Заманауи көркем туындылардағы әлеуметтік көрініс
Қазіргі қазақ прозасында сан түрлі тақырыпта әдеби туындылар жазылуда. Жазғанның бәрін жазушы дей бермейміз, сонда да қазіргі әдебиетке сыни тұрғыдан қарайтын кішігірім қабілет пайда болғандай, әдебиетті де таңдап, талғап оқитын оқырман қалыптасты. Қазіргі жазушылардың әлемдері жастарға қызғылықты, бүгінгі күннің тақырыптарын әдемі қозғай біледі. Сондай жазушылардың бірі – Тұрысбек Сәукетаев. Жазушының «Айқараңғы» және «Мен жындымын» секілді романдары көршілік қауымның көңілінен шықты. «Мен жындымын» романы 2016 жылы «Алтын қалам» конкурсында «Үздік роман» номинациясы бойынша бас жүлде алған болатын.
Бір жағынан алғанда екі шығарманы оқу барысында ұқсастықты көруге болады. «Айқараңғыда» суреттелетін қарапайым халық өмірі мен «Мен жындымында» бас кейіпкердің кешіп отырған тағдыры. Тәуелсіздікке дейін халық жағдайы, Тәуелсіздік туын желбіреткеннен кейінгі деңгей. «Мен жындымын» романындағы кейіпкеріміз Тәуелсіздікке дейіңгі өміріне риза еді. Білдей бір фирманың экономисті болып, орталықтан үш бөлмеге иемденіп, әйелі екеуі тым жақсы өмір кешіп жатқан болатын.
Жұмыссыз болып алдымен өзі, кейін кітапхана жабылып, әйелі жұмыссыз қалады. Осы жердегі мына сөздерден сол кездің жағдайын көрек аламыз: «Е, қазір кім кітапті керек қылады нан таба алмай жүргенде. Ол да дұрыс қой». Сол кездегі қарапайым халықтың ауыр жағдайы өте нанымды суреттеледі. «Айқараңғысы» романындағы Әзиз-Сұлтан отбасының жағдайы қандай еді?! Он бір жасар егіз інілерінің көріп жатқан балалығын оқып, қатты намыстанасың. «Он бір жасар қарт» болды деп көрсетеді. «Мен жындымындағы» Қапшағайдан келе жатып, барар жері жоқ кейіпкеріміз бір қазақтың үйіне құдайы қонақ болып барғанда көрген отбасының жағдайы ше? Қарапайым қазақтың төрт баласы. Тұңғышы оннан асса да не әріп танымайды, не санау білмейді. Мүлде мектеп табалдырығын аттап көрмеген. Сондай-ақ екі шығармадан да интернационализмнің иісі сезіледі. «Айқараңғыда» Сәбираның орыстардан көрген зорлығы адам бойын түршіктіреді. Алаңда болған оқиға ше? Арматурамен итті де олай сабамайтын шығар. Ал «Мен жындымын да» автор кейіпкерді сол орыстармен бір дастарханға отырғызады.
Керемет империяны құлатқан осылар, қырғыздарға бостандық бермеу керек еді деп өз наздарын айтқан орыстардың сөзінен кейін:
«Бұлар жақынға жатбауыр, балам, ұрпағым деп емешегі үзілмейді, ата-анаға қайрылмайды, қатігез, мейірімсіз, томырық, лас… бірақ Отан, Россия десе, қылша мойынын қылшылдаған балтаға төсеуге әзір. Көзі үңірейіп аш отырса да, аузы сасып батпаққа аунап жатса да Әлеммен алысады, Россияның намысы деп кіжінеді... Ал, біз ше? Неге елім, қазағым деп өзеуремейміз өліп-өшіп?... Өзіміз ештеңе істегіміз келмейді. Неге біз осынша бейғам, бойкүйезбіз? Қашан мәңгілік ұйқымыздан оянамыз, қашан?» - деп жалпы жұртқа осындай ой арқылы жан айқайын шығарған автордың шеберлігін көреміз.
Қазіргі қазақ қоғамындағы «ақын», «жазушы» рөлі қандай сатыда? Қазіргі Айтматовтар кімдер? Талантты жазушылар не себепті көтеріле алмайды, міндетті түрде жағымпаздану керек пе? Біз білетін жазушы, ақын дегеннің қадыры көк тиын екенін түсінесің. Барлығы ардақтайтын Жазушылар одағының дәрежесінің төмендігін көре аламыз.
«Кезінде Мағжан да, Әуезов те жаздық-жаңылдық деп кешірім сұраған. Ол — тайсақтағандық емес, тактика. Егер Әуезов жалаға ұшырап опат болғанда, «Абай жолы» жазылар ма еді? Ең әуелі амандықты ойлайық, аға!»
Романның жазуын жазып алып, оны шығар алмай қыңжылған кейіпкер – талантты экономист-жазушы. Бұл жазған романын Гер аға, Әбдіжәміл аға құп көреді. Бірнеше жан мақтап айтады. Алайда бұл басылмайды, себебі үкіметті қолдамайды, керісінше мін тағып, халық сөзің сөйлейді. Ондай шығармалар жазылмайды екен... Сонда кейіпкеріміздің көзі шындықты көре бастайды, біз жазушы, ақын деп жүргендердің бәрі жоғары жақтың сөзін жақтап, ақты қара, қараны ақ деп жазуда екен. Нағыз жазушы дегендеріміз бір шығармасын марапат үшін, енді біреу поэмасын астанадан үй алу жазған екен. Осыдан кейін қоғамда ақын, жазушы дегеннің қандай дәрежесі болсын. Қарапайым халыққа ондай шығармаңның керегі жоқ та. Осы тұстан келгенде Тұрысбек Сәукетаев бізге бір сырын айтқандай болды.
Әділетсіз қоғамның шеңберіне сыймаған шын таланттың шырғалаң тағдыры арқылы жазушы рухани-әлеуметтік болмысымыздың қалтарыс-қатпарына ой сәулесін түсіріп, оқушы көкірегіндегі сан-алуан сауалға түрткі салады.
Дәурен Жадыра, Зағыпар Оралхан, Советова Меруерт,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистрантары
Жанатаев Данат Жанатайұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент.
Достарыңызбен бөлісу: |