегі кеңеске қарсы жүргізген әдеби қайраткерлігі принципті түрде нақты талқыланбады»,– деп біраз «салмақты айып» таққан болатын.
М.Әуезовтің көңілін қалдырған Ғ.Мүсіреповтің сол мәжілісте хатшының пікірін қостай, ұлтшылдықтың тамырына балта шаба отырып сөйлеген сөзіндегі:
«Алайда, Жазушылар одағы тарапынан ұлтшылдықпен күресу барысында кеткен өрескел қателер мен үлкен кемшіліктерді Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің соңғы шешімі орынды көрсетіп отыр. Егерде, біз өзімізге өзіміз сын көзімен есеп берсек, өкінішке орай, біз ұлтшылдықпен күресе отырып, сол ұлтшылдықтың жандануына жағдай жасаппыз... Қазақстан Жазушылар одағы бір уақытта ұлтшылдықпен күресе отырып, оның жандануына жағдай жасауы кездейсоқтық па? Жоқ, бұл кездейсоқтық емес. ... Екіншіден, бұл пайда болып келе жатқан топшылдықтың отын қоздырудың жасырын амалы, егерде топшылдық жоқ болса, оны қолдан жасайды! ... Әуезов жолдастың соңғы жылдардағы ұлтшылдық сарындағы қателері, сөз жоқ, оның өткендегі идеялық тұрақсыздығымен, адасуларымен тығыз байланысты. Басқа ешкім емес, Әуезов жолдастың өзі әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыздың ішінде ең бірінші рет халықтың зұлым жауы Кенесарыны жер-көкке сыйғызбай дәріптеп, аспанға көтерді»,– деген зілі ауыр айыптаулары болатын.
Мұндай қыздырмадан қалыс қалу, еруліге қарулы көрсетпеу өзіңнің «жаулығыңды мойындаумен» пара-пар. Сондықтан да «жанр заңына байланысты» М.Әуезов те мінбеге көтерілді. Ол енді жоғарыдағы ұлтшыл-идеясыз жазушылардың қатарына Ғ.Мүсіреповтің өзін де «қыстырып» жіберді.
М.Әуезов: «Идеология майданын, әсіресе, әдебиетімізді зиянды әрекеттерден тазарту туралы мәселе қазір барынша батыл қойылып отыр. Буржуазияшыл ұлтшылдық тарихи прогресске, халқымыздың өткендегі тарихына қарама-қарсы. Біздің халқымыздың өзінің өткен замандағы тарихында Шоқан, Абай, Ыбырай сияқты ұлдары болғанын мақтан етеді. Халқымыздың бақытына қарай олар ұлтшылдық адасудан аулақ болды, өз халқының келешегін орыс мәдениетінен, орыс халқымен достасудан көрді. Ал панисламистер мен пантүркистерден бастап алашордашыларға дейінгі ұлтшылдар тарихи прогресске улы зардабын тигізумен болды. Қазіргі совет жағдайындағы ұлтшылдар да сол жат идеяны бүркемелеп өткізуге тырысып бақты. Ұлтшылдықтың бір түрі өткен заманда болған кейбір тарихи адамдарды халық қамын жеген патриот етіп көрсетуде. Сондықтан, біз тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларды қайта қарап, оларды бүгінгі күннің тұрғысынан әділ бағалауымыз керек. Бұл ретте драматург Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасын атауға болады. Бұл пьеса орыс халқына жаны қас болған, панисламист ақын Ақан серінің өмірінен алынған. Ал Ақан сері орыс шаруаларының қазақ жеріне орналасуына, қазақ кедейлерінің олармен араласуына барынша қарсы болған, кейде патшадан үміт күтіп, түңілгенде Бұқараға, Түркияға көшуді аңсаған, халықты соған үгіттеген адам. Ақан сері өзінің творчествосында, поэзиясында, музыкада жекелік сарында, эстетизм бағытында болды, халықтан, халық өмірінен аулақтанды. Біз бұл қателердің бетін тереңірек ашып, мұндай адамдардың творчествосын, өмірін таптық тұрғыдан қарап бағалауымыз қажет»,– деп Ғ.Мүсіреповтің орнына Ақан серіні жазғыруға дейін барды.
Әрине бұл ақыл-ойдың шешімі емес, амалсыздықтың, «суға кеткен тал қармайдының» жанталасы. Сәбит пен Ғабит қатар шығып, екеуінің өзін ортаға тықсырғанына көрсеткен азуы, батырған тісі еді. Қарама-қарсы пікірде сөйлеген пікірлердің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әсіресе, стенограммалардағы сөздердің тұздығы ащы, қыжырынуы басым. Тіпті бет жыртысуға барған жағдайлар да кездеседі. Оның барлығын тізіп шығу біздің міндетімізге де жатпайды. Ресми сипат алған пікірлерге ғана тоқталдық.
Мұның түбі жақсылыққа әкелмейтінін зиялылардың бәрі де жақсы білді, біле тұрып, өзіне бөлінген саяси сахнадағы ролін ерікті-еріксіз ойнауға мәжбүр болды. Мысалы, осы сөзінде Ғ.Мүсірепов өзінің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасындағы қателіктерді тізіп шығып, оны түзетуге уәде берді. Сол қателіктерді Ғ.Мүсірепов шынымен қате деп мойындады ма, түзетілді ме?!. М.Әуезов те уәде берді және өзгертті. Ал одан шығарма ұтты ма, ұтылды ма? Көтібардың – Басыбар, Жиреншені – Қалша деуден шығарманың мазмұны, идеясы өзгерді ме? Сәбит Мұқанов өзінің шығармаларын қайта парақтаған да жоқ. Демек, бұл майдан – көркем әдебиет үшін ашылған майдан емес, топшылдықты қоздыра отырып жоқ ұлтшылдықты «әшкерелеу», сөйтіп, тұлғаларды үрей құрсауында ұстау науқанына айналды. Мұны М.Әуезов қана тап басып ашық айта алды:
М.Әуезов: «Сәбиттің бойында қалыптасқан қате түсінікті айта кетуім керек. ... Егерде әдеби шығармада қате кетсе, оның әдеби қате екенін ... түсінбей, мұны автор қасақана істеп отыр деп айып тағады. ... Қазақ әдебиетінің төселген шебері нақты мәселеден бастамай, дөрекі сөйлеп, автор бұл зиянды мәселені саналы түрде қайта көтеріп отыр – дегісі келеді. Орыстарда: «Дауысың қалай шықса, жаңғырық та солай шығады» («Как аукнется, так и отклекнется») – деген мәтел бар, ендеше ол маған қандай саяси айып тақса, мен де оған тура сондай жауап беремін»,– деген мағынада жауап берді.
... және Сәбиттің жанына батыра сөйледі. Өкінішке орай, олар «жайланып отырып» сөйлесе алмаған сияқты. Ғабит Мүсірепов те ара ағайын бола алмады. Қайта ол түйіншік шиеленісе берді. Әуезов пен Мүсіреповтің оңаша үйде өткен әйгілі талқыласуы тура осы күндері өтті.
Әлжаппар Әбішев: «Ол 47-жылдың көктемі еді. Бұл кез Мұхаңның Ғабеңе катты өкпелеп жүрген кезі болатын. Күндердің бір күнінде Мұхаң телефон соқты. Ол кісінің бір әдеті біреумен өкпелесе қалса оның фамилиясын айтатын-ды. Амандық сұрасудан кейін, сол әдеті бойынша: «Ана Мүсіреповтің менімен кінәласқысы келеді екен, мен оған сенің алдыңда ғана кінәласамын дедім. Сені қалаған себебім...»,– деді де, менің астыма бүкіл қазаққа жететіндей бір қалың көпшікті қойып жіберді... Қойшы, Ғабең де телефон соқты... Мен Мұхаңа телефон соғып, қашан, қайда кездесетінімізді сұрап едім: «Ертең кешкі сағат сегізде маған келіңдер деді»,– деді. Біздер айтылған кезде бардық. Барсақ Мұхаң кабинетінде жазу столының басында отыр екен. Ғабең оның қарсысындағы креслоға отырды да, мен екеуінің жүзін бірдей көріп отыру үшін бүйірде тұрған диванға барып жайғастым. Жазу столының үстіндегі шам жанбай тұр екен. Ғабең соны жөндемек болып тіпкі тетігін айналдыра бастап еді, Мұхаң: «Қолыңнан келмеске әуре болып қайтесің, онанда сөзіңді баста»,– деді.
Бұл екеуінің өкпелесуіне себеп болған жай: Ғабеңнің сол жылдың бас кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші секретары Жұмабай Шаяхметов баяндама жасаған қалалық бір үлкен жиналыста Мұхаң туралы сөйлеген қатаң сөзі болатын. Бұл екі алыптың дәл осы тұста кездесулерінен мен екі асқар таудың соқтығысын көретіндей сескенген едім, көргенім күткенімдей болып шықты. Оның мынадай екі түрлі себебі бар».
Сол тұста қазақ тарихы, қазақ эпосы, қазақ драматургиясы, оның ішінде, Кенесары, «Хан кене», «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесалары жаппай сынға алынды. Тіпті тілшілер де араласып, Маррдың тіл ғылымындағы «ой ағымына» қарсы науқанның қызған кезінде М.Балақаев сияқты ғалымдар «Абай» романындағы сөйлем құрылымдарының қазақ тілінің заңдылығына қарсы құрылғаны туралы мақала да жазды. Оған М.Әуезов әр жазушының стилі болады, менің ойым ауыр, бар көркемдік салмақ лирикалық ырғақ пен ой екпініне құрылады, сондықтан да бұл жазушының кемшілігі емес, ерекшелігі – деген мағынада жауап берді. «Асыл нәсілдер» пьесасын Ш.Аймановқа одақтың төралқасының отырысында оқыттырып алып, С.Мұқанов, Ә.Әбішев, М.Иманжанов талқыға салып, репертуарға қабылдамай тастады (392 іс).
Ә.Әбішев (сонда): «Ол кісі соғыстан кейінгі жылдардың бірінде «Асыл нәсілдер» дейтін әлсіздеу пьеса жазып еді де, оны театр дайындап жатқан кезде сапарда жүрген Мұхаңның келуіне қаратпастан тоқтаттырған едім. Ол үшін Мұқаң маған өкпелеген-ді. Есіме сол түсе кетті де «Асыл нәсілдің» кезінде де біздер осы кездегіміздей жақсы едік қой. Егер мен қателескен болсам, қазір ақ дегеніңіз – алғыс, қара дегеніңіз – қарғыс, неге қойғызбайсыз?»,– дедім. Осымен менің жауабым да біткен-ді».
Мұның барлығы М.Әуезовтің жүрегін тілгілеп жатса да, «саяси айыптан» аман болған соң, салыстырмалы түрде қалыпты қабылдады деп айтуға болады. Оның үстіне «Асыл нәсілдер» оның шығармашылық өмірбаянындағы заман тақырыбына жауап беру ниетінде туған өтпелі ғана дүние екенін қаламгердің өзі де, өзгелер де білді.
Ә.Әбішев: «Біріншісі: өзі кінәласуға барып отырған Ғабең сол жиналыстағы қатал позициясынан қайтпауға бекініп Мұхаңның тағдыры үшін оның өзімен айтысуға барыпты. Бүгінгілер үшін қайталап айтайын, ол Мұхаңның тағдыры үшін оның өзімен айтысуға барыпты. Оның ойынша: Мұхаң сақтанбаса, өзгелеріміз сақтандырмасақ, одан айырыламыз. Одан айырылу – Абайдан да айырылу. Егер қазіргі бетінен қайтпаса, халықты осындай апатқа ұшыратушы – Мұхаңның өзі болуы мүмкін. Ғабең сөзді осылай бастады. Екіншісі: Мұхаңның өмірінің соңғы кезінде де өз бойынан өзі тапқан, бірақ түгел жоя алмай кеткен бір қыңырлығы... Егер авторымен жақсы болса, оның жаманы да жақсы. Ал өзімен араз болса, оның жақсысы жаман болатын.
Ғабең жаңағыдай қатал ойымен бекініп барса, Мұхаңның оған қарсы әзірлеген жауабы да осал емес екен. Ол көргісі келмеген кезінде аспандағы күнді де көрмей кететін қыңырлығын қырлап алып, Ғабеңнің бойынан ешқандай жақсылық көрмеске, оның ақ дегенін – қара, қара дегенін – ақ деуге әбден бекініп алыпты. Ғабең өзінің жиналыстағы сөзіне талдау жасап, қырық минуттай сөйлеп еді, кезек алған Мұхаң онан екі есе асырып жіберді. Таулардың нағыз қақтығысы екінші сөзден басталды. Бір ғажабы, екеуі бірін-бірі қимастан, аямастан қинап отыр... Тіпті сөз таластырғысы келген шақтарында үн қатпастан тек ауыр ыңыранып, тына қалады. Қанша қатты сөз естісе де сөз киліктіру жоқ. Ашынған кездерінде мүлдем аспандап кетеді екен. Бір минут толастамастан төрт жарым сағат бойы сайысқанда екеуінің түйілген қабағы бір ашылған жоқ...
– Мен борышымды өтедім,– деу болды Ғабеңнің ең соңғы сөзі. Ол соны айтты да орынынан түрегелді. Мұхаң сазарып үн қатқан жоқ.
– Шалдар-ай, шаршаттыңдар-ау,– деп мен де түрегелдім. Шынында да мен қатты шаршадым. Өмірімде Мұхаңның үйінен күрсініп шыққаным сол күнгі түн болды. Мұхаңның бұл қыңырлығы кейін «Абайдың» екінші кітабына салқынын тигізе жаздады. Өйткені бұл екеуінің араздығын пайдаланатындар арамыздан біраз табылатын» (Айтпай кетті демесін арттағылар.А. 2007, 237-238 бетер).
Осы мерзімде Ғ.Мүсірепов «Абай» романының екінші кітабі туралы пікірін М.Әуезовке хат арқылы жолдапты. Хаттың мәтінінен ешқандай ішкі ырғасу байқалмайды. Сондықтан да бұл жоғарыдағы ырғасудан, іштегі «дерттері» айыққаннан кейін жазылды ма екен деп болжауға болады. Сөз арасындағы «өзім келіп ... біліп қайтармын» деген еркіндік соған сендіреді. Сондықтан да ешқандай түсініктемесіз ұсынуды жөн көрдік.
Достарыңызбен бөлісу: |