Зерттеу нәтижелерін жариялау зерттеушілік жобаның қорытынды кезеңі болып табылады. Бүгінгі таңда зерттеу деректеріне сүйеніп жарық көрген еңбектер – білім зерттеушісінің академиялық ортадағы табыстылығын танытатын негізгі көрсеткіштердің бірі. Зерттеудің кез келген сатысы сияқты ғылыми жарияланым белгілі бір ережелер мен талаптар бойынша әзірленуі керек. Бұл нормалар қолжазбаны баспаға дайындауды және баспамен жұмыс жасау кезеңдерін қамтиды.
Цифрлық зерттеу әдебі
Интернетті зерттеу қызметінің ерекше бір ортасы десе болады, өйткені ол зерттеуге қажетті деректердің көзі, оларды жинау құралы және сақтайтын орны рөлін атқарады. Интернет кеңестігінің жария болуына қарамастан білім зерттеушісі цифрлық зерттеулер өткізгенде зиян тию тәуекелін басқару, қатысу еріктілігі, авторлық құқық пен құпиялылықты сақтау сынды мәселелерге ерекше мән беруі керек.
Цифрлық зерттеулерді жоспарлап өткізу талаптарын нормалау зерттеу әдебінің біршама жаңа бағыты болып саналады. Бұл параграфта білім және психология салаларындағы шетелдік цифрлық зерттеулерде қолданылатын кейбір нормаларын Қазақстан контекстісіне бейімдеуге әрекет жасалды.
ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗЕТІН ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
Білім зерттеушісінің әдеп нормаларының ойдағыдай орындауы үшін зерттеу жүргізетін ұйымдарда зерттеу ортасы қалыптасуы керек. Мұндай орта қауіпсіз, инклюзивті және ашық болғаны жөн, яғни зерттеушілер туындайтын дилеммамен бүкпей бөлісе алатын, кеткен қатені қорықпай, шынайы талқыға салатын, осылайша жеке жауапкершілігі мен есептілігін сезінетіндей болуы керек (no blame culture) (Netherlands Code of Conduct for Research Integrity, 2018, p. 20). Бұл бөлімдегі параграфтар зерттеу жүргізетін ұйым басшыларының білім зерттеушілері қызметін қолдау мен ынталандыру жөніндегі негізгі міндеттерін сипаттайтын нормалардан тұрады.