ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ПАВЛОДАР МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТ
З.О. Дүкенбаева
ХХ ҒАСЫРДЫҢ
20-40 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫ
Оқу құралы
(Екінші басылым, қайта қарастырылған және толықтырылған)
Павлодар, 2008
УДК 94(574)
ББК 63.3(5ҚАЗ)
Д 86
Баспаға Абай атындағы Қазақ ҰПУ-нің жанындағы «Білім»
тобындағы мамандықтар бойынша оқу-әдістемелік секциясы
және ҚР БҒМ Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесі ұсынып, бекіткен.
Пікір жазғандар:
тарих ғылымдарының докторы, профессор Р.Ж.Қадысова
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент А.Е.Каримова
Дүкенбаева З.О.
ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы ұлт зиялылары: Оқу құралы. – Павлодар,
2008. – 245 б.
Оқу
құралында
20-40
жылдардағы
ұлт
зиялыларының
ХХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы тағдырлары зерттелініп, шығармашылық
интеллигенцияның өсу жолдары мен кәсіби қызметін жеке бөліп осынау хронологиялық
шеңберде талдау отандық тарихнамада алғаш рет қолға алынып отыр. Мақсат – өзіндік
ерекшеліктері мол әдебиет, баспасөз, өнер, ғылым қайраткерлерінің қызметін
мүмкіндігінше жүйелі, объективті, сыншыл тұрғыдан саралау. Оқу құралында
тоталитаризмнің қуғын-сүргініне ұшыраған Кеңестік Қазақстандағы шығармашылық
зиялыларының алғашқы ұрпағының қиын тағдыры нақты деректер негізінде
сипатталады.
Еңбек жоғары оқу орындарының “тарих” мамандығы бойынша білім алатын
студенттерге, магистрлерге, аспирантттарға және оқытушыларға арналған.
ISBN 9965-741-35-2
©Дукенбаева З.О.
© Павлодарский государственный педагогический институт, 2008
2
Д 86
Осы енбегімду отандық тарих
ғылымдарының көш бастауы болған,
ұлағатты ұстазым академик
Манаш Қабашұлы Қозыбаевқа арнаймын
Автор
КІРІСПЕ
Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері 17 жылға аяқ басты. Осы
уақыт аралығында егемен ел ауыз толтырып айтарлықтай елеулі
табыстарға қол жеткізді. Республикадағы саяси-экономикалық, әлеуметтік-
мәдени өзгерістер жасалды. Мұндай құбылыс ғылымға да тән болды.
Отандық тарих ғылымы тың деректер негізінде жазылған салиқалы
еңбектермен толтырылды.
Төл тарихымыздың қай кезеңін алып қарасақ та, зиялы атанған
адамдар, халқына қызмет істеген оқығандар, интеллигенцияның таңдаулы
өкілдері ұлттық элита қатарында болып келді. Оның себебі – халқымыз
рухани бай адамды материалдық жағынан дәулетті адамнан жоғары санап,
сыйлап келді. Қазақта өте зор ауқатты, “шіріген” байлар аз болмаған,
алайда олардың бірен-саранының ғана есімдері тарихымызда сақталған.
Ал сөз өнерінің (саз өнерінің де) майталман өкілдерінің есімдері мен
туындылары ел жадында мәңгі сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған.
Марксизм-ленинизм классиктерінің ой еңбегінің адамдары әрдайым
үстем таптың жаршысы (“сарай ақындары”) болып келді деген тезисі қазақ
тарихында расталмайды. Бұрынғы ақын-жыршыларымыздың мұраларында
қазақ-қалмақ, қазақ-шүршіт, қазақ-орыс шапқыншылық соғыстары, ел
ішіндегі руға бөлінушілік, хан мен қараның арасындағы қатынастар
көрініс тапса, ХХ ғасыр ұлы Абай салған дәстүр – жаман менен
жақсының, білім-ғылым мен надандықтық таласы, ұлт тағдырына пайдалы
мен зиян құбылыстардың қайшылықтары ашып көрсетілген, елдің санасын
оятып, өркениет биігіне шақырған шығармалармен басталды.
“Біз қазақ зиялыларының жалпы тарихын жазар белеске келіп
қалдық, - деп жазды академик М.Қ.Қозыбаев. – Онда зиялы қауым кім, ол
қай заманда жеке тап болып, топ болып қалыптасты, қандай кезеңдерді
басынан кешірді, қазақ зиялыларының өркениетке қосқан үлесі қандай? -
деген сияқты келелі сауалдарға жауап беруіміз керек. Бұл үшін зиялы
қауым тарихымен айналысар жас албырт буын тарихшылар тәрбиелеуіміз
керек” [1].
Осы себепті әлі де болса ғылыми түсінігіміз толық қалыптасып
үлгермеген, шынайы бағасын алмаған өзекті мәселелердің бірі – осы
ұлттық интеллигенцияның тарихы. Мәселенің кейбір қырлары әртүрлі
3
ғылыми әдебиетте кездескенімен, мақсатты түрде жеке зерттеу объектісі
ретінде осы күнге дейін қолға алынбай келген еді. Өзімізге дейінгі
интеллигенция тақырыбына қалам тартқан бірталай ғалымдардың
еңбектеріне құрметпен қарағанның өзінде, өз шешімін күткен көптеген
маңызды үлкен ғылыми проблемалардың бар екендігіне көзіміз жетеді.
Зерттеулерде интеллигенцияның құрылымы жағынан күрделілігі
әрдайым ескеріле бермейді. Осы уақытқа дейін интеллигенцияның
құрамына кімдерді кіргізу керектігі жөніндегі пікірталас тоқтаған жоқ.
Көпшілік мойындаған көпке ортақ концепция орнықпағандықтан,
интеллигенция тақырыбы ғылыми плюрализм аясында қалуда.
Біздің зерттеуімізге өзек болған шығармашылық интеллигенция –
зиялылардың алдыңғы тобы, “интеллектуалдық элита” аталатындар. Бұл
топтағылар, нақты алғанда – ғалымдар (ғылыми интеллигенция), ақын-
жазушылар, журналист-қаламгерлер, өнер қайраткерлері –
интеллигенцияның таңдаулы өкілдері, бүкіл ұлттың, жалпы Қазақстанның
рухани көшбасшылары болғандар. Сондықтан біз өз зерттеуімізде
интеллигенцияны әлеуметтік топ ретінде тұтас алмай, оның бір бөлігі –
қоғамның тыныс-тіршілігіне үлкен ықпал жасаған шығармашылық
еңбектің майталмандары – көрнекті мәдениет қайраткерлерінің қызметін
арқау етпекпіз.
Кеңестік дәуірде шығармашылық интеллигенцияның қоғамдық рөлі
бір қалыпты болмады. Оның қалыптасу, өсу үрдісі коммунистік
тарихшылар жазғанындай, үнемі өрлеу үстінде, “табыстан-табысқа”
жетумен сипатталмайды. Тоталитаризм жүйесінде зиялылардың тағдыры
драмалық, трагедиялық сипат алды. Мұны деректер кешені айқын
аңғартады.
Тарихи әдебиетте қазақтың шығармашылық интеллигенциясының
қалыптасу жолы жүйелі әрі жаңа тұрғыдан сараланып зерттелмей
келгендіктен оның орны әлі толық анықталған жоқ. Оның басты өзіндік
ерекшеліктері – ұлт санасын қозғаушы рөлін атқаруы, тоталитаризмге
қарсылық көрсеткендердің алдыңғы қатары болуы, т.б. көптеген аса
маңызды, өнегелі-тағылымды іс-әрекеттері ашылмай келді. Оның үстіне бұл
тақырыпта ертеректе жазылған дүниелер де өзін жаңғыртуды қажет етеді.
Зиялылардың жеке өкілдерінің (Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов,
Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин т.б.) шығармашылығы мен
қоғамдық-саяси қызметі жөніндегі кандидаттық диссертациялар деңгейінде
жүргізілген зерттеулер проблемалар мен сұрақтарды азайтудың орнына
көбейте түсуде. Әдебиетші-ғалымдардың еңбектерінің көбінде олардың
шығармашылығына ден қойылып, қайраткерлік, күрескерлік қызметі,
қоғамдық ойға тигізген әсерлері туралы жазғанда дәлсіздіктерге,
қайшылықтарға жол береді. Бұл зерттеулер байыпты қорытуды қажет етеді.
Аталған тақырып қазақ топырағында ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық
дәстүрлер жалғастығы тұрғысынан өзінің өзектілігімен ерекшеленеді.
4
Ұлттық шығармашылық интеллигенцияның алғашқы ұрпағының аса
күрделі өмір жолын тиянақты зерттеудің үлкен ғылыми мәнімен қатар
тәрбиелік маңызы да зор. Шығармашылық интеллигенция өкілдерінің
көпшілігі өз замандастарына рухани ұстаз болуымен бірге, кейінгі
ұрпақтар үшін де жарқын өнеге болып табылады. Олардың өмірі де,
туынды-шығармалары да жастарымызға халықшылдық, патриоттық,
адамгершілік сезімдерін баулуға септігін тигізіп, ұлттық сананы
жетілдіруге қызмет етеді.
ХХІ ғасыр басындағы Қазақ елінің алдындағы абыройлы мақсаттың
үлкені – рухани және материалдық мәдениетімізді дамыту арқылы
қоғамымызды, Қазақстан мемлекетін іргелі жылжыту болып табылады.
Осы биік мақсаттан мәдениеттің субъектісі, авторы, жасаушысы ұлттық
шығармашылық интеллигенцияға айрықша көңіл бөлу қажеттігі келіп
туындайды. Өркениетті елдерде өздерінің көрнекті оқығандарын,
ғалымдарын, қалам және қылқалам шеберлерін, бір сөзбен айтқанда
мәдениет қайраткерлерін қадірлеп, оларды материалдық және моральдық
жағынан қолдаудың бірталай дәстүрлері қалыптасқан. Сондай игілікті де
ізгілікті дәстүрлер Қазақстанда да қалыптасып, берік орнығуына
бағытталған шаралар қабылдануы қажет. Соңғы уақытқа дейін қазақтың
талай майталман ақындары, өнер иелері, ғалымдары, мысалға Қасым
Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Ақжан Машанов, Шәмші Қалдаяқов
өмірінде ауыртпашылықтардан басқа өкімет тарапынан ешқандай қолдау
көрмей дүниеден өткенде ғана, уақыт өткізіп барып, мерейтойларын атап,
сый-сияпат, қолпаштау әдеті парасаттылыққа жатпаса керек. Алаш
зиялыларын, Сәкен Сейфуллин бастаған шығармашылық
интеллигенцияның жаңа ұрпағының 1937-1938 жылдары атылып кетуіне,
Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ермұхан Бекмаханов, Қайым
Мұхаметханов, т.б. ғалымдардың қуғындалуына жол берілмесе керек-ті.
Шығармашылық интеллигенцияның тарихын жан-жақты әрі терең зерттеу
олардың қадірін жете түсінуіне қызмет етеді.
Ұлттық шығармашылық интеллигенцияның тағдырын зерттеу рухани
тегімізді тануға септігін тигізеді, тарихымыздың тұңғиық тереңінен бастау
алатын рухани әлемімізге бойлауға мүмкіндік береді. Белгілі ғалым Ақселеу
Сейдімбек бұл туралы: “Халықтың рухани әлеміне ден қойғанда, өткенін,
бүгінін және болашағын біртұтас тарихи-мәдени процесс ретінде қарағанда
ғана ғылыми шындықтың шоқтығына қол тигізуге болады” [2] дей келіп,
жеке бір саладағы рухани өрісті бажайлаумен ақиқатты тануға
болмайтындығын атап көрсетеді.
Шығармашылық интеллигенциясының қазақ қоғамындағы атқарған
рөліне байланысты осы күні күрделі проблемалар кешені жинақталып, өз
шешімін күтуде. Бұл күрделі тақырыпты ғылыми-объективті тұрғыдан
арнайы зерттемейінше ұлтымыздың тарихы толымды түрде жазылмайтыны
айқын болса керек.
5
Отандық тарих ғылымына аз да болса өз үлесімізді қосу мақсатында
жас тарихшы – зерттеушілердің назарына осы еңбегімізді ұсынып
отырмыз. Оқу құралы зиялылар тарихына зерттеулер жүргізетін жас
ізденушілерге көмегін тигізіп, ғылымды ілгерілетуге септеседі деп сенеміз.
Оқу құралының мақсаты – тарихтың әрқилы бұрылысында, әсіресе
үлкен сілкіністер, күрделі қоғамдық құбылыстар тұсында қазақ зиялылары
соның ішіндегі шығармашылық зиялылар ұлттық мүддені толымды түрде
білдіретін зор күшіне айналып отырды. Осындай тарихи кезең – ХХ
ғасырдың алғашқы жартысында, нақты айтқанда 20-40 жылдары қазақ
қоғамында атқарған рухани жетекшілік ерекшеліктері мен
заңдылықтарын, жас зерттеушілерге, студенттерге, меңгеруге көмектесу,
зерттеулер жүргізуге үйрету.
Оқу құралының міндеттері:
- келешек тарихшы мамандарды интеллигенция ұғымын нақтылап,
оның ауқымын анықтауға, жүйелеуге үйрету;
- әртүрлі кезеңдерде жазылған зиялылар ұғымының методологиялық
негіздеріне, ерекшеліктерін ескеріп, толтыруға машықтау;
- ғылыми зерттеулердің ұтымды тұстарымен қатар тарихнамалық
әдістерді тиімді пайдалану арқылы айқындау, баға беру қабілетін
қалыптастыру;
- еңбектерде сыни талдау әдістерін меңгеруге көмектесу;
- ғылымда зерттелмеген тың мәселелерді бүгінгі тарих ғылымының
жетістіктеріне сүйену арқылы анықтау жолдарын көрсету.
Айта кетерлік жайт, оқу құралы қазақ интеллигенциясының тарихын
толық қамтымайды. Бұл еңбек автордың қазақ зиялыларының алғашқы
буынының өкілдерін жазудағы алғашқы қадамдарының бірі, келешекте
зиялылар қауымына байланысты ауқымды, әрі тың, жаңа көзқарастар
негізіне арналған шығармалар жарық көрер деген үміттеміз.
6
ДӘРІС 1. ҰЛТТЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯ
ТАРИХЫНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Кеңестік дәуірде “халық интеллигенциясы” біртұтас “кеңес
халқының” құрамдас бөлігі саналды. Интеллигенцияны іштей жіктеу
олардың мамандығы мен қызметіне байланысты жүргізілді. Ал олардың
дүниетанымындағы айырмашылық, өзгешеліктері арнайы зерттелмеді.
Кеңестік интеллигенция түгелімен дерлік саяси көзқарасы біркелкі
коммунистік партияның бағытында делінді. Мұндай біржақты түсінік
шығармашылық интеллигенцияның ішкі өзгерістерінің мәнін жоққа
шығарды. Ал іс жүзінде шығармашылық интеллигенция өзге әлеуметтік
топтарға қарағанда ішкі жіктелісі көбірек болды. Шығармашылық
жұмыстың өзі адамнан даралықты, ой тәуелсіздігін талап ететіндігі белгілі.
Сондықтан шығармашылық интеллигенцияның тарихын зерттеуде жеке
тұлғалардың өзіндік ерекшеліктері мұқият ескерілуімен бірге, әлеуметтік
топ ретінде алып қарағанда да қандай болмасын біржақтылыққа жол
берілмеуге тиіс. Бұл басты әдістемелік талаптың бірі болғандықтан,
кеңестік дәуірде жазылған тарихи, әдебиеттану және өнертану
саласындағы туындылар қайта қаралуына негіз болып табылады.
“Біз өзіміздің мәдени тамырымыздан едәуір ажырап қалдық. Оның
есесіне өзге өркениеттер әсеріне көбірек ұшырадық” [1], - деп әділін
жазды Елбасшымыз Н.Ә. Назарбаев. Аталған құбылыстар ұлттық
шығармашылық интеллигенцияның ауыр тағдырына тікелей байланысты
болған өзгерістер.
Еуропоцентристік көзқарас тұрғысынан алғанда қазақ
интеллигенциясы Кеңестік дәуірде, мәдени революциядан соң, қазақтар
жоғарғы білімге ие бола бастаған уақытта қалыптасты. Оған дейін,
көшпелілер мәдениетіне кемсітіп қарайтын Еуропа үшін, қазақ қараңғы,
надан халық есебінде жүрді. Қазақ зиялысы Сұлтанмахмұт Торайғыров:
“Өнерлерді бұрын иеленген жұрт, кешірек қалған жұртты алып жейтін
аңым, тамағым деп білді” дегенде осы кемсітушілікті меңзеп жазған еді
[2]. КСРО тарихшылары дәстүрлі қазақ қоғамында ежелден бері ой
еңбегімен айналысқандардың, ақын-жырау, билер, зиялылардың өмір
сүргендігін есепке алмады. “Интеллигенция” ұғымына Маркс, Ленин
берген анықтамаға сәйкес келмегендіктен, қазақта ол “болған жоқ” деген
ресми тұжырым жасалды. Қазақты былай қойғанда Кеңестік
интеллигенцияның өзі пролетариат пен шаруа сынды алып таптардың
аралығындағы пәлендей маңызы жоқ өте жұқа жік саналды.
“Көрмес, түйені де көрмес” дегендей, қазақ қоғамының күрделілігі
бүркемеленіп, әдейі жабайылатып, бай-кедейден ғана тұратын етіліп, қазақ
елін кімдер басқарды, рухани өміріне кімдер жетекшілік етті, әдебиеті мен
өнері кімдерге байланысты өрбіді – бұл мәселелерге жете көңіл бөлінбеді.
7
Жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында ұлттық
шығармашылық интеллигенцияның өсуіне не кедергі келтірді дегенде
алдымен саяси себепті – Қазақстанның отар ел болғандығын айту керек.
Отаршылар қазақ зиялыларының, саналы, ұлтшыл оқығандарының
көбеюіне тежеу салып келді. Ежелден бері қазақтың ақын-жазушылары
мен өнер иелері шығармаларын өз халқына арнап шығарды, өз жұртын
жырлады, туындыларында ұлттың өмірін, көзқарасын, мүддесін білдірді,
сөйтіп қазақтың ұлттық санасын оятуы – ұлттық шығармашылық
интеллигенция мен отаршылдардың көздеген мақсаттарының қарама-
қарсылығын айғақтады.
Алдымен шығармашылық интеллигенция ұғымының аясын белгілеп
алуымыз керек. Бірталай замандас-ойшылдарымыздың латын сөзі –
“интеллигенцияны” аудармай, өзге жұрт сияқты сол қалпында қолдануды
жақтағанымен, интеллигенттерді “зиялы” деп қазақшалап, шығармашылық
интеллигенцияны “зиялы қауым” деп атау орын алды. Ойлап қарасақ,
“зиялы қауым” деген көпше атауда біршама жасандылық, артық
айтқандық бар сияқты. Біздіңше, зиялы – жалқы есім, ол нақты тарихи
тұлғаға (немесе замандасымызға) қаратып айтылуға тиісті қадірлі ұғым.
Бізге белгілі зиялылардың әрқайсысы – ешкімге ұқсамайтын тұрпатты,
“сыңары жоқ” (Шәкәрім), қайталанбас бейне, замандастарының алды,
теңдесі жоқ шығармашыл еңбеккер.
Біздіңше, қазақтың “зиялы” деген сөзінің аясы “интеллигенция”
ұғымынан әлдеқайда кең әрі биік, ерекше құрметті сөз. Зиялы деп біздің
құрмет тұтатын абзал азаматтарымыздың көбі шығармашылық
интеллигенциядан шықты, әйткенмен де шығармашылықпен
айналысатындардың бәрін зиялы деп мақтаныш ете алмаймыз. Зиялы –
ұлттық мәдениетті жасаушы ғана емес, “Өлмейтұғын артына сөз
қалдырған” (Абай) ойшыл, халқының қамын ойлаушы, рухы биік парасат
иесі, жұртының жанашыр – қорғаны бола білген қайраткер, ел мүддесі
үшін күрескер.
Зиялылар адам баласының басты қасиеттері – ойлау қабілетін,
санасын, ақылын – игілікке, ізгі мақсаттарға жұмсаған көпке пайдалы істерге
бағыттаған, ұлттық мәдениетті алға бастырып, руханиятқа өзіндік үлес
қосуға қолданған, жаңашыл, жасампаз жандар. Тарихи әдебиеттер
халқымыздың дана, данышпан, кемеңгер, ғұлама, хәкім аталған ұлы
тұлғаларының бәрі – зиялылар болғандығы және олардың шығармашылық
интеллигенцияға тән еңбекпен дараланған тұлғалар екендігі айтылмай келді.
Біз зиялы атану үшін міндетті түрде әл-Фараби сияқты әмбебап
ғұлама, Абылайдай елбасшы, Бөгенбайдай қолбасшы, Абайдай дана болу
керек демейміз. Сонымен бірге, “зиялы” сөзін таза қазақи ұғым ретінде
қабылдап, оған ұлттық мазмұн берген дұрыс сияқты. Қазақ зиялысы
Батыстың да, Шығыстың да әлеуметтік құбылыстарға қолданатын теория,
өлшемдерімен өлшеп-бағалауға келмейді. Біз өз қайраткерлерімізге
8
өзіміздің ұлттық құндылықтар тұрғысынан баға беру керекпіз. Зиялылар –
тарих таразысынан абыроймен өткен адамдар. Ежелгі заман ғана емес,
кешегі өткен жиырмасыншы ғасыр шежіресі айқын көрсеткендей,
тарихымызда зиялы деп есімін мақтан тұтарлық тұлғалардың табылып
жатуы да заңдылық. Зиялыны тануға қазақтың мақал-мәтелдері
көмектеседі: “Жорытқанның бәрі жолбарыс емес, жүгіргеннің бәрі жүйрік
емес, ұйқастырғанның бәрі өлең емес”, “Ханның бәрі – Абылай емес,
батырдың бәрі – Ағыбай емес”, “Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар” т.б.
Зиялылық сандық емес, сапалық қасиет. Зиялы – рухани өресі кең,
ойы терең, халқының даналығын бойына жинақтаған адам. Қоршаған
ортасына, өзіне де, өзгеге де сыншылдықпен қарайтын, қоғамдық
құбылыстарға өзіндік көзқараспен, адамгершілік, имандылық тұрғысынан
бағалайтын гуманист. Өз тағдырының халық тағдырымен тығыз
байланыстылығын жақсы ұғынған, халық мүддесін бәрінен де жоғары
қойып, халықтың жоғын жоқтаушы, қорғанышы, ұлттық мұраттар
жолындағы табанды күрескер. Саяси жағынан зиялы – бостандықтың,
демократияның, ұлттық және мемлекеттік тәуелсіздіктің жаршысы.
Зиялылардың шығармашылық мұрасы олардың ұлт тәрбиешісі
болғандығын көрсетеді. Өзге елдерде интеллигенцияны “халықтың ары”
деп атайтын болса, қазақта халықтың ары болған түгел интеллигенция
емес – зиялы перзенттері.
Ұлттық шығармашылық интеллигенцияның тарихын объективті
зерттеу үшін тарихшыға мәдениеттану атты үлкен ғылымның құрамдас
бөліктері – әдебиеттану, өнертану, ғылымтану, театртану сияқты
әрқайсысы дербес ғылымға айналған ілімдердің жетістіктерін ұқыпты
түрде зерделеп-қорытуға тура келеді. Екінші жағынан, шығармашылық
интеллигенция әлеуметтік жік болып табылатындықтан (кейде әлеуметтік
топ деп те аталады), әлеуметтану ғылымының заңдары тұрғысынан мұқият
тексеріліп, қоғамдық дамудағы орнын дөп басып, тарихи мән-маңызын
ашып көрсетілуі қажет. Өзге ғылымдардың “бақшасына” түспей-ақ,
шығармашылық интеллигенцияның қалыптасу, өсіп-жетілу жолдарын
тарих ғылымы тұрғысынан зерттеу қажеттілігі талас тудырмаса керек.
Шығармашылық интеллигенцияның қызметі әдеби, яки көркемөнер
туындыларын жасаумен ғана шектеліп қоймайды. Шығармашылық
интеллигенцияның өзге интеллигенциядан айырмашылығы да – оның
қызметінің айрықша қоғамдық-әлеуметтік маңызы болуында. Сондықтан
да шығармашылық интеллигенцияның өткен жолын тарихшы – ғалымдар
зерттемейінше, ол туралы танымымыз толымды бола алмайды. Бұған
біздің зерттеп отырған жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында өмір
сүріп, қызмет еткен шығармашылық интеллигенцияның тағдыры айқын
дәлел болып табылады. Аталған хронологиялық шеңбердегі ұлттық
шығармашылық интеллигенцияның қызметіне қатысты тарихи тұрғыдан
жете зерттеуді қажет ететін бес түрлі мәселені ерекше бөліп атау керек.
9
Біріншіден, жиырмасыншы ғасырдың әсіресе алғашқы ширегіндегі
шығармашылық интеллигенция қызметінің басты мазмұны мен мақсаты –
ұлт-азаттық қозғалысқа құлшына араласуы, жетекшілік етуі. Бұл – қазақ
зиялыларының, шығармашылық интеллигенцияның көптеген өкілдерінің
қоғамдық-саяси белсенділігі шыңына жеткен кезең болды. Өздерін саяси
күрескерлер ретінде танытқан ағартушылар, қалам қайраткерлері,
ғалымдар, өнер иелері ел бостандығын барлық қызметінің негізі,
түпқазығы санап, осы бағытта әрекет етті. Ұлтына қорған болу әрекеттері
жеке зиялылардың іс-қимылынан елуінші жылдарға дейін байқалды.
Екіншіден, ұлт азаттығына қол жеткізудің жолы – ел бірлігін орнату
деп білген шығармашыл қайраткерлер қазақтың жалпыұлттық ынтымағын
қалыптастыруға қызмет етті. “Айқап” пен “Қазақ”, “Алаш” пен
“Сарыарқа”, “Ақжол” мен “Еңбекші қазақ” ашық та астарлы түрде
ауызбірлікке, татулыққа шақырып, Абай ұлағаты “Біріңді қазақ, бірің дос,
көрмесең істің бәрі бос” сөздерін іске асырмай түпкі мақсаттарға жетудің
қиын екендігін ел-жұртына түсіндірумен болды. Оқығандар өздерінің
идеолог ретіндегі парызын әртүрлі атқарды.
Үшіншіден, тарихшы көзімен қарағанда, шығармашылық
интеллигенция қызметінің ең маңызды қырларының бірі – ұлттық
мәдениетті, салт-дәстүрлерді, қазақтың бүкіл рухани құндылықтарын
отаршылдардан қорғау болды. Бұл бағытта не істелді, қорғай алды ма,
жеңістері мен жеңілістері неде – осы зерттеудің бір арқау етілді.
Төртіншіден, жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы елдің
рухани жетекшілері алдында тұрған күрделі тарихи міндет – қазақ
халқының сауатын ашу, білім, ғылым, техникаға тарту арқылы мәдени
дамуын жеделдету, әлеуметтік-экономикалық артта қалушылығын жою.
Бұл салада да интеллигенция қауымының тарихи әдебиетте әлі көрініс
таппаған мақтан етерлік жетістіктері мен ұяларлық кемшілік, қателері
жетерлік болды.
Бесіншіден, шығармашылық интеллигенцияның бірі – талай жеке
өкілдерінің өмірбаяндарын тарихшылар емес, өзге маман иелері жазғандықтан
тарихшы көзімен қарағанда көптеген “ақтаңдақтар”, көмескі беттер,
сәйкессіздік, бұра тартушылықты көрмеуге болмайды. Оның үстіне тарихи
зерттеулерде де, өзге де гуманитарлық ғылымдарда да ескі идеологияға
бейімделіп жазылған пайымдаулар жаңаша ой түзеуді қажет етеді.
Аталған мәселелер шығармашылық интеллигенцияның қоғамдық
маңызы бар қызметін ашып көрсетуге қатысты проблемалар кешенінің
жалпы сұлбасы есепті. Өмір қандай күрделі болса, шығармашыл
адамдардың тағдырларының алуандығы да шексіз, зерттеушінің ақиқатқа
жету жолындағы кедергі, қиыншылықтар да көп кездеседі.
Қиыншылықтың үлкені – шығармашылық интеллигенция өкілдерін
бір қалыпқа салып, бәріне бірдей алдын – ала белгіленген өлшеммен
қарауға болмайтындығында. Сондықтан да оларды дүниетанымдар мен
10
көзқарастары жағынан жүйелеп зерттеу өте қиын шаруа. Мәселе олардың
Абай Құнанбаев айтқанындай, “бас басына би” болғандығында да емес,
немесе большевиктерше “байшыл-кедейшіл” деп тұрпайылап екіге бөле
салуда емес, шығармалары қаншалықты өзіндік дара сипатта жазылса,
қоғамдық-тарихи мәні бар қызметінің күрделілігін қайткенде, қандай
өлшем, әдістеме қолданғанда, шындықты ашып көрсетуге болады деген
сауалда.
Мәселен, білімді адам мен мәдениетті адам бірдей деп, екеуінің
арасына тепе-теңдік белгісін қоя алмайтындығымыз белгілі. Ахмет
Байтұрсынов бастаған ағартушы – зиялылар білімнің пайдасы мен зиянын
ерте түсініп, халық пайдасына қызмет еткен білім иесі ғана құрметтелуге
лайық деп есептеді [3]. Сол сияқты, адамның білім дәрежесі төмен не
жоғары болып, айырмашылығы өзгеріп отырғанымен, мәдени өрісі ол
бітірген оқу орнына тікелей тәуелді деуге келмейді. Қазақтың
шығармашылық интеллигенциясы тарихында діни немесе зайырлы оқуы
жоқ ақындар мен өнер иелері көп кездеседі. Сауаты жоқ адамдардың
шығармашылықпен айналысып, өз есімдерін төл мәдениетіміздің
тарихында мәңгі жазып қалдырғандары аз емес. Бұл жиырмасыншы
ғасырдың алғашқы жартысына да қатысты түйін.
Білімді адамдардың бәрін бірдей мәдениетті деп атай алмайтынымыз
сияқты, пәлендей оқуы жоқ адамдарды мәдениетті деп атауымызға толық
хақымыз бар. Бұл феномен білімге қарағанда ұлт мәдениетінің күрделірек
жүйе екендігін дәлелдейді. Білімі жоқ адамдардың мәдениетті болуының
себебі – олардың табиғат берген ақыл-парасатының арқасында рухани
мәдениеттің ең өзегі – ұлттық салт, әдет-ғұрыптарды, халықтың дәстүрлі
рухани байлық-қазыналарын терең меңгеруінде. Екінші сөзбен айтқанда,
оқығанынан тоқығаны көп, көкірегі ояу, көзі ашық жандар. Міржақып
Дулатов “Оян, қазақ!” деп жар салғанда (1909) бұлар оянушылар емес,
оятушылар болғандар. Міне, осындай жандардан зиялылар шығып, ұлттық
шығармашылық интеллигенция қалыптасты.
Зерттеушілер әдетте ғылыми интелллигенцияны “көркем өнер
интеллигенциясы” аталатын ақын-жазушылар, артистер, суретшілерге
қоспай дербес қарайды. Алайда біздің кейіпкерлеріміздің көпшілігін бұл
қалыпқа салып жіктеу мүмкін емес. Қазақтың шығармашылық
интеллигенциясының соғысқа дейінгі ұрпақтарына тән болған айрықша
қасиет – әмбебаптық (универсалдық) еді. Бұл – қазақ халқының рухани
құндылықтарға деген үлкен ұмтылысын танытатын қасиет еді. Ұлттық
интеллигенциямыз өздері қалаған мамандықтарын игеріп қана қоймай,
жапсарлас – жақын салаларды біліп-үйренуге деген ынтасы зор болды.
“Жігітке қырық өнер аздық етеді”, “Үйрен де жирен” деген сияқты халық
даналығын басшылыққа олар өнер, білім, ғылымның сан-саласын игеріп,
жаңа биіктеріне жетуге асықты.
11
Қазақи орта талантты әрі талапты ұл-қыздарды биік рухани
белестерді алуға итермеледі. Бұны Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов
бастаған алаш интеллигенциясының шығармашылық қызметінің кең
ауқымы айқын аңғартады. Кеңестік зиялылардың жетекші өкілі саналған
Сәкен Сейфуллин – мұғалімдіктен бастап ақын, журналист, прозаик,
драматург, сыншы, фольклор жинаушы, әдебиет зерттеушісі, оқулықтар
авторы болды. Сол сияқты Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет
Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, т.б. еңбек жолдарын
ақындықтан бастап, біртіндеп проза, драматургия, сын, әдебиеттің өзге де
жанрлары мен түрлерінде күштерін сынады, шығармашылық өрістерін
үздіксіз кеңейтумен болды. Олардың әрқайсысы бүкіл қазақ мәдениеті
үшін жауапкершілік сезінді. Әдебиет, театр, өнер, баспасөз бен баспа ісі,
ғылым, білім беру ісі, ана тілі – ұлттық мәдениеттің барлық жағын дамыту
жөніндегі заман талабын іске асыру міндеті – шығармашылық
интеллигенцияның күш-жігерін сарқа салуын қажет етті.
Шығармашылық интеллигенцияның халықтың рухани көшбасшысы
ретіндегі игілікті қызметі Кеңес дәуірінің алғашқы екі он жылдығында
айқын көрінді. Бұл кезең (1917-1937 жж.) сонымен бірге кеңестік
интеллигенцияның, соның
ішінде ұлттық
шығармашылық
интеллигенцияның әлеуметтік топ ретінде қалыптасқан уақыты да болды.
Бұл әлеуметтік топтың қоғамдық рөлі, шығармашылық және саяси
белсенділігі аталған уақыт шеңберінде бір қалыпты болмады.
Ғылыми әдебиетте қазақтың шығармашылық интеллигенциясының
қалыптасуы жүйелі әрі жаңа тұрғыдан сараланбай келді. Бұл тақырыпта
ертеректе жазылған дүниелер жаңғыртуды қажет етеді. Тарихшылар
қаламгерлер мен өнер адамдарының қызметін зерттемеді. Оның үстіне
тарихшы -ғалымдар әдебиеттанушылардың ақын-жазушылар туралы
жазғандарын, музыка, театр, кино қайраткерлері туралы
өнертанушылардың туындыларын қорытып, жүйелемеді. Тарихшылар
мәдениеттің даму үрдісін, ұлттық интеллигенцияның өсіп-жетілу жолын
негізінен партия мен өкіметтің қаулы-қарарларының қабылданып, іске
асырылуы тұрғысынан жазып келді.
“Интеллигенцияны білікті маман ретінде пайдалану бүкіл Ресейде
мықтап жүзеге аспағаны сияқты Қазақстанда да дұрыс жалғасын таба
алмай, орынсыз айтыс-тартыстың, қисынсыз күш көрсетудің, береке-
бірлікті ыдыратудың амалына айналып кетті. Ал зиялылар жөніндегі
саясатқа осыншама мән бергенде, қазақ оқығандарының ең көбі, қалың
шоғыры шығармашылық интеллигенция болғанын естен шығаруға
болмайды” [4] деп Тұрсынбек Кәкішевтің жазғанындай, мәселе
коммунист-басшылардың шығармашылық интеллигенциясының мән-
маңызын, қоғамдық рөлін дұрыс түсінбеуінде еді. Түсінген болсадағы
оларды дұрыс пайдаланбады.
12
ХVІІІ ғасырдан бері қазақтардың талай ұрпағы екінші Абылай туар
заман болар ма деп армандап өткені сияқты шын зиялыларға деген
қажеттілік те әр заманда өте өткір сезілді. Айта кету керек, бұл қажеттілік
қазіргі кезде де – Тәуелсіз Қазақстан жағдайында айқын сезілуде. Мұның
себебі – нағыз зиялының өте сирек туатындығы. Зиялылар өз заманынан
озып туатын тұлғалар екендігін қазақ тарихы айғақтады.
“Зиялы” деген сөздің қазақ тіліне қай уақытта енгені туралы
орнықты пікір айтылмай келеді. Абай Құнанбаевқа дейінгі жазба
деректерден біз бұл сөзді кездестіре алмадық. “Зиялы” сөзі Абай
Құнанбаевтың сөз қорында жоқ, оның есесіне Ұлттық Ғылым академиясы
дайындаған “Абай тілінің сөздігі” (1968) және қазақтың бүкіл зиялы
қауымы дайындады деуге келетін “Абай” энциклопедиясына (1995)
қарағанда данышпан ақын 6 мыңнан астам (6.293) сөз қолданған, оның
500-дейі 11 тілден (негізінен араб тілінен) алынған сөздер. Абай мағынасы
жағынан зиялыға жақын “ақыл”, “ақылды” деген сөздерді 207 мәрте
қайталаса, “ғалым” – 14 рет, “абыз” – 4, “ғұлама” сөзін 2 рет қолданса,
олардың антиподы – “надан”, “надандық”, “наданшылық", сөздерін 72
мәрте пайдаланған. Абайдың бізге жеткен мұрасында “ғылым” термині –
106, “білім”, “білімді” – 28, етістіктер “біл” – 319, “ойла” – 123, “оқы” – 53,
“ойлан” – 38 рет кездеседі. Әрбір сөзінің буынына дейін мұқият
қадағалаған ұлы ойшылдың шығармашылығында кездейсоқтық жоқ, оның
сөз қолданысының жиілігі (немесе сиректігі) парасатты зерттеушіні көп
ойға жетелейді. Абай қолданбаған сөзді ол дүниеден өткеннен кейін
санаулы жылдардан соң жарық көрген “Айқап” (1911-1915) журналы мен
“Қазақ” (1913-1918) газеті жиі пайдаланғандарын көреміз. Осыған қарап,
бұл сөзді қазақ тілінің қорына жиырмасыншы ғасыр басындағы ұлттық
демократ-ағартушыларымыз енгізді деген тұжырым жасауға болады.
Ерте заманғы зиялы деуге лайықты адам – абыз. Қазақ тілінің
түсіндірме сөздігінде “абыз” – “оқымысты, білгіш, көреген, сәуегей,
балгер” [5] делінеді. Бұған қарағанда абыздар көптеген ерен қасиеттерді өз
бойына жинақтаған елге қадірлі тұлғалар болған. Олар халқын сүйсе,
халқы оларды сүйген, құрметке бөлеген. Абыздардың атқарған қызметі
туралы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Абайдың 1933 жылы жарияланған
шығармалар жинағына жүргізген текстологиялық (мәтіндік) жұмыс
үстінде: “Абыз – ескі шаман дінін ұстаған кездегі қазақ сияқты елдің
көріпкел, сәуегей білгіші” [6] деп бір жазса, “Әдебиет тарихында”: “абыз –
ізгі, әулие ұғымдарын береді. Ертеде қазақ әулие көрген адамын абыз
деген” [7] деп анықтама береді. Мұхтар Әуезов осы еңбегінде абыздардың
ескілік пен жаңаның, ертедегі дүние мен мұсылманшылықтың жасаған
бітімінің көрінісі болғандығын атап көрсетеді.
Көне Қазақстанның рухани алып тұлғалары – қобыз атасы, философ
(“Қорқыт ата кітабы”) Қорқыт (VІІІ ғ.), әлемдік деңгейдегі ұлы ғұлама
энциклопедист Әбунасыр әл-Фараби (870-950), теңдессіз тарихи
13
ескерткіштер “Құтадғу білік” дастанын жазған Жүсіп Баласағұни (ХІ ғ.),
“Диуани лұғат ат-түрктің” авторы Махмұт Қашқари (ХІ ғ.), “Даналық
жайындағы кітапты” мұра еткен сопы, ақын Қожа Ахмет Иассауи (ХІІ ғ.),
“Ақиқат сыйының” авторы Ахмет Иүгінеки (ХІІ-ХІІІ ғ.), Мысыр әмірі
Сұлтан Бейбарыс (ХІІІ ғ.), қыпшақ тілінде жазылған атақты “Кодекс
Куманикустың” (ХІV ғ.) бізге беймәлім авторлары, қазақтың жоғын
жоқтаушы ақын Асан Қайғы (ХVғ.) зиялы аталуға тиіс адамдар. Қазақстан
мұсылмандарының жетекшісі, шығыстанушы – ғалым Әбсаттар
Дербісәлиев араб-парсы жазба деректеріне сүйене отырып, қазақ
топырағында туып-өскен көне заманғы 51 ғалым туралы тарихи
очерктерінің жариялануы біздің рухани мәдениетіміздің тамырлары
тереңде жатқандығын көрсетеді [8].
Қазақ хандығы заманында зиялы аталуға лайықты кісілердің
қатарында аталықтарды бөліп айтуға болады. “Аталық – хан ордасында
тақ мұрагеріне әскери тәрбие беретін және оқытатын жоғары мәртебелі
адам. Өзі тәрбиелеген ханзада билікке жеткен соң, оның кеңесшісі
қызметін атқарған” деген анықтама беріледі “Қазақстан” ұлттық
энциклопедиясында [9]. Мемлекет басшысын тәрбиелейтін ұстаздың
интеллектуалдық қабілетіне қойылатын талаптардың ерекше болғандығын
пайымдау қиын емес. Аталықтың дүниетанымы, саяси ұстаным
көзқарастары, білімі мен біліктілігі жағынан өзге ғұламалардан жай ғана
жетілген, жоғары болуы жеткіліксіз, ол – елдегі барлық оқыған –
білімдарлардың ең үздігі, жетекшісі болуы заңды көрінеді. Аталық – ханға
ықпалы жағынан да теңдессіз ерен тұлға болғандықтан, оның мемлекеттің
ішкі-сыртқы саясатына тигізетін әсерінің күші хан уәзірлерінің
қызметімен салыстыруға келеді.
ХVІ ғасырдан бергі заманның зиялы адамдары – Мұхаммед Қайдар
Дулати (ХVІ ғ.), Қадырғали Жалайыр (ХVІ-ХVІІ ғ.), Төле би (1663-1756),
Қазыбек би (1665-1765), Әйтеке би (1644-1700), Бұқар жырау (1668-1781),
Тәуке хан (1680-1718), Жеті жарғының авторлары (ХVІІ ғ.), Қазыбек бек
Тауасарұлы (1682-1776), Абылай хан (1711-1781), Кенесары хан (1802-
1847), Махамбет Өтемісұлы (1804-1846), Зар заманның үш ақыны: Дулат
(1802-1874), Шортанбай (1818-1881), Мұрат (1843-1906), Ұлы сазгер
Құрманғазы (1818-1889), Сүйінбай (1822-1895), Біржан сал (1834-1897),
Шоқан Уәлиханов (1835-1865), Ыбырай Алтынсарин (1841-1889), Ақан
сері (1843-1913), Абай Құнанбаев (1845-1904) арқылы біздің зерттеу
объектіміз – ХХ ғасыр ұрпақтарына жол салып берді. Қазақ зиялысы
есімдері аталған белгілі тарихи тұлғалармен әсте шектелмейді.
Біздің түсінігімізше, шын зиялы Абайдың “Өлді деуге бола ма,
ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған” деген жоғары талабына
сай келуі қажет. Абайдың “Естілердің сөзін ескеріп жүрген адам өзі де есті
болады” деген сөзіне үңілсек, мұндағы ел-жұртын есті ететін адам,
біздіңше, зиялы атануға лайық. Абайдың көзімен қарасақ, оның замандасы
14
Керей руының шешені Бегеш Сабанұлын (1834-1911) зиялы адам деп
санауымыз керек. Абай: “Керей маған Бегешін берсе, мен Тобықтының игі
жақсыларының бәрін берер едім” [10] деген екен. Ұлы ақынның аузынан
шығып, халық жадында сақталған осы сөздер басы артық түсіндіруді керек
етпейді. Бегештің Абайға – жалғыздықтың шерін тартқан кемеңгерге – ең
алдымен рухани жағынан жақын адамы болғаны күмән келтірмейді.
Тарихшылар Х.Әбжанов пен Ә.Әлпейісов интеллигенцияны
1. Интеллектуалдар; 2. Мамандар; 3. Жартылай интеллигенция деп үш
құрамды бөлікке бөледі [11]. Қос автордың жетістігі – еуропоцентризмге
негізделген жалпыға бірдей жүйелеуден бой аластап, Қазақстанның
ерекшеліктерін ескеріп, мәселеге тың көзқарас танытқанында. Авторлар өз
пайымдауларының дұрыстығына көңілге қонымды дәлелдер келтірген.
Біздің “зиялы” ұғымымыз олардың кітабындағы “ой еңбегі адамдарының
жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққан саңлақтары” деп атаған
интеллектуалдар тобына жақын келеді. Авторлардың бірінші топқа
жатқызған адамдарының Тұрар Рысқұловтан басқасының бәрі
(әдебиетшілер – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин,
Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Олжас Сүлейменов, Мұқағали
Мақатаев, ғалымдар – Ахмет Байтұрсынов, Санжар Аспандияров, Қаныш
Сәтбаев, өнерде – Күләш Байсейітова, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов,
Шәкен Айманов, т.б.) – түгелдей қазақтың шығармашылық
интеллигенциясының өкілдері болып табылады. Біздің жұмысымыздан
айырмашылығы – Х.Әбжанов пен Ә.Әлпейісов жалпы Қазақстан
интеллигенциясын алып қараса, біз қазақтың ұлттық интеллигенциясының
бір бөлігі – шығармашыларды жеке алып қараймыз.
Зерттеу барысында ұлттық интеллигенцияның өзіндік даму жолы
мен кезеңдері, құрамындағы өзгерістер, сан мен сапа жағынан өсу
заңдылықтары жөнінде өз көзқарастарымыздың қалыптасқандығын айта
кету жөн сияқты. Интеллигенцияны жөн-жосықсыз бөлу мұрат емес. Біздің
мақсатымыз – ұлттық шығармашылық интеллигенцияны “Қазақ
интеллигенциясы” атаулы үлкен әлеуметтік топтан ерекшелейтін
қасиеттерін мейлінше дәл анықтау, ғылыми сипаттама беру, өзіндік тарихи
жолын зерттеп, шыншылдықпен жазу. Біздің ойымызша, қазақтың ұлттық
интеллигенциясы бес құрамды бөліктен тұрады: 1. Зиялылар; 2.
Шығармашыл интеллигенция; 3. Мемлекеттік қызметкерлер; 4.
Мұғалімдер; 5. Мамандар.
Зиялылар, жоғарыда айтылғандай, жеке тұлғалардан тұрады.
Әлеуметтанушы ғалымдардың түсіндіруінше
[12]
интеллигенция
(әлеуметтік топ) ішіндегі келесі төрт бөліктің әлеуметтік жік аталуға хұқы
бар. Бұл жіктер өз кезегінше жеке бөліктерге бөлініп, дербес зерттеу
объектілері бола алады. Айталық, шығармашылық интеллигенция рухани
мәдениетімізде алатын орнына қарай (атқаратын рөліне қарай), қазақ
мәдениетінің негізгі салаларына сай (әдебиет, өнер, ғылым, ақпарат
15
құралдары, т.б.) ақын-жазушылар, артистер, ғалымдар, журналистер, т.б.
болып бөлінеді. Мемлекеттік қызметкерлер – басқарушы, бақылаушы, сот,
полиция, т.б. деп жіктеледі.
Шығармашылық интеллигенцияға өзге әлеуметтік жіктерден
мұғалімдер жақын. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында қазақ
әдебиеті, өнері мен ғылымына келгендердің басым көпшілігі мектеп
мұғалімдері болған еді. Жоғарғы оқу орындарын бітіріп, шығармашылық
интеллигенция қатарына енгендердің дені жиырмасыншы жылдардың
екінші жартысында келді. Кейінгі жылдары да жоғарғы оқу орындарының
оқытушылары мен оқу-әдістеме ғылыми-зерттеу мекемелерінің
қызметкерлерін былай қойғанда, мектеп мұғалімдерінің үздік өкілдері оқу-
тәрбие ісіне шығармашылықпен қарады, оқулықтар жазды, зерттеулер
жүргізді. Солай бола тұрса да, мұғалімдер өзінің ерекше әлеуметтік қауым
ретіндегі дербестігін (статусын) сақтап келеді. Мұғалімдер білімі мен
кәсіби шеберліктеріне орай жіктеледі. Мамандар да алған білімдеріне,
лауазымдарына (мыс: менеджерлер) біліктілігіне, материалдық
жағдайының айырмашылықтарына байланысты бөлінеді.
Бұл жіктеу тек қана қазақ интеллигенциясына қатысты екендігін
және оған сүйеу бола аларлық негіздер де ұлт болмысынан келіп
шығатындығын баса айтуға тиістіміз. Алдымен “ұлттық интеллигенция”
ұғымын әлеуметтік термин ғана емес, тарихи категория деп те алғанымыз
жөн сияқты. Жоғарыда айтылғандардың бәрі зерттеу тақырыбының аясын
айқындауға бағытталған бүгінгі заманның көзқарасы. Ғасыр басында (1900
жылы), немесе бел ортасында (1950 жылы) төл интеллигенциямыздың
құрамы басқаша жіктелді, шығармашылық интеллигенция деген атау да
болмаған еді.
“Зиялы” деген термин, біздіңше, қазақшаланған араб сөзі.
Л. Рүстемовтың сөздігінде бұл сөздің түбірі “зийа” – араб тілінде нұрлы,
сәулелі деген ұғымды білдіретіндігі жазылған [13]. ХХ ғасырдың
басындағы қазақ ағартушылары араб сөзіне “лы” жалғауын қосу арқылы өз
ана тіліне икемдеп қолдана бастады. Сөз ауқымын кеңейтіп, мағынасын
тереңдетіп, парасатты, ақыл, нұр шашқан, таза, мөлдір, шам-шырақтай
жарқыраған, жарығы күшті білім иесі ұғымдарының синонимі етіп, ұлттық
сипат берді. Сондықтан да бұл термин өзге түркі тілдерінде жоқ таза қазақ
сөзі болып табылады.
2002 жылдың 18 наурызында Қазақстан Республикасы Үкіметінің
жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссиясы (Мемтерминком)
“интеллектуалдық” деген сөзді “зияткерлік” деп бекітті [14]. “Зият” (сын
есім) сөзі артық, жақсы деген ұғымды білдіреді [15]. Бұл жаңа сөздің
авторы (авторлары) интеллектуалдық ең бастысы ой артықшылығымен
ерекшеленеді деп пайымдаса керек. Бұл сөздің өміршеңдігін болашақ
көрсетеді.
16
Зиялылар – уақыт таразысынан өткен адамдар. Есімдері ел жадында
сақталмаған, шығармалары ұмыт болғандарды зиялы деп атауға болмайды.
Ел үмітін ақтамаған оқығандар әр кезде де аз болмаса керек. Сондықтан
бүгінгі күні тарихи әдебиетте аттары аталып жүрген зиялылар ұлттық
интеллигенцияның тарих елегінен абыроймен өткен санаулы ғана өкілдері
екендігін атап көрсету лазым. Тарихымызда зиялы деп есімін мақтан
тұтарлық тұлғалардың табылып жатуы да заңдылық.
Осыған орай, зиялылық сандық емес, сапалық ұғым екендігін
негіздеуде арнайы тоқталып өтуді қажет ететін мәселе – әдебиеттануда да,
тарихи шығармаларда да жиі кездесетін “жазушы”, “ақын”, “тарихшы”,
“этнограф” деген дефинициялық атаулардың негізсіз оңды-солды
қолданылуы. Кейбір басылымдарда бірнеше өлеңдері жарияланған адамды
“ақын” деп асыра бағалау, мазмұнында айтарлықтай жаңалығы жоқ
аумағы шағын бірнеше мақалаларды жазған адамды “этнограф”, “заңгер”,
“экономист” т.с.с. деп мадақтау әдеті орын алуда. Кейбір шағын
мақалалардың ғылыми мәні зор, жалғыз мақала болса да оның авторының
ғылымға қосқан үлесі әділ бағалануға тиіс, әйтсе де “ән айтқанның бәрі
бірдей әнші емес” дегендей, өлең жазғанның бәрі бірдей ақын еместігі
сияқты бір-екі мақала жазған кісіні журналист, ғалым деп бағалау жоғары
талғам тұрғысынан объективті баға бола алмайды.
Ғылыми әдебиетте ескі оқығандардың республикадағы мәдени
революцияның жауы ретінде сипатталуы ұлттық шығармашылық
интеллигенцияның тарихын дұрыс түсінуге көпке дейін кедергі жасап
келді. “По сути дела, объединившись с великодержавными шовинистами,
буржуазные националисты намеренно задерживали развитие школы,
препятствовали открытию высших учебных заведений в Казахстане” [16]
деп жазды Қазақстан мәдениеті тарихының жетекші маманы академик
Р.Б.Сүлейменов. Шындықтың өңі өрескел бұрмаланғандығы тоқсаныншы
жылдары айқын сезіле бастады.
Тоқсаныншы жылдары мерзімді баспасөз, БАҚ-тың барлық түрінде,
арнаулы әдебиетте, құжаттар жинақтарында, тарихшылардың,
жазушылардың, журналистер қауымының жарияланымдарында көптеп
келтірілген жаңа деректер “буржуазиялық ұлтшылдар” делініп
қуғындалған азаматтардың, сталиндік лагерьлерге айдалған, түрмелерде
атылған арыстардың жазықсыз екендігі айқындала түсті. Деректер
қазақтың ескі оқығандары кеңестік мектептерге қарсы күрескен жоқ,
керісінше кеңестік оқу жүйесінің қалыптасып-орнығуына жанын сала
қызмет еткендігін айғақтайды. Ахмет Байтұрсынов бастаған Алашорда
қайраткерлері төңкеріске дейін басталған өздерінің халық ағарту
саласындағы қызметін кеңес өкіметі кезінде де жалғастырды.
Шығармашылық интеллигенция өкілдері турасында тарихи
әділеттіліктің орнауы өте үлкен қиыншылықтарға тап болды. Сталиннің
жеке басына табыну саясатын әшкерелеген СОКП-ның ХХ съезінен кейін
17
жазықсыз қаза тапқандардың есімдерін ақтау ісі кең көлемде жүргізілді.
Қазақтың шығармашылық интеллигенциясынан ең алдымен “Қызыл
сұңқар”, революцияшыл ақын Сәкен Сейфуллин ақталды. Коммунистер ең
алдымен ақталып, ал партияда жоқтардың істері жасанды көп кедергілерге
ұшырады.
Мысалға, Ахат Шәкәрімұлының талмай ізденуінің нәтижесінде 1958
жылы қазан айында КСРО Прокуратурасының шешімімен Шәкәрім
Құдайбердіұлы ресми түрде ақталды. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлының
әдеби мұрасы сексенінші жылдардың аяғында, яғни отыз жылдан кейін
жарық көрді. Шәкәрім Құдайбердіұлы ақталған бойда оның
шығармаларын жинауға кірісіп, жариялау ниетімен зерттей бастаған
әдебиетшілердің еңбегі еш болды. 1959 жылы 15-19 маусымда Алматыда
Қазақ КСР-і Ғылым академиясы ұйымдастырған қазақ әдебиетінің негізгі
проблемаларына арналған ғылыми-теориялық конференция Шәкәрім
Құдайбердіұлының шығармашылығын терең зерттеу қажеттігін өз
қаулысында атап көрсетті [17]. Шәкәрімнің туындыларын жинау, жүйелеп
баспаға даярлау он жылға созылып, 1969 жылы желтоқсанда аяқталды.
Алайда, Әдебиет және өнер институтының ғалымдары көп жылдар бойы
еңбектенген қолжазба кітап болып жарыққа шығуына Қазақстан
Компартиясының Орталық Комитеті тосқауыл қойды.
Шәкәрім Құдайбердіұлына қатысты жағдай Мағжан Жұмабаевтың
ақталуында қайталанды. Мағжан Жұмабаевты Түркістан Әскери округінің
Әскери трибунасы 1960 ж. 8 тамызда толық ақтаған еді. Бірақ
Коммунистік партияның идеологтері кейбір санасыз қандастарымыздың
(оның ішінде аға буын ақын-жазушылар да болды), әсіресе белсенділігі
мен сыбырлауының арқасында Мағжан Жұмабаевтың мұрасын жариялауға
тыйым салды. Ойлап қарасақ, “адал коммунистер” Мағжан Жұмабаевтың
ақындық қуатынан сескенді, ақын шығармаларындағы шындықтан
қорықты. Сондықтан да Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері ұлтшылдықтың,
түрікшілдіктің, байшылдықтың ұрығын себеді, интернационалдық тәрбие
мен халықтар достығына зиян тигізеді деген желеумен халықтан
жасырылды. Алайда, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысындағы
қазақтың шығармашылық интеллигенциясының ең озық өкілдерін атып
құртқан коммунистік диктатура құлап, келмеске кетті.
Сексенінші жылдардың екінші жартысында КСРО-да басталған
қоғамдық процестер, Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы,
демократиялық сипаттағы өзгерістер ұлттық құндылықтарды қайта
бағалауға түрткі болды. Халықтың өз тарихының осы уақытқа дейін
бүркемеленіп келген тұстарын білуге деген ынтасы күшейді. Әсіресе
Сталиндік заманның зорлықтарын әшкерелейтін зерттеулерге деген үлкен
сұраныс туды.
Ал қазақтың шығармашылық интеллигенциясының кеңестік
тоталитаризм дәуіріндегі тарихына деген қоғамдық қызығушылық әсіресе
18
1988 жылдың желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық
Комитетінің Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан
Жұмабаев, Міржақып Дулатовтың шығармашылық мұрасын зерттеу
жөніндегі Комиссиясының қорытындысының жариялануынан кейін күрт
артты. Қазақ халқы өзінің жазықсыз қаза тапқан асыл перзенттері туралы
шындықты білуге асықты. 1989 және 1990 жылдары бес арыстың
шығармалар жинақтары жарық көрді. Мерзімді баспасөзде, кітап
баспаларында алғашқы зерттеулер, естеліктер көптеп жариялана бастады.
Бұл игілікті үрдіс саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлттық шығармашылық
интеллигенция өкілдері туралы ақиқаттың ашылуына қызмет етті. Соңғы
он-он бес жылда қазақтың шығармашылық интеллигенцияны объективті
тануда істелген істер бұған дейінгі 70 жылдық кеңестік дәуірде
істелгеннен әлдеқайда артық болды. Шығармашылық интеллигенцияның
өткен жолын және бүгінгі қоғамдағы атқаратын қызметін зерттеу мұндай
көлемде жүргізіліп көрмеген еді.
1920-1930 жылдардағы шығармашылық интеллигенцияның бүгінгі
ұлттық интеллигенцияға үлгі боларлық ізгі қасиеттері аз емес. Сондай
қасиеттерінің бірі – ұрпақ сабақтастығын сақтауы, данышпан Абай
дәстүріне адалдығы. Ресми саясатты жүргізушілер ұрпақтар байланысын
үзуге тырысып, өткеннің бәрін тәрк еткенде олар Абайдың ұлылығын
қызылдардың шабуылынан қорғады. Абайды бай-феодалдардың ақыны
деп сөгуші әсіре тапшыл коммунист-жазушылар осы кезде бой
көрсеткенімен, көп ұзамай олар Абайдың қазақ мәдениетіндегі алатын
орны жөніндегі көзқарастарын өзгертті. Ұлттық шығармашылық
интеллигенцияның негізгі бөлігі Абайды пір тұтты, оның асыл мұрасының
қадірін дұрыс түсініп, аса жоғары бағалады.
Абайға тән сыншылдық дәстүр сол тұстағы бірталай ақын-
жазушылардың шығармашылығында бой көрсетті. Мәселен, Сәкен
Сейфуллин өзіне тән ұлтжандылықпен қазақ мәдениетін басқа
республикалардағы жағдаймен салыстырып, өз елінің мәдениет
қайраткерлерін қатал сынға алды (“Мәдениет майданы” мақаласы, 1934
жыл). “Әдебиет майданы” журналы “уақытында шығып тұрмайтын болған
соң, оған жазушылар да салақ, оқушылар да салақ. Шыққан
кітаптарымыздың саны аз. Ол аз кітаптарымыздың өзі сапа жағынан
нашар. Шығармалар да жалаң, “жасасыннан” басқа нәрселерге жол беруді
білмейді, әлі бірінші сатыдағы саяси әліп-бимен келеміз” [18] дей келіп,
Сәкен Сейфуллин татар, өзбек театрларына қарағанда, қазақ театрының
әрекеттері “көбі шала сауатты”, жаңадан ашылған музыкалық театр
(қазіргі Абай атындағы опера және балет театры) “Үні алты қырдың
астынан естілетін, 10 шақырымдай жерге саңқылдап жететін” Үкілі
Ыбырай сынды хас өнерпаздарды жинай алмай отыр деп сынады. Мұндай
өз ұлтына деген сыншылдық көзқарас шығармашылық интеллигенцияның
барлық ұрпағына тән қасиет болды.
19
Соғысқа дейінгі дәуірдегі ұлттық шығармашылық
интеллигенцияның тарихын айқындау бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан
Республикасының зиялыларын, шығармашылық интеллигенцияның қазіргі
ұрпағын тануға септігін тигізеді. Ұлттық шығармашылық интеллигенция
өзі пайда болған кезеңнен біздің заманымызға дейін қазақ қоғамының
рухани жетекшісі болып келді. Қоғамдық ойдың қозғаушы күші, елімізді
өркениет биігіне бастаушы ретіндегі абыройлы қызметін шығармашылық
интеллигенциямыз жиырма бірінші ғасырды үлкен жауапкершілікпен
атқаруда.
20
Достарыңызбен бөлісу: |