2.5. Бұзауларды өсіру гигиенасы
Денсаулығы жақсы төл алып, өсіру тұрғысындағы қамқорлық ата-енесін дұрыс таңдаудан, ұрықтандырудың қолайлы мерзімін белгілеуден, буаз сиырларды уақытында суалтып, оларға жақсы жағдай жасаудан басталуға тиіс. Шағылысқа тек денсаулығы мықты, жақсы жетілген, 17-18 айлығындағы салмағы кемінде 300 кг қашарлар ғана түсіріледі.
Іштегі төлдің қарқынды жетілуіне буаз малды азықтандыру, ұстау және күту жағдайлары да үлкен әсер етеді. Жаңа туған бұзау организмі бірнеше жетілу кезеңінен өтеді. Бұзау жетілуінің осы түрлі кезеңінде күтіп-бағудың да түрлі жағдайын қажет етеді.
Денсаулығы жақсы төл алу үшін мынандай үш фактордың маңызы өте зор. Олар — буаздығының соңғы кезеңіндегі сиырды бұзаулауға дайындау; бұзаулату, төлді уызына жарыту.
Бұзау ұстаудың мынандай әдістері қолданылады: табиғи /шаруашылық/, тұрақты емізіп асырау; қолдан сүт беріп асырау; басқа сиырға телу, “аралас”. Сондай-ақ бұзауды қоралар мен қора сыртындағы үйшіктерде “суық” тәсілмен асырау әдісі де қолданылады.
Табиғи /шаруалық/ әдісті қолданған кезде бұзаулар енелерімен бірге ұсталады, сөйтіп олар тікелей уыз емеді.
Тұрақты емізіп асырау әдісі шаруашылық көзімен қарағанда бүкіл әдістердің ішінде мүлде жетілдірілмеген, шаруашылықты тауарлы сүттен айыратын және сиыр саууға кедергі келтіретін әдіс. Бұл әдіс тиімсіз; шаруашылықтың экстенсивті типіне жатады.
Бәрінен де қолдан сүт беріп асырау әдісі тиімдірек. Бұл әдіс кезінде бұзау енесінен бөлініп, енесінің уызы қолмен беріледі. Сонда әрі бұзау да дұрыс қоректендіріледі, сүт те алынады, сиырдың сүттілігі де арттырылады. Жақсы сауын сиыры бар жердің барлығында бұзау енесімен бірге ұсталмайды, оларға сүт, мысалы, Швейцариядағыдай, Голландиядағыдай, тағы басқа елдердегідей шелекпен беріледі.
Бұзауға уыз бен сүт қолдан берілгенде гигиена тұрғысынан қарағанда мыныандай факторлар еске алынған жөн:
Бұзауға туғаннан кейін 1-1,5 сағаттан кешіктірілмей дер кезінде уыз ішкізу. Уыз бұзау үшін оның тіршілігінің алғашқы сәтіндегі ең толық құнды азық болып табылады.
Жаңа туған бұзаулар арасында асқазан-ішек ауруларының алдын алу үшін уыз бек сүтті асықтырмай ішкізіп үйрету керек. Ең жақсысы емізікті ыдыспен берген дұрыс.
Бұзау еметін уыз бен сүт жылы (35-37°C ) болуға тиіс.
Желіні ауру сиырлардың бұзауына енесінің уызың беруге болмайды. Мұндай жағдайда жаңа бұзаулаған дені сау сиырлардың ғана уызы беріледі немесе қолдан уыз жасалады: сиырдың жаңа сауылған 1 л сүті, 10 мл балық майы, 5 г ас тұзы және тауықтың 1 жұмыртқасы. Осы қоспа бір текті қоймалжыңға айналғанша бұлғанып, араластырылады.
Сау кезіндегі тазалыққа бас назар аудару керек. Сауар алдында сиыр желіні жылы сумен мұқият жуылып; құрғатып сүртіледі.
Сүт құйылатын ыдыс пен емізік бұзау сүтін еміп болған соң жуылып, кептіріледі.
Бұзауға 10 күндігінен бастап, ене сүтінің орнына жиынтық сүт немесе сүт орнына жүретін заттар беруге болады, 20-30 күндігіне дейін бұзауларға қаймағы алынбаған сүт беріледі де, 30 күндігінен бастап сүттің мөлшері 30-50 пайыз азайтылып, көк сүт қосылады. 6 айға дейін асыл тұқымды және пайдаланылатын төл өсіруге жұмсалатын қаймағы алынбаған сүт шығыны 200-250 кг құрайды.
Дені сау бұзауды бірте-бірте жөне мүмкіндігіне қарай ертерек ірі азыққа тағы басқа жем-шөпке үйрету керек. Ірі азыққа бұзаулар тіршілігінің 7-10 күндігінен үйретіле бастайды. Шырынды азықтарға /шөп, қызылша, картоп/ бұзаулар 2-3 апталығынан үйретіледі. 15 күндігінен бастап оларға жем /арпа және сұлы ұны, бидай жармағы/ беріледі. Минералды қосымша азық ретінде ас тұзы, бор, сүйек ұны қолданады. Олар сүтпен бірге, ал содан соң 2-3 апталығынан бастап жеммен қосып беріледі. 2 айлығынан бастап сүрлем беруге болады.
“Аралас’ әдіс кезінде бұзау аз ба, көп пе әйтеуір, енесін емеді де, содан соң сүт ыдыстан ішкізіледі. Мәселен, бұзау енесіне анда-санда салынады да, ыдыспен сүт беріліп, кейіннен ол да берілмейді.
“Суық” әдіс кезінде бұзаулар қысты күні жылытылмайтын бұзау қораларында немесе қорадан тыс үйшіктерде өсірілетін болады, Оның мәні мынада: бұзаулар тіршілігінің алғашқы күнінен бастап таза ауада жеке жұқалап салынған үйшіктерде -- профилакторийлерде ұсталады.
Ол үшін бұзау бөлімінің оңтүстік жағынан әр бұзауға 6 м2 есебімен алаң бетондалады да, сүтті бағыттағы бұзаулар 2 айлығына дейін мөлшері 1,2x1,3 м үйшіктерде ұсталады. Үйшіктің алдыңғы жағына ұзындығы 1,3 м алаң /вольер/ салынады. Сол үйшіктің алдыңғы қабырғасы ауа райы қолайсыз кезде брезентпен жабылады. Үйшіктің бетонды негізі мен вольерге 20 см қалыңдықта ағаш үгіндісі мен 20-25 см қалыңдықта сабан төселеді. Мұндай клеткалар қатарының төбесі бастырмамен жабылады. Алаң қар түспейтіндей және жел өтінен сақтайтындай етіліп, қалыңдай қоршалады.
Бұзауларды мұндай үйшіктерде өсіру кезінде мынандай негізгі жағдайларды сақтау қажет: сиырлар бокстарда бұзаулағаннан кейін бұзаулар 8-24 сағат енелерінің бауырында ұсталады; үйшіктерде денсаулығы жақсы және мықты бұзаулар ғана қалдырылады.; бұзауларға уыз бен сүт 36 градусқа дейін жылытылып қана беріледі; құрғақ төсеніш мол етіліп төселеді, жаздыкүні шыбын-шіркейлермен күрес жүргізіледі және бұзаулар шығарылған соң, территория мен алаң дезинфекцияланады.
А.А. Фальков пен О.О.Тагаевтың /1992/ деректері бойынша бұзау өсірудің суық әдісі — республикамыздың оңтүстік аймақтарында анағүрлым тиімді екен, Өйткені, бұл тәсіл төлдің тіршілік-тынысын жақсартады, денсаулығын нығайтып, бұзау организмінің физиологиялық көрсеткішін күшейтеді.
Көптеген сауын фермаларында жаңа туған бұзау бір қора-жайда —профилакторийде “әдеттегі’ әдіспен /республикамыздың солтүстік, батыс және шығыс аймақтарында/ өсіріледі. Профилакторийде бұзау жеке клеткада ұсталады. Мұндай тәсіл физиологияға ұстап бағу әдісі негізделген. Өйткені, ол бұзауға сыртқы ортаға үйренуге жылу реттеуін қалыпқа келтіруге, басқа бұзаулардан мазасызданбауга мүмкіндік береді. Белгілі бір дәрежеде шартты- ауру қоздырғыш микрофлорамен қатынаста болады да, асқазан-ішек ауруларының алдын алуға жағдай жасалады.
Бұзауларға арналған клеткалардың көптеген түрлері ұсынылған. Клеткалар профилакторий еденінен15-20 см биік болуы керек.
Ең ыңғайлысы Эверс клеткасы болып табылады. Сондай-ақ төменгі жағының ені 50 см, үстіңгі жағының ені 30 см, ұзындығы /А. Н. Моголовский. 1974/ 100 см клетка да ұсынылған. Сонымен бірге жіңішкертілген клеткалар да қолданылады. Олар батарея түрінде 5-6 данадан, кейде бір-бірден қондырылады. Мұндай клеткалар мөлшері 90х40 см.
Н.М.Лушик /1970/ жаңа туған бұзауларды профилакторийде бұзаулау бөлімінің қасынан салынған бокстарда өсіру жөніңде ұсыныс жасаған.
Бокстар — саңылаусыз, жылы, құрғақ, жеке стерильденген бөлме. Олар 7-10 бұзауға есептелген (еден алаңы әр бұзауға 3м2). Әрбір бокста бірнеше жеке және жалпы клетка болады. Бокстардың температурасы — 15-20°С, ылғалдылығы – 50-70 пайыз. Олар сумен жылытылады. Күлгін-қызыл қыздырғыштармен де жылытуға болады. Бұзаулау бөлімінде сиырлар жалпы төлдеген кезде бір бұзаушыға 4-5 бокстан болуға тиіс.
Әуелі бокс дезинфекцияланады, содан соң ғана бұзау жіберіледі. Жаңа туған бұзаулар әуелі жеке клеткаларға кіргізіледі де онда 3-5 тәулік ұсталып, содан соң жалпы клеткаға көшіріледі. Бокстарға жаңа туған бұзаулар 3-4 күннің ішінде кіргізіледі де, содан соң керекті бұзау санының жиналған-жиналмағанына қарамастан, тоқтатылады. Соңғы бұзау қабылданған сәттек 10 күн өткенде барлығы бұзау қораның келесі секциясына көшіріледі. Сөйтіп, олар топтық клеткаларға орналастырылып. боксқа жаңа туған басқа бұзаулар қабылданады.
Бұзауларды профилакторийде өсіру кезінде микроклимат үлкен роль aтқарады. Қолайлы микроклиматпен қамтамасыз ету үшін профилакторийді автоматты жылыту жүйесімен жабдықтау керек.
Бұзаулардың жылуды аз бөлінуіне байланысты малды инфрақызыл жылтқышпен қыздыру жолымен дұрыс микроклимат жасауға болады. Ол үшін ИК-220-100, ИКУФ-2 және т.б. шамдары пайдаланылады.
Достарыңызбен бөлісу: |