3 АСТАНА ҚАЛАСЫ ЖӘНЕ АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ТУРИСТІК САЛАСЫНЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУЫН БАСҚАРУДЫ ЖЕТІЛДІРУ
3.1 Астана қаласы мен Ақмола облысы туристік саласының инновациялық дамуын басқару механизмін жетілдіру Бүгінгі таңда туристік саланы қалыптастыруға үлес қосатын сабақтас салалардың қызметін шоғырландыру маңызды, 32 салаға жанама ықпал ете отырып, туризм экономикаға оң мультипликативтік әсер береді, оны бюджетке түскен салықтық түсімдер мен шетелдік валюта ағынының, жұмыс орындары санының өсуінен, жергілікті халықтың кәсіпкерлік қызмет мәдениетінің жоғарылауынан, туристік инфрақұрылымның дамуынан байқауға болады [160]. Туристік саладағы инновациялар тұрақты, ғаламдық және динамикалық үдеріс ретінде әрі саланың тұрақты жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз ететін оң өзгерістерге әкелетін жүйелі шаралар ретінде қарастырылады. Сондықтан, алдыңғы бөлімдерде анықталған мәселелердің шешімін тауып, олардың жүзеге асуы елдің туристік саласының отандық және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болуы мен инновациялық дамуына серпін береді [161]. Басқару тиімділігін арттыру үшін туристік саланың инновациялық дамуын басқаруға және оны дамытуға қатысты икемді тәсілдерді пайдалану қажет. Теориялық және талдау бөлімдерінде анықталған мәселелерді жинақтау нәтижесінде, зерттеудің тұжырымдамалық моделін құрастырдық, ол келесі айнымалыларды қамтиды: «Туристік саланың инновациялық дамуын басқару», «Туристік саладағы R&D&I-ды нығайту», «Инновациялық орта», «Инновациялық саясат», «Инновациялық стратегия», «Туристік саланың бәсекеге қабілеттілігі». Гипотезаларды теориялық негіздеу үшін біз тұжырымдамалық модельдің таңдалған айнымалыларының сипаттамасын ұсынып отырмыз. Тұжырымдамалық модельге сәйкес «Туристік саланың инновациялық дамуын басқару» мен «Туристік саладағы R&D&I-ды нығайту» арасында тікелей байланыс бар. Бұл байланысқа тікелей және жанама түрде бірқатар айнымалылар әсер етеді, оларды толығырақ қарастырайық.
H1. Туристік саланың инновациялық дамуын басқару туристік саладағы R&D&I-ды нығайтуға оң әсер етеді. Туристік саланың инновациялық дамуын басқару – болашақ нәтижелерге тікелей инновациялық процесс арқылы қол жеткізуге бағытталған және ол келесідей негізгі функцияларды қамтиды: инновациялық белсенділікті талдау, туристік сала субъектілерінің инновациялық стратегиясы мен саясатының мақсаттарын қалыптастыру, инновациялық белсенділікті арттыратын іс-шараларды жоспарлау және ұйымдастыру, ұйымның инновациялық әлеуеті мен инновациялық қызметтің даму деңгейін зерттеу, инновациялық туристік өнімдер мен қызметтерді, технологиялар мен ұйымдастырушылық инновациялық процестерді енгізуді ұйымдастыру, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің сапасын басқару, инновациялық жобаларды басқару және инновацияларды коммерцияландыру, ұлттық инновациялық жүйені үйлестіру, саланың инновациялық қызметін бақылау, инновациялық идеяларды генерациялау және R&D&I іс-шараларын ұйымдастыру. Туристік саладағы R&D&I экономикаға зор үлес қосады, тіпті бір елдің ішінде де облыстар бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай ерекшеленеді. Біріншіден, ол осы саладағы инновациялық қызметтің динамикалық және статистикалық, сандық әрі сапалық көрсеткіштерімен сипатталады. Екіншіден, инновациялық әлеуетті пайдалану және инновациялық инфрақұрылымның даму деңгейімен сипатталады.
H2. Туристік саланың инновациялық дамуын басқару туристік салада инновациялық ортаның қалыптасуына оң әсер етеді. Туристік саланың инновациялық дамуы және оны басқару көптеген элементтерден тұратын инновациялық ортада жүзеге асырылады, ол экономикалық, ұйымдастырушылық, әлеуметтік және институционалдық орталарды біріктіретін біртұтас жүйе болып табылады. Инновациялық ортаға экономикалық дағдарыстардың салдары, нарық және ондағы ұсыныстар мен сұраныстар, үкімет пен оның салық және заңнамалық талаптары, өзге ұйымдар алдында міндеттемелері бар серіктестер, үнемі өзгеріп отыратын технологиялар, туристік өнімдер мен қызметтердің сапасына қойылатын талаптар, бәсекелестердің қызметтері жатады. Туристік сала субъектілерінің тиімді қызметін қамтамасыз ететін инновациялық ортаны қалыптастыру және дамыту үшін инновацияларды жүзеге асырудың ішкі және сыртқы жағдайларын дамыту қажет. Инновацияларды енгізудің негізгі шарты – инновациялық қызметпен айналысатын субъектілердің инновациялық әлеуетінің болуы, оған интеллектуалдық ресурстар, материалдық, қаржылық, адами, ғылыми, ақпараттық, инфрақұрылымдық және институционалдық ресурстарды жатқызуға болады.