ДӘРІС 7. ҰЛТТЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯНЫҢ
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ
(1926-1932 жж.)
Қазақстанның партиялық басшылығы ауыстырылып, Голощекиннің
авторитарлық билігі орнаған жылдары қазақ әдебиеті мен ұлттық
баспасөзі күрт өзгерістерге ұшырады. Бұл кез әдебиеттің көркемдік-
эстетикалық мәні екінші кезекке шығарылып, ең алдымен шығармалардың
саяси мазмұны бағаланатын тәртіп орнатылған заман болды. Бұл дәуір,
сонымен бірге шығармашылық қызметі төңкеріске дейін басталған ақын-
жазушылардың мәдени өмірден ысырылып шығарылып, олардың орнын
“пролетар” қаламгерлер басқан кез болды.
Сәбит Мұқанов Қазан революциясына дейін қазақта әдеби
бірлестікке ұқсайтын жалғыз топ – Абай төңірегіне жиналған ақындар,
“Қазақ” пен “Айқап” маңындағылар ұйымдық жағынан біріге алмады деп
дұрыс атап көрсетті. Оның пайымдауынша, 1917 жылы қазақ әдебиеті екі
бағытта бөлінді, бірі – Сәкен Сейфуллин жетекшілік еткен төңкерісшілер,
екіншісі – Мағжан Жұмабаев бастаған Кеңес өкіметінің жаулары болды.
Сәкен Сейфуллин тобы 1925 жылы КазАПП атты ресми ұйымға айналды,
ал Мағжан бастаған топ “Алқа” атты ұйым құруға тырысты, бірақ бұл
ұйымның мақсаты советтік құрылысқа, яғни тап тартысы арқылы
социализм ісіне қарсы болғандықтан, мезгіл – советтік жағдай
болғандықтан, “Алқаның” идеясын жеке мақалаларда айтқаны болмаса,
ұйым ретінде қимыл жасай алмады [135]. “Ұйым болмады” дегенімен (бұл
сөздер кейін айтылды), замандастары “Алқаны” мойындауға мәжбүр
болды. Сәбит Мұқанов жоғарыда айтылған өзінің байламын өзі жоққа
шығарып, Қазақстан Жазушылар одағының құрылатын күніне қазақ
жазушылары бірі: – ресми ашық түрдегі (КазАПП), екіншісі – бүркенішті
түрде (“Алқа”) екі-ақ ұйыммен келді, Жазушылар одағына КазАПП-тың
барлық мүшелері кірді, ал Алқадан бірлі-жарым адам қосылды, сәл
төменірек: “Алқадан” жалғыз Мұхтар Әуезов қана келді” [136] деп
мойындайды.
Сол заманғы үйреншікті әдет: не болса да, “біздікі – біздікі емес (жат)”
деп қарама-қарсы екіге бөлу арқылы өзара өштестіріп, айқас-тартысқа итеру
саясаты “Алқа” мен КазАПП-тың арақатынасында да қолданылды. 1927
жылдан бастап күш ала бастаған КазАПП-тағыларды Мағжан Жұмабаев
“погододелатели в казахской литературе” [137] деп әділ атады.
Қазан төңкерісі мен Ұлы Отан соғысы аралығындағы қазақ
прозасының әңгіме, повесть сынды шағын жанрларын дамытқан бірталай
жазушылар өсіп шықты. Аталған кезеңде жергілікті басылымдарды
есептемегенде, республикалық “Еңбекші қазақ”, “Социалды Қазақстан”,
“Социалистік Қазақстан” және “Қазақ әдебиеті” (1934-1939), газеттері мен
“Жаңа әдебиет” (1928-1932), “Әдебиет майданы” (1932-1939)
85
журналдарында ғана жарияланған әңгімелер мен повестердің авторларын
есепке алғанда жазушылардың саны 100-ден асады.
Бұл есімдерді жүйелеу арнаулы зерттеуді қажет етеді. Бұл жерде біз
қарасөздің шеберлері ретінде төңкеріске дейін (немесе төңкеріс
жылдарында) танылғандар көпке дейін сан жағынан да, шығармаларының
көркемдік сапасы жағынан да әңгіме және повесть жанрында жетекші
орын алып келгендігін айтуымыз керек. Кеңестік жас прозашылардың
қалыптасуы өте күрделі сипатта өтті. Бастапқы кездегі поэзиялық және
прозалық шығармалардың сапалық деңгейлерін салыстыруға тіпті
болмайтын еді. Ақындардың туындылары сөз қорының байлығымен,
көркемділігімен, түр-мазмұнының үйлесуі, жалпы жетілгендігімен
ерекшеленсе, әңгіме, хикая, оқшау сөз, очерк, повесть атауымен шыққан
дүниелер, айтар ойының таяздығы мен, сюжеттегі схематизм, идеялық
жасандылық, баяндаудағы қарабайырлық, сөйлем құрылысындағы
көптеген кемшіліктерімен көзге ұрынады. Оның ішінде роман жанрын -
қазақша “ұлы әңгіме” [138] (Ахмет Байтұрсынов) жиырмасыншы-
отызыншы жылдары қазақ прозасын, биік белеске көтерген дарынды
қаламгерлер әдебиетке келді. Қазақтың жаңа романистерінің есімдері
белгілі болды. Ұлттық әдебиетіміздің тарихында тұңғыш романист –
Міржақып Дулатов (“Бақытсыз Жамал” романы, 1910 жыл) болса,
қазақтың тұңғыш романистері Тайыр Жомартбаев (“Қыз көрелік”, 1912),
Спандияр Көбеев (“Қалың мал” 1913) Сұлтанмахмұт Торайғыров (“Қамар
сұлу”, 1914) делініп келгені белгілі. Осы сияқты тарихи әділетсіздік
кеңестік дәуірдің романистеріне қолданылды.
Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінде алғаш рет жарық көрген роман –
Жүсіпбек Аймауытовтың “Қартқожасы” (1926) болатын. Кеңестік
Қазақстан тарихтан бұл шындықты мойындамай өтті. Кеңестік қазақ
әдебиетіндегі тұңғыш роман – “Тар жол, тайғақ кешу” (1972), тұңғыш
романист Сәкен Сейфуллин делінді. Көп ретте осылай айтылғанымен,
“Тар жол, тайғақ кешу” қандай жанрда жазылған деген сауалға берілген
жауаптарға сай әрқилы пікірлер де айтылды. Нәзір Төреқұлов сияқты “Тар
жолды...” көркем шығарма емес дегендер Сәкен Сейфуллинді тұңғыш
кеңестік жазушы-романист деп танымады. “Тар жолды...” – “тарихи-
публицистикалық кітап” деген Есмағамбет Ысмайылов, “тарихи очерк”
деген Бейсенбай Кенжебаев “мемуарлық роман” деген Сәбит Мұқанов,
“тарихи хроника” дейтін Тұрсынбек Кәкішев те, Сәкен Сейфуллинді
тұңғыш кеңестік романның авторы деп танитын Мұхаметжан Қаратаев,
Серік Қирабаев, Темірғали Нұртазиндердің көзқарасына біршама қайшы
пікір айтты [139]. Біздіңше, дұрысы – Сәкен Сейфуллиннің “Тар жолы”
белгілі бір әдеби жанр таланттарына сай келмейтін тарихи-құжаттық
шығарма. Біз үшін тағы бір талассыз нәрсе – “Тар жол...” қазақ
әдебиетіндегі мемуарлық жанрда жазылған үлкен шығармалардың
тұңғышы.
86
Сәкен Сейфуллинді бірінші кеңестік романисі деп танымағандар
біріншілікті Сәбит Мұқановқа беріп, оның 1931 жылы шыққан
“Адасқандар” романы – қазақ әдебиетінің кеңестік дәуірдегі тұңғыш
романы деп жазды.
“Тар жол, тайғақ кешуімен” Сәкен Сейфуллин қазақ әдебиетінде
мемуар жанрының бастамашысы болса, Сәкен Сейфуллиннің әсерімен,
“Тар жолдың” үлгісімен жазылған Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі”
романы осы жанрдағы екінші үздік еңбек болды. Қазақ жазушысының
қаламынан туған хроникалық жағынан екінші еңбек болғанымен, “Өмір
мектебі” өзінің тарихи-танымдық мәнімен, әдеби-көркемдігімен өте
тартымды әрі құнды дүние болып шықты. Бұл шығарманың алғашқы
тараулары 1930 жылы “Жаңа әдебиет” журналында басылып, бірінші
кітабы 1941 жылы жарық көргендігі белгілі.
Көркем әңгіме мен повестің асқан шебері Бейімбет Майлин (1894-
1938) де 1930 жылдан бастап роман жанрын игеруге кірісті. 1930 жылы
“Жаңа әдебиет” журналында оның тұңғыш романы “Азамат Азаматычтың”
жеке тараулары жариялана бастады. 1935 жылы “Қазақ қызы” деген атпен
“Азамат Азаматыч” сияқты “Қызыл жалау”, “Қоңсылар”, “Тартыс”
романдары аяқталмаса да оның ардақты есімі қазақтың алғашқы
романистері қатарында аталуға тиіс. Журналистік қауырт жұмыстар,
әдебиеттің өзге жанрларындағы қызметі, одан соң репрессияға ұшырауы
Бейімбетке романдарын бітіруге мұрша бермеді. Бейімбет Майлиннің
прозада атқарған мол еңбегі оның қазақтың кеңестік әдебиетінің негізін
қалаушы аталуына себеп болды. 1932 жылы 5 наурызда Бейімбет
Майлиннің шығармашылық қызметінің жиырма жылдығы аталып өтті. Бұл
Мұхаметжан Қаратаевтың естелігі бойынша, қазақ әдебиетінің тарихында
ресми түрде аталған алғашқы мерейтой еді [140].
Сын – әдебиет айнасы екендігі шындық. Сонымен бірге әдеби сын
белгілі бір дәуірдегі әдебиеттің хал - ахуалын танытатын тарихи дерек көзі
де болып табылады. Ал сыншы тұлғасы – ұлттық шығармашылық
интеллигенцияның бір бөлігі ретінде белсенді қызмет атқарып келді.
Қаралып отырған тарихи кезеңде (1917-1941 жылдары) әдебиет сынында
тұңғыш ұлттық мамандар пайда болды. Ғасыр басында бірталай
қаламгерлер өздерін сыншы ретінде танытқанымен, сынды олар әдеби
қызметінен жеке бөліп қарамады.
Қазақтың алғашқы кәсіпқой әдеби сыншысы Ғаббас Тоғжанов
(1900-1937) болды. Ташкентте САГУ-де, Мәскеуде Г.В.Плеханов
атындағы халық шаруашылық институтында оқыған, терең білімді Ғаббас
Тоғжанов жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан бастап қазақ
әдебиетінің сын жанрында көшбасшы қызметін атқарды. Оның “Жаңа
жұртшылық” (1925), “Мағжан Жұмабаевтың ақындығы және Жүсіпбек
Аймауытовтың сыны” (1926) атты шығармалары әдеби сын саласындағы
қазақ тіліндегі тұңғыш кітаптар болды. Әдеби шығармашылықпен
87
айналысатын адамдардың бәрі оның пікірімен санасты. Оның үстіне
Ғаббас Тоғжанов Қазақстан басшылары Голощекин мен Мирзоянның
сеніміне ие болған коммунистік идеолог ретінде “Еңбекші қазақ”
газетінің редакторы (1926-1934), Қазақстан Жазушылар одағының
төрағасы (1935-1936), Халкомдар Кеңесі жанындағы өнер істер жөніндегі
Басқарманың бастығы (1936-1937) болды.
Ғаббас Тоғжанов, Сәкен Сейфуллин шығармашылығын сынап
сыншы аталғанға ұқсайды. 1929 жылы БК(б)П Қазөлкекомына жазған бір
хатында Ғаббас Тоғжанов “Біз үшін сыншы да партия, сот та партия” деп
Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығы партия жолына қайшы
келетіндігін дәлелдеуге тырысады. “Қалың қауым үшін Сәкен
Сейфуллиннің сөзінен гөрі парткомның сөзінің салмағы басым.
Парткомдікі дұрыс емес, Сәкен Сейфуллиндікі дұрыс деп ешкім айта
алмайды” деп асыра сілтеушіліктің өнегесін көрсетеді. Сәкен
Сейфуллиннің саяси қателіктерін былай қойғанның өзінде, оның әдебиет
саласында жасаған жаңсақ істері көп, Еуропаға тым еліктеп кетті,
қарапайым қазақ оқырмандарына түсініксіз тілмен жазып кетті [141] деп
айыптады. Ғаббас Тоғжановтың сыны сайып келгенде Сәкен Сейфуллинді
одан бұрын сынаған Нәзір Төреқұловтың “құр күйелеу, қыңырлық,
беттырнау” (Әбділдә Тәжібаев) сынынан алыс кеткен жоқ.
Большевиктер партиясының атынан сөз сөйлеген болып, әдебиет
сынын саяси – партия сынына айналдырып, Сәкен Сейфуллинге қыр
көрсетушілер аз болмағанға ұқсайды. КазАПП-ты Қазақ пролетар
жазушыларының ассоциациясын құрушылардың бірі Хамза Жүсіпбеков
(1900-1938) өзі Сәкен Сейфуллин шәкірттерінің бірі бола тұрып, ұстазын
аяусыз сынаған еді (“Сәкеншілдік пен Сәкен туралы” мақаласы, т.б.).
Хамза Жүсіпбековтің шамамен 1927 жылы жазған “партияның көркем
әдебиет саласындағы саясаты туралы” атты материалда буржуазиялық-
ұлтшыл элементтердің (олардың қатарына сейфуллиншілерді де қосады –
З.Д.) әдебиеттегі ең басты құрал – әдеби сынды өз қолдарына алуға бар
күшін салуда. Олар өздерінің бұл әрекеттерінде Смағұл Садуақасов
сияқты басшы жолдастарға арқа сүйейді [142] деп жазды.
Алғашқы қазақ сыншылары қатарында Нәзір Төреқұловтың (1893-
1937) есімі дұрыс аталады. Сонымен бірге, біз Нәзір Төреқұловтың Сәкен
Сейфуллиннің шығармашылығы туралы белгілі үш мақаласын [143] әділ
сын деп қабылдауға келмейтіндігін айтуға тиістіміз. Бұл жөнінде белгілі
сыншы-ғалым Рахманқұл Бердібаевтың “Нәзір Сәкеннің өлеңдері мен
пьесасындағы (“Бақыт жолына” – З.Д.) жасандылықтар мен қарадүрсін сөз
қолданыстары дәл танып, әділ көрсеткен” [144] деген пікіріне қосылу
қиын. Бар әңгіме әдеби сын шеңберінде жүрсе мұнымен келісуіге де болар
еді. Алайда, Сәкеннің “Төреқұловтың сын” деп жазғаны қандай сын екені
оқыған жұртқа көрінді” [145] деп жазғанындай, Нәзір тарапынан қолайсыз
әрекет жасалғаны көзге ұрып тұрады. Нәзір Төреқұлов “Асау тұлпарды –
88
білімсіз асау деп атап, “Азия” өлеңін – өлең емес, “ботқа”, Еуропаны
жамандау деп жазады. “Бұл – қиын мәселе. Бұл мәселеге келгенде көп
азаматтар бүлінген” деп, Сәкен Сейфуллиннің әйелді жырлауын біржақты
айыптап, махаббат лирикасын жоққа шығарады. “Асау тұлпар”
жинағындағы 68 өлеңнің төрттен бірі әйелге, махаббатқа арналған деп
сөгеді. “Порнография жазған” деп тым артық кетеді. Философиясы шолақ,
исламды білмейді, “Орыс ойына келгенін қылады” дегендей, Сәкен
Сейфуллинде ойына келгенін жазады. Ермек үшін барды-жоқты шатқан,
білімсіздігінің үстіне ұяты жоқ дегенді меңзейді. Сәкен Сейфуллиннің өз
ақылымен жазғандары түкке жарамайды. Сәкен әдебиетті келеке етеді.
Революция өз жолымен кетіп барады да, Сәкен Сейфуллин өз жолымен
айдап барады. Бұрылып та қарамайды. Ең бастысы – “Асау тұлпарды
оқығандар оң аяғы менен сол аяғын білмей қалу ықтималы бар”, жастарды
адастыратын, саяси зиянды шығарма деп қорытады.
Нәзір Сәкен Сейфуллиннің жеке кітап болып шыққан “Бақыт
жолына” (Орынбор, 1922) пьесасы мен “Тар жол, тайғақ кешу” (Қызылорда,
1927) романына да теріс баға берді. Тағы да сорлы, алжыған деген сияқты
келеңсіз сөз тіркестерімен автордың намысына тиді. Тек қана революция
ісіне пайдалы шығармалар жазу керек, ал Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол,
тайғақ кешуі” пролетариат идеологиясына жат, өзін мадақтап, революция
жауларының қашқанын ғана суреттейтін кітап деп керексіз етті.
Ақын-жазушылардың жалпы білім деңгейінің жетімсіздігі, сөз қоры
мен шеберлік дәрежесінің әрн қилы болуы да сынға да себеп болды.
Анасы татар, оқуы татарша болған Мәжит Дәулетбаев (1896-1938)
төңкеріске дейін шығармаларын татарша жазды. Революциядан кейін,
Сәбит Мұқановтың айтуынша, “күн көрісі нашар болғандықтан табысын
молайту ниетімен бе, әлде шын ықыласы солай ма – Мәжит Дәулетбаев
қазақ өлеңі мен фельетондарды көп жазып, көркем әдебиетке талғам аз
кезде төпеп бастыра беретін” [146]. Бұл жерде көңіл аударатын жәйт: ескі
ақын-жазушылар Сәбит Мұқановтың көркемсөзге шеберлігінің
жетімсіздігін сынға алса, Сәбит Мұқанов өзіне қарағанда “қазақша тілі
шалағайлау, сөз қоры аздау” Мәжит Дәулетбаевтарды сынады. Кейін
Мәжит Дәулетбаев КУТВ-ны бітірген, трилогия жазуға кіріскен үлкен
жазушыға айналды. “Қазаққа арзан, татарға қымбат Жақан” аталған, қазақ-
татар әдеби байланысының жаршысы болған ақын Жақан Сыздықов (1901-
1977) сауатын татар медресесінде ашып, кейін қазақты татар халқының аса
көрнекті зиялы-қаламгерлері Ғабдолла Тоқай, Ғалымжан Ибрагимов
(“Қазақ қызы” романы, т.б.) Мұса Жәлел шығармашылығымен
таныстырды. Осынысы үшін де “қазақ әдебиетіне татар ықпалын
таратушы” делініп, орынсыз айыпталған кездері де болды.
Сәкен Сейфуллин сияқты аса дарынды қайраткерлердің сағын
сындыру үшін әсіре қызыл большевиктер “сейфуллинщина”, яғни
Коммунистік партияның Қазақстандағы саясатына қарсы күрескен
89
ұлтшыл-ауытқушылар (уклонистер) жігі дегенді ойдан шығарды.
Смағұлдың жігі “сәдуақасовшылдық” негізінен қоғамдық-саяси
қызметімен байланыстырылса, Сәкеннің жігі – мәдени саладағы
солшылдық бағыт ретінде айыпталды. Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек
Қожанов, Сейітқали Мендешевтердің жігінде делініп саяси күрескерлер
айыпталса, сейфуллиншілерге Әлкей Өтекин (1894-1938), Абдолла
Асылбеков (1896-1938), Жанайдар Сәдуақасов (1898-1938), Сәбит
Мұқанов (1900-1973), Хамза Жүсіпбеков (1900-1938) сынды ақын
жазушылар мен әдебиетке жақын тұлғалар жатқызылды.
Отаршыл коммунистер Сәкен Сейфуллин сияқты шыққан тегі кедей
әрі жан-жақты қабілетті ұлттық кадрларды Коммунистік партияның
даңғыл жолынан ауытқушылар деп айыптап республика басшылығынан
тайдыруды мақсат тұтты. Тіпті Сәкен Сейфуллин Қазақ АКСР-і Халық
Комиссарлар Кеңесінің төрағалығынан кетсе-дағы бірталай адамдар
“сейфуллиншілер” деп қуғынға ұшыратылды. Сәкеннің өз басына тән
ерекше мінездері немесе оның шығармаларында қателік деп табылған
міндер “сейфуллиншілдер” жігінің мүшесі делінген адамдарға жөн-
жосықсыз жапсырыла берді. Мысалы, 1922 жылы Сәкен Сейфуллин
жазған Азия-Европа өлеңін негізге алып, “сейфуллиншілдер” Азияны
Еуропаға қарсы қояды, Сәкен Сейфуллиннің Ахмет Байтұрсыновтың 50-
жылдық мерейтойына (1923 жылы) арнап жазған мақаласын меңзеп
“сейфуллиншілдер” алашордашылармен ымыраласуға дейін барды деген
айыптар тағылды. Нәзір Төреқұлұлы, Ғаббас Тоғжанов, Хамза Жүсіпбеков,
Ілияс Қабылов, Асқар Лекеров, Жақан Сыздықов, Ғ. Жәнібекұлы т.б.
қаламгерлер [147] “сейфуллиншілдер” жігі туралы дау-дамай өршітті.
Үлкен сыншы, Қазақстан жазушылар ұйымын құруға белсене
араласқан тұлғалардың бірі Елжас Бекенов (1892-1938) болды. Елжас
Бекенов 1928 жылдан КазАПП-тың жауапты хатшысы әрі басқарма мүшесі
қызметін атқарды. “Жұмыскерлердің жазушысы” (Сәбит Мұқанов) атанған
Елжастың Сәбит Мұқанов сияқты шыққан тегі кедей, өзі де жалшы, кенші –
шахтер болып жұмысшы табынан шыққандықтан коммунистік әкімшілік
тарапынан қолдау көріп, пролетариат әдебиетін жасауға құлшына
араласуы, КазАПП-тың ұйымдастырушылдық жұмысына басшылардың
бірі болып қатысуы заңды құбылыс сияқты болып көрінеді. Бейімбет
Майлин сынды қаламгерлік жұмыстың еңбекторысы Елжас Бекенов
журналист, жазушы және әдеби сыншы ретінде өте өнімді еңбек етті.
Күнделікті баспасөзде, “жаңа әдебиет”, “Әдебиет майданы” әдеби
журналдарында еңбектері жиі жариялануымен қатар, 1972 жылы қазақ
әйелдерінің сауатын ашып, саяси белсенділігін арттыруға өнеге боларлық
“Жәмилә қалай сауатты болды” (1929) БК(б)П Қазөлкекомының
тапсырмасымен Түркістан – Сібір темір жолы құрылысшылары туралы 8
әңгімеден тұратын “Жаңа жол бойында”, 1934 жылы “Біздің еңбек” атты
жинақтары баспадан шықты.
90
Жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы қазақ әдебиетінің үлкен
білгірі профессор Тұрсынбек Кәкішев Елжас Бекеновты әдеби сын
жанрының қалыптасуына зор үлес қосқан қаламгер деп атап, оның сыни
мақалаларын жоғары бағалады [148]. Мәскеудің Қызыл профессура
институтын бітірген Елжас Бекенов жан-жақты әрі терең білімді сыншы
болып, қазақтың әдеби сынын жетілдіру жолында көп еңбектеніп,
мазмұны өте пайдалы әрі әсерлі зерттеу мақалаларын жазды [149]. Сәбит
Мұқановтың 1932 жылы шыққан “Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ
әдебиеті. Ұлтшылдық, байшылдық дәуірі” атты кітабын талдап жазған
“Ұлт қозғалысы және ұлтшылдық әдебиет” деген кітапшасы осы
тақырыпқа арналған зерттеулер ішінде көрнекті орын алады.
Жиырмасыншы-отызыншы жылдары әдебиетке келген көрнекті
сыншылардың бірі – Ыдырыс Мұстамбаев ақталғанымен өмірі мен
шығармашылық қызметі тарихшылар тарапынан да, әдебиетшілер
жағынан да тиісті дәрежеде зерттелмей келеді. Ыдырыс Мұстамбаевтың
қандай сыншы болғандығын оның “Жаңа әдебиет” журналында 1928
жылы жарық көрген “Біздің таластарымыз. Ақындардың мінезі және
Сәбит Мұқановтың мінездері” деген мақаласынан бағамдауға болады. Ол
болашақ академик-жазушының әзірше ақындық шеберлігі жетімсіз дей
келе “Сәбит Мұқановқа әлі де көп үйрену керек. Үлкен үгітші қырдағы
қойшыға қырық күн жырласа да коммунизм негізін түсіндіре алмай
шаршап қайтатын жерде, Сәбит Мұқанов ақын екі ауыз сөзбен қойшыны
ертіп, елітіп жіберуі керек. Күйдіріп, жандырып жіберуі керек” [150], дау-
жанжал, айтыстардың орнына оқу, өнер, білімге шындап бет бұру
керектігін жазды. Ақын деген жоғары атақты кемсітуден, тұрпайы
түсініктерден, Абайды дөрекі социологизмнен қорғап “Сәбит жолдас бұл
мінезді қалдырмаса түбі шатақ болады” деп тоқтау айтады.
1932 жылдың 26-29 ақпанында болып өткен КазАПП-тың бірінші
съезі қазақ қаламгерлерінің сан немесе сапалық жағынан өсіп-өркендеуіне
айтарлықтай әсерін тигізе алмады. Мұстафа Қайыпназаровтың
баяндамасында және съездің шешімінде Мәскеуде атылып кеткен
Жүсіпбек Аймауытов, қамауда отырған Мұхтар Әуезов пен Қошке
Кемеңгеров, Смағұл Сәдуақасов пен Әмина Мәметова сынды жазушылар
идеологиялық дұшпан ретінде табаланды [151]. БК(б)П Қазақ өлкекомы
басшыларының бірі М.Кахиани съезде сөйлеген сөзінде барлық қазақ
жазушыларының ішінен жалғыз Сәкен Сейфуллинді таңдап алып, оны
саяси тұрғыдан тұқырту әрекетін жасады. Ол Сәкен Сейфуллиннің ең
жақсы шығармасы – “Көкшетау” поэмасы ескілікті жырлауға арналған,
ежелгі қазақ ауылының тұрмысын мақтап-дәріптейді, “ескі дәуренге қайта
оралыңдар деп үгіт таратады” деп сөкті. Ф.И.Голощекиннің пікірін
қайталап, Қажымұқан балуанның жас ұрпаққа үлгі етілуі автор ойының
таяздығын, мүсәпірлігін көрсетеді деп, Сәкен Сейфуллиннің “солшылдық
мінезіне қарсы аяусыз қатал күрес ашу керек” [152] деп шақырды. Мұндай
91
жөн-жосықсыз айыптаулар қаламгерлер қатарының өсуіне кедергі болды,
коммунистік басшылықтың әдебиетшілерге саяси қысымының күшейе
түскенін көрсетті.
КазАПП-тың бірінші съезі әрбір ақын-жазушы, драматургтың аты
жазылған қаулы қабылдады. Алдымен, қазақ әдебиетінде
контрреволюциялық троцкизмнің көрінісі айқын байқалады делініп, Сәкен
Сейфуллинің фамилиясы жазылды, одан соң қазақ әдебиетінде санасы
төмен шаруаларға тән күйіну әуендері, ұсақ буржуазиялық идеализм орын
алған делінді де, бұл аурумен ауыратындар Ілияс Жансүгіров, Бейімбет
Майлин, Сәбит Мұқанов, Өтебай Тұрманжановтар, ал жолбикелердің
көрнектілері Мәжит Дәулетбаев, Жұмат Шанин делінді. Маркстік-
лениндік сын әлі күнге дейін күш ала алмай келеді, бұл сын Кеңес
өкіметіне жау ақын-жазушыларды (Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов,
Қошке Кемеңгеров, Смағұл Сәдуақасов, Әмина Мәметова аталды)
әшкерелеуде дәрменсіздік көрсетуде. КазАПП-тың басшы қызметкерлері
(Ғаббас Тоғжанов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров,
Ғабит Мүсіреповтың есімдері аталды) алашордашыл жазушылардың
(Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов) шығармаларының бағасын
дұрыс бере алмады, плехановшылдыққа ұрынды (Ғаббас Тоғжанов),
комчванство яғни коммунистік өркөкіректік мінез бәрінен де Сәкен
Сейфуллин мен Сәбит Мұқановтың бойынан көп көрінеді, Ғабит
Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов сынды жазушылар пролетар әдебиетінің
Қазақстандағы жеңісін мерзімінен бұрын тойлауға шақырып адасты, оның
үстіне Сәбит Мұқанов қазақ әдебиетін Демьян Бедныйдың жолына түсіру
керек деп шатасты делінді [153].
КазАПП өзіне жүктелген тарихи міндет – жұмысшы табының ақын-
жазушыларын тәрбиелеп-өсіріп, бастарын біріктіру ісін жөнді атқара
алмай тарих сахнасынан түсті. БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бюросы
1932 жылдың 10 мамырында КазАПП-ты тарату жөнінде шешім
қабылдады [154]. Оның орнына қаламгерлердің жаңа кәсіби ұйымы –
Жазушылар одағы құрылатын болды.
Баспасөз тарихын зерттеушілер Сағымбай Қозыбаев пен
Ж.Бекболатов “Еңбекші қазақ” газетінің редакторы болып Тұрар Рысқұлов
1926 жылдың 23 сәуірінен, ал А.Тоғжанов сол жылғы 31 тамыздан кірісті
деп жазады [155]. “Еңбекшіл қазақ” газеті РК(б)П Қазақ өлкелік
комитетінің органы болғандықтан редакторларды өзі тағайындап-бекітті.
Сондықтан Қазөлкеком бюросының газет редакторы етіп Тұрар
Рысқұловты 1926 жылдың 19 сәуірінде, Ғаббас Тоғжановты сол жылдың
28 тамызында [156] аталған қайраткерлердің редакторлық қызметтері
басталған күн болып есептелуге тиіс.
РК(б)П Қазақ өлкекомының тапсырмасымен жазылған
“Заключение о руководящей казахской печати” (1926 ж. 4 ақпан) атты
жазбасында Ғаббас Тоғжанов “Еңбекші қазақтың” соңғы жылдардағы
92
қызметін қорытып, газеттің идеологиялық жұмысы Компартия қойған
міндеттерге сай болмай келеді, Қазөлкеком “Еңбекші қазаққа”
бақылауын күшейтуі керек, осы уақытқа дейін тек сөз жүзінде ғана
партия органы болып келген газетті іс жүзінде партияның үні ету үшін
“Еңбекші қазақтың” басшылығын өзгертіп, құрамында Ораз Жандосов,
Смағұл Сәдуақасов және Әбдірахман Байділдин болатын редакциялық
алқа құруды ұсынды [157].
Қазақ тіліндегі мерзімді баспасөзді шын мәнінде халықтық ету ісі
түгелімен шығармашылық зиялылардың еңбегі десек артық бағалағандық
болмайды. Бейімбет Майлин қол қойған “Еңбекші қазақтың” 1926 жылдың
ақпанындағы есеп - хатынан “Еңбекші қазақ” республикадағы ең басты
газетке айналғандығын көреміз. “Еңбекші қазақ” бұл кездегі таралымы
(тиражы) 7000 дананы құраса, “Советская степьтің” таралымы небәрі 2400
данаға жеткен. Құжатта “Еңбекші қазақ” редакциясында қызмет істеген 12
адамның (техникалық персоналды қоспағанда) әдеби стажы көрсетілген.
Газет редакторы С.Сәдуақасовтың әдебиет пен журналистикаға араласуы
1916 жылдан басталған болса, газет хатшысы Бейімбет Майлин 1913
жылдан бастап, газеттің тұрақты әдеби қызметкерлері Молдағали
Жолдыбаев – 1912, Ергали Алдоңғаров – 1918, Елжас Бекенов – 1923,
Ахмет Елшібеков – 1923 жылдан бастап жаза бастаған [158].
Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында республикада
жүргізілген әкімшілдік-территориалдық өзгерістер барысында жаңа
округтік, ал отызыншы жылдардың басынан бастап аудандық газеттер
көптеп шыға бастады. Газет-журналдардың көбеюімен бірге қазақ
журналистерінің қатары да жылдан-жылға еселеп өсіп отырды. Олардың
білім дәрежесі биіктеп, кәсіби шеберліктері артумен болды. Ұлт
зиялылары баспасөзге елдің санасын ояту, оқу-білім алуға шақыру,
шаруашылықты жандандырып, тұрмысын жақсарту жолындағы бұқаралық
үгіт-насихат құралы ретінде қарады. Газет, журнал шығару – оқыған
азаматтардың туған халқына қызмет етуі деп түсінді.
Мұрағаттарда сақталған құжаттар тарихи қайраткерлеріміздің
өмірбаяндарын нақтылай түсу қажеттігін нұсқайды. 1922 жылдың
ақпанында Орынборда өткен 2-ші партконференциясына қатысқан
делегаттардың – Сәкен Сейфуллин, Ерғали Алдоңғаров, Абдолла
Асылбеков, Әбдірахман Байділдин, Шәймерден Тоқжігітов сынды
шығармашылық интеллигенция өкілдерінің өз қолдарымен толтырған
анкеталары бірталай тың деректердің бетін ашады. Көрнекті қаламгер
кеңес заманындағы алғашқы қазақ басылымдарын ұйымдастырып,
редакторлық еткен Ерғали Алдоңғаров өз анкетасында конференцияға
комсомол ұйымынан сайланғандығын, туған жылын 1900 жыл деп
көрсетеді. “Қазақстан” ұлттық энциклопедиясында Ерғали Алдоңғаровтың
туған жылы – 1901 жыл делінген [159]. Ерғали Алдоңғаровтың туған
жылы анкетада дұрыс көрсетілгені өзге де құжаттармен расталады.
93
Сонымен бірге бұл құжаттан Ерғали Алдоңғаров туралы зерттеулерде
кездеспейтін деректермен, оның ішінде Қостанайдың реалдық
училищесінде оқығанында қазақ оқушыларының әдеби үйірмесін
ұйымдастырғанын, неміс және француз тілдерін жақсы білгендігімен
танысамыз [160].
1926 жылы Қызылордада Ерғали Алдоңғаровтың “Тілшілерге
көмекші” атты кітабы жарық көрді. Орынбек Беков осы басылымға жазған
санында кітап ауыл тілшілеріне яғни кедейлер мен батырақтарға емес,
ауыл интеллигенциясына арналған. Ауыл тілшілерінің әдеби тілмен жазуға
шамасы әлі жетпейді, сондықтан оларға қандай да болмасын талап қою
артық, оларға бір ғана талап қоюға болады – тек шындықты жазса болды
[161] дейді.
Шығармашылық интеллигенциясының сол тұстағы аса күрделі
тұлғаларының бірі – журналист, сыншы, қоғам қайраткері Абдрахман
Байділдин (1897-1931). Ғалымдар мен жазушылар Тұрсынбек Кәкішев,
Мұқаш Бурабаев, Темірбек Қожакеев, Мәмбет Қойгелдиев, Тұрсын
Жұртбаев, Дүкенбай Досжановтың Әбдірахман Байділдин туралы
зерттеулері, оның тарихта алатын орны туралы жазғандары пікір
алуандығымен ерекшеленеді. Конференция делегатының анкетасында
Әбдірахман Байділдин өзінің 1897 жылы туғандығын атап көрсетеді
(Темірбек Қожакеев – 1898, ал Мәмбет Қойгелдиев – 1891 жыл деп
жазады) [162]; негізгі мамандығым – мұғалім, көсемсөзші; төңкеріске
дейін қазақ жастарының “Бірлік” және “Жас азамат” ұйымдарында қызмет
істедім, ел ішінде большевиктік үгіт жүргізгенім үшін және қызыл әскерді
жасырғаным үшін Колчак полициясының қуғынына ұшырадым дейді
[163]. Әбдірахман Байділдин туралы өзге деректерден де қызықты
мағлұмат алуға болады. Сол 1922 жылдың 14 тамызында РК(б)П Қазақ
обкомының төралқасы Жер халкоматында қызмет істеуге кіріскен
Әбдірахман Байділдиннің білімінің аздығын айтып, оқуға жіберуін сұраған
өтінішін қабылдамай тастады. ҚазОАК-нің төрағасы Сейітқали Меңдешев
Әбдірахман Байділдинді білікті ұйымдастырушы деп атап, оның
жұмысына жоғары баға берді. Ал, Абдолла Асылбеков: “Байдильдин всә
время работал среди кирмолодежи и только с 1921 года перешел на
советскую работу, одновременно принимал горячее участие в работе среди
кирмолодежи, сотрудничал в киргизской газете” деген сынды жағымды
мінездеме берді [164].
Жиырмасыншы-отызыншы жылдары мерзімді баспасөзде жиі
аталатын есімдердің бірі – Ғаббас Тоғжанов (1900-1937) еді. Ол тарихи
деректер туралы мұрағаттық құжаттарда молынан кездеседі. Алайда
Ғаббас Тоғжановтың журналист, публицист, әдебиет сыншысы ретіндегі
қызметі мүлдем зерттелмей келеді. Сәбит Мұқанов өзінің “Өмір
мектебінде” Ғаббас Тоғжановты әсіре қызыл коммунистік идеолог,
Голощекиннің жақын серігі ретінде суреттейді. Расы керек, Ғаббас
94
Тоғжановтың бірталай публицистік, үгіт-насихаттық сипаттағы
жарияланымдарында ортодокстық, тұрпайы социологизм, большевиктік
максимализм белгілері бар. Бірақ бұл белгілер соғысқа дейінгі қалам
қайраткерлерінің бәрінің дерлік шығармаларында (оның ішінде Сәбит
Мұқанов, Сәкен Сейфуллиннің де туындыларында) азды-көпті дәрежеде
бой көрсеткені ақиқат. Мысалы, Ілияс Қабылов (1904-1937) Кеңестер
дәуірінде “партиялық публицист” делініп мақталды. Ғаббас Тоғжанов
Голощекин тұсында (1926-1928) БК(б)П Қазақ өлкекомының баспасөз
бөлімінің меңгерушісі болса, Ілияс Қабылов Мирзоян кезінде (1934-1937)
Қазөлкекомның үгіт-насихат бөлімін басқарды. Көптеген теориялық,
саяси, көсемсөздік еңбектер жазды. Ілияс Қабылов та республикадағы БАҚ
құралдарының саяси бағыты үшін жауап берді, баспасөзде идеялық
басшылық етті. Кадр мәселелерімен тікелей айналысып, талай
журналистердің тағдырына елеулі әсер етті.
1925 жылдың көктемінде (нақты уақыты көрсетілмегені) РК(б)П
Қазөлкекомның Мәскеуге, Орталық комитетке жіберген есебінде
республикада қазақ тілінде 12 газет пен 4 журнал шығарылатындығы
айтылады [165]. Бұл басылымдардың редакцияларында 60-қа жуық
журналистер қызмет етті. Оларға қоса әр газеттің жергілікті жерлерде 15-
20 тілшілері болды. Есепте орыс тілді басылымдардағы тілшілердің саны
80-нен асады делінген. Мұнда ескеретін бір жәйт: есепті баяндаманың
авторлары орыс тілді басылымдардың редакцияларында және тілшілер
активінде қазақ журналистерінің аз болмағандығына көңіл бөлмеген,
оларды жеке көрсетпеген. Мұны жиырмасыншы-отызыншы жылдары
“Советская степь”, “Казахстанская правда” газеттері сияқты газеттердің
тігінділері айқын дәлелдейді. Сәкен Сейфуллин, Абдолла Асылбеков,
Ахмет Баржақсин, Ілияс Қабылов, Аспандияр Кенжин, Ораз Исаев,
Сейітқали Меңдешев, Ғаббас Тоғжанов сынды көптеген қаламгерлер екі
тілде бірдей жазатын еді. Сондықтан олардың есімдері қазақ
басылымдарының тарихында ғана аталмай, Қазақстандағы орыс тілді
журналистиканың шежіресінде лайықты аталуға тиісті.
Шамамен осы тұста, 1925 жылдың көктем-жаз айларының бірінде
БК(б)П Қазөлкекомының баспасөз бөлімшесінің (подотдел) меңгерушісі
Әбдірахман Байділдин республикамыздағы қазақ тілді басылымдардың
хал-жағдайына шолу жасап, РК(б)П секретариатының қазақ баспасөзі
тұсындағы 1925 жылы 2 наурыздағы қаулысын іске асыру үшін “мына
шаралар жасалуға тиісті” деп өзінің ұсыныстарын тұжырымдап берді.
Әбдірахман Байділдин әр газет, журналға нақтылай тоқталып, БК(б)П
Қазөлкекомының үні – “Еңбекші қазақты” нығайта түсу керек, ол үшін
Смағұл Сәдуақасовты редактор орнында қалдырып, оның
орынбасарлығына Нұғман Манаевты Оралдан шақыртып алып қою керек,
ал жауапты хатшы қызметінде Бейімбет Майлинді қалдыру қажет, “Қызыл
Қазақстан” журналын партия активінің қажетін өтейтін етіп, ауылдағы
95
партия ұясының хатшысынан бастап республикалық басшы партаппаратқа
арналған басылым етіп қайта құру керек, ол үшін журналдың
редакторлығына Сұлтанбек Қожанов (кейін біреу оның фамилиясын
өшіріп тастап, Ораз Жандосов деп түзепті), орынбасарлары етіп Варламов
пен Әбдірахман Байділдин, хатшысы етіп Нәзипа Құлжанованы
тағайындау керек дейді [166].
Семей губерниялық “Қазақ тілі” газетін сақтау керек, редакторы етіп
Тоқтабаевты, оның орынбасарлығына Ж.Тәттібаевты тағайындап
хатшылығына Қызылжарда істейтін Ж.Жәнібековті жіберу керек. Осы
қалада шығатын “Таң” журналын жауып, оның қаржысы мен адамдарын
“Қазақ тіліне” беру қажет деп ұсынады. Оқырмандары аздау Қостанайдың
“Ауыл” газетін жауып, оның журналистері мен дүние-мүлкін Ақтөбелік
“Кедей” газетін күшейтуге жұмсау қажет. “Кедейдің” редакторы Әзімбай
Лекеровті өз орнында қалдырып, орынбасары етіп Абдуллинді, жауапты
хатшылыққа Өтебай Тұрманжановты белгілеу керек. Ақмола
губерниясының газеті “Бостандық туының” редакторлығына
Ж.Сұлтанбеков, Орал губерниясының “Қызыл ту” газетінің редакторы
Әлжанов, Жетісу губерниясының “Тілші” газетінің редакторлығына
Айтхожин (орынбасары етіп Ілияс Жансүгіровты, хатшылығына Жүсіпбек
Арыстановты) тағайындауды ұсынды. Бөкей елінің орталығы – Орда
кентінде шығатын “Кедей туы” газетін жауып, оның маңындағы адамдар
мен баспахана Гурьевте (Атырауда) шығатын “Жұмыскер тілі” газетінде
берілуі қажет. Сырдария губерниялық “Ақжол” газетін шаруа
бұқарасының мүддесін көздейтін басылымға айналдыру қажет, бұл
жұмысты Шәймерден Тоқжігітов (редактор), Қулетов (орынбасар),
Баймаханов (хатшы) басқаратын болсын деп жазды. Әбдірахман Байділдин
“Сана” журналы, “Қосшы” газеті мен “Ақжолға” қосымша ретінде шығып
келген “Сәуле” және “Шаншар” басылымдарын шығаруды тоқтатып
олардың есебінен республикалық баспасөзді күшейтуді ұсынды. Жастарға
арналған “Жас қайрат” пен “Лениншіл жас” басылымдарына Нағима
Арықовқа, Ә.Қошмұхамедов, Б.Кенжебаевтарды тартып, әйелдерге
арналған “Теңдік” газетінің орнына “Әйел теңдігі” атты журнал шығарып,
оны тиісті дәрежеде шығаруды Сара Есова мен Ораз Жандосовқа жүктеуді
ұсынды. Сол сияқты Әбдірахман Байділдин мұғалімдер қауымына
арналған “Жаңа мектеп” журналын шығаруды Наркомпросқа тапсыру
керек деп тапты. Көп ұзамай Әбдірахман Байділдин белгілеген бұл
шаралардың көбі іске асырылды.
Қазақ әдебиетшілерінің көпшілігінің шығармашылық жолы БАҚ-та
басталды. Бейнелеп айтқанда, газет-журналдар ұлттық шығармашылық
интеллигенцияның жетекші бөлігін құрайтын ақын-жазушыларды көптеп
өсіріп шығаратын “Альма матер” қызметін атқарды. Бұл әсіресе арнайы
әдеби оқу орындары әлі пайда болмаған кезеңде айқын көрінді. Күні бүгінге
дейін университеттердің түлектері БАҚ құралдарының редакцияларында
96
қайтадан оқығандай таным-білім жалғастырып, мамандығының қыр-
сырына тереңдей түсіп, практикалық шеберлігін ұштайды.
“Алыптар шоғыры” аталған маңдай алды ақын-жазушылардың
өздері – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар
Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндердің бәрі
аса ірі журналистер болды. Алайда олардың шығармашылық мұрасын
зерттегенде таразы басын ақындық немесе жазушылық еңбектері
басатындықтан аталған алып тұлғалардың бұқаралық ақпарат
құралдарындағы атқарған қызметтері көлеңкеде қалып келді. Ең терең
жазылған делінетін зерттеулер мен монографиялардың өзінде атақты
ақын-жазушыларымыздың газет-журнал редакцияларында еңбектенген
жылдары олардың шығармашылығы басылған, тәжірибе жинаған белгілі
бір саты ретінде ғана көмескі түрде сипатталып келді. Ал мәселе
қаламгердің газетте істеген еңбегін толымды, толыққанды қызмет деп
қарап, тиянақты зерттеу объектісіне айналдыру туралы болып отыр.
Өкінішке орай, “Сәкен Сейфуллин – журналист” немесе “Ғабит
Мүсіреповтің журналистік қызметі” сынды тақырыптар бойынша
ізденістер жоқтың қасы.
Мысалға, Мұхтар Әуезовтің журналистік қызметін арнайы зерттеген
ғалымға жұмыс аумағы жетіп артылады. 1918 жылы Мұхтар Әуезов
Жүсіпбек Аймауытов екеуі Семейде “Абай” журналын шығарды. Сол
Семейде ол 1920 жылы “Қазақ тілі” газетінің шығуын ұйымдастырды.
1922-1923 жылдары Ташкентте “Шолпан”, “Сана” журналдарының
редакциялық алқаларының мүшесі болды. 1924 жылы Семейде “Таң”
журналын шығаруға белсене қатысты. Бұл – бір емес, бірнеше жорналшы
адамның шығармашылық өміріне арқау бола алатын өте ауқымды игілік іс.
“Еңбекші қазақ” редакциясының РК(б)П Қазақ обкомына берген есеп
хатында (1924 жыл 15 қазан) газеттің әдеби қызметкерлері қатарында
Сәбит Мұқановтың есімі аталып, оның журналистік қызметінің 1920 жылы
бастау алатындығы атап көрсетілген [167]. Осы кезден бастап Сәбит
Мұқанов көп жылдар бойы газет-журналдардың редакцияларында
журналистиканың “Қара жұмысына” жегіліп, атқарған еңбегі жете
зерттеліп, бағалануға тиісті.
Шығармашылық қызметі отызыншы жылдардың басында бастау
алған Шахмет Хұсайыновты (1906-1972) тек қана драматург деп біліп,
оның мұрасын театр тарихшыларының зерттеуі орын алды. Алайда ол
өзінің еңбек жолын журналист ретінде бастағандығы, көп жылдар бойы
“Кеңес ауылы” (Қызылжар), “Колхоз жолы” (Көкшетау), “Қарағанды
пролетариаты” және “Қазақ әдебиеті” газеттерінде атқарған жемісті
қызметі назардан тыс қалды. Сол сияқты жазушы Айтбай Хангелдиннің
(1906-1981) қазақ журналистикасына сіңірген мол еңбегі өзінің әділ
бағасын алды деуге келмейді. Айтбай Хангелдин 1926 жылы Ташкенттегі
Қазақтың халық ағарту институтын бітіріп, “Еңбекші қазақта” әдеби
97
қызметкер болып істегеннен кейін 1932 жылы Қазақ радиосына келіп,
соғысқа дейін үзіліссіз радио журналистика саласында еңбек етті.
1926 жылы 5 мамырда “Еңбекші қазақта” Ерғали Алдоңғаров
“Алдағы күннің міндеттері” атты баспасөз күніне арналған мерекелік
мақаласында: ендігі уақытта “газеттің саны емес, сапасы керек”,
губерниялық газеттер әлсіз, таралымы аз, өздеріне жүктелген міндеттерді
орындамайды, сондықтан олар жабылып қалса да көп шығын шекпейміз
деп, губерниялық басылымдарға қатаң талаптар тұрғысынан қарауға
шақырды. Бұл пікірге қарсы КИЖ студенті Ілияс Жансүгіров: жергілікті
газеттерді жабу адасқандық болады, газетті жасау қиын, жабу оп-оңай,
жергілікті баспасөздің орнын жалғыз “Еңбекші қазақпен” толтыра
алмаймыз, нашар газеттерге көп болып көмектесіп, буындары қатқанша
шынықтырайық деп байсалдылық танытты [168].
1925 жылдың тамызында Қызылордада Молдағали Жолдыбаевтың
(1987-1937) басқаруымен “Жаңа мектеп” (қазіргі “Қазақстан мектебі”)
журналының тұңғыш саны жарыққа шығарылды. Оқу-білім ісінде кенже
қалушылықты жоймай, сауатсыздық құрсауын бұзбай алға басу мүмкін
емес, “Бұл күйде қалу жарамайды. Бұл күйде қалуды тарих кешірмейді”
деп алғашқы санының алғысөзінде жазған, қазақ мұғалімдеріне үлкен
жәрдемші болған журналдың алқа мүшелері Ахмет Байтұрсынов, Телжан
Шонанов, Сәкен Сейфуллин, Біләл Сүлеев болды.
Қазақстанның партия басшылығы уақыт өткен сайын мерзімді
басылымдар жұмысын жандандыру, баспасөзде істейтін қызметкерлерді сан
және сапа жағынан жақсарту жөніндегі қаулы-қарарларын қабылдауды
жиілетті. Партия комитеттерінің мезгіл сайын өткізіп тұрған идеологиялық
науқан шаралары маман журналистер мен тілшілер активін социалистік
құрылыс майданында жаңа жеңістерге жұмылдыруды мақсат етті. 1930
жылы наурызда Алматыда болып өткен ауыл-село тілшілерінің
республикалық съезі баспасөздің кезекті міндеттері туралы негізгі
баяндаманы жасаған Ғаббас Тоғжановтың жеке ісін талқылауға көшті [169].
Съезд делегаттары басым көпшілік дауыспен Ғаббас Тоғжановты “Еңбекші
қазақ” газетінің редакторлығынан алу керек деп шешкенде, БК(б)П
Қазөлкеком арласып оны қорғап қалды. Мирзоян кезінде (1934 ж. наурыз)
жұмысшы-шаруа тілшілерінің республикалық слеті деген атпен өткізілген
жиналыстың да ұлттық баспасөзге тигізген пайдасы шамалы болды.
1932 жылдың сәуірінен 1938 жылға дейін Новосибирскіде қазақ
тілінде “Қызыл ту” газеті шығып тұрды. Оның редакциясында Ғабдолла
Бұзырбаев (1908-1941) – бұл кісі кейін “Сибирские огни” журналының бас
редакторы болды, Балтабек Асанов – қырқыншы жылдары “Социалистік
Қазақстанның” редакторы болды, жазушы Ғабиден Мұстафин (1902-1985)
еңбек етті. Қазақ зиялыларының бастамасымен жарыққа шыққан бұл газет
алапат ашаршылық кезінде (1932-1934) Қазақ Республикасынан ауа көшіп,
98
Омбы, Том, Новосибирск, Кемеров облыстары мен Алтай өлкесіне жеткен
қазақтардың мүддесін қорғады.
1934 жылы 10 қаңтарда әдебиетшілер қауымының газеті – “Қазақ
әдебиетінің” алғашқы саны жарық көрді. Қазақ мәдениетінің өсіп-
өркендеуіне үлкен үлес қосқан Жазушылар одағының осы газетін
шығаруға және аяғынан қаз тұрып кетуіне Сәкен Сейфуллин, Бейімбет
Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов және басшы қайраткерлер
Жанайдар Садуақасов, Ораз Исаев, Левон Мирзоян, редакциялық алқаның
мүшелері Ілияс Қабылов, Әйтеке Мусин, Мұхаметжан Қаратаев көп еңбек
сіңірді. Газеттің алғашқы редакторы Ғабит Мүсірепов: “Біраз уақыт
әдебиет газетіне жауапты редактор табуға кетті. Біздің ішімізде нағыз
журналист Биағаң болатын. Ол қашанғы әдеті бойынша басқару
жұмысына жолағысы келмеді. Сәбит оқуда. Аяқтап келгенде мен жегілетін
болдым” [170] деп еске алды.
Ораз Жандосов (1889-1838) “Еңбекші қазақты” бір айдай уақыт
басқарғанымен (1926 жыл маусым-шілде), тілші, редактор, көсемсөзші
ретінде үлкен тәжірибе жинақтаған журналист болған еді. Ораз Жандосов
1913-1918 жылдары шығып тұрған атақты “Қазақ” газетінен кейін
қазақтар арасында дәл сондай беделді, ықпалды басылым болған жоқ,
бүгінгі басылымдар халықтың сүйікті газеті бола алмай жүр, оларды
сауатты делінетін “кирработниктер” мен ұлттық интеллигенцияның өзі
дұрыстап оқымайды, қазақ тіліндегі газеттерде “тек әдемі сөйлеу бар,
терең ойлау жоқ”, “Ақжолдың” өзі бұқарадан әлі алыс деп жазды [171].
1925-1928 жылдары БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің үгіт-насихат
бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Ораз Жандосов ұлттық
басылымдардың түрі мен мазмұнын өзгертуге көп күш салды.
Журналистік кадрлардың өсіп-өркендеуіне қолдау көрсетті. 1927 жылы
ол “Еңбекші қазақ” және басқа жетекші басылымдардың саяси бағыты
түзелгенімен жанды бұқаралық газет болудың орнына консервативтік
сипатқа түсіп мейлінше ресмиленіп келеді деп қазақ тіліндегі БАҚ-тарды
сынға алды [172]. Ғалым Темірбек Қожакеев Ораз Жандосовты “сұңғыла,
көреген, оптимист журналист” деп атап, әсіресе оның көсемсөздік
мұрасын жоғары бағалады [173].
Белгілі қалам қайраткері Елжас Бекенов (1892-1938) өмір бойы
дерлік журналистік қызметпен айналысты. “Еңбекшіл қазақтың” әдеби
қызметкері (1925-1926), Қызылжардағы “Кеңес ауылының” редакторы
(1929-1931), Алматыға ауысқан Сәбит Мұқановтың орнына отырды),
“Ауыл коммунисі” журналы редакторының орынбасары, Оралдағы
“Екпінді құрылыс” жауапты редакторы (1934), Қызылжардағы “Ленин
туы” газетінің редакторы (1935) болып ұлттық баспасөздің дамуына және
тәжірибелі ұстаз ретінде қазақ журналистерінің жас кадрларын
тәрбиелеуге үлкен үлес қосты.
99
Қазақ журналистикасының шежіресінде ағартушы-педагог Жиенғали
Тілепбергенов (1895-1933) айтарлықтай із қалдырды. Ол “Ғалия”
медресесінде (Уфа) шығарылған “Садақ” журналына Б.Майлиннен кейін
редакторлық етті. Жиенғали Тілепбергеновтың 1925-1933 жылдардағы
қызметі негізінен ұлттық баспасөзбен байланыста өтті. Әдеби-
шығармашылық жолын төңкеріске дейін бастаған ол, Ақтөбе облысында
“Кедей”, “Социалистік майдан” газеттерін басқарды “Бостандық туы”
(Қызылжар) газетінің редакторы қызметін абыроймен атқарды. Шығыстың
батыр қызы Мәншүк Мәметованың әкесі, “Ғалия” медресесін бітірген
ағартушы, ақын Ахмет Мәметов (1895-1938) 1917-1918 жылдары
Ташкентте “Бірлік туы” газетін шығарған басқарманың мүшесі, ал 1920-
1921 жылдары Орал облыстық “Қызыл ту” газетінің редакторы болды.
Рухани әмбебаптық қасиетімен ерекшеленетін зиялылар қатарында
Әлжан Байғұриннің (1896-1938) есімі соңғы уақытқа дейін аталмай келді.
Алаш қозғалысына белсене қатысқан ол Мәскеу университетінде оқыды,
1926 жылы Ташкенттегі САГУ-ді “Ақжол” газетінің редакциясында бөлім
меңгерушісі болып жұмыс істеді. Абдолла Байтасов та (1901 ж.т. - ө.ж.б.,
саяси сүргіннің құрбаны) САГУ-де оқып жүріп “Ақжол” газетінің ғылым
мен техника бөлімін басқарды. 1925 жылдың жазында “Ақжол” өткізген
тілшілер съезінде Абдолла Байтасов “Қазақ баспасөзінің тарихы туралы”
баяндама жасады. 1921-1923 жылдары ол Қызылжардағы “Бостандық туы”
газетінде қызмет еткен еді.
1924 жылдан бастап 1938 жылға дейін республикалық басылымдарда
Ахмет Майлыбаевтың (1899-1938) мақалаларын жиі кездестіруге болады:
Бұл кісі – Ленинградтың әскери-саяси академиясын бітірген (1929) қазақ
офицері, ұлттық әскери мамандардың ішінен өзінің өте кең
интеллектуалдық өрісімен ерекшеленетін тұлға. Мақалаларының
мазмұнын қорытып айтсақ, Ахмет Майлыбаев қазақ жастарын әскери
қызметке үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырып, ата-бабаларымыздың
батырлық дәстүрін жалғастыруын мақсат етіп қойған. Әскери қызметті ол
халықтың санасын оятуды, ұлттық намысты тәрбиелеудің басты көзі деп
қарады. Оның жалынды мақалалары мен мұрағатта сақталған түрлі
жиындардағы, мысалы, өлкелік комсомол комитетінің планумындағы
сөздері отаншылдық әскери-патриоттық тәрбие ісінде қазір де қолдануға
жарамды көрінеді.
Әскери қызметкер Ахмет Майлыбаевтың үлгісі шығармашылық
зиялылар қатарына адамның мамандығына қарап емес, істеген істеріне
қарай жатқызу керектігіне нақты мысал бола алады. Оның газет-
журналдағы әрбір мақалалары автордың терең ойлы зиялы екендігін және
жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру сияқты ізгі мақсатқа жету жолына
шығармашылықпен қарайтындығын танытады. Ахмет Майлыбаев
тарихшы ретінде өлкетанушылардың бүкілқазақстандық бірінші съезіне
өткізуге белсене қатысты. 1929 жылдың қарашасында ол Қазақстанды
100
зерттеу қоғамының кітапханасына әскери, тарихи, ғылыми мазмұндағы 90
кітап тапсырды [174]. Сонымен бірге ол “Қазақстанның әскери-саяси
очеркі” атты зерттеу еңбегін жазды, ХІІ-ХХ ғ. Қазақстан тарихына
байланысты библиографиялық көрсеткіш жасады.
Әйгілі прозаик-жазушыға айналар алдында Ғабиден Мұстафин
(1902-1985) 1932-1948 жылдары үзіліссіз “Қарағанды пролетариаты”,
“Қызыл ту” (Новосибирск, 1933-1938) газеттері мен “Әдебиет майданы”
журналының жауапты хатшысы, редакторы болып шығармашылық
мектептен өтті. 1925 жылы қазақ поэзиясына келген Асқар
Тоқмағамбетовтың (1905-1983) да шығармашылық ғұмыры баспасөз
құралдарымен тығыз байланыста өтті. Ол Ленинград КИЖ-ін бітіріп
(кейбір деректерде Мәскеу КИЖ-і, Мәскеу полиграфия институты, кейде
1930-1932 оқығанымен, бітірмеді делінеді), “Ленин жолы” (Қызылорда),
“Оңтүстік Қазақстан” (Шымкент), республикалық “Лениншіл жас”,
“Социалистік Қазақстан”, “Қазақ әдебиеті”, “Ара” сынды газет-
журналдардың редакцияларында жемісті еңбек етті.
Көрнекті публицист Ілияс Қабылов (1904-1937) орыс тілді
басылымдарға көбірек араласып, 1933 жылдың қазан айынан бастап 1937
жылы тұтқындалғанға дейін “Большевик Казахстана” журналының
жауапты редакторы болды [175]. Аса ірі әдебиеттанушы-ғалым Бейсенбай
Кенжебаев (1904-1987) соғысқа дейінгі жылдары негізінен журналистік
жұмыспен айналысты. “Жас қайрат” (Ташкент), “Лениншіл жас” пен
“Еңбекші қазақ” (Қызылорда) басылымдарында қаламгер-газетші болып
қалыптасты. 1929-1930 жылдары Бейсенбай Кенжебаев Павлодар
облыстық “Кеңес туы” (қазіргі “Сарыарқа самалы”) газетінің алғашқы
редакторы болды. Ол Павлодарда газет жұмысына Зейін Шашкин (кейін
жазушы болды), Ахмет Нұралин (журналист болды), Әбілқайыр
Баймолдин (атақты батыр, Отан соғысында қаза тапты) сияқты жас
дарындарды тартып, шығармашылық қабілеттерінің ашылуына көмектесті.
30-шы жылдары Б.Кенжебаев Шымкентте “Оңтүстік Қазақстан”,
Алматыда “Социалды Қазақстан” газеттерінде жауапты қызметтер
атқарды. Ауылдағы тілшілер қатарын көбейту мақсатында шығарылған
“Екпінді тілші” журналының да редакторы Бейсенбай Кенжебаев болды.
Бұл журнал Алматыда 1932 жылдың ақпанынан 1933 жылдың сәуіріне
дейін шығып тұрды. 1933 жылы 3 шілдеде Бейсенбай Кенжебаев “Ауыл
коммунисі” (қазіргі “Ақиқат”) журналының редакциялық алқасына мүше
болып кірді [176].
Сәкен Сейфулиннің шәкірті, белгілі жорналшы Жұмабай Орманбаев
(1906 - ө.ж.б.) еңбек жолын Ақмолада 1917-1918 жылы шыққан “Тіршілік”
газетінде әріп теруші және корректор болып бастады. Ал редакторлық
жұмыстағы алғашқы қадамын Ташкентте оқып жүргенде “Кедей айнасы”
студенттер журналынан бастаған еді. Ол Ортаазиялық коммунистік
101
университетті бітіріп 10-нан астам облыстық және республикалық газет-
журналдарда редактор болды.
Сейітжан Омаров (1907-1985) қазақ прозасы мен журналистикасына
тең тұлға болып табылды. Оның шығармашылық қызметін Отан соғысы
екіге бөліп тұр. Соғысқа дейін Сейітжан Омаров журналист болып
аудандық, облыстық, республикалық баспасөзде жұмыс атқарса, соғыстан
келген соң әдеби шығармашылықпен айналысып кетті. Сейітжан
Омаровтың газеттерде жарияланған дүниелері ұлттық баспасөз тарихының
да, бүкіл ел шежіресінің де жанды дерегі қызметін атқарды. отызыншы
жылдардың оқиғаларын ол куәгер, қатысушы ретінде мейлінше
шындықпен жазды.
Ғани Мұратбаев, Ерғали Алдоңғарұлы сынды жастардың жалынды
жетекшілері әрі қаламгер – журналистер қатарында Смағұл Сәдуақасов
(1900-1933) пен Саттар Ерубаев (1914-1937) есімдері аталуға тиісті. Жан-
жақты дарынды Смағұл Сәдуақасов мемлекеттік басшы қайраткерлігімен
бірге “Өртең” газеті (1922) мен “Жас қазақ” журналының (1923)
редакциялық алқасының мүшесі, “Қызыл Қазақстан” журналының
жауапты хатшысы (1924), “Еңбекші қазақ” газетінің жауапты редакторы
(1925-1926) қызметін атқарған көрнекті журналист болды. Ол
замандастарын өркениет биігіне шақырған білікті көсемсөзші, оқу-білімді
насихаттаған, мерзімді баспасөзге, кітап баспаларына, әдебиет пен ғылым,
театр мен өнерге нақты қолдау көрсеткен, мәдениет қызметкерлерінің
жанашыры, нағыз зиялы адам еді. Смағұл Сәдуақасовтың көсемсөздік,
әдеби мұрасы Мұқаш Бурабаев, Мәмбет Қойгелдиев, Дихан
Қамзабекұлының кітаптарында біршама ашып көрсетілді [177]. Саттар
Ерубаев Ленинградтың тарих-лингвистика институтын баспа редакторы
мамандығы бойынша бітірді (1933). Ол “Ленинская смена” газетінің
әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, “Лениншіл жас” газеті
редакторының орынбасары, “Қарағанды пролетариаты” газетінің жауапты
редакторының орынбасары қызметтерін атқарып, өзін дарынды, шыншыл
жорналшы ретінде танытып үлгерді. “Лениншіл жас” – “Жас алаштың”
мектебінен тағлымды тағдыр иесі қайсар журналист Рақымалы
Байжарасов (1909-1966), адуынды ақын Қасым Аманжолов (1911-1955),
сатира шебері Жүсіпбек Алтайбаев (1911-1987) сынды қаламгерлер өтті.
Жиырмасыншы жылдардағы қазақ публицистикасы мен
журналистикасына үлкен еңбек сіңірген көсемсөзші әрі ақын Зиябек
Рүстемов (1902-1948) 1926-1931 жылдары “Кедей” айнасы (Ташкент),
“Ауыл” (Қостанай), “Қызыл Қарақалпақстан” (Нүкіс) газеттерінің
редакторы болып қызмет етті.
Алғашқы қазақ радиожурналистері жиырмасыншы жылдардың
аяғында пайда болды. 1931 жылы 4 мамырда қазақ тіліндегі тұңғыш
(радиогазет) “Еңбекші қазақ” эфирге шықты. Оны дайындауға сол тұста
БК(б)П Қазақ (өлкекомының) мәдени-үгіт бөлімінің нұсқаушысы,
102
дарынды журналист Сұлтан Лепесов басшылық етті [178]. Сұлтан Лепесов
1933 жылдың шілдесінде “Социалистік Қазақстан” газеті редакторының
орынбасары болып тағайындалды. Соғысқа дейінгі жылдары Қазақ
радиокомитетінде ұстаз-журналист Құрманбек Сағындықов (1910 ж.т.) бас
редактор болды. “Лениншіл жастың” әдеби қызметкерлігінен
республикалық радиокомитетке редактор болып барған Мұса Дінішев
(1912-2002) кейін Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасарлығына
дейін көтерілді. Мұса Дінішев жаңа тұрпаттағы халықтық журнал
“Мәдениет және тұрмыс” (бүгінгі “Парасат”) басылымын ұйымдастырып,
оның бірінші редакторы болған, өзге де БАҚ құралдарына еңбегі сіңген
журналист еді. 1940 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының
жиырма жылдығын тойлау жөніндегі ҚК(б)П Орталық Комитетінің
мерекелік комиссиясына марапатталуға ұсынылғандардың ішінде Әнуар
Ипмағамбетовке (1912-1996) жазылған мінездемеде оның Қазақ радиосына
“Лениншіл жастың” жауапты хатшылығынан ауысып келгендігі, 1938
жылдан бастап бас редактордың орынбасары ретінде өзін үздік қызметкер
ретінде танытқаны, ұжымдағы журналистердің шын мәніндегі жетекшісі
болып табылатындығы айтылған [179]. отызыншы жылдары Қазақ
радиосында Айтбай Хангелдин (1906-1981), Мұқан Иманжанов (1916-
1958) сынды радиожурналистиканың ірі өкілдері қызмет істеді.
1920 жылдардың аяғы – отызыншы жылдардың басында есімдері
көпке белгілі Ахмет Елшібеков (1901-1979), Жүсіпбек Арыстанов (1904-
1993), Сейділда Төлешев (1906-1955), Әуелбек Қоңыратбаев (1910-1980),
Құрманбек Сағындықов (1910 ж.т.) сынды қазақтың тамаша
журналистерінің шығармашылық қызметі басталды. 1931 жылы
Мәскеудің КИЖ-ін бітірген Ахмет Елшібеков көп жылдар бойы “Еңбекші
қазақ” пен “Социалистік Қазақстан” журналында басшы қызмет атқарды.
1935 жылдан бастап ол Алматы КИЖ-інде газет жұмысы, журналистік
шеберлік туралы дәріс оқыды [180]. Мәскеудің КУТВ (1925), Қызыл
профессура институтын (1933) бітірген Жүсіпбек Арыстанов “Ақжол”
газеті редакторының орынбасары (1925-1926), “Қазақстан коммунисі”,
“Социалистік Қазақстан” редакцияларында басшы қызметте болды.
Өмірінің соңғы жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде
журналистер кадрларын дайындаумен шұғылданған Сейділдә Төлешев
1930 жылдан бастап “Еңбекші қазақ” редакциясында әдеби қызметкер
болып істеген еді. Жамбыл облысы Жуалы аудандық газетінде еңбек
жолын бастаған Құрманбек Сағындықов республикамыздың
журналистері мен аудармашылардың алдыңғы қатарлы өкілі болды.
Фольклорист-ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың есімі журналистер
қатарында аталуға лайықты. Ол 1921-1925 Казинпроста оқумен қатар
Ташкенттегі қазақ тіліндегі “Ақ жол”, “Жас қайрат”, “Шолпан” газет-
журнал редакцияларында қызмет істеді. Кейін “Еңбекші қазақта”, “Сыр
бойы” (Сырдария округтік газеті), “Балықшылар” (Арал), республикалық
103
“Колхоз” газетінде жауапты редакторға дейін өсті, “Социалды
Қазақстанда” әдебиет және өнер бөлімін басқарды.
Қалижан Бекқожиннің (1910-1979) алғашқы мақалалары 1929 жылы
Павлодар округтік “Кеңес туы” газетінде жариялана бастады. Белсенді
ауыл тілшісі ретінде танылған Қайыржан Бекхожин Семей облыстық
“Екпінді” газетіне қызметке алынды. Осы газетте ол білікті қаламгерге
айналды (1935-1939). Газет редакциясында жиналған тәжірибе кейін оған
қазақ баспасөзі тарихын ғылым жолымен зерттеуге септігін тигізді.
Қайыржан Бекхожин қазақ журналистикасының тарихынан докторлық
диссертация қорғаған (1965) тұңғыш ғалым болды. 1929-1930 жылдары
“Лениншіл жаста” Қасым Шәріповтің (1912-1984) журналистік қызметі
басталды. Ол кейін “Социалистік Қазақстан” газетінің редакторы,
КазТАГ директоры, Қазақстан Журналистер одағы басқармасының
төрағасы болды.
“Еңбекші қазақтың” 2000 санының шығуына байланысты (1931 жыл
17 мамыр) Халком Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев газет редакциясына
құттықтау хат жолдап, “Еңбекші қазақ” – Қазақстан “Правдасы” болсын
деген ұран негізінде орындалды дей келе, “Нағыз лениншіл пролетариат
қалам қайраткерлерін даярлап, тәрбиелеп шығаратын орда, дүкен бола біл.
Жұмысшылар мен колхозшыларды тап жауларына, сарыуайымшыл,
үмітсіздерге, Ленин партиясының ұлы жолының ауа жайылатын
қыңырлардың бәріне де қарсы күрестіре біл” деп тілегін білдіреді. Газеттің
осы санындағы бас мақалада “Еңбекші қазақтың” 1931 жылдағы таралымы
34000 жеткендігі, бұл 4,7 млн. қазаққа шаққанда 138 қазаққа бір “Еңбекші
қазақ” газеті келетіндігі, газетті бұл есеп бойынша қазақ халқының небәрі
0,7 пайызы оқитындығы туралы мәліметтер келтірілді.
Голощекиндік саяси қысым қазақ басылымдарының мазмұнын жыл
өткен сайын кедейлете түсті. 1925 жылғы қазақ басылымдарында 1917
жылғы еркіндіктің белгілерін көптеп кездестірсек, Голощекин
Қазақстаннан Мәскеуіне кеткен 1933 жылғы қаңтардағы қазақ тіліндегі
баспасөздің сөз бостандығы деген ұғымынан мүлде ада болғандығына,
большевиктік идеологияның берік орныққандығына көзіміз жетеді.
Бұрынғы сан алуан тақырыптардағы ұшқыр ойлы, нәзік юмор, астарлы
сөзді жарияланымдар мен өткір пікір талас мақалалардың орнын бір
сарынды ресми материалдар алды. Журналист, газетшілер қауымы ежелгі
“Айқап”, “Қазақ”, “Ақжол” бастап берген шығармашылық еркіндік
дәстүрін жалғастырудан қалды.
Жалпы кеңестік журналистикада орныққан негізгі екі “жанрды” –
мақтау мен жамандауды қазақ журналистері де жақсы меңгере бастады.
Коммунистік оқу орындарында білім алған, ленинизм мен сталинизм
рухында тәрбиеленген журналистердің жаңа ұрпағы үшін бүкіл әлем
“біздікі” және “бөтен” болып екі дүниеге бөлінді. Кедейлер мен
кедейлікпен байланысты нәрсенің бәрі мадақталып, өзге құндылықтардың
104
мәні кемсітіліп социализмге жат, халыққа зиянды делінді. Баспасөз
идеологиялық құрал ретінде қаралды да, сол баспасөзді жасаушы
журналистердің өздері сталиндік жүйенің басыбайлы құлы болуға
айналды. Мерзімді баспасөзде қызмет істеген шығармашылық
интеллигенцияның бір бөлігі өздері алданғанымен қоймай, ел-жұртының
алдануына “жәрдемдескені” шындық. Олар әлеуметтік теңдік ұранымен,
коммунизм сағымымен туған халқының санасын бұрмалауға белсенді
түрде кірісті. Нәтижесінде қазақ қоғамында бұрын болып көрмеген жаңа
ахуал орнады.
105
|