Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі.
Тарих беттерін ақтарып отырып басқыншы елдердің бодан жұрттың ұлттық айырым белгілерін, дәстүрлерін ұмыттыруға тырысқандығын көреміз. Сосын оларға өздерінің тілі мен дінін, мәдени құндылықтарын әкеліп тықпалаған. Ал өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Ислам діні де мұны құптамайды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған. Өйткені өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өзіндегі рухани құндылықтар, қағидаларды аяқ асты еткен кезде иман да жоғалады.
Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды.
Ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды, ізгі мұраттарды бекітіп, бұрыс ұғымдарды тоқтату үшін келді. Сондықтан мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп-екшейтін басты безбен шариғат болып саналады.
Халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптар Ислам заңнамасындағы құқықтық нормалардың бастау-ларының бірі болып саналады.
(арабшасы керек)
Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал»,– деп бұйырған2.
Алланың Елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Пайғамбар (с.а.с.) олардың Құдай Тағаланың әмір-тыйымына керағар келмейтінін қабылдап, қарсы келетініне тыйым салды.
Шариғатта халыққа үйреншікті болған жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мазһабтардың имамдары қолдайды.