Xx ғасырдағы Қазақстан


XX ҒАСЫРДЫҢ 20-30 ЖЫЛДАРЫНДА ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ЖАҒДАЙ



бет3/7
Дата16.12.2023
өлшемі6,5 Mb.
#139981
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Лекция. ХХ ғасырдағы Қазақстан

3 XX ҒАСЫРДЫҢ 20-30 ЖЫЛДАРЫНДА ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ЖАҒДАЙ


3.1 Қазақстандағы жаңа экономикалық саясат және оның нәтижелері
3.2 Индустрияландыру саясаты: мәні, мақсаты, жолдары, ерекшелікетері және нәтижелері
3.3 Ауыл шаруашылығын ұйымдастыру – Қазақстан шаруаларының трагедиясы
3.4 Қоғамдық-саяси өмір

3.1 Азамат соғысы аяқталғаннан кейін елде аса ауыр саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыс орын алды. Оның негізгі себебі шаруалардың «соғыс коммунизмі»саясатына наразылығы болды. Бұл саясатты енгізген кезде болшевиктер соңыс аятала сала одан бас тартуға уәде еткен еді. Алайда бұл уәделерінде тұрмады. Әсіресе ауылда жағдай аса күрделі болды. Егістік көлемі 1914 жылдан 1922 жылғы дейін екі есеге азайды (3,6 млн. дес.-дан 1,6 млн.-ға дейін), жалпы астық өнімдерін жинау 3 есеге қысқарды. Мал шаруашылығының да жағдайы мәз болмады. 1914-1922 жж. аралығында ірі қара малдың саны 2,1 млн. басқа, жылқылар – 2 млн.-ға, ұсақ мал 6,6 млн.-ға, түйелер – 300 мың басқа қысқарды. Жалпы мал саны осы жылдары 10,5 млн.-ға кеміді.


«Соғыс коммунизмі» саясаты Батыс Қазақстанда (Орынбор, Ақтөбе, Бөкей губерниялары) азық-түлік апатына алып келді. 1917-1921 жж. егістік көлемі 55 пайызға қысқарды. Аймақта азық-түлік мәселесін шешу үшін 10,7 млн. пұт астық қажет болды. 1,4 млн. адам аштыққа ұшырады. Сол кездегі газет беттерінде аштыққа ұшырағандар арасында каннибализм, өлексенің етін жеу, балаларды ұрлау сияқты оқиғалар туралы хабарлар жиі беріліп тұрды. Өкімет тарапына көрсетілген көмекке қарамастан жүздеген мың адамдар аштықтың құрбаны болды.
Ауылдарда, деревняларда, кишлактарда Кеңес үкіметінің саясатына наразылық күннен-күнге өсті. Көптеген жерлерде шаруалар қолына қару алып, ащық қарсылық көрсете бастады. 1920ж. «Коммунисттерсіз Кеңестер үшін», «Азық-түлік салғырты жойылсын», «Коммунистік азық-түлік диктатурасы жойылсын» деген ұрандармен Қазақстанның басым бөлігінде шаруалар бүліктері басталады. 1920 ж. жазында большевиктерге қарсы ірі бас көтеру Семей облысында болды, бұл жерлерде 10-мыңдық «Көтерілісшілердің халық әскері» өз ықпалын орнатты. 1921ж. «Сібір шаруалар одағының» бастамасымен болған көтеріліс Солтүстік Қазақстан аумағын қамтыды. Оған қатысқан көтерілісшілер саны 30 мыңға жетті. Батыс Қазақстан жерінде шаруалар көтерілісін Қызыл Армияның бұрынғы дивизия командирі А.Сапожков басқарды.
Бұл ауыл шаруашылық өндірушілерінің құқықтарын өрескел бұзған «соғыс коммунизмі» саясатына қарсы нағыз шаруалар революциясы болды. Халқының 85 пайызын (Қазақстанда 92 пайызын) шаруалар құрайтын Ресей үшін бұл қозғалыс ауыр сын болды. Кеңес үкіметі оларға қарсы тұрақты әскер отрядтарын жіберіп, көтерілісті күшпен басып-жаншуға кірісті. Әскери жағынан бұл әрекеттер өз нәтижесін бергенімен, саяси салдары жағынан бұл большевиктер үкіметінің әлсіздігінің белгісі болды.
Өнеркәсіп саласында да апаттық жағдай қалыптасты. 307 кәсіпорынның 250 жұмыс істемеді. Мысалы, Жезқазған және Успен кеніштері су астында қалды. Ембі мұнай кәсіпшілігінің 147 құбырының тек сегізі ғана жұмыс істеп тұрды. 1913 жылмен салыстырғанда Қазақстанда мұнай өндіру – төрт есе, Қарағанды көмірін өнліру 5 есе қысқарды, ал мыс кенін өндіру мүлде тоқтап қалды. Мұнай кәсіпшіліктері тоналып, 400 мың пұттан астам мұнай теңізге ағызылып жіберілді, Риддер кеніштері, Екібастұз көмір орындары және Спасск байыту фабрикасы толық істен шықты. Өлке халық шаруашылығының жалпы өніміндегі өнеркәсіптің үлесі 1920 жылы небары 6,3% болды. Кеңес үкіметі тек ірі және орта кәсіпорындарды национализациялаумен ғана шектеліп қалмай, ендігі жерде ұсақ кәсіпорындарды да мемлекет қарамағына ала бастады. Осының нәтижесінде өз еңбегімен күн көріп отырған мыңдаған адамдар күнкөріссіз қалды. Жұмыссыздық өсті. Соғыс аяқталғаннан кейін армияда жүргізілген демобилизация жұмыссыздардың санын одан әрі өсірді. Қалаларда жұмысшылар да кеңес үкіметінің саясатына ашық қарсы шыға бастады.
Большевиктер билігінің дағдарысқа ұшырағандығының тағы бір белгісі – әскери бүліктердің орын алуы. 1921ж. 28 ақпаны – 18 наурызы аралығында Балтық теңізінің матростары мен Кронштадт гарнизоны большевиктерге қарсы шықты. Олар Кеңестерді қайтадан құру, сөз, баспасөз бостандықтарын енгізу, саяси тұтқындарды босатуды және басқа да талаптар қойды. Елде қалыптасқан жағдай жалпы большевиктердің билігіне қауіп төндірді. Билікті өз қолдарында ұстап қалуға тырысқан олар 1920ж. соңына қарай халықтың талаптарын орындап, «соғыс коммунизмі» саясатынан бас тартып, жаңа экономикалық саясатқа өтуге бел буды.
Дағдарыстан шығудың жолы 1921ж. 8-16 наурызында өткен РК(б)П-ның Х съезінде шешілді. Жаңа экономикалық саясатқа өту туралы шешім қабылданды. Азық-түлік салғыртының орнына азық-түлік салығы енгізілді, шектеулі түрде жеке меншікке, еркін саудаға, жерді жалға беруге және жалдамалы жұмыс күшін қолдануға рұқсат етілді, еңбек міндеткерлігі жойылды. Бұл шаралардың барлығы талаптарын қанағаттандыруға бағытталған еді. Олардың негізгі мақсаты бірінші дүние жүзілік соғыспен азамат соғысы салдарынан қираған шаруашылықты қалпына келтіру, Ресейде шаруалар мен жұмысшы табы арасында үйлесімді экономикалық қатынастар орнату болып табылды.
Социалистік экономика құру үшін жаңа техникалық негізде ірі өнеркәсіпті қалпына келтіру қажет болды, ал бұл үшін жұмысшыларды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз ететін ауылшаруашылығының ең алдымен қалпына келтіру міндеті тұрды. Осы міндетті шешу үшін алдымен шаруалардың жұмыс істеуге ынтасын көтеру, қала мен деревня арасындағы сауда қатынастарын дамыту, капитализмге біршама еркіндік беру көзделді.
Ендігі жерде шаруалар шаруашылығына салынатын салықтың міндетті мөлшері белгіленді, ол салғырттан әлдеқайда аз болды. Қалған артық өнімнің барлығын шаруа өзі толықтай биледі, оларды өнеркәсіп тауарларына айырбастауға немесе базарға шығарып сатуға мүмкіндік алды.
Алайда 1921-1922 жж. Қазақстанның ауыл шаруашылығында апаттық жағдай қалыптасты. Қуаңшылыққа байланысты Батыс Қазақстан губернияларына 17,4 млн. пұт астық қажет болды (бұл жерлерде себілген егістіктің 50-ден 80 пайызына дейіні жойылды). Аса ауыр жұттың нәтижесінде малдың 80 пайызы қырылды, ал Бөкей және Орал губернияларының кейбір уездерінде бұл көрсеткіш 100 пайызға дейін жетті. Аштыққа ұшыраған адамдардың саны 2,3 млн.-ға жетті.
Апатқа байланысты Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің (БОАК) 1921ж. 18 тамызындағы шешімімен Орал, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, сондай-ақ Қостанай (Қостанай уезінен басқа) губерниялары ашаршылыққа ұшыраған аудандар ретінде салық төлеуден босатылды. Көшпеліжәне жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналыстатын шаруашылықтар да салықтық міндеткерліктерден босатылды.
Азық-түлік науқаны тек Семей мен Ақмола губенрнияларында толықтай жүзеге асырылды. Алғашкықысынан салық ретінде 3 млн. пұт өнімдері, 17 мың пұтқа жуық май, 587 мың пұт жем-шөп, 46,3 мың дана тері, 1,1 млн жұмыртқа т.б. жиналды. Ақмола губерниясынан өндірілген астықтың 50 пайызы – 2 млн. пұт астық алынды. Жалпы Республика бойынша салық жинау 55 пайызға орындалды.
Келесі 1922-1923 жж. бірыңғай заттай салық енгізілді. Көшпелі және жартылай көшпелі аудандарда салық төлеу қалпына келтірді.
1923-1924 жж. заттай салық ақшалай салыққа алмастырылды. Бұл шара ең алдымен ауыл шаруашылықты аудандарда тауар-ақша қатынастарын жандандыруға бағытталды.
Шаруашылықты қалпына келтіруге бағытталған тағы бір шара – жалға беруге және алуға рұқсат етілуі. Өз күшімен жерін өңдей алмаған ұсақ шаруашылықтар оны ірі шаруашылықтарға жалға бере алды. Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстандағы шаруашылықтардың төрттен бір бөлігі осындай қарым – қатынасарда болды. Сондай-ақ ауыл шаруашылық саймандары мен жұмыс көлігін жалға алу кең тарады. Оған көбінесе кедей шаруашылықтар жүгінді.
Бұл жылдары қазақтың көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарының көпшілігінің бірте-бірте ұсақ тауарлы укладқа көшуі қазақ шаруаларын кооперацияға тартуды жеңілдетті. Ауыл шаруашылық сайманын жөндеумен айналысатын жүздеген шеберханалар пайда болды. Кедейлер егіндерін бірлесіп жырту үшін бірікті. Суармалы егіншілікті аймақтарда каналдар мен арықтар қалпына келтіріліп жатты. Машинаны жалға беретін тұңғыш пункттер ашылды. Өлкенің шаруашылық өмірі көркейіп, азық-түлік қиыншылықтары бәсеңдей түсті.
Шаруалардың қолында ауыл шаруашылық өнімдерінің біршама бөлігі қалып отырғандықтан, енді сол өнімді өткізуге жағдай жасау қажет болды. Осы мақсатпен сауда еркіндігі енгізілді. Шаруалар өз өнімдерін өткізіп, өнеркәсіп тауарларын сатып алып отыратын базарлар ашылды.
Саудаға рұқсат етілгеннен кейін елдің қаржылық жүйесін қалпына келтіру қажеттілігі туындады. 1921 ж. Мемлекеттік банктің статусы айқындалып, ол шаруашылық есепке өте бастады. Ендігі жерде өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және сауданы несиелеу арқылы кіріс енгізуге мүдделі болды. Коммерциялық және жеке банктердің ашылуына рұқсат етілді. Жеке тұлғалар мен мекемелер өз қаржыларын жинақ кассаларында сақтауға, оны кез-енлген уақытта пайдалануына мүмкіндік алды.
1922-1924 жж. ресей валютасын тұрақтандыруға бағытталған шаралар жүзеге асырылды. Жүргізілген реформалар нәтижесінде бірыңғай ақша жүйесі қалыптасты, нақты валюта болып табылған червонец, сондай-ақ күміс және мыс монеталар шығарылды.
1921-1922 жж. Қазақстанда кезінде патша үкіметі тартып алған жерлерді қайтару мақсатымен жер-су реформасы жүзеге асырылды. Реформаға сай Ертіс жағалауы мен Орал бойындағы казак әскерлеріне тиесілі жерлер, сондай-ақ, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы жерлер қазақтарға қайтарылып берілді. Шаруаларға жалпы 1 млн. 385 тың десятина жер қайтарылды. 1921 ж. жер-су реформасын жүргізудегі басты тіректердің бірі – кедейлердің «Қосшы» ұйымы құрылды.
Әсіресе өнеркәсіпті қалпына келтіру аса күрделі міндет болды. Өнеркәсіптік саясаттың мәні: ұсақ және орта кәсіпорындарды денационализацтиялап, жеке және акционерлік қоғамдардың қолына берді; ірі кәсіпорындарды шаруашылық есепке өткізіп, олардың өзін-өзі басқару құқықтарын кеңейтті; трестер мен синдикатор құрылды. Алайда ауыл шаруашылығымен салыстырғанда бұл саладағы реформалар тез арада нақты нәтижелерін бере қойған жоқ.
20- жылдардың ортасына қарай кеңес экономикасының дамуы қарама-қайшылықты сипатта болды. Бір жағынан жаңа экономикалық саясат өзінің алғашқы нәтижелерін бере бастады. 1925 ж. қарай халық шаруашылығы негізінен қалпына келтірілді. Өнеркәсіп өнімдерін өндірудің жалпы деңгейі 1920 ж. салыстырғанда 5-6 рет өсіп, шамамен соғысқа дейінгі деңгейдің 2/3 бөлігін құрады. 1921 ж. кәсіпорындардың 17 пайызы ғана жұмыс істеп тұрса, ендігі жерде олардың 60 пайызы іске қосылды. Көлік қалпына келтірілді, темір жолдар бірқалыпты жұмыс істей бастады. Ескі темір жолдармен қатар жаңа жол тармақтары пайдалануға берілді: Петропавловск-Көкшетау, Славгород-Павлодар, сондай Омбы темір жолының Семей учаскесі. Өзен көлігі де бірте-бірте жандана бастады: Ертіс, Сырдария; Орал өзендерінде жүк тасымалы өсті. 1928 ж. егістік көлемі 1913 ж.-дың деңгейіне шығып, оның көлемі 1913 ж. – дың деңгейіне шығып, оның көлемі 3 млн. га жақындады. Астық өндіру де соғысқа дейінгі деңгейге жетті. Мақта өндіру одан асып кетті. Мал басы 1922 ж. салыстырғанда екі есе артты. Ойыл, Қоянды, Темір және т.б жәрмеңкелер қалпына келтірілді, жалпы 128 жәрмеңке жұмыс істеп, 20-23 млн. сомның тауар айналымына қол жеткізді. Екінші жағынан, өнеркәсіп саласында әлі де шешілмеген көптеген мәселелер болды. Осы саланың даму қарөының бәсеңдеуі өнеркәсіп тауарларына сұранысты өсірді. Бұл жағдай тауарлардың бағасының өсуіне алып келді. Ауыл мен қала арасындағы қарым-қатынаста «баға дағдарысы» орын алды. Бұл жағдайдан тек өнеркәсіп тауарларының бағасын төмендету арқылы шығуға қол жеткізілді.
1925 ж. ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасы күрт көтерілді. Осындай жағдай 1927-1928 жж. да орын алды. Туындаған мәселелерді шешу үшін экономикалық тетіктерді іске қосуға болар еді. Алвйда кеңес үкіметі әкімшілік тетіктерді пайдаланып, өндірушілерге қатаң қысым көрсете бастады. Жаңа экономикалық саясат енгізген еркін нарықтық қатынастар әкімшіл-әміршіл жүйеге алмастырылады.

3.2 20-жылдардың аяғына қарай елдің экономикалық стратегиясы ауысты. Жаңа экономикалық саясаттың орнына қарқынды индустрияландыру саясаты енгізілді. «Біз алдыңғы қатарлы елдерден 50-100 жыл артта қалып қойдық. Осы аралықты біз он жыл ішінде жүріп өтуіміз керек»,- деген болатын Сталин.


БК(б)П-ның XIV съезі (1925 ж., желтоқсан) елімізде социалистік индустрияландыруды іске асыру, яғни жедел қарқынмен аграрлық республикадан дамыған өнеркәсіпті республикаға айналдыру міндетін қойды. Индустрияландыру қарсаңында Қазақстанның жалпы өнімінің 84,5 пайызын ауыл шаруашылық өнімдері құрады, халықтың 90 пайызы ауылдық жерде тұрды.
Индустрияландыру Қазақстан еңбекшілерінің өмірлік мүдделеріне қайшы келген жоқ. Оның дамуы, біріншіден, ұлттық жұмысшы табының қалыптасуына, екіншіден жұмысшылардың өндірістік – техникалық дәрежесін көтеруге, үшіншіден, Қазақстанның өнекәсіптік деңгейін биіктетуге, сол арқылы көлік шаруашылығын ауыл шаруашылығын және басқа салаларды жаңа техникалық негізде қайта құруға, сөйтіп халықтың материалдық жағдайын, әл-ауқатын көтеруге мүмкіндік беруге тиіс еді.
Қазақстанның индустриялық дамуына бағыт ұстауына байланысты бұл мәселеде ұлы державалық – шовинистік және жергілікті ұлтшылдық психология мен пиғылдардың да бой көрсеткенін айта кету керек. Республикада өнеркәсіпті өркендету саясаты іске аспайды, өйткені «артта қалған көшпелі халық» индустрияның дамуына шыдай алмайды деген шивинистік көзқарастар және дамудың феодалдық сатысынан социализмге өту мүмкін емес, көшпелі қазақ халқының өз ұлттық ерекшелігі бар, ал индустрияландыру осы «ұлттық ерекшелікті» бұзады деген пайымдаулар да айтылды. Өлкеде өз алдына томаға-тұйық шаруашылық құру «теориясын» ұсынушылар да кездесті.
Ф.Е Голощекин республикада индустрияландыру идеясын қолдай отырып Қазақстанда ауыр өнеркәсіп салаларының орнына, ауыл шаруашылығымен байланысты ұсақ және орта кәсіпорындарды дамыту жоспарын ұсынды. Голощекин индустрияландырудың мәнін тез арада түсінген қазақтың алдыңғы қатарлы интеллигенция өкілдері оған үзілді-кесілді қарсы шықты. Олар республика болашағына аса маңызы бар бұл мәселе өлкелік партия комитетінің қойған мақсатын қайта қарауды талап етеді. Бұлардың арасынан әсіресе, Смағұл Сәдуақасов Голощекин идеясына ашық қарсы шығып, республикада шикізат байлықтарын қайта өңдеп шығаратын кәсіпорындар салу талаптарын қойды.Алайда Қазақстан жетекші кадрларының ақылға қонатын, дұрыс қойған саясатын Голощекин жергілікті ұлтшылдықтың белгісі деп бағалады, оларды енді қуғындай бастады.
Қазақстанда өндіріс күштерін өрге бастыруды, табиғат байлықтарын игеруді тездетуге Түркістан-Сібір темір жолының маңызы зор болды.1927ж басталған бұл құрылысқа мемлекет тарапынан 200 млн.сом қаржы жұмсалып, тез аяқталуы үшін істелген шаралардың нәтижесінде ол мерзімінен бұрын 1930ж 25 сәуірде іске қосылып, Орталық Қазақстанның табиғи байлықтарын игеруде үлкен рөл атқарды.Оның құрылысын жүргізуге бұл тұста РКСФР Халкомы төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов, темір жол инженері М.Тынышпаев, т.б елеулі үлес қосты. Сол жылдарда республикада түсті металл өндіру қарқыны едәуір күшейді. Риддер полиметалл, Қарсақпай мыс қорыту комбинаттары іске қосылып, жаңа техникамен жарақтанды. Кезінде дүние жүзіндегі өзі тектес өнеркәсіп орындарының ірісі болған Балхаш мыс қорыту зауыты, қуаттылығы жағынан елімізде бірінші орынға шыққан Шымкент қорғасын зауыты жұмыс істей бастады. Жезқазған мыс қорыту, Текелі полиметалл комбинаттары, Өскемен мырыш зауыттары салына бастады. Сөйтіп, соғысқа дейінгі бесжылдықтарда түсті металл кәсіпорындарының негізгі өндірісі бірнеше есе артып, республика ірі өнеркәсібі негізгі өндіріс қорының 40 пайызын құрады. Республика көмір өндірісінің, әсіресе Қарағанды көмір алқабының зор маңызы болды. Республика мұнай өнеркәсібі алғашқы 3 бесжылдықта бүкіл елдегі мұнай өнімінің бестен бірін беріп, Одақта үшінші орынға шықты. Сөйтіп түсті металл, мұнай, көмір өнеркәсібі салалары Қазақстан ауыр өнеркәсібінің арнаулы бағытқа бейімделгенін көрсетті. Сонымен қатар химия, энергетика, металл өңдеу сияқты өнеркәсіп салалары да өркендей түсті.
Республикада кен-химия өнеркәсібінің алғашқы кәсіпорны – Ақтөбе химия комбинаты салынды. Ол кезінде ел шығысындағы жоғарғы сапалы тыңайтқыш өндіретін бірден-бір, ал Одақ бойынша екінші кәсіпорын болды. Шымкент химия-фармацептік зауыты, Арал сульфат комбинаты іске қосылып, Теміртау синтетикалық каучук зауыты, Қаратау химия комбинаты салына бастады. Көптеген электр стансалары жұмыс істеп, соғыс алдында Ертіс өзені бойында Өскемен су электр стансасының және Қарағанды жылу электр стансасының құрылысы жүрді.
Жеңіл және тамақ өнеркәсібінің көптеген кәсіпорындары бой көтерді. Одардың ішінде қуаты жағынан елде үшінші орын алатын, Семей ет, Гурьев балық консерві, Алматы жеміс комбинаттары, Жамбыл, Мерке, Талдықорған қант зауыттары сияқты кәсіпорындар іске қосылды.
Ауыр индустрия кәсіпорындарының ескілерін қалпына келтіру жаңаларын салу және техникалық жағынан қайта құру, осыған сай қуатты энергетикалық база жасауды талап етеді. Осыған байланысты Қарағанды полиметалл комбинатының жылу электр стансалары салынды. Электр қуатын өндіру республикада 1913ж. салыстырғанда 486 есе артты.
Қазақстанның индустриялық дамуының тағы бір ерекшелігі темір жолдардың салынуына баса назар аудару болып табылады. 1928-1940жж республиканың темір жол желісі 50 пайызға өсіп, 658 км. жетті. Түркісбтен басқа Рубцовка-Риддер тармағы Шығыс Қазақстанның түсті металлургия кәсіпорындарына жұмыс істеді, Орал-Елек тармағы республиканың аудандарын Орынбормен және Ресейдің басқа өнеркәсібі дамыған облыстарымен байланыстырады.
Тағы бір ерекшелігі – Қазақстанның индустриялы дамуы басқа да республикалармен салыстырғанда аса үлкен қарқынмен жүргізілді. Соның нәтижесінде бұрынғы мешеу дамыған Қазақстаннның экономикалық теңсіздігін жоюға негіз қаланды.
Индустрияландыруды жүзеге асыру барысында Қазақстанда жұмысшы табы қалыптасты, ол өз құрамына өнеркәсіптің, құрылыстың, транспорт пен байланыстың, ауыл шаруашылық өндірісінің, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету саласының топтарын қамтыды.
Бірақ Қазақстанның индустриялық дамуындағы зор табыстарына қарамай бұл үрдісте елеулі ағаттықтар мен кемшіліктер болды. Индустрияландыру үшін орасан зор қаражат қажет болды. Алғашқы кезде бұл қаражатты шетелден әкелуге үміт болды. Алайда бір жағынан 20-жж екінші жартысында КСРО-ның халықаралық жағдайының нашарлап кетуіне, екінші жағынан, 1929ж. басталған дүние жүзілік экономикалық дағдарысқа байланысты бұл үміт ақталмады. Кеңес үкіметі елде жинақтау қорын халықтың есебінен құруға кірісті. Әлемдік тәжірибе дәлелгендей аграрлық мемлекетті индустриялы елге айналдыру үшін жинақтау қорының үлестік мөлшерін 5-10 пайыздан 20-25 пайызға дейін көтеру жеткілікті болып табылады. Алайда КСРО-да 20-жж. ортасында ұлттық табыстағы жинақтау қорының үлесі 10% құраса, 1930ж. – 29. Ал 1932ж.- 44 пайызды құрады. Бұл қордың қаражатының негізгі көзі- жұмысшы табы, шаруалар және «лагерлік экономика» болды.
Жұмысшылардың орташа жалақысы 30 сомды құрады, бұл олардың нақты еңбек ақысының бір ғана бөлігі болған. Қалған бөлігін мемлекет өзіне қалдырып отырды. Сондай-ақ жұмысшылардың арасында мәжбүрлеу арқылы әртүрлі мемлекеттік облигациялар таратылатын болды.
«Лагерлік экономиканың» қандай «пайда» әкелгендігі түсінікті. Мыңдаған, жүздеген мың, ал кейіннен миллиондаған адам сталиндік лагерлерде тегін жұмыс күшін құрады. Алтын кеніштерінде, шахталарда, ағаш жығуда ауыр еңбек еткен «халық жаулары» индустрияландырудың қаражат қорын толықтырды.
Алайда, ең басты ауырлық шаруалардың иығына түсті.Оларға қарсы төтенше, тіпті репрессиялық шаралары қолдана отырып, өкімет шаруалардың еңбегінің жемісін күштеп тартып алып отырды. «Азық түлік салғырты» қайта енгізіле бастады. Шаруалардың наразылығы күшпен басылып, жаншылып отырды. Осындай жағдайда кеңес үкіметі шаруаларды барлық меншігінен айыруды көздеп, ұжымдастыру саясатын бастады.
Кеңес үкіметі басты назарды ауыр өнеркәсіпке аударды, ал халықтың тұрмыстық қажетін өтейтін салалардың (жеңіл және тамақ өнеркәсібі, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік инфрақұрылым ) дамуына көңіл бөлінбеді. Мысалы, бірінші бесжылдық жоспарда (1928-1932жж.) Қазақстан өнеркәсібіне 1 228 413 мың сом күрделі қаржы салу жоспарланса, оның 1 140 542 мыңын, яғни 93 пайызын ауыр өнеркәсіпке жұмсау көзделді.
Тек 87 771 мың сом ғана жеңіл өнеркәсіпке жіберілді. Соның салдарынан халықтың тұрмыс жағдайы күрт төмендеп кетті.
Индустрияландырудың негізгі кемшіліктерінің бірі -Қазақстан өнеркәсібінің шикізаттық бағыты болды. Сондықтан да республика өзіне қажетті заттардың жартысынан астамын – құрал-жабдықтардың, цементті ағаш материалдарын тұрмысқа қажетті тауарларды сырттан әкелуге мәжбүр болды.
Индустрияның дамуы Қазақстан тұрғындарының арасында күрделі әлеуметтік-демографиялық өзгерістерге әкеліп соқтырды. Жұмысшылардың басым көпшілігі орыстар мен украиндар болатын, ал қазақтардың басым көпшілігі, негізінен, көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын сақтады. Алайда жаңа экономикалық саясаттан ауытқу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыруда жіберген өрескел қателіктер мен асыра сілтеулер қазақ ауылына қатты әсерін тигізді, аштық тудырды, қазақтардың миграциялық үрдісін күшейтті. Егер 1926ж. өлке тұрғындарының құрамында қала халқы 8,6 пайызды құраса, отызыншы жылдардың аяғында олардың үлесі 29,8 пайызға жетті. Алғашқы жылы қаладағы қазақтардың саны 77,6 мың болса, 1939 ж. олардың саны бес есе өсті. Олардың қала тұрғындары арасындағы үлес салмағы 14,3-тен 21,9- пайызға дейін ұлғайды. Қазақстанға басқа республикадан көшіп келгендер саны артып отырды. Олардың көпшілігі Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан және Өзбекстаннан шыққандар болды. Осыған байланысты 1939ж. республика қала халқының құрамында орыстардың үлесі 1926ж. 53,7 пайыздың орнына 57,7 пайыз украиндардың үлесі 6-дан 8 пайызға дейін жетті. Бұрын бұл цифрлар жаңа қоғамның өскелеңдік күшін көрсету үшін қолданылатын. Алайда миграция қарқынының өсуі қоғам дамуының ішкі заңдылықтарынан емес, волюнтаристік, кей кездері тіптен қылмыстық шешімдерден туындады.
Қазақстанның 1926-1940жж. индустриялық дамуы ірі нәтижелерге жеткізді. Республика шаруашылығында өнеркәсіп басым салаға айналды, оның өнімінің үлесі 30жж. ортасында басым бола бастады. Қуатты өнеркәсіптік потенциал жасалып, ол ойдағыдай дамыды. Қазақстан Кеңес Одағындағы алдыңғы қатарға шықты.
Алайда осы жетістіктерге жету үшін халықтың шамадан тыс көп тер-төгуіне тура келді. Индустрияландырудың жоғарғы қарқынына халықтың есебінен қол жетті, олардың тұрмыс жағдайы күрт нашарлады. Осы жылдары ауыл шаруашылығының даму қарқыны төмендеп кетті. 1928ж. деңгейіне ауыл шаруашылығы тек 1940ж. шыға алды, ал мал шаруашылығында бұл көрсеткіштерге тек 50-жж. басында ғана қол жетті.
3.3 20-жж екінші жартысында жүргізілген индустрияны қарқынды дамыту саясаты шаруа шаруашылықтарының жағдайын ауырлатып жіберді. Салықтың мөлшерінің шамадан тыс өсуі шаруалар арасында наразылық тудырды. Сонымен бір мезгілде өнеркәсіп өнімдерінің бағасы да өсті, ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің сатып-алу бағасы тым төмендеп кетті. Соның нәтижесінде мемлекетке астық тапсыру күрт қысқарды. Астық дайындау науқаны сәтсіздікке ұшырап, 1927 ж. соңында терең азық-түлік дағдарысына алып келді. Экономистер мен шаруашылық басшыларының бір тобы дағдарыстан шығу үшін ауыл мен қала арасындағы қарым-қатынасты экономикалық тетіктердің көмегімен реттеу қажет деп тапты. Алайда астық дайындау дағдарысынан шығу үшін кеңес үкіметі басқа жолды таңдап алды.
Астық дайындауды жандандыру үшін ел басшылығы «соғыс коммунизмі» саясаты тұсындағы төтенше шараларды қолдана бастады. Астықты еркін сатуға тыйым салынды. Шаруалар мемлекетке нақты белгіленген бағамен астықты сатудан бас тартқан жағдайда оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту белгіленді, жергілікті Кеңестер олардың дүние- мүлкінің бір бөлігін тәркілей алды. Ерекше «өкілдер» мен «жұмысшы топтары» тек артық өнімді ғана емес, сонымен қатар шаруа отбасына қажетті өнімді де тартып алып отырды. Аталған іс-әрекеттер қала мен село тұрғындары арасындағы қарым-қатынастарды шиеленістіріп, 1929 ж. егістік көлемінің азаюына алып келды.
1927 ж. желтоқсанында өткен БК(б)П-ның XV съезі ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға бағыт ұсынды. Сөйтіп жаңа экономикалық саясатты дамыту линиясы тұйықталып тасталды. Ұзақ жылдар бойына экономика мен қоғамдық-саяси өмірде тек «күштеу» шарасының рухы үстемдік етті.
Қазақстан ұжымдастыруды негізінен 1933 ж. көктемінде (көшпелі және жартылай көшпелі аудандардан басқасы) аяқтауға тиісті аймақтық топқа жатқызылады. Республикалық партия, кеңес орындарында осынау тым қысқа мерзімнің өзі қайткен күнде де «секіріліп өтуге тиіс» кедергі ретінде қабылданды.
Мұның аяғы дереу қоғам ағзасын пайыз қуалаушылық («процентомания») дертіне шалдырды. Аудандар мен округтер ұжымдастыруда қол жеткен жеңістері жайлы бір-бірімен жарысқа түсіп, газеттер сол хабарларды басып үлгермей жатты.
Ұжымдастырудың төтенше сипаты бай-кулакты құртудың мемлекеттік бағытын жүзеге асыру кең жайылған жерде жойқын күшпен көрінді. 1928 ж. 27 тамызында республиканың Орталық Атқару Комитеті (ОАК) мен Халық Комиссалары Кеңесінің (ХКК) мәжілісінде «Байлардың шаруашылықтарын тәркілеу туралы» қаулы қабылданды.
Осы науқан барысында 696 шаруашылық тәркіленіп, олардың 619-ы өздері тұратын округтен тыс жерлерге жер аударылған. Олардан 145 мың мал (ірі қараға шаққанда) экспроприяцияланған. 114 мыңға жуық мал колхоздар (29 мың, яғни 26 пайыз) мен кедей-батырақ қожалықтары (85 мың, яғни 74 пайыз) арасында қайта бөліске түскен. Малдан басқа 633 киіз үй, 475 үй, 44 қасба, басқа да 534 қора-қопсы, 108 соқа, 113 тырма, 248 пішен шапқыш, 1367 арба т.б. экспроприяцияланған.
Тәркіленіп, «тең» бөлісілген мал кедей-батырақтардың жағдайына көп өзгеріс әкелген жоқ. Бірен-саран ғана мал алған бұл қожалықтар қауымға қосыла алмады, сөйтіп олардың алған малын сатып немесе сойып жеп, өздерінің бұрынғы әлеуметтік жағдайларына қайтып оралудан басқа еш амалы қалмады.
Сонымен бірге бай және ауқатты шаруашылықтардың жойылуы дәстүрлі қазақ шаруашылығының бұзылуына алып келді. Сөйтіп, байлардың малын тәркілеу ауылдағы орташаларды топтастыруға және әл-ауқаттың артуына емес, керісінше, қайыршыланған ауылдар халқының жарлы-жақыбайға айналуының өрши түсуі мен шаруашылықтың күйзелісіне ұшыратты.
Шаруаларға ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау жөніндегі науқан мен салық зомбылығы саясаты қатты соққы болды.
Астық дайындау науқандары жүргізу әдістері жағынан тікелей экспроприациялау түріне ұласты. Қолданылған шаруалардың ашықтан-ашық заңсыз сипатын жасыру үшін өкімет орындары «тауарларға бағаны қасақана арттырғаны, бұл тауарларды жасырғаны немесе рынокқа шығармағаны үшін» қылмыстық жаза белгілейтін РКСФР Кылмыстық кодексінің 61, 107-бабтарының күшін қолданды.
1932 ж. 7 тамызында «Мемлекеттік кәсіпорындардың, колхоздардың және кооперациялардың мүліктерін қорғау және мемлекеттік (социалистік) меншікті нығайту туралы» заң бойынша сәл кінәсі үшін адамды атып тастап, ал, «жазасын жеңілдететін жағдайларда» - 10 жыл түрмеге жауып, мүлкін тәркіледі. Тек осы Конституцияға қарсы норманың күші жүріп тұрған алғашқы жыл ішінде ғана Қазақстанда 33 345 адам сотталды. Жоғары соттың Қазақ бөлімінің 1933 жылғы есепті баяндамасында былай делінген: «1933 жылғы мамырдың 5-нен тамыздың 1-іне дейінгі кезең ішінде ату жазасына кесілгендердің саны 44,5 пайызға кемігенін (305 адамнан 163 адамға дейін) қалыпты жағдай деп тануға болмайды».
Мал дайындау науқаны да әу бастан-ақ «соғыс коммунизмі» тұсындағы төтенше шаралар сипатын ала бастады. Көп ұзамай «Асыра сілтеу болмасын – аша тұяқ қалмасын!» деген қатыгез орындаушылар ащы тәлкекпен ойлап шығарған әйгілі ұран бұл жұмыстың айқындаушысына айналды. Тіптен, «ТОЗ» («Товарищество по совместной обработке земли – Жер өңдеу серіктестігі» деген қысқарған сөздің өзі қалжыраған қазақ шаруасы үшін «азып-тоз!» дегендей естілген. Жоспарда бар тапсырмалар халықтың қолындағы малдың саны жөнінде өңі айналдырылған деректерге құрылған болып шықты. Соның салдарынан аудандарға қолда бар малдың нақты санынан анағұрлым артып түсетін тапсырмалар түсе бастады. Бұл тұрғыдан табанында 183 мың ірі қара малы бар, бірақ 300 мың малға салық алған Балқаш ауданы мысал бола алады.
Мемлекеттік мүдде деген желеумен ауылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа түрлерін дайындау кезінде де заңсыздықтар жайлап кетті. Мәселен, жүн дайындауды «екпіндете» өткізу мақсатында қайсыбір жерлерде қойды қаһарлы қыс кезінде қырқуға мәжбүр етті, мұның өзі малдың қырылуына әкеліп соқты. Ешбір қисынға келмейтін міндетті түрде астық дайындау ежелгі мал шаруашылықты аудандардың астық сеппейтін шаруашылықтарына да қолданылды. Жазалаудан қорыққан халық малын астыққа айырбастап, ол астықты салық ретінде мемлекетке өткізіп тұруға мәжбүр болды.
Дайындау науқандары барысында Қазақстанда шаруаларға қарсы кең көлемде жазалаулар жүргізілді. Осы кезеңде 56 498 село тұрғыны әкімшілік-қылмыстық жауапқа тартылды. Соның ішінде 34 121 адам сотталды. БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті бюросының 1930 ж. қаңтардың басындағы жабық мәжілісінде Голощекин дайындау барысында 1928 ж. 1 қарашасынан 1929 жылдың 1 желтоқсанына дейін сот тарапынан 125 адам ату жазасына кесілгенін, ал Саяси бас басқарма тарапынан 152 адам атылғанын хабарлайды.
Индустрияландыру үшін қаржы іздестіру мақсатында мемлекет 20-ж. аяғында салық тәртібін қатайтты. Салықтың батпаны Қазақстанның ауылдары мен деревняларының еңсесін басты. 1927-1928 жж. 4 пайыз ауқатты және кулак шаруашылықтары шаруалар қожалықтарына есептелген ауыл шаруашылық салығының бүкіл сомасының 33 пайызын төлеуге мәжбүр болды, ал мал өсіретін 0,6 пайыз ірі шаруашылықтар мал өсіретін аудандар бойынша есептелген салықтың бүкіл сомасының 25 пайызын төледі. Салық салу нормасының күрт өсуі әсерінен шаруашылықтардың едәуір бөлігінде, сол жылдардағы терминологияны қолдансақ, «кулактар өздігінен тәркіленді» немесе, былай айтқанда, қалаларға кетіп немесе табыс көздері мен қызмет түрлерін өзгертіп, шаруашылықтан ада болды. Мал өсіретін шаруашылықтар болса олар тұтас қауым болып республикадан, тіптен елден тыс жерлерге үдере көшті. Сөйтіп, дайындаулар кезіндегі төтенше шаралар село халқының жағдайын айтарлықтай ауырлата түсті.
Қазақтардың шаруашылығына көшпенділерді отырықшылыққа көшіру жөніндегі күштеу саясаты да аса ауыр соққы болып тиді. Ол жағдайларда көшпелі мал шаруашылығы Қазақстан аумағының құнарлы ортасына үйлесім табатын бірден-бір шаруашылық-мәдени қызмет түрі болып табылады. Тек өндірістің көшпенді тәсілі арқылы ғана ұланғайыр шөл мен шөлейт ландшафттарды шаруашылыққа игеру мүмкін болды. Сонымен қатар, ол тұста көшпелі шаруашылық экономикалық жағынан тиімді жүйе болып қала отырып , өзінің экономикалық қуатын әлі де болса сарқып тауыспаған еді.
Алайда осы жағдайлардың бәрі ескерусіз қалды. Отырықшыландыру мәселесі бойынша балама ұғымдарымен ерекшеленген ғалымдар мен қоғам қайраткерлері аса қатыгез қысымға, кейіннен қуғын-сүргінге ұшырады.
Ұжымдастыру мен отырықшыландыруды жүзеге асыру үшін Қазақстан өлкелік комитеті жергілікті белсенділермен бірге сегіз мың жұмысшыңы тартты. Мұның үстіне республикаға Мәскеуден, Иваново-Вознесенскіден, Харьковтан, Ленинградтан 1204 жиырма бесмыңшыны жіберді. Бұлардың өздері отырықшыландырудың мәнін мен механизмін түсінбей, шартараптан жүздеген шаруашылықтарды бір жерге жинай бастады. Мұндай топтаудың салдарынан шаруалар мал өрісінен, су мен шөп іздеп, жайылым ауыстырып отыру мүмкіндігінен айрылды.
Әкімшілік жолымен жүргізілген алатопалаң отырықшыландыру науқанының азабынан айықпай жатып, ауыл халқы ұжымдастыру зобалаңына душар болды.
Егер 1928 ж. Қазақстанда барлық шаруашылықтың 2 пайыз ұжымдастырылса, 1931 ж. күзінде 70-тен 100 пайызға дейінгі ортақтастыруға ұшыраған аудандардың саны 78-ге (122-нің ішінде) жетті.
Өлкедегі «колхоздық қарыштаудың» себебі ресми насихат органдары көрсетуге тырысып баққандай, тіпті де шаруалардың бастамасы болған жок. Бұл жерде тұп-тура тізеге салу әдісі байқалып тұрды. Еріктілік принципі мен қарапайым заңдылықты бұзу әуел бастан-ақ барлық жерде жалпыға бірдей ортақ сипат алды. Шаруалар бірден көне қоймаған жағдайда, оларға басқаша «тәрбиелеу» шаралары қолданылды.
Мысалы, өтірік ату жазасына кесілді-міс деген желеумен бірнеше рет басынан асыра ату (имитация), сөйтіп құрбандықтың үрейін алып, есін шығару, аязда шешіндіру, мұз ойыққа «шомылдыру», т.б. әдістерді қолданып отырған. Сайлау құқығынан айыру, аудан ауқымынан қуып жібереміз деп қорқыту, қудалау немесе алдын-ала түрмеге қамау сияқты мәжбүрлеу әдістері кеңінен таралды.
Ең күшті қысым қазақ ауылдарына түсті. Мал шаруашылығы колхоздарында қоғамдастыру шаралары шектен шығып кетті. Нәтижесінде, 1932 ж. ақпанына қарай Қазақстандағы колхозшы шаруашылықтарының 87 пайызы және жеке меншік шаруашылықтардың 51,8 пайызы өз малдарынан түгел айырылып қалды. Ортақтастырылған мал колхозды-тауар фермаларына жинақталды. Ірі мал шаруашылығы колхоздарын құруды көздеген мемлекеттік органдар 200 шақырым және одан да алысырақта жатқан бірнеше жүз шаруашылықты бір ірі колхозға біріктіре салды. Мұндай жағдайда өндірістің көшпенді тәсілінің негізгі экосистемалық принципі – малдың саны мен табиғи жем-су ресурстарының арақатынасын сақтау жөнінде ойлаудың өзі мүмкін емес еді.
Өрескел шешімдердің зардабы өзін көп күттірген жоқ. Колхозды-тауар фермаларында қисапсыз мөлшерде жиналған мал жайылымның, азықтың жоқтығынан қырылып қалды. Қазақстанның ауылдары мен деревнялары асыра сілтеу мен бұрмалаушылыққа ауыл шаруашылығы өндірісінің жаппай құлдырауымен жауап берді.
Бірінші бесжылдық (1928-1932 жж.) кезінде Қазақстанның жалпыодақтық тауарлы астық өндірісіндегі өзіндік үлесі шамамен 9 пайыздан 3 пайызға дейін азайды. 1928 ж.-дан 1940 ж. дейін дәнді дақылдардың егістік ауқымы 1,5 есеге жуық ұлғайғанымен, олардың жалпы түсімі 1,5 есеге дейін кеміді, осы жылдары егіндіктің шығымдылығы гектарынан 9,2 центнерден 4,3 центнерге дейін төмендеп кетті.
Мал шаруашылығы орны толмас шығынға ұшырады. 1928 ж. республикада 40,5 млн. бас мал болса, 1932 ж. бар-жоғы 4,5 млн. бас қана қалды.
Колхоздастыруға дейінгі деңгей тіпті соғыстың қарсаңында, 1941 ж. дейін де қалпына келмеді. 18 566 мың бас қойдан 1932 ж. небәрі 1 386 мың қой қалды (соғыстың дәл алдында ғана уақ малдың саны 8 млн.-ға әзер жетті). 1928 ж. 3 516 мың мөлшерінде болған жылқының іс жүзінде 3 200 мыңы жоқ болып шықты (1941 ж. – 885 мың бас). Өлке үшін дәстүрлі сала түйе шаруашылығы іс жүзінде жойылды десе де болады: 1928 ж. 1 042 мың бас түйе болса, 1935 ж. қарай барлығы 63 мың түйе қалды.
Күштеп қысым жасау мен дөрекі озбырлыққа қарсылық ауыл шаруашылық өндірісінің күрт құлдырауынан ғана көрініп қойған жоқ. Бүкіл елдегі сияқты, Қазақстанда да халық ашықтан-ашық наразылық көрсетті, ол бірсыпыра реттерде шаруалардың қарулы қимылына ұласты.
Қазақстанда 1929-1931 жж. 372 көтеріліс болды, оларға 80 мыңға жуық адам қатысты. Әсіресе, Созақ, Шемонайха, Бұқтырма, Ырғыз, Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау және басқа аудандардағы шаруа қозғалыстары ерекше қасіретімен белгілі. Көтерілістің аяғы халықтың республикадан тыс жерлерге, соның ішінде шетелдерге үдере көшуіне ұласты. Т.Рысқұловтың И.Сталинге жазған (1933 ж. 9 наурыз) хатында мұндай үдере көшу көлемі төмендегідей суреттеледі: «... Қонысын тастап, Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшкен қазақтардың мекен-жайларынан келіп түскен, шамамен алынған соңғы деректерге қарағанда: қазір Орта Еділде – 40 мың, Қырғызстанда - 100 мың, Батыс Сібірде - 50 мың, Қарақалпақстанда - 20 мың, Орта Азияда – 30 мың қазақ бар. Қонысынан ауғандар қалмақ жеріне, Тәжікстанға, Солтүстік өлкеге және басқа да осы сияқты шалғай жерлерге көшіп кетті. Байлар бастаған бір қауым Қытайға ауды... Бұл қазақтардың көші-қоны (әдетте жаз айларында қолындағы бар малын жайлауға шығарып, өріс ұзартқаны сияқты) емес, көп ретте еш адамдардың талғажу іздеп, басқа жаққа кетуі. Кейбір аудандарда қонысынан ауғандардың саны сол аудандарда тұратын барлық халықтың 40-50 пайызына дейін жетеді..»
Мұндай босқыншылық қазақтардың санын күрт кемітті. Сол жылдары халық шаруашылығы есебінің бастығы болып жұмыс істеген М.Саматовтың 1937 ж. басында Л.Мирзоянға жазған хатында мынандай жолдар бар: «... біз әр жылдың 1 маусымындағы салық есептері негізінде Қазақстандағы ауыл халқы санының өзгеріс қатарын жасап шықтық. Бұл қатар төмендегідей:
1 маусым 1930 ж.............................5873,0 мың
------/------ 1931 ж............................5114,0 мың
------/------ 1932 ж............................3227,0 мың
------/------ 1933 ж............................2493,5 мың
------/------ 1934 ж............................2681,8 мың
------/------ 1935 ж............................2926,0 мың
------/------ 1936 ж............................3287,0 мың
Зорлық-зомбылық, асыра сілтеу нәтижесінде көп ұзамай адам көрмеген ашаршылық басталды. 1930 ж. есеп бойынша аштықтан 313 мың адам өлген, 1931 ж. өлген адамның саны 755 мыңға жетті, 1932 жылы 769 мыңнан астам адам өлді немесе шет жерге көшіп кетті. Жалпы аштық нәтижесінде 2,1 млн адам қырылды, оның 1 750 мыңы қазақ немесе ауыл тұрғындарының 40 пайызы қаза тапқан. Жергілікті халықтың санасына ауа көшу өте үлкен зиян келтірді. Халықтың төрттен бірі немесе тірі қалғандардың тең жартысы республикадан түгелімен көшіп кетті. 1 млн-нан астам кеткен босқындардың 600 мыңы кейін қайтпады.
Сонымен бірге 1929-1933 жж. аралығында Бірлескен саяси басқарманың Қазақстан бойынша өкілетті өкілінің үштігі толық емес мәліметтер бойынша 9 805 сот ісін қарап, 22 933 адамға, соның ішінде ең жоғарғы жаза – ату жазасына 3 386 адамға үкім шығарған.
Қазақ халқы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманындай қайғы-мұңға, шерге, қайғыға белшесінен батты. Қазақ халқының саны азайып, өз жерінде азшылыққа айналды.
Қазақстан қасіреті республиканың бірінші басшысы болып, Ф.И.Голощекиннің тағайындалуымен тұспа-тұс келуі де кездейсоқ емес. Голощекиннің жеке басының қасиеттері қалыптасып келе жатқан тоталитарлық мемлекеттің барлық талаптарына – дүниежүзілік «күш-жігерді аямай, құрбандықтарға қарамай» (И.Сталин) мақсатқа қарай қарыштай беру талабына сай келді.

3.4 20-жж екінші жартысында қоғамдық-саяси өмір күрт өзгеріске ұшырады. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі даму жолымен келе жатқан қазақ ауылын 1925 ж соңында Қазақ өлкелік партия комитетіне Ф.И.Голощекиннің жауапты хатшысы қызметіне жіберілуі шұғыл төңкеріс соқпағына түсірді. «Ауылда Октябрь болмаған» ,-деп мәлімдеді ол. Ф.И.Голощекиннің тікелей қысымымен Өлкелік партия комитетінің V конференциясы (1925 ж 1-7 желтоқсаны) ауылды күшпен кеңестендіру бағытын орнықтыра түсті. Республикада (кіші Қазан төңкерісін өткізу үшін идеологиялық негіз жасалды.


Қазақстанның жаңа басшысына ауылдағы ұлттық мүддені көздеп, осы бағытта жүргізілген барлық шаралар ұнамады. Ол ұлттық мідеттерді шешуге бағытталған шараларды шұғыл түрде ұлт ішіндегі таптық міндеттерді шешу шараларымен ауыстыруды талап етті.
Мұнадай сорақы және асыра сілтеу қазақ ауылын білетін кебір жергілікті қайраткерлер тарапынын заңды қарсылыққа кезікті. Бұл туралы И.Сталинге Ф.Голощекин былай деп жазған болатын: «Біздің көзқарасымызда біздің ұйымның оннан тоғызы тұр, тек аса азшылық қана (Сәдуақасов) байбалам салуда...»
С. Сәдуақасов бұл жылдары Қазақстан оқу ағарту халық комиссары қызметінде болғаны белгілі. Ф.Голощекин өзінің ауылды кеңестендіру, яғни, «Кіші Қазан» жасауға бағытталған төңкерістік бағытына ашық қарсы шыққан жауаты кеңес, партия және шарушылық қызметкерлерінің барлығын бір тоқа біріктіріп, «Сәдуақасовшылдық» деген айдар тақты. Осы бағытта Қазақстан партия ұйымы үшін қауіпті идеялық бағыт және көзқарас етіп көрсетуге тырысты.
Қазақ ауылын күштеп кеңестендіру шараларын жүзеге асыруды Қазақстан басшылығы ауылдық кеңестерге 1927 ж жаңа сайлаулар өткізуден бастады. Бұл сайлаулардың ерекшелігі – байлар сайлау құқығынан айрылды, ауылда кедейлер жиналыстары өткізіліп, «алғаш рет байларды ауылдан ғана емес, уезден де жер аударуға дейін әкімшілік шаралары қолданылды». Осылайша, 1927 ж алғаш рет ауылда «таптық боразда жыртылды».
Дегенмен де, жергілікті кеңес органдары қайта сайланса да, олар бұқараныкеңес өкіметінің жағыны шығаратын жұмыстарды жемісті жүргізіп кете алған жоқ. Бұған ең басты себеп – қазақ ауылында, біріншіден, рулық-туыстық қатынастардың беріктігі болса, екіншіден, қазақтардың өлкеге кешіп келген басқа еуропалық халықтардың өздеріне қарағанда үкімет тарапынан көбірек жеңілдіктер алғанына наразылығы болды. Көп кешікпей басталған зорлық-зомбылық науқандары да кеңес жұмысына өзіндік кері әсерін тигізді.
Қазақ ұлттық зиялыларын қудалау басталды. 1927-1929 жж әртүрлі сылтаулармен көрнекті мемлекет қайраткері Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, М.Мырзағалиев республикадан аластатылды. Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ж.Мынбаев, Ағарту халық комиссары С.Сәдуақасов, Жер халық комиссары Ж.Сұлтанбеков және басқалар қызметінен алынды. Барлық қазақ кадрлары, барлық қазақ комунистері ұлтшылдықпен және жікшілдік күреспен уланған, олардың арасында дені сау партиялық күш жоқ саналды.
Жазалауға алғашқылардың бірі болып бұрынғы Алашорданың қайраткерлері ұшырады. 1928 ж соңында «буржуазиялық ұлтшылдар» деген жалған жаламен 44адам қамауға алынды. Олардың ішінде А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Ғаббасов және басқалар бар еді. Құрамында М.Тынышпаев, Қ.Кеменгеров, Х.Досмұханбедов, Ж.Ақпаев және басқалар бар ұлттық интеллигенцияның 40 шақтв өкілі 1930 ж қыркүйек-қазанында қамауға алынды . Кешікпей олардың ішінен 15 адам (құрамында М.Тынышпаев, Қ.Кеменгеров, Х.Досмұханбедов, Ж.Ақпаев және басқалар) Ресейдің орталық аудандарына жер аударылды. Бұлардың барлығы дерлік 1937-1938 жж репрессияланды. Жалпы «Алашорда» ісі бойынша 4 297 адам жазалауға ұшырап, оның 2 062-і атылды.
КСРО жаңа Конституциясының жобасын талқылау осындай үрей жағдайында өтті. Ол 1936 ж 5 желтоқсанда кеңестердің Бүкілодақтық VIII Төтенше съезінде қабылданды. КСРО-ның жаңа Конституциясы бойынша Қзақ АКСР-сы Одақтас Республикаға айналды. 1937 ж 12 желтоқсанында Қазақстан Кеңестерінің Х төтенше съезі Қазақ КСР-інің Конституциясын бекітті. Республика Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өткізілді.
Кеңес өкіметінің мәдениет саласындағы міндеттерінің бірі – халықтың сауатсыздығын жою еді. Азамат соғысының аяғына қарай Қазақстанда 2 410 мектеп жұмыс істеп, 144 мың оқушы білім алды, оның 31 мыңы – қазақтар. Алайда мектептердің көпшілігінің өз ғимараттары болған жоқ. Білім берудің алғашқы сатысы болып саналатын «ауыл мектептері түгелдей жалғыз ғана, ішінара екі сықсиған терезелері бар бір бөлмелі жеркепелерде орналасты; көп жағдайда осы жеркепеде мектеппен бірге жеркепе иесінің отбасы да тұрып жатты. Көптеген мектептерде парталар атымен болған жоқ, балалар жер еденде немесе жыртық төсеніште (киізде) отырды. Сынып тақтасының орнына то басқан темірдің немесе т.с.с. беті пайдаланылды. Көптеген мұғалімдердің (ауыл оқытушыларының) қажетті педагогтік даярлықтары болмады. Олардың арасында тіптен төменгі сауаттылар кездесті».
Міне, 1928 ж ауыл мектебінің сиқы осындай еді. Дегенмен де, мұндай жеркепе мектептердің өзі де көптеген ауылдар үшін арман болды.
Сондай-ақ тұрғындардың басым көпшілігі көшпелі аудандарда тұрғандықтан ол жерлерде тұрақты мектептер ашу мүмкіндігі болмады.
Қазақ метептеріндегі басты мәселелердің бірі – қазақ тіліндегі оқу құралдарының жоқтығы. Осыған байланысты 20-30 жж мектептерді әдістемелік жағынан қамтамасыз ету үшін үлкен жұмыс атқарылды. 1921 ж Семейде А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың «Есеп құралы», «Оқу құралы», «Тіл құралы» оқулықтары жарық көрді. Мемлекеттік баспа жанынан жаңа оқулықтар құрастыру үшін редакциялық коллегия құрылды. Соның нәтижесінде Ә.Бөкейханов («География»), М.Жұмабаев («Қазақстан тарихы», «Педагогика»), Ж.Аймауытов («Дидактика»), Б.Омаров («Алгебра») оқулықтарын құрастырды. 1927-1928 оқу жылында қазақ мектептері үшін 30 түрлі оқулық құрастырылып, жалпы саны 575 мың данамен жарық көрді.
Ересектер арасында саутсыздықты жою да қолға алынды. Осы мақсатта 1924 ж сәуірінде «Республикада сауасыздықты жою» қоғамы құрылды. Осы қоғамның күшімен 1927 ж дейін Қазақстанда 200 мыңдай адам , 1929 ж – 150 мың, ал 1930 ж – 500 мыңға жуық адам сауатын ашты. 1935 ж нақты мәліметтерге сенсек, Қазақстандағы сауаттылар халықтың 61 пайызы болды. Оның ішінде сауатты қазақтар халықтың 49 пайызын құрады.
Бірақ бұл сандар сауаттылықтың сапасын көрсете алмады. Көрсетілген деректегілер арасында бар болғаны атын ғана жаза алатын адамдар өте көп болды. Сауат ашу науқанының ізгі ниет көздегендерін мойындай тұрсақ та, қысқа мерзімде ірі жетістіктерге жетуді көздеген барлық сталиндік төтенше науқандарға тән сандық көрсеткіштерді қуалау, сапға мән бермеу бұл науқанға да тән болды.
Сауат ашу нақанының тағы бір үлкен кемшілігі – бұрыннан таныс араб харіпінен латын харпіне өту болды. 1928 ж 19 желтоқсанда «Жаңа қазақ әрпін енгізу туралы» қаулы қабылданды. Ғасырлар бойы қазақ халқының рухани дамуының басты негізі болып келген араб харіпінен бас тарту қазақ зиялыларының табанды қарсылығын туғызды. Бірақ, Голощекин басқарған ресми үкімет мұндай пікірлерді аяусыз сынға алып, қазақ зиялыларын үздіксіз қудалады.
1940 ж жаңа әліпбиге – кирилицаға көшу – жағдайды күрделендіре түсті. Бұл сауат ашудың және орыстана түсудің жаңа кезеңі еді. Қазақ халқының толық сауттануы осалайша соғыстан кейінгі онжылдықтар еншісінде қалды.
Кеңес өкіметі Қазақстанда жоғарғы оқу орындары жүйесін де құра бастады. 1928 ж Алматыда алғашқы педагокика институты ашылды. 1929 ж мал дәрігерлік, 1930 ж – ауыл шаруашылығы, ал 1931 ж алғашқы медицина институты ашылды. 1934 ж астанада бірден екі жоғарғы оқу орны – Кен-металлургия институты мен Қазақ мемлекеттік университеті – жұмыс істей бастады. Соғыстың алдында 20 жоғарғы оқу орны, 118 арнаулы орта білім беретін орын жұмыс істеді. Оларда 40 мың адам оқыды.
20-жж Қазақстанда алғашқы ғылыми-зерттеу мекемелері: Химия-биологиялық зертхана (1922ж.), Өлкелік өсімдіктерді қорғау стансасы (1924ж.), санитарлы-бактериялогиялық институт (1925ж) құрылды.
30-жж ғылымның академиялық құрылымдары қалыптаса бастады. 1932 ж КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық базасы ашылып, ол 1938 ж Ғылым Академиясының Қазақ бөлімі болып қайта құрылды. Ғылыми-зерттеу институттарының жүйесі қырылды: Ұлттық мәдениет институты (1933 ж), Ғылыми-педагогикалық институт (1933 ж). 1932 ж республикада 12 ғылыми-зерттеу институты, 15 тәжірибе стансасы, 186 зертхана, ауа райын зерттеу стансалары жұмыс істеді.
Қазақстанның ғылыми кадрлары өсіп жетілді. Егер 20-жж республикада негізінен орталық аймақтардан келген академиктер А.Ферсман, А.Самойлович, И.Губкин, профессорлар С.Руденко, А.Григорьев жұмыс істесе, 30-жж профессор атағын белгілі қазақ тарихшысы С.Асфендияров алды. Дегенмен, қазақтардың арасынан шыққан ғалымдар аз болды. Мысалы, ҚазМУ-дің 42 оқытушысының ішінде небәрі 8-і ғана қазақ болды.
ХХ ғ басында қазақ әдебиеті біршама жоғары деңгейде болды. Қазақ әдебиетінің классиктері А.Байтұрсынов, Ш.Құдайберді ұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтардың шығармалары аса танымал болды. Сонымен қатар жас әдебиетшілердің жаңа толқыны пада болды. Олардың қатарында «пролетар» әдебиетінің өкілдері С.Сейфуллин, Б.Майлин, И.Жансүгіров, С.Мұқановболды. 20-жж бірінші жартысы әдебиетте Абай негізін салған классикалық бағыттың үстемдігімен ерекшеленді, алайда билік әдебиетті өздерінің насихат құралына айналдыру үшін «социалистік реализм» негізіндежаңа қазақ әдебиетінің іргетасын қалауға тырысты. 20-жж ортасында қоғам өмірінде әдебиеттің алатын орны туралы пікірталастар қызды. Соның барысында М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов сияқты ақын жазушыларға ұлтшылдар деген айдар тағылды. Кейіннен осының негізінде олардың барлығы қуғын-сүргінге ұшырады. Осымен бір мезгілде ақын-жазушылар шығармашылығына саяси бақылау орнатуды көздеген шаралар жүзеге асырыла бастады. 1926 ж пролетар жазушылардың қазақ ассоциациясы құрылып, «Құс жолы» деген альманах шығара бастады.
20-жж екінші жартысында қазақтың театр өнері мен ұлттық бейнелеу өнері пайда болды. Әнші Ә.Қашаубаев Париж бен Майндегі Франкфурттың концерт залдарында табысты өнер көрсетті. Ұлы Отан соғысының қарсаңында Қазақстанда қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры, республикалық орыс драма театры, қазақтың мемлекеттік опера және балет театры, ұлт аспаптар оркестрі, симфониялық оркестр, Қазақстан суретшілер және жазушылар одағы жұмыс істеді. Өнер саласындағы алты оқу орнында 600-ден астам адам оқыды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет