1.2 Ертегінің мақсаты Оның мақсаты-тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетикалық әдеби қазына. Ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі сипатынан көрінеді. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті-сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек, ертегі шындыққа бағытталмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде болған деп дәлелдеуге тырыспайды. Ертегінің композициясы бас қаһарманды дәріптеуге бағындырылады, сөйтіп, ол белгілі бір сұлба бойынша құрылады. Мұның бәрі ертегіге идеялық, мазмұндық және көркемдік тұтастық береді. Осы тұтастық бұл жанрға басқа қасиеттер дарытады: композиция мен эстетикалық мұраттың бірлігі әрі тұрақтылығы, көркем шарттылықтың міндеттілігі, ауызекі сөйлеу тіліне сәйкестігі, тұрақты тіркестердің қолданылуы.
1.3 Ертегінің құрылымы Ертегінің поэтикасы мен композициясы көркем әрі жүйелі. Композициясы бірнеше бөлшектен тұрады: бастама – эпикалық баяндау – аяқтау. Бастама, әдетте, өлең немесе ұйқасқан проза түрінде бас кейіпкердің ата-анасы, оның дүниеге келуі туралы айтып, тыңдаушыларды бас кейіпкермен таныстырады. Эпикалық баяндау қаhарманның өсуін, үйлену тарихын, оның бастан кешкендерін әңгімелейді. Аяқтауда кейіпкердің сүйгенін алып немесе ойлағанын іске асырып, мұратына жеткені хабарланады. Бастама мен аяқтау, көбінесе тұрақты тіркес болып келеді. Өзінің ұзақ тарихында ертегі жанры әр дәуірдің, әр қоғамның болмысы мен түсініктерінің, нанымдарының әр түрлі іздерін сақтап қалып, біздің заманымызға жеткізген. Қазақ ертегілерінде хандық заманның шындығы, сол шақтағы әдеттер мен нанымдар, салт-дәстүрлер, тұрмыс кейіпі көбірек көрініс тапқан.
1.4 Ертегінің түрлері Ертегілер төмендегідей түрлерге бөлінеді.
Қиял-ғажайып ертегілер
Хайуанаттар жайлы ертегілер
Салт (шыншыл) ертегілер
Қиял-ғажайып ертегілері - оқиға орны және оған қатысушылары, кейіпкерлері де ерекше, уақыт өлшемі басқаша ертегілер. Ертегіде Қыдыр ата, Таусоғар, Желаяқ, Жалмауыз кемпір секілді адам қиялына сыймас кейіпкерлер жер астында, жер бетінде, жеті қат көкте жүреді. Тек қиялға ғана сиятын, ақылмен түсіну қиын оқиғалар жүзеге асып жатады.
Қазақ ертегілерің тағы бір мол түрі – шыншыл ертегілер. Қазақтың дүниетанымындағы, өміріндегі, көзқарасындағы барлық ісін, мұң-мүддесін, тартыс-таласын тек осы шыншыл ертегілерден табуға болады. Мұнда жауыздыққа, топастыққа қарсылық айқын байқалады, яғни халық өзінің нені ұнатып, нені жек көретінін анық танытады.
Хайуанаттар жайлы ертегілер-адамзаттың қоршаған табиғатпен жаңа араласып, аңшылық, бақташылық өмірі басталған кезде туған ертегілер. Мұндай ертегілерде адамдармен бірге жан-жануарлар басындағы оқиғалар, тұспалдар, мысалдар айтылады. Әрі белгілі бір жануарлар, не олардың іс-әрекеттері адамдардың немесе олардың қылықтарының, мінездерінің көрінісі болып ұсынылады.[О.а.24-27б.б.]