Xx ғасырдағы Қазақстан



бет1/7
Дата16.12.2023
өлшемі6,5 Mb.
#139981
  1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Лекция. ХХ ғасырдағы Қазақстан


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік


техникалық университеті
Р. Айдарбаева
XX ғасырдағы Қазақстан

Оқу құралы

Өскемен
2017
ӘӨЖ: 94(574)(075.8)
Айдарбаева Р. XX ғасырдағы Қазақстан: Оқу құралы. – Өскемен: ШҚМТУ, 2017.- 69 бет.

Оқу құралы жоғарғы оқу орындарында жаңадан енгізілген «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнінің маңызды бір бөлігі – ХХ ғасыр тарихын қамтиды. Оқу құралында осы кезеңде орын алған маңызды тарихи оқиғаларға жаңаша тұрғыдан баға берілген.


Ұсынылып отырған оқу құралы студенттердің Қазақстан тарихы пәні бойынша білімдерін тереңдетуге, семинар сабақтарына дайындалуға көмекші құрал болады.

© ШҚМТУ, 2017


Кіріспе


XX ғасыр байтақ Ресей еліне ала құйын болып енді. Ғасырлар бойы жиылған әлеуметтік, экономикалық, демографиялық, таптық, саяси, ұлттық мемлекетаралық қайшылықтар одан әрі шиеленісе түсті. 1905-1907 тжылдардағы революция, бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы езілген халықтардың ұлт-азаттық революциясы, атой салған 1917 жыл, қан төгіскен азмата саоғыс, 1921-1922, 1931-1933 жылдардағы аштық, күшпен ұжымдастыру, 30-жылдардағы жаппай қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы, тұтас халықтарды ата-бабасының туған жерінен қуғындау, үрім-бұтағына балта шабу, тоталитарлық режимның езгісі, Ресей империясының күйреуі, азат халықтардың егеменділігін жариялау – осының бәрі бір ғана ХХ ғасырдың еншісіне тиюі ойландырады да толғандырады, - деп жазды академик М. Қ. Қозыбаев.
Шын мәнінде, осындай түбірлі құбылыстар тарихымызда дұрыс бағланбай, біржақты жазылып келгенін айтпасақ та болады.
Ұсынылып отырған оқу құралы тарихымыздың осы бір аса күрделі кезеңіне арналған және тың тарихи деректер негізінде жаңаша баға беруге талпыныс жасалған.


1 ҚАЗАҚСТАН ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДА


1.1 ХХ ғ.басындағы әлеуметтік-экономикалық жағдай
1.2 1905-1907 жж. орыс революциясы. Қазақ ұлттық саяси элитасының қалыптасуы
1.3 Ресей бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында. 1916ижылғы ұлт-азаттық көтеріліс
1.4 Ақпан революциясы

1.1 XIX ғасырдың аяғы мен – XX ғасырдың басында Ресей империализм дәуіріне аяқ басты. Қазақстан орыс өнеркәсібі үшін бұрынғысынша өнім өткізетін аймақ, арзан шикізат көзі болып қала берді. Пайдалы кен орындарының байлығы, жұмыс күшінің арзандығы орыс және шетел капиталын өзіне тартты. Таукен кәсіпорындары (Оңтүстік және Шығыс Қазақстанның көмірі, мысы, полиметалдары, Ембінің мұнайы) солардың қолында болды. Жер байлығын игеру жыртқыштықпен жүргізілді.


ХХ ғасырдың басында Қазақстандағы фабрика-зауыт өнеркәсібін кішігірім қол еңбегіне негізделген кәсіпорындар құрады.
Қазақстан отарлаушы Ресей империясының эконмикалық жағынан артта қалуынан зардап шекті. Қазақс өлкесі халықаралық капиталдың қанау объектісіне айналды. Ресейге шетел капиталының енуіне байланысты орыс және шетел капиталы арасында шикізат көздерін иелену жолында күрес басталды. Бұл күресте Ресей кәсіпкерлері жеңіліс тауып, Қазақстандағы өздерінің кәсіпорындарын шетелдіктерге сатады.
ХХ ғасырдың басында Қазақстанда жедел дамыған таукен өнеркәсібі болды. 1902ж. өлкеде осы саланың 197 кәсіпорны жұмыс істеп, оларды 18695 адам жұмыс істеген. Көбінесе ауыл шаруашылық өнімдерін өңеумен айналысқан өңдеуші өнеркәсіптің 690 кәсіпорнында 7297 адам жұмыс істеді. Осы кездегі ең ірі кәсіпорындар: Қарағанды шахталары, Орал-Ембі мұнай өндірісі, Шығыс және Орталық Қазақстандағы түсті метталургия кәсіпорындары шетелдік, соның ішінде ағылшын, француз, американ кәсіпкерлерінің қолында болды. Мысалы, "Спасск мыс кендері" акционерлік қоғамының төрағасы ағылшын парламентінің мүшесі Артур Фелл, вице-президенті - француз президентінің туысы Эрнест Жан Карно болды. Екібастұз және Риддер Орыс-Азия корпарациясы аты ағылшын компаниясының иелігіне өтіп, оның акционерлерінң қатарында болашақ американ президенті Герберт Гувер, ағылшын қаржыгері Уркварт болды.
Өнеркәсіптің дамуы жол қатынасын жетілдіруді талап етті. 1905 жылы ұзындығы 1656 км Орынбор-Ташкент темір жолы пайдалануға беріліп, оның бойында 30 мың теміржолшы жұмыс істеді. 1917 ж. өлкеде темір жолдың жалпы ұзындығы 2793 шақырымға жетті.
Темір жолдардың салынуы Қазақстандағы отарлық қанауды бұрынғыдан да күшейтті. Темір жолдың болмауы Ресей капиталының Қазақстанға кең көлемде енуіне кедергі келтіріп, оны отарлық империяның шикізат және азық-түлік қоймасына айналдыру үрдін кешеуілдетіп келген еді. Темір жол жүйесі өлкенің байлығын жеделдете игеру үшін және орыс шаруаларын жаппай қоныстандыру үшін аса қажет болды.
ХХ ғасырдың басында тұрақты сауда жүйесінің дамуына байланысты жәрмеңкелердің саны азайды, қазақ даласына шығатын керуендер саны да сиреді. Оның есесіне қалаларда тұрақты сауданың тарамдалған жүйесі пайда болды, қоймалар, дүкендер қатары өсті.
Қазақстанға өнеркәсіп капиталымен бірге Еуропа елдерінң сауда капиталы да тереңдеп ене бастады. Омбы қаласында Морозовтардың, Ряушенскийлардың үлкен сауда қоймалары болды. Петропавлда американ, ағылшын, неміс, фирмалары жергілікті өнеркәсіп иелерімен, көпестермен сауда операцияларын жүргізді. Қалалардағы сауда жүйесінің тарамдалған сипатын мына деректермен анық байқауға болады. 1915ж. Петропавлда 445 сауда орны - 8 млн.390 мың сомның, Көкшетаудағы 53 сауда орны - 876 мың сомның, Атбасардағы 71 сауда орны - 1 млн.106 мың сомның тауар айналымын жасаған.
Бұрынғысынша жәрмеңкелер де елеулі рөл атқарған. 1917 ж. қарсаңында Қазақстанда (Сырдария, Жетісу облыстарын қоспағанда) жылдық сауда айналмым 150 млн. сомға тең болатын 128 жәрмеңке жұмыс істеген.
Қазақстанда жан-жақты дамыған сауда өсім алушылықпен ұштастырыды, айырбас баламалы сипатта жүргізілмеді. Сауданың мұндай түрі отаршылдық қанауды бұрынғыдан да күшейтуге жол ашып, қазақтардың көп бөлігін қайыршылққа ұшыратты.
Ауқатты қазақтардың арасында қолында май ерітетін, тері өңдейтін шағын зауыттары бар өнеркәсіп иелері аз болған жоқ. Олардың көпшілігі шетел фирмаларымен тығыз байланыс жасап тұрды.
Дамып келе жатқан тауар-ақша қатынасында банк қызметі елеулі орын алды. Облыс орталықтары мен ірі қалаларда мемлекеттік банк бөлімдері жұмыс жасады.
Өндірістік кәсіпорындардың дамуы, сауда жүйесінің кеңеюі қалалардың қалыптасуына барынша ықпалы тиді. ХХ ғ. басында Қазақстандағы қала тұрғындарының саны едәуір өсті. Мысалы, Семей қаласында 1903 жылы 27334 адам тұрса, 1909-1910жж. 31382, 1914ж. 35000 адам тұрған. Қала тұрғындарының саны негізінен Ресейден келген қоныс аударушылардың есебінен өсіп отырды. Құрамына қарай олар дворян өкілдері, офицерлер, саудагерлер, қазақтардың дәулетті бөлігі және жәй еңбекшілерге (мещандар, шаруалар, жұмысшылар) бөлінді.
Капиталистік қатынастардың қазақ даласына енуі көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналасатын қазақ ауылында феодалдық-патриархалдық қатынастардың ыдырауын тездетті. Өлкеде өнеркәсіптің жаңа салалары пайда болды, жұмысшы табы қалыптасты.
Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында кәсіпорындарда негізінен жергілікті ұлт өкілдері жұмыс істеді. Мысалы, Спасскідегі мыс қорыту зауытында еңбек ететіндердің 71,4 пайызы, Успен кенішіндегі жұмысшылардың 76 пайызы, Қарағанды шахталарындағы кеншілердің 81,8 пайызы қазақтар болды.
Жұмысшылардың, соның ішінде, әсіресе қазақ жұмысшыларының жағдайы өте ауыр болды. Жұмыс күні 14-16 сағатқа дейін созылды. Олардың жалақысы Ресейдегі кәсіпорындардағыдан екі-үш есе аз болды. Әйелдер мен балалардың еңбегі тым төмен бағаланды. Жұмысшылардың еңбек жағдайы да өте ауыр болды, қол еңбегі басым еді. Кәсіпорын басшылары өндірісті жетілдіруге қаражат бөлмеді, механизмдерді арзан жұмысшы күшімен ауыстыру пайдалырақ деп санады. Осыған байланысты жұмысшылардың наразылықтары да жиі-жиі бой көрсете бастады. Өлкеде жұмысшы қозғалысының дамуына Ресейдің орталық губерниялары мен Сібірден келеген жұмысшылар мен жер аударылған саяси қылмыскерлер елеулі ықпал жасады. Олар өндірістегі қазақтарға өздерінің күрес тәжірибелерін үйретіп, жұмысшы қозғалысына саналық пен ұйымшылдық элементтерін енгізді.
Патша өкіметінің аграрлық саясаты нәтижесінде ХІХ ғасырдың аяғынан бастап орыс шаруаларының Қазақстанға қоныс аударуы кең белең алған еді. Қазақ шаруаларының жерлері көптеп тартып алына бастады. Қазақ шаруаларын тонауды патша өкіметі "қоныстанушы", "жер қоры" деп аталатын желеумен жүзеге асырды.
ХХ ғ. алғашқы онжылдығының ортасында империя көлемінде қоныстандыру ісі белгілі бір жүйеге түсті. 1904ж. Петербургте Қоныс аудару және жерге орналастыру Бас басқармасы құрылды. Ал келесі бір-екі жылдың ішінде бұл басқарманың мекемелері губерния, облыс және уез деңгейінде барлық қазақ жерлерінде құрылды. Мемлекет тарапынан үлкен және нақты қолдау алған бұл мекемелердің құқықтық статусы жоғары болды және олардың негізгі міндеті "артық" жерлерді анықтап, ол жерлерге ішкі Ресейден орыс шаруаларының көшіп келіп орналасуына жағдай жасау еді.
ХХ ғасырдың басында шаруалардың Ресейден Қазақстанға шұбыруы бұрынғыдан да күшее түсті. Ресейдің орталық губернияларында аграрлық мәселенің шиеленісуін бәсеңдетуді көздеген патша өкіметі Қазақстанға, Сібірге, Қиыр Шығысқа орыс шаруаларын жаппай қоныстандыру ісіне кірісті. Қазақстанға қоныс аударушылар толқыны, әсіресе 1906жылы Столыпинның аграрлық реформаларын енгізгеннен кейін көбейді. Егер 1893ж. мен 1905ж. аралығында 12 жылда Ресейден қоныс аударғандар үшін қазақтардан 4074170 десятина жер алынып, ол жерлерге 294296 мың шаруа көшіп келген болса, одан кейінгі жеті жылда (1906-1912жж.) 17 млн.астам жер тартып алынды. 1906-1910жж. аралығында тағы да 700 мыңнан астам шаруа қоныс аударып келді. 1917 жылға дейін Қазақстанның 45 млн. десятина жеріне ие болған қоныс аударушылардың саны 1,5 млн. жетті. Өлке халқының үштен бірін Ресейдің орталық аудандарынан, Украинадан, Еділ бойынан көшіп келген келімсектер құрады. 1897 жылғы халық санағы бойынша орыстар Қазақ өлкесіндегі халықтың 20 пайызын құраса, 1917ж. 1 қаңтарына қарай олардың үлес салмағы 42 пайызға жетті. Осылайша патша өкіметінің қоныс аудару саясаты Қазақстанда жер мәселесінде қайшылықтардың шиеленісуіне, еңбекші қазақ бұқарасынаң жерсіз қалып күйзелуіне алып келді.
Қазақстанның далалық облыстарында 1880-1905 жылдар аралығында қой мен ешкі саны 24,9 пайызға, 1905-1914 жылдар аралығында жылқы саны 4,1 пайызға кеміген. Осы деректердің өзінен ақ патшалық отарлау саясатының ауыр салдарын көруге болады.
Натуралдық шаруашылықтың ыдырауы қазақ шаруаларының кедейленген бөлігін "қосымша табыс іздеуге" мәжбүр етті. Олар үшін өндірісте жұмыс істеу ақша тауып күн көрудің көзіне айналды. 1917 ж. жұмысшылардың саны 65 мыңға жетті, олардың 60 пайызы қазақтар, қалғандары басқа ұлттың өкілдері болды.
Қазақстандағы ғасырдың басындағы өнеркәсіптің даму сипатына жасалған талдау - Ресей мен Батыс Еуропа елдерінің қазақ халқының ұлттық байлығын аяусыз талан-таражға салғанын көрсетеді. Табиғи қорларды игеру тағылық әдіспен жүргізілді. Жұмсалатын шығынды азайту мақсатымен құрамындағы металл қоспалары жоғары кен орындары ғана игерілді.
1.2 Сонымен, ХХ ғасырдың басында капиталистік қатынастар Қазақстанға енді ене бастаған еді. Нарықтық экономика құруға алғашқы қадамдар жасалды. Дегенмен ұлттық жұмысшы табы жоқтың қасы болатын, өндіріс біржақты шикізат, кен-қазба салаларында, темір жол құрылысында ғана қанат жайды. Социал-демократия негізінен айдалып, не жер ауып келеген келімсектер өкілдерінен ғана болатын. Қазақ жұмысшылары ол кезде социал-демократиялық ұйымдар қатарына өте қойған жоқ еді. Ал ауыл болса әлі де мүлгіп, ұйқыда жатты.
Ғасыр басында қазақ даласында социализм үшін күрескен жұмысшы қозғалысы жаңа туындады. Ресейден марксизм идеяларын Қазақстанға алғаш әкелгендер орыстың жер аударылған революционерлері - социал-демократтар болды. Олар тыйым салынған әдебиет, үкіметке қарсы прокламациялар таратты. 1896 ж. Атбасарда Оралда жер аударылған жұмысшы А.Д. Ушаков Қазақстандағы алғашқы марксистік үйірмені құрады. 1902 ж. марксистік үйірмелер Петропавл мен Орал қалаларында құрылды. Олардың құрамында орыстармен бірге қазақ жұмысшылары да кірді.
1905 ж. 9 қаңтарында Петерборда жұмысшылардың бейбіт демонстрациясын патша әскерінің атқылауы бүкіл Ресей халқының ашу-ызасын тудырды. "Қанды жексенбі" деген атпен тарихқа енген бұл оқиға Ресейде революцияның бастауына түрткі болды.
Бірінші орыс революциясы кезінде патшалық тәртіпке қарсы күреске ұлттық аймақтардың езілген халықтары да көтерілді. Қазақ еңбекшілерінің 1905-1907жылдардағы ереуілдері орыс халқының революциялық күресімен тығыз байланыста болды. Қалалар мен темір жолдарда ереуілдер өтті. 1905ж. ақпанда Перовск, Түркістан, Шалқар теміржолшылары өздерінің экономикалық жағдайларын жақсарту талабын қойған ереуіл ұйымдастырылды. 1905 ж. қарашада Мәскеу мен Петроградта көтерілген байланыс қызметкерлерінің талабын қолдап, Семей, Верный, Пішпек қалаларының пошта-қызметкерлері ереуіл жасады.
Қазақ жұмысшылары мен шаруалары да патша өкіметіне қарсы шықты. Қазақ шаруалары ең алдымен жер, су үшін, теңдік, бостандық пен тәуелсіздік үшін күресті. 1905 ж. жазда Семей, Торғай және Орал облыстарында жер үшін толқулар болды. Баянауыл және Кереку уездерінің шаруалары ірі феодал Шормановтардың жерін тәркілеуді және оның жері жоқтарға бөліп беруді талап етті. Мұндай бас көтерілулер Алтай округінде, Семей облысының Қарқаралы, Торғай облысының Ырғыз, Сырдария облысының Шымкент, Әулиетата, Жетісудың Жаркент уездерінде кең өріс алды. Патша әкімшілігі ереуілдерді жазалаушы отрядтар көмегімен баспы отырды. Жұмысшылар мен шаруалардың революциялық бой көтерілулерін солдаттар да қолдады. 6-7 қарашада Батыс-Сібір полкының солдаттары халыққа қарсы әрекет жасаудан бас тартса, 21 қарашада Жаркент гарнизонының солдаттары бой көтерді.
Желтоқсан қарулы көтерілісінің әсерімен 1905 ж. 11 желтоқсанында Успен кенішінде жұмысшылардың ірі ереуілі болып өтті. Кеніште жұмыс істейтін 300 жұмысшының 265 қазақ еді. Оның барысында орыс жұмысшысы П.Топорнин мен қазақ жұмысшысы Ә.Байшағыров басқарған басқарған "Орыс-қазақ одағы" құрылды. Ереуілді Қарағанды көмір кен орындарының жұмысшылары қолдады. 1905 ж. 6 желтоқсанында жұмысшылар жалақыны көтеруді, еңбек және тұрмыс жағдайын жақсартуды, аса жеккөрінішті қызметкерлерді жұмысынан босатуды талап еткен петиция құрастырды. 10 желтоқсанда талаптарың кейбіреулері қанағаттандырылды, ереуіл бірте-бірте саябырсыды. Осыны пайдаланған жергілікті әкімшілік 12 күннен кейін бұл жерлерге жазалаушы отрядтар жіберіп ереуілді басты, оның ұйымдастырушыларын жазалады. Успен кеніші жұмысшыларының ереуілі 1905 жылғы революцияның Қазақстандағы тарихында елеулі орын алды.
Қазақ еңбекші бұқарасының 1905-1907 жылдардағы қозғалысы көп жағдайда ұйымдаспаған түрде өтті. Кейде жергілікті өкіметпен қарулы қақтығысқа дейін барған қазақ кедейлерінің жекелеген толқулары еңбекшілердің патша өкіметіне, сондай-ақ жергілікті қанаушыларға қарсы күресте саяси тәрбие мектебі болды. Бұл революциялық қозғалыстың жаңа ағысы орталық Ресейдегі революциялық толқынның тек дірілі мен дүрілі ғана елес беретіндей дәрежеде болды. 1905 ж. 25 шілдеде Қарқаралы қаласына таяу Қоянды жәрмеңкесінде "Алаш" көсемдерінің бастамасымен қазақ съезі өтті. Съезде Ресей Министрлер Кеңесінің Төрағасының атына петиция қабылданды. Онда мынандай талаптар қойылды: шаруаларды көшіріп әкелуді тоқтату, қазақтар үшін дербес діни басқарма ұйымдастыру, цензураны жою ресми іс-қағаздарды қазақша жүргізу, қазылар сотын енгізу, қазақ депутаттарын Мемлекеттік дума шақыру туралы жобаны жасау жөніндегі кеңестің жұмысына қатыстыру.
Патша әкімшілігі алдында петиция түрінде қойылған бұл талаптар қазақ қоғамының сол кезеңдегі әлеуметтік-саяси деңгейінен туындаған жалпы демократиялық сипаттағы талаптар болатын. Бүкіл елдік наразылықтың қазақ қоғамына бұдан бұрын тән емес петиция түрінде көрінуіне түрткі болған тұңғыш ресейлік революция да, ал оны жазған азаттық қозғалысының басына келген жаңа әлеуметтік күш ұлттың зиялылар өкілдері еді. Ол турасында кейінірек М.Дулатов "1905 жылдан бері біздің қазақ жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, олардың ісіне еліктеп ұлт пайдасын қолға ала бастады. Сол бостандық жылдарында Семей облысының оқыған басшылары көзге көрікті іс қылып, жұртқа көсемдік пен жол-жоба көрсеткені үшін алды абақтыға жабылып, арты айдалып, қалғандары сенімсіз болып қалды,"-деп жазды.
1905-1907 жылғы орыс революциясы қазақ даласындағы ұлттық қозғалыстың бел алуына өз ықпалын тигізді. Оның ғасырлық дәстүрі бар-ды. ХІХ ғ. екінші жартысында ол қозғалыстың шешуші бір саласы ағартушылыққа ұласты. Ғасыр басында ағартушылыққа жаңадан бірнеше әуен қосылды. Оның бірі ұлт болып қалыптасқан халыққа отаршылық шеңбер тарлық жасады, ол егемендікті көкседі, жеке ел болып, ірге көтеруді күн тәртібіне қойды. Екінші әуен - қазақ елі отаршылар тартып алған ата-мекенін, көш-қонысын қайтарып алуды көкседі. Жер қайғысы ел қайғысына айналды. Тіліне, дініне қауіп-қатер төнген 30 млн.-дық мұсылмандармен бірге қазақ халқы да тебіреніске ұшырады. Діни әуен мен ағартушылық әуен тоғысты.
Шынында да, ғасыр басында қазақ елінде өрбіген революциялық қозғалыста екі бағыт болды. Ол жөнінде 1908 ж. Ә. Бөкейханов қазақтарды барша мұсылмандармен біріктіруге ұмтылған "ұлттық-діни" және батыс салтымен өрістеген демократиялық бағыттары барын айтқан еді. Қазақ қоғамындағы ұлттық қозғалыс бір текті болған жоқ, оның әр түрлі ағымдары болды. Оның негізін құраған қазақ интеллигенциясы өкілдері еді.
Жалпы 1917 ж. қазан революциясына дейін негізінен еуропалық, сондай-ақ бірлі-жарым шығыс жоғары оқу орындарын аяқтаған дипломы бар қазақ зиялыларының саны 120 адамнан, ал ресейлік орта арнаулы оқу орындарында білім алған мамандардың саны 700-ден асып жығылатын.
Патшалық билік жаңа қалыптаса бастаған ұлттық элитамен екі жақты ойынға түсті. Бір жағынан ұлт зиялыларының өкілдері Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланса(Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов, Б.Қаратаев, Т.Нұрекенов және т.б.) екінші жағынан белсенді саяси қызметпен айналыса бастаған жеке қайраткерлер (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, т.б.) саяси қуғын сүргін нысанасына айналды.
Патшалық билік пен жаңа қалыптаса бастаған ұлт зиялылары арасындағы егес, қазақ қоғамында ресми билікке қарсы саяси оппозицияның қалыптасуымен аяқталды.
Осы кезеңдегі Қазақстан тарихында белгілі саясаткер, ғалым, публицист Ә.Н.Бөкейханов (1866-1983ж) ерекше орын алады. Ол Семей облысының Қарқаралы уезінде, Орта жүз сұлтанының отбасында дүниеге келген. Алғашқы білімді Қарқаралы орыс-қазақ мектебінде алған ол, одан әрі білімін Омбы гимназиясында және Петербор орман-техникалық институтында жалғастырған. 1896 ж. 3-курстың студенті болып жүріп, белгілі зерттеуші Ф.Щербинаның Қазақстандағы жер иеленуді зерттеу мақсатымен ұйымдастырылған экспедицияна қатысады. Экспедиция барысында Қазақстанның экономикасын, этнографиясын, мәдениетін жүйелі зерттеудің негізін салды. Оның "Россия. Полное географическое описание нашего Отечества" атты ұжымдық еңбектің авторларының бірі болуы кездейсоқтық емес.
Ресейде қалыптасқан жағдай орыс либерал-демократиялық интеллигенциясын саяси партиялар құруға итермеледі. 1905ж. 11-18 қазан аралығында Мәскеуде құрылтай жиналысы өтіп, Конституциялық-демократиялық партия(кадет) құру туралы шешім қабылданды. Омбы қаласының өкілі ретінде бұл жиналысқа Ә.Бөкейханов қатысты. 1905ж. желтоқсанында Ә.Бөкейхановтың бастамасымен Орал қаласында Қазақстанның бес облысының өкілдерінің қатысуымен съезд өтіп, кадет партиясының қазақ бөлімшесін құру туралы шешім қабылданды. Съезд Ресей кадеттерінің бағдарламасын мақұлдап, қазақтарға айырылып қалған жерлерін қайтару, шаруаларды көшіріп әкелуді тоқтату, мектеп, медресе және университет ашу жөнінде заң қабылдау талаптарын алға тартты. Алайда бұл шешім кадет партиясының Орталық комитеті тарапынан да, партияның 11 съездінде де қолдау таппады, өйткені кадет партиясы "біртұтас және бөлінбейтін" Ресей идеясын жақтап, партияның ұлттық бөлімшелерін құруға қарсы шықты. Сондықтан қазақ оппозициясы өз назарын тұңғыш Ресей парламенті - Мемлекеттік Думаға тікті.
І және ІІ Думалардың құрамына Ә.Бөкейханов, Ш.Қосшығұлов, Б.Қаратаев, М.Тынышпаев сайланды, олар жаңа аграрлық реформа мен қоныс аудару саясатын қайта қарау талабын алға тартты. ІІ думаның 1907 ж. 16 мамырдағы мәжілісінде қоныс аудару саясатының қазақ тіршілігін тас-талқан етер әсері туралы Б.Қаратаев баяндама жасады. "Біздің мемлекетке ушыққан аграрлық мәселені далалық облыстарға, атап айтқанда Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарының жеріне шаруаларды қоныс аударту арқылы шешкісі келеді. Үкіметтің осынау сұғанақтығының салдарынан қазақтарға қырылып қалу қаупі төніп отыр", деді Б.Қаратаев. Сол жерде шаруалардың жерге деген зәрулігін қанағаттандыру үшін жекеменшік жерлерді тәркілеу жөнінде кез келген ресейлік оппозициялық партияның әрекетін қазақтар қолдайды деп мәлімдеме жасады. Егіншілік және жерге орналастыру Бас басқармасының бастығымен әңгімелескенде Б.Қаратаев шаруаларды көшіруді, тым құрығанда уақытша тоқтатуды өтінді. Оған қоныс аударудың жалғаса беретіндігін, себебі Қазақстанда қазақтара көші-қон үшін тиімсіз пайдаланып жүрген жердің көп екенін үзілді-кесілді мәлімделді. Осылай қазақ депутаттарының барлық ұсыныс-тілектері жауапсыз қалды.
1906 ж. 9 шілдесіндегі Николай ІІ жарлығы бойынша І Дума таратылады, ал Ә.Бөкейханов оны таратуға қарсы шыққандардың қатарында болғандықтан тұтқынға алынады. Түрмеден шыққаннан кейін ол Самара қаласына орналасып, банкте жұмыс атқарады. Осы кездері біршама ғылыми еңбектер жазды. Олар қазақ халқы өмірінің әр қырына арналды: патша өкіметінің Қазақстандағы қоныс аудару және аграрлық саясаты; қазақтардың шаруашылық, саяси және мәдени өмірі; Қазақстанның болашақ мемлекет құрылымы мәселелері; мемлекеттіліктің теориялық және құқықтық негіздері. Өз мақалаларын ол "Қыр баласы" деген лақап атпен басып отырды.
Ұлттық сана-сезімнің оянуы негізінде түркі халықтарының тұтастануы жүзеге асады. 1905-1906 жылдары ресей мұсылмандарының үш съезі өткізіліп, "Мұсылмандар одағы" құрылды, оның төралқасына Шәймерден Қосшығұлов мүше болады. Ресейдің 16 қаласында, оның ішінде Орынборда, Астраханьда, Оралда, Омскіде, Семейде, Верный, Қызылжарда бүкілресейлік мұсылман одағының бөлімшелері құрылды. Өз петицияларында олар тек отаршылдық қана емес, шоқындыру саясатына да қарсылықтарын білдірді. Ресей азаматтарының дініне, жынысына, нәсіліне, ұлтына қарамастан халқы өздерінің ұлттық, діни, мәдени, саяси талаптарын тұжырымдады, отаршылдыққа қарсылық білдірді, ұлттық сананы ұялаған режимге деген жаппай табынушылыққа күмән тудырды.
Мемлекеттік Думаның құрамында мұсылман парламент фракциясы қалыптасып, 1905 жылдан мұсылман басылымдарының бетінде, орыс оппозициялық баспасөзінде қазақ авторларының саяси мақалалары жариялана бастады.
1907 жылғы 3 маусымдағы патша жарлығына сәйкес ІІІ Мемлекеттік Дума таратылды. Жаңа сайлау заңына сәйкес көшпелі халықтар сайлау құқығынан айырылды. Революция осылайша жеңіліс тапты. "3 маусым төңкерісі" деген атпен белгілі осы оқиғадан кейін қазақ ұлттық қозғалысының көсемдеріне қарсы жаңадан қуғын-сүргін басталды: 1908 жылы Ә.Бөкейханов екінші рет тұтқындалды, 1908 жылғы 3 шілдеде А.Байтұрсынов ұсталды.
1911 жылдың қаңтарынан Троицкіде М.Сералин мен Е.Әлімов ай сайын шығатын "Айқап" журналын шығара бастады. Ол патша өкіметіне, орыстардың қырда қаптап кетуіне батыл қарсы шықты. 1911 жылдан бастап Орал облысында "Қазақстан" газеті жарық көре бастады. Оның редакторлары Батырша Қадырниязов, Мұхамед Қараша, Ғұмар Қарашев болады. Төртінші нөмерінен кейін ресейлік өкімет орындары газетке тыйым салып, тек 1913жылы ғана қайтадан шыға бастады.
Қазақ халқының ұлттық саяси санасының оянуына М.Дулатовтың "Оян, қазақ" өлеңдер жинағы ұшан-теңіз ықпал жасады. Ол 1909 жылы Уфа қаласында жарық көрген еді.
1917 жылдан Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғаласының "Қазақ" газетінің қызметіне байланысты жаңа кезеңі басталды. Газет Орынборда басылып, алғашында 3 мың данамен шықты. Оның редакторы ақын, аудармашы, лингвист, педагог А.Байтұрсынов болып, төңірегіне дарынды қазақ журналистері мен жазушыларының тұтас бір саңлақ тобы жиналды. Олардың арасында Ә. Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов және басқалар бар. Оппозициялық газет бола тұрып "Қазақ" қазақ халқының ұлттық сана сезімін оятуға аз үлес қосқан жоқ, өз дәуірінің көкейкесті мәселелерін көтерді, ағартушылық идеяларын насихаттады, қозғалыстың және болашақ "Алаш" партиясының баспа органы болды. Басылымдардың отаршылдыққа қарсы сипаты өкімет органдарының наразылығын туғызды. 1913-1916 жылдар бойы газет 26 рет жабылды, ал А.Байтұрсыновтың өзі әлденеше мәрте тұтқындалды.
Міне, осындай жағдайда патша өкіметінің отарлау саясатымен күрес жүргізу де жеңіл желпі іс емес-тін. Жалпы саяси деңгейі төмен, оқыған азаматтары саусақпен санарлық қазақ қоғамы үшін аса ауыр болды.
1.3 1914 ж. 1 тамызынды Ресей Бірінші дүниежүзілік соғысқа кірді. Патшалық Ресейдің 1914-1918 жж. соғысқа қатысуына байланысты еңбекші халықтың басына жаңа ауыртпалықтар түсті. Соғыс экономикалық жағдайды күрт нашарлатып, елдегі таптық күресті шиеленістіріп жіберді. Қазақстанда ауыл шаруашылығы құлдырап кетті, егіс көлемі кеміді, әсіресе Жетісу, Сырдария облыстарында жергілікті халықтан жерді тартып алу әрекеті толастамады. Малды, ауыл шаруашылық өнімдерін, жем-шөпті реквизициялау, күш-көлік құралдарын мобилизациялау жүргізілді. Еңбекшілердің материалдық жағдайлары қатты нашарлап, жұмысшылардың жалақылары төмендеді. Азық-түлік екі есе, тіпті одан да көп қымбаттады. Салық пен алымдар (жерге, жолға, т.б.) 3-4 есе, кей жерлерде 15 есе өсті. Соғыс жылдары Түркістан өлкесінен 300 мың пұт ет, жүздеген мың пұт балық, 70 мың бас жылқы, 13 мыңға жуық түйе, 14 мыңға жуық киіз үй, сондай ақ 40 мың пұт мақта, мыңдаған пұт мақта майы, сабын алынды. Соғыстың алғашқы бір жылында Жетісудан шығарылған мал мен мал өнімдерінің құны 34 млн. сомды құрады.
Соғыс жылдары қоныс аударушы шаруалардың да жағдайы нашарлады. Соғыс жылдары қоныс аударушылар деревняларының еңбекке жарамды ер адамдардың тең жартысы әскерге шақырылды. 1915 ж. наурызында Верный, Лепсі, Прежевальск уездерінде село халқы бағаның, алым-салықтардың өсуіне наразылық білдірді. 1917ж. күзінде "солдат әйелдерінің бүліктері" басталды, әскери қызметке барудан бас тартушылардың саны өсті. Тәртіп орнату үшін өкімет орындары жиі-жиі әскери күш қолданып тұратын болды.
Қала тұрғындары мен жұмысшылардың жағдайы да аса ауыр болды. Соғыстың алғашқы жылдарында Қазақстанда төтенше әскери жағдай енгізілді, жиналыс, ереуіл, стачка өткізуге қатаң тыйым салынды, цензура, полицейлік бақылау күшейтілді. Шетелдік кәсіпкерлердің меншігіндегі кәсіпорындарда жұмыс істейтін жұмысшылардың жағдайы ерекше ауыр болды. Кеніштер мен шахталарда жұмыс күні 12-14 сағатқа созылды, ал біркүндік жалақысы 20 тиынды құрады. 1915 ж. маусымында Қарағанды, Екібастұз, Байқоңыр көмір кендерін, Орынбор-Ташкент теміржолын, Жезқазған Успен, Қоңырат, Қарсақпай кәсіпшіліктері мен зауыттарын қамтыды. Сондай-ақ соғыс жылдары Қазақстан аумағына соғыс тұтқындары орналастыра бастады, 1914 ж. желтоқсанына қарай 20 мыңнан астам тұтқын әкелінді.
Ресейдің Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы Қазақстандағы ұлттық-отаршылдық езгіні одан әрі күшейтті, ұлттық және әлеуметтік қайшылықтарды шиеленістірді. Патша үкіметінің жүргізіп отырған орыстандыру саясаты, қоныс аудару саясаты нәтижесінде жер мәселесінің шиеленісуі ұлт-азаттық соғыстың жандануына алып келді.
Ресейдің 1914-1918 жылдардағы соғыс қимылдары барысында қыруар адам күшінен айырылуы адам ресурсы мәселесін шиеленістіре түсті. Осы ретте үкімет олқылықтың орнын толтыру үшін алуан түрлі шаралар қабылдайды. Сондай шараларының бірі Орталық Азия мен Сібірдің "бұратана халықтарын" қорғаныс жұмыстарына тарту болды. 1916 жылғы 25 маусымда Николай ІІ қол қойған "Бұратана халықты мемлекеттік қорғаныс жұмыстарына пайдалану тәртібі туралы ереже" қабылданды. Ол бойынша 19 бен 43 жас арлығында 400 мыңнан аса ер адамдарды қара жұмысқа мобилизациялау көзделді. Мобилизациялаудан мемлекеттік қызметкерлер, жергілікті билік орындарының басшылары, діни мекеме өкілдері, жоғары және орта оқу орындарынң шәкірттері, дворяндар, құрметті азаматтар босатылды. Осы шешімді қабылдай отырып, өкімет жалпыұлттық қозғалысқа жік сала білді, өйткені мобилизациядан босатылғандар ендігі жерде патша саясатын белсене қолдай бастады.
"Бұратаналарды" тыл жұмыстарына шақыруды жариялай отырып, үкімет арзан жұмысшы күшін пайдаланып қалуға бел байлады әне жасақты армияны толықтыруға керек орыс жұмысшылары мен шаруаларын босатып алғысы келді.
Екінші жағынан, өкімет қазақ, өзбек, түркмен және сол сияқты басқа да халықтарға қару беруге қауіптенді, болашақта олар қаруды Ресейге қарсы жұмсайды деп қорықты.
Майдан жұмысына қазақ жастарын алу туралы жарлық қазақ халқының зор наразылығын тудырды, олардың отарлық езгі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерілуіне себеп болды. Қазақтардың туу туралы куәлігінің жоғын пайдаланып, болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқанына қарамастан кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатын "қара тізімге" қосты, ал феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп, немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын жасап бақты.
Елде болыстық басқармаларды талқандау, ауыл старшындарын, қатігез, жағымсыз байларды өлтіру, ірі феодалдардың иеліктеріне шабуыл жасау, жер сату жөніндегі құжаттарды, алым-салық қағаздарын т.б. жойып жіберу секілді ашу-ыза әрекеттері кең орын алды. Сойыл, кетпен, шалғы, мылтық, қылышпен қаруланған ел адамдарының байлардың ауылдарын өртеп, малдарын айдап әкетуі жиілей түсті.
Қазақстандағы бұл қозғалыс көпшілік аудандарда ұлт-азаттық сипатта болып, патша өкіметіне, отаршылдыққа, империалдық соғысқа және жергілікті жерлерде патша өкіметінің сүйеніші болып отырған феодал байларға қарсы бағытталды. Торғай даласында қазақ жастарын Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордасында Сейтқали Меңдешев, Әбдрахман Әйтиев, Маңғыстауда - Жалау Мыңбаев, Ақтөбе даласында -Әділбек Майкөтов, Жетісуда - Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов басқарды.
Осындай алмағайып кезеңде "Алаш" қайраткерлері халықты жаңа аласапыраннан қорғаштап, қайткен күнде оны аман сақтауға тырысты. Сондықтан да, олар қазақтарды патша жарлығын орындауға шақырды. Біріншіден, олар Ресейге төнген сыртқы қатердің бодан болып отырған қазақтарға толық қатысы бар деп санады. 1916 жылғы 11 шілдеде "Алаш азаматтарына" арналған үндеуінде Ә,Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М.Дулатов былай деп жазды: "Отандастарымыз - орыс халқы, діндестеріміз - мұсылмандар, татар халқы, сондай-ақ басқа да көрші халықтар өрттің жалынында лаулап жанып жатыр. Бізге бұдан сырт қалуға болмайды. Өзіміз боданы болып отырған өкіметтің бұйрығынан бас тарту, басымызды сауғалап үйден шықпау, мемлекетті қорғауға ат салыспау дұшпанға көмек көрсетумен бар-бар." Екішіден, іс жүзінде қарусыз қазақтардың тұрақты орыс армиясына қарсы бас көтеруін болдырмауға тырысты, оның аяғы аса үлкен қантөгіске алып келетінін алдын ала болжай білді. Үшіншіден, соғыс Ресей үшін жеңіспен біткен жағдайда қазақтардың хал-күйі жеңілдеп, ұлттық автономия құрылатынына олар үміт артты.
Империямен ақылға қонымды келісім тактикасын ұстанып, халқының аман болуын бірінші кезекке қойған "Алаш" көсемдері тыл жұмыстарына шақыруды кейінге қалдыра тұрып, тиісті әзірлік жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Алайда 1916 жылы шілде, тамыз айларында көтеріліс бүкіл қазақ даласын қамтыды. Оны басу үшін патша өкіметі жазалаушы экспедициялар жіберді. Оның құрамында жақсы қаруланған әскер бөлімдері, казак-орыс отрядтары болды. Мысалы, Жетісудағы көтерілісті басуға 16 зеңбірек, 24 пулеметпен қаруланған 8750 солдаты бар 95 рота, 3900 атты әскерден тұратын 24 жүздік жіберілді. Ақмола, Семей облыстарындағы көтерілісшілерге қарсы генерал Ягодкин басқарған 2 атты жүздік, күшейтілген 11 жаяу әскер ротасы жіберілді. Көтерілістің мейлінше күшті болған жері Торғай облысына құрамында 17 жаяу әскер роталары, 19 казак жүздіктері мен эскадрондары бар, пулеметпен қаруланған генерал Лаврентьев басқарған экспедиция жіберілді. 1916 жылы көтерісшілер күш ала бастаған кезде бұл экспедицияға көмекке Қазан, Пермь, Орынбор қалаларынан қосымша әскерлер жеткізілді. Көтерілісшілер патша әскерлеріне қарсы кескілескен ұрыстар жүргізді. Ең жақсы ұйымдастырылған әрі ұзаққа созылған қозғалыс Торғай уезінде қанат жайды. Иман батырдың (Кенесарының жақын серігі) немересі Амангелді Иманов басқарған басқарған бұл көтеріліс 1917 жылғы ақпан революциясына дейін жалғасты.
Сипаты жағынан қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы болған 1916 жылғы көтерілістің барысында патша өкіметінің отарлау саясатын жүргізу барысында жойылып кеткен дәстүрлі саяси құрылымды қалпына келтіруге бағытталған шаралар жүзеге асырылды. Бекболат Әшекеев Верный уезінің ханы болып сайланса, Торғай облысында көтерілісшілер Әбдіғаппар Жанбосыновты хан сайлады.
Азаттыққа жету жолындағы күрес күрес қазақтарға тым қымбатқа түсті. Жазалаушы әскерлер көтерілісшілерге ғана емес, бейбіт халыққа да аяусыз зәбір жасады. Оларды атты, асты, дүние-мүлкін талауға салды. Қарулы әскерге қарсы тұра алмаған көтерілісшілерге Қытай мен Қашғар жеріне қашты. Халықтың саны күрт азайды. Мысалы, Жаркент уезі тұрғындарының саны дүниежүзілік соғыс басталғаннан 1917 жылдың 1 қаңтарына дейін 27 пайызға, Лепсі -53 пайызға, Верный -55 пайызға азайды. Тұтас алғанда, жергілікті халықтың шығыны, Қытайға қашқан 300 мың адамды қосып есептегенде, 1 миллионға жуық адам болды. Ал 1897 жылғы санақтың деректеріне қарағанда Қазақстанда 3 млн.399 мың қазақ тұрған еді.
Қуғын-сүргіннің ауқымы мен қаталдығы керемет болыд. Бұл мәселені ІV Мемлекеттік Думаның трибунасынан депутат, Ресейдің болашақ Премьер-министрі А.Ф.Керенский де көтерді.
1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің құрамдас бір бөлігі болды.
1.4 І дүние жүзілік соғыс Ресей мемлекетіне орасан зор шығын әкелді. 1917 ж. басына қарай Ресей 2млн.-ға жуық адам жау тұтқынына түсті. Елде соғысқа қарсы көңіл-күй бел ала бастады.
Елдің өнеркәсібі, көлік жүйесі және ауыл шаруашылығы да ауыр жағдайға душар болды. Соғыс жылдары ауылдық жерлерден ер адамдардың 48 пайызы әскерге мобилизацияланды. Жұмыс қолының жетіспеуі егістік көлемінің қысқаруына, соның нәтижесінде азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне алып келді. Мал шаруашылығына да үлкен шығын әкелді, мал басы, соның ішінде жұмыс күші болып табылатын жылқы малының саны күрт азайды.
Көлік және басқа да маңызды салалардың жұмысы одан әрі ушықты. Халық пен әскерді ең қажетті тауарлармен қамтамасыз етуде келеңсіз жағдайлар орын алды. Орыс әскерінің жоғарғы басшылығының жіберген қателіктерінің салдарынан армия ірі жеңілістерге ұшырап, шегінуге мәжбүр болды. Елдің қаржы жүйесі тығырыққа тірелді. 1917ж, қарай сомның тауарлық құны соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 50 пайызды ғана құрады, ал қағаз ақша шығару 6 есе өсті.
Майдандағы сәтсіздіктер, елдің ішкі жағдайының нашарлауы қоғамда әлеуметтік шиеленістің өсуіне алып келді. Өкімет пен монархияның саясатына наразылық күннен күнге өсіп, әр түрлі әлеуметтік топтардың саяси белссенділігі күрт артты. 1915ж. тамызында "Прогрессивтік блок" құрылды. Оның құрамына буржуазиялық, сондай-ақ кейбір монархиялық партиялардың өкілдері кірді. Партия бағдарламасы жарияланып, оның негізгі талаптары айқындалды: қоғамдық сенім министрлігін құру; кең саяси амнистия жариялау, соның ішінде кәсіподақ жұмысына рұқсат ету; жұмысшы партияларын заңдастыру (легализация); Польша, Финляндия және т.б. ұлттық шеткі аймақтарда саяси тәртіпті босаңдату.
Патша мен оның айналасындағылар бұл талаптарды қабыл алмады. Керісінше, қатаң қуғын-сүргін жалғасты. 3 қыркүйекте патша өкімімен Мемлекеттік Дума таратылды, министрлер алмастырылды. Соғыс жылдары Николай ІІ Министрлер Кеңесі төрағаларын 4 рет, ішкі істер министрін - 6 рет, соғыс министрін - 4 рет, сыртқы істер министрін -4 рет алмастырды. Осының барлығы билік жүйесінің күрделі дағдарысқа ұшырағандығының белгісі еді.
Оппозициялық көңіл-күй зиялы қауым, әскер және ұлттық аудандарды қамтып, халық арасында кең қолдауға ие болды.
1917 ж. қаңтарынан бастап астанада жұмысшылардың ереуілдері жиілеп кетті. Ақпанның екінші жартысынан бастап азық-түлік, нан өнімдерімен қамтамасыз етуде қиыншылықтар орын алды. Осы жағдай 23 ақпаннан бастап ереуілдердің жаңа толқынын тудырды. Алайда билік бұл жағдайға мән бермеді. Келесі күндері жұмысшылар көшеге шерулерге шығып, олардың полициямен алғашқы қақтығыстары болды. "Нан талап етеміз!" деп басталған шерулер ендігі жерде саяси сипат алып, "Соғыс жойылсын!", "Самодержавие жойылсын!" деген ұрандармен жалғасты.
26 және 27 ақпанда жұмысшы толқулары одан әрі жалғасты және олардың жағына астаналық гарнизонның әскерлері өте бастады. Көтеріліс саяси режимдердің алмасуына алып келді. 27 ақпан күні көтеріліске шыққан халық жұмысшы депуттарының Кеңесін құрды. Оның төрағасы болып меньшевик У.В.Чхеидзе сайланды. Сол күні Мемлекеттік Думаның мүшелері өздерінің жеке мәжілісінде Уақытша комитет құрды. Уақытша комитет князь Г.Е.Львов басқарған Уақытша үкіметті құру туралы шешім қабылдады. 1 наурыз күні Петроград Кеңесі өзінің келісімінсізастанадан әскерді шығаруға болмайтындығы туралы №1 бұйрықты жариялады. Көтерілісті әскер күшімен басып жаншымақ болған әрекеттер нәтижесін бермеді. 1917 жылдың 2 наурызында Псковте Николай ІІ тақтан бас тартып, оны өзінің бауыры Михаил Александровичке ұсынды. Алайда ол бұл ұсыныстан бас тартты.
Саяси режимнің алмасуы елде қосөкіметтіліктің – Кеңестер мен Уақытша үкімет билігі – орнауына алып келді. Көтеріліс кезінде құрылған Петроград Кеңесінің бүкіл мемлекеттік билікті өз қолына алуына мүмкіндігі болды. Алайда Кеңес басшылары (меньшевиктер, эсерлер, кадеттер, т.б.) Ресейде буржуазиялық революция жүзеге асырылды, сондықтан билік буржуазияның қолында болуға тиіс деп санады. Ал большевиктер партиясы мен оның лидері В.И.Лениннің елде қалыптасқан жағдайға көзқарастары мүлдем басқаша болды. Олар кеңестер негізінде жаңа мемлекеттік билік түрін қалыптастыруға талпынды.
Буржуазиялық Уақытша үкімет Ресейді демократиялық республика деп жариялады. Бірқатар демократиялық ұсыныстар жасалды: саяси тұтқындарға амнистия жариялау; саяси құқықтар мен демократиялық бостандықтарды енгізу; барлық ұлттардың тең құқылығын жариялау; сословиелік жүйені жою. Қазақстанға қатысты шешімдер де қабылданды: 1916 ж. 25 маусымдағы патша жарлығының күшін жойып, қара жұмыста жүрген 150 мың қазақты еліне қайтару; 1916 ж. көтерілістен зардап шеккен шаруашылықтарға қаржылық көмек көрсету; көтеріліс кезінде Қытайға кетуге мәжбүр болған босқындардың еліне қайтуына жәрдемдесу және т.б.
Алайда Уақытша үкімет бұл мәселелердің толықтай шешілуін Құрылтай жиналысының шақырылуымен байланыстырды, яғни оның шешімдерінің көбі қағаз жүзінде ғана қалды. Жаңа үкімет соғысты жеңіспен аяқтағанша жүргізе беруді ұсынды. Осыған байланысты сәуір айында сыртқы істер министрі П.Н.Милюковтің нотасы жарияланды. Ол үкіметтік дағдарыстың басты себебі болды. 1917 ж. мамыр айында дағдарыстан шығу үшін жаңа Коалициялық үкімет құрылып, оның құрамына Кеңестің өкілдері ретінде 6 социалист-министр (А.Ф.Керенский, М.И.Скоблев, Г.И.Церетели, А.В.Пешеходов, В.И.Чернов, П.Н.Переверзов) кірді.
Қазақстанда Ақпан революциясы және патша самодержавиесінің құлатылғандығы туралы хабар зор қуанышпен қарсы алынып, революцияға қолдау көрсетілген митингілер мен жиналыстар өтті. Халық отарлаушылар тартып алған жерлердің қайтарылуы, өзіндік ұлттық құрылымның пайда болуы сияқты аса маңызды мәселелерді революция шешіп береді деп үміт артты. Барлық жерлерде отарлаушы әкімшіліктің шенеуіктері қызметінен тайдырыла бастады. Наурыз айында Орал облысының вице-губернаторы, Батыс-Сібірдің генерал – губернаторы, Торғай облысының губернаторы, уезд басшыларының бір бөлігі тұтқындалды. 30 наурызда Түркістан генерал-губернаторы қызметінен аластатылып, қамауға алынды.
Қазақ ұлттық интеллигенциясының өкілдері А.Бөкейханов -Торғай облысында, М.Тынышпаев –Жетісуда, М.Шоқай – Түркістанда уақытша үкіметтің Қазақстандағы комиссарлары болып тағайындалды. Құрылып жатқан қазақ, казак, сондай-ақ мұсылман, татар, комитеттері де Уақытша үкіметтің сенімді тіректеріне айналды.
1917ж. наурызында барлық дерлік облыстар мен уездерде өз ұйымдарын құрған социал-демократтар мен большевиктер қызметтерін жандандырды. Бүкіл елдегідей Қазақстанда да уақытша үкімет органдарымен қатар Семейде, Әулиеатада, Петропавлда, Көкшетауда, Павлодарда, Өскеменде т.б. қалалаларда жұмысшы және солдат депутаттарының кеңестері құрыла бастады. 1917 ж. наурыз-сәуір айларында өлкеде 25 жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының Кеңңесі жұмыс істеді. Олардың көпшілігінде басшылққа эсер және меньшевик партияларының өкілдері болды.
Осындай жағдайда Қазақстан үшін өзекті мәселелер болып саналған – аграрлық, ұлттық, мемлекеттік құрылыс мәселелерін және қалыптасқан жағдайды талқылап, баға беру үшін ұлттық-демократиялық қозғалыс лидерлері облыстық съездер өткізе бастады. 2-8 сәуірде Орынборда 300 адам қатысқан Торғай облыстық съезі болып өтті. 19-22 сәуірде Орал қаласында Орал облыстық съезі болып, оған 800 астас адам қатысты. Съезд Ақмола, Семей, Верный қалаларында да өтті. Осылайша бүкілқазақтық съезді шақыруға негіз жасалды.
Ақпан революциясы Ә.Бөкейханов бастаған ұлттық интеллигенциясы үмітін ақтамады. 1917ж. мамырында Ә.Бөкейханов бастаған өзінің кадет партиясынын шығатынын жариялады, өйткені негізінен осы партия өкілдерінен тұрған Уақытша үкімет Қазақстан үшін маңызды мәселелерді шешуге құлық танытпады.
1917 ж. көктемі мен жазында Қазақстанда жұмысшы, революциялық-демократиялық жастар ұйымдары, саяси партиялар құрыла бастады. Мысалы, Верныйда мұсылман жұмысшыларының Одағы, Жаркентте Жұмысшы одағы, Түркістан өлкесінде мұсылман еңбеккерлерінің одағы пайда болды. Зиялы қауым өкілдерін, оқушы жастар, мұғалімдерді біріктірген жиырмадан аса ұйымдар құрылды. Олардың ішінде негізгілері: Ақмолада С.Сейфуллин басқарған «Жас қазақ»; Меркеде Т.Рысқұлов құрған «Қазақ жастарының революциялық одағы»; Спасск зауытындағы «Жас жүрек»; Омбыдағы «Демократиялық оқушы жастардың кеңесі»; Петропавлдағы «Талап»; Семейдегі «Жанар» ұйымдары.
Іс жүзінде патша самодержавиесінің саясатын жалғастыра отырып, Уақытша үкімет Қазақстанда ұлт мәселесін шеше алмас еді, әрі ол аграрлық мәселені шешуге де ұмтылмады. Басқа езілген халықтар сияқты қазақтардың өзін өзі билеуі немесе автономия алу мәселесін ол тіпті күн тәртібіне қоюға тырыспады.
Қазақ либералдық қозғалысының басшылары да осы жағдайда жалпықазақтық съезд өткізуді жылдамдатуға шешім қабылдады.
Қазақстанның барлық облыстарынан дерлік өкілдері қатысқан 1 жалпықазақтық съезд Орынбор қаласында 1917 ж. 21-26 шілдеде өтті. Күн тәртібінде 14 мәселе болды. Олар: мемлекеттік басқару жүйесі; қазақ облыстарының автономиясы; жер мәселесі; халық милициясын құру; земство; халыққа білім беру; сот; рухани діни мәселелер; әйелдер мәселесі; Құрылтай жиналысын шақыру және қазақ облыстарында оның сайлауына әзірлік; бүкілресейлік мұсылман съезі қазақ саяси партиясын құру; Жетісу облысындағы оқиғалар; Киевтегі бүкілресейлік федеративтік кеңеске және Петроградтағы халыққа білім беру жөніндегі комиссиясының жұмысына қазақтардың қатысуы туралы мәселелер еді.
Делегаттар ұлттық автономия прблемасына, жер мәселесінің шешілуіне, Құрылтай жиналысына әзірлікке және қазақ саяси партиясын құруға басты назар аударды.
Съезд басталардан 1 ай бұрын-ақ «Қазақ» газетінің беттерінде автономия мәселесі жөнінде әртүрлі көзқарастар айтылған бірқатар мақалалар жарияланды. Оларда: «Егер автономияның қажеттігі мүлде айқын десек, онда қазақтар үшін қандай формасы неғұрлым ыңғайлы болады – мемлекеттік автономия ма немесе мәдениеттің ерекшелігі ме, әлде ұлттың ерекшелігі ме? Қазақтар тәуелсіздікке өз бетімен талаптана ала ма, әлде оған басқа халықтармен бір одақта қол жеткізе ме?», - деген сұрақтар қойылды, бірақ оларға тиянақты жауап берілмеді.
Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов тәуелсіз автономиялы мемлкетін құруды жақтады. Бөкейханов «демократиялық , федеративтік және парламенттік Ресей республикасындағы» қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болғанын ұнатты. Осы пікірді делегаттардың көпшілігі қолдады. «Қазақ облыстары,-деп көрсетілді съезд қарарында, - территориялды-ұлттық автономияны ... алуға тиіс».
Съезд жұмысындағы өзекті мәселе – жер мәселесі болды. Осы мәселеге байланысты съезд қарарының негізгі желісі мынаған сайды: қазақ қоғамы жерінің тартып алынуы тиылады, конфискеленген барлық жер, сондай-ақ қоныс аудару басқармаларының әлі бөлініп үлгермеген жер учаскелері дәстүрлі пайдалануы үшін қазақ қауымдарына қайтарылады; ценз енгізу негізінде далаға көшіп келу тоқтатылады және т.б.
Съезд Құрылтай жиналысына дайындық мәселесін талқылады, депутаттыққа кандидаттар тізіміне 81 адам- Қазақстанның барлық аймақтарының, сондай-ақ Бұқарадағы, Ферғанадағы және Хиуадағы қазақ қауымдарының өкілдері енгізілді. Олардың арасында «Қазақ» газетінің басшылары, қазақ ұлттық либералдық қозғалысының жетекшілері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, аймақтар жетекшілері: Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, (Семей), Ж.Досмухамедов, Х.Досмухамедов (Батыс Қазақстан), М.Тынышпаев (Жетісу), М.Шоқаев, С.Асфендияров(Түркістан өлкесі) болды. Кандидаттар арасында сондай-ақ орыс ғалымы Г.Потанин иен саяси қайраткері В.Чайкин жүрді.
Съездің шешімдеріне «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан қазақ интеллигенттері күшті ықпал жасады. Осының арқасында мұсылман діндарларының қазақ халқына ықпал ету мүмкіндіктері азайды: олардың редакцияшыл соттары жойылды, олардың орнына құқықтық құрылымдар енгізілуге тиіс болды, әйелдер еркектермен бірдей құқыққа ие болу керек деп саналды, қалымға тиым салынды. Білім алу міндетті іс деп табылды және оны іске асыру азаматтық өкіметке жүктелетін болды.
Осымен қатар съезд шешімдеріне Ақмола, Семей, Торғай, Орал облыстарындағы және Закаспий облысының қазақ аудандарындағы мұсылмандарды басқару үшін Орынборда тәуелсіз муфтилік құру керектігін ескерді.
Жалпықазақтық бірінші съезд шын мәнінде қазақтың ұлттық саяси партиясы «Алаштың» съезі болып айқындалады. Оның шешімінде: «Қазақ партиясын құрудың қажет екенін мойындай отырып, съезд бүкіл-ресейлік мұсылмандар кеңесіндегі қазақтардан барған өкілдерге осы партияның бағдарламасын жасауды тапсырады, соның өзінде бұл саяси бағдарламаның негізіне демократиялық федеративтк парламенттік Республиканы талап ету (Ресейде құру) алынуға тиіс», - деп жазылды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және буржуазиялық-демократиялық бағыттағы қазақ интеллигенциясы басқа да өкілдері «Алаш» партиясының жетекшілері болды. Бұл либералды байлар мен мен ұсақ буржуазиялық демократияның партиясы еді.
«Алаш» партиясына сондай-ақ ғылыми және шығармашылық интеллигенцияның өкілдері: М.Тынышпаев, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, Ғ.Қарашаев, С.Торайғыров, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Ж.Досмухамедов, Х.Досмухамедов және т.б. кірді. Бұлардың басым көпшілігі 1917 ж. жазында қалыптасқан жағдайда, тұтасынан алғанда қазақ қоғамы оған дайын болмағандықтан, социалистік бағдарламаны қабылдамады. Олар «Қазақ халқын отарлық езгіден азат ету» ұраны төңірегіне топтасты.
1917ж. 14 наурызында Қазақстанның оңтүстігінде «Шура –и-Ислами»(«Ислам жақтастарының кеңесі») құрылды. Оның басшыларының арасында М.Абдурашидханов, М.Шоқай т.б. болды. «Шура –и-Исламидың» идеологиясы түркі-мұсылман халықтарын біріктіріп, ұлттық өзін-өзі билеуге қол жеткізуге негізделді. Оның бастамасымен 16 сәуірде Ташкентте Бүкілтүркістандық мұсылман құрылтайы ашылып, оған Түркістан халықтарының 150 артық өкілдері қатысты. Съезд төрағасы М.Абдурашидханов, хатшыларының арасында М.Шоқай болды. Съезде қарастырылған басты мәселе уақытша үкіметке көзқарас және қалыптасқан жағдайда Түркістанды басқару мәселесі болды. Съезд Уақытша үкіметке қолдау көрсетті және Ресей президент және Құрылтай жиналысы басқаратын федеративті, демократиялық парламенттік республикаға айналуға тиіс, Түркістан және басқа да облыстарға автономия берілуге тиіс деген идеяны ұсынады. Сондай-ақ Түркістан мұсылмандарының кеңесін құру туралы мәселе көтерілді. 1917 ж. 12 маусымында бұл ұйым құрылып, оның басшысы болып М.Шоқай тағайындалды. Бұл ұйым басқа да ұлттық-демократиялық бағыттағы саяси күштермен, соның ішінде «Алаш» партиясымен қарым-қатынас орнатуға тырысты. Сонымен қатар бұл ұйым 1917 ж. 2 қарашасында кеңес өкіметін танымау туралы шешім қабылданды. «Шура –и-Исламидың» күш-жігерінің нәтижесінде мұсылмандардың өлкелік ІV төтенше съезінде Қоқан автономиясын құру туралы шешім қабылданды. Сонымен бұл ұйым түркі-мұсылман халықтарының ұлттық-діни автономиясын құруды жақтады. «Шура –и-Исламидің» өзі аттас баспа органы болды, кейіннен оның орнына «Кенғаш»(Кеңес) газеті шығарылып, оның беттерінде түркі федерациясы идеясы насихатталды. 1918 ж. басында Қоқан автономиясы жойылғаннан кейін «Шура –и-Ислами» өмір сүруін тоқтатты.
1917ж. күзінде Қазақстанда тағы бір ұлттық-саяси ұйым – өзін «Қырғыздың (қазақтың) социалистік партиясы» деп атаған «Үш жүз» партиясы пайда болды. «Үш жүз»партиясының құрылғандығы жөнінде хабар 1917 ж. қарашасында «Сарыарқа» газетінде жарияланды. Оның негізін салған Мұқан Айтпенов. Алайда М.Айтпенов «Алаш» партиясының жақтаушыларының бірі болғандықтан партия ішінде жікке бөлінушілік орын алып, М.Айтпенов төрағалықтан кетуге мәжбүр болды. Бұд партия негізінен Қазақстанның солтүстік-шығыс облыстарында іс-әрекет жүргізді, орталық Комитеті Омбы қаласында орналасты, баспа органы Петропавл қаласында 1917 ж. желтоқсанында шығарыла бастаған «Үш жүз» газеті болды. Газеттің екінші нөмерінде партияның бағдарламасы жарияланды.
«Үш жүз» партиясы негізгі мәселелер бойынша «Алаш» партиясына оппозицияда болды. Қазақ облыстарының автономиясы мәселесі бойынша олар түркі-татар федерациясын жақтады. «Алаш » партиясының жерді земствоның қарамағына беру туралы ұсыныстьарына қарсы шықты.
М.Айтпенов қызметінен кеткен соң, төрағалыққа К.Тоғысов сайланды. 1918 ж. көктеміне қарай партия большевиктерді ашық қолдай бастады, сөйтіп«Үш жүз» партиясы Алашордаға қарсы шықты. 1919 ж. азамат соғысы кезінде К.Тоғысов қаза тапқан соң партия өмір сүруін тоқтатты.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет