Макроэкономикалық моделдер мен айнымалылар.
Жиі экономикалық теориялар модельдер түрінде түсіндіріледі. Макроэкономикалық модель дегеніміз – экономикалық құбылыстар мен процесстердің жеңілдетілген абстрактылы көрінісі, экономикалық айнымалылардың арасындағы өзара байланыстар және арақатынастарды анықтайды. Әрбір модель белгілі бір мақсатта құрылады: экономикалық құбылысты түсіндіру, экономикалық заңдылықтарды зерделеу, жоспарлау және болжау. Модельдер логикалық, графиктік және алгебралық түрінде құрылуы мүмкін. Макроэкономикалық модельде экзогенді (сыртқы) және эндогенді (ішкі) айнымалылар ажыратылады.
Экзогенді айнымалылар – модельден тыс анықталады. Ол алдын-ала белгілі статистикалық деректер. Мысалы: ЖҰӨ, мемлекеттік шығыстар, салық мөлшері және т.б. Ал, эндогенді айнымалылар – модельдің ішінде құрылатын, яғни модельдің нәтижесі болып табылатын айнымалылар. Мысалы: тұтыну көлемі, инвестициялар, нақты пайыз мөлшерлемесі және т.б.
Сонымен қатар, макроэкономикада экономикалық айнымалылардың 2 түрі ажыратылады:
Қор айнымалысы;
Ағын айнымалысы.
Қор айнымалысы (белгілі уақыт мезетінде) кез-келген мөлшерде уақыттың берілген мезетінде анықтайды. Мысалы: капитал көлемі, мемлекеттік қарыз, ұлттық байлық және т.б.
Ағын айнымалысы. Уақыт бірлігіне тиісті мөлшерді анықтайды. Мысалы: ЖҰӨ, тәуліктік жалақы, мемлекеттік бюджеттің тапшылығы, 1 ай аралығында жұмыстан босатылған адамдардың саны.
Экономикада уақыт аралығында бағалар өзгеріп тұрады. Бірақ бұл лезде орын алмайды. Себебі бағалар мен жалақы қатаң болады. Макроэкономикада қысқа мерзімді және ұзақ мерімді уақыт кезеңі ажыратылады. Экономистердің айтуынша, бағалар ұзақ мерзімді кезеңде икемді және қысқа мерзімді кезеңде икемсіздеу болады.
Қарапайым сызықтық модельдерді келесі түрде жазуға болады:
y = kx + b (1.1)
мұндағы - x,y - айнымалылар, ал қалған шамалар – модельдің тіркелген параметрлері.
1.1.Сурет. Түзу сызық
k шамасы – (1.1) теңдеуімен берілетін сызықтың бұрыштық коэффициенті, b – бұл сызықтың тік осінен кесетін кесіндінің шамасы.
k бұрыштық коэффициентін экономистер сызықтың көлбеуі деп атайды. Ол х айнымалысын 1 бірлікке арттырғандағы тәуелді айнымалы у қанша бірлікке өзгеретінін көрсетеді. Егер k>0 болса, сызықтың көлбеуі оң болады (оңға-жоғары), ал егер k<0 – сызықтың көлбеуі теріс (оңға-төмен).
(1.1) теңдеуінің параметрлерінің өзгеруі сызықты жылжытады, оның көлбеуін өзгертеді. k коэффициентінің абсолютті шамасы артқанда сызық тіктеу, ал азайғанда – жатықтау болады. Егер b мәнін өсірсек, сызық өзінен параллель түрінде жоғары жылжиды, егер де кемітсек – төмен жылжиды.
Әрине, практикалық мақсаттарда қолданылатын модельдер (1.1)-ге қарағанда аса күрделі болуы мүмкін. Олардың құрамында бір емес, алайда бірнеше теңдеулер, оның ішінде сызықтық емесі де болуы мүмкін. Экономикада табиғи ғылымдармен салыстырғанда экспериментер жүргізу мүмкіндіктері өте шектеулі. Сондықтан экономикада модельдердің құрылуы статистикалық мәліметтерге сүйенеді.
Достарыңызбен бөлісу: |