Римдіктер мен Ундар арасында Херсонисте соғыс болды, одан кейін олардың арасында Анатолидің жаушысы арқылы мынадай шарттармен бейбіт бітім жасалды: Ундарға осы уақытқа шейін берілмеген қашып өткендер мен алты мың литр алтын беріледі; жыл сайын белгіленген екі мың бір жүз литр алтын төлейді; әр бір өз жеріне құн төлемей қашып және басқа жолмен өткен Римдік әскери тұтқын үшін он екі алтын теңге (монет) төлейді; егер қабылдаушы жақ ол құнды төлемесе, онда қашқынды Ундарға қайтаруға міндетті. Римдіктер өздеріне қашып өткен ешбір варвар қашқынды қабылдамайды. Римдіктер бұл шарттардың бәрін өз еріктерімен қабылдағандай түр көрсетті; бірақ бір қажеттілік, олардың билеушілерінің бойын билеп алған шектен тыс қорқыныш, бейбіт өмірге деген ынтызарлық қаншама ауыр болса да барлық талаптарды қабылдауға мәжбүр етті. Олар өте ауыр болса да алым төлеуге келісті, табыс пен патша қазынасы пайдалы іске сарқыла жұмсалмағанына қарамастан, керісінше ұятсыз көріністерге, бейәдеп істерге, басқа да жолсыз шығындарға, бай-қуатты мемлекетте өмір кешкен парасатты адам тартынуы тиіс, онан да гөрі әскери іс бойынша Скифтерге ғана емес, Рим иелігіндегі жерлердің маңында тұратын басқа да варварларға алым төлеуге разы болмады. Патша Ундарға жіберу үшін барлығын да ақша әкелуге мәжбүрледі. Ол патшаның жомарттығының арқасында немесе соттың шешімімен жер құнының ауыр салығынан жеңілдік алғандарға да салық салды. Қажетті мөлшердегі алтынды сенатта ерекше қатарда саналатын өте бай адамдар да әкелді. Көптеген адамдарды байлықтың көптігі пасықтыққа дейін жеткізді. Патша осы міндетті жүктеген шенеуніктер адамдардан ақшаны ұрып-соғып тартып ала бастады, сондықтан да бұрыннан бай адамдар өз әйелдерінің киім-кешектері мен жиған-тергендерін сатуға шырады. Бұл соғыстан кейін Римдіктерге осындай нәубет жетті, көптеген адамдар өздері аштан қатты немесе асылып өліп жатты.Аз ғана уақыттың ішінде қазынаның түбі көрініп қалды, алтын мен қашқындар Ундарға жіберілді. Бұл істің бәрін атқару Скоттеге жүктелген болатын. Римдіктер қашып өткендердің көбісін өлтіріп тастады, себебі олар өздерін Скифтерге беруге қарсылық көрсетті. Олардың ішінде Аттилаға қызмет етуден бас тартып Римдіктер жағына өтіп кеткен патша әулетінен шыққан бірнеше адамдар да болды. Аттила мұның үстіне Асимунтиліктерден өздеріндегі бұрынғы барлық варварлар мен Римдік әскери тұтқындарды қайтаруды талап етті. Асимунт Фракия жағындағы Иллириктен онша алыс емес жердегі мықты корган болатын. Оның тұрғындары басқыншыларға көп зиян келтірген еді. Олар қорған қабырғасында тұрып қоғанбай, ор қазып алып сансыз көп басқыншылар мен олардың Скифтер арасында атақ-даңқтары зор әскери қолбасшыларына қарсы жанталаса қарсылық көрсетті. Ундар бекіністі алудан күдерлерін үзіп, одан шегініп кетті. Сол кезде Асимунтиліктер оларға қарсы бекіністерінен шығып, өз аймақтарынан алыс жерге дейін қуып тастады. Олардың қарауылдары дұшпандардың жаудан алған олжаларымен қастарынан өтіп бара жатқанын айтқанда олар күтпеген жерден бас салып олардың Римдіктерден тартып алған олжаларын алып қояды. Асимунтиліктер саны жағынан басқыншылардан аз болса да, өжеттігі мен ерлігі олардан әлдеқайда жоғары еді. Бұл шайқаста олар көптеген Скифтерді қырып салды, көптеген Римдіктерге азаттық әперіп, жаудан қашқандарды өздеріне қосып алды. Сонда Аттила Асимунтиліктерге қашып кеткен Римдіктер қайтарылмайынша немесе оларға сәйкесінше құн төлемейінше және Асимунтиліктерге тұтқынға түскен Скифтер босатылмайынша Рим жерінен өз әскерін алып кетпейтінін және бейбітшілік келісім–шартын бекітпейтінін жариялады. Аттилаға қарсы бірдеңе айтуға жаушы Анатолийдің де, Фракияда тұрған әскердің қолбасшысы Феодулдың да шамалары жоқ еді. Өз күшіне кәміл сеніп, қару көтеруге дайын болғандықтан қанша пікір таластырса да олар варварды өз талабынан қайтара алмады; оның үстіне өздерінің де өткен жеңілістен үнжырғалары түсіп кеткен болатын. Олар Асимунтиліктерге жазбаша түде оларға қашып барған Римдік әскери тұтқындарды беруді, немесе олардың әрқайсысы үшін он екі алтын монет төлеуді, ал Ундардың әскери тұтқындарын босатуды бұйырды. Асимунтиліктер хатты алған соң өздеріне қашып өткен Римдіктерді босаттық, ал тұтқынға түскен Скифтерді өлтірдік деп жауап берді;олар сонымен қатар (ундардың) екеуін ұстап отыр екен, себебі дұшпандар олардың қамалдарын қоршауға алған кезде торуыл қойып, қамал алдында мал бағып жүрген бірнеше ұл балаларды алып кеткен, егер оларды қайтарып бермесе (балаларды) соғыс заңына сәйкес бұлар да тұтқынға алғандарды қайтармақ емес. Асимунтиліктерге барғандар мұндай жауап әкелген соң Скиф патшасы мен Рим бастықтары Асимунтиліктер атап көрсеткен ұрланған балалар іздеп табылуы тиіс деп келісті. Олар ешкімді де іздеген жоқ, ал Асимунтиліктер болса ондай балалар болған жоқ деп Скифтер ант бергеннен кейін өздеріндегі варварларды қайтарды. Асимунтиліктер де оларға қашып келген Римдіктердің барлығы да босатылды деп ант-су ішті. Олар бұған ант бергенмен, оларда да бірнеше римдіктер қалған еді; бірақ олар өз тайпасындағы адамдарды құтқару үшін құдай атымен ант берсе де мұны қылмыс деп санамады.