Шағын жинақты мектептің ерекше қиындықтарына қарамастан, білім беру мазмұнын жаңарту талаптарына сәйкес осындай білім беру ұйымының мұғалімі білім алушыларға жеке және сараланған көзқарасты жүзеге асыру, білім алушылардың оқу іс-әрекетінің практикалық бағытын іске асыру, оларды педагогпен және сыныптастармен қарым-қатынасқа қосу қажет. Сынып-жиынтықтағы сабақтың ең маңызды ерекшелігі – білім алушылардың өзіндік жұмысын міндетті және жүйелі түрде жүргізу.
Қоршаған әлем құбылыстарын танудағы өзіндік дамуына, тіршілік ету үдерісінде туындайтын міндеттерді шешудің әртүрлі нұсқаларын өз бетінше таба білуне, алған білімдерін тәжірибеде қолдануына байланысты.
Бастауыш мектеп деңгейінде білім алушылардың өзіндік жұмысы материалды бекіту деңгейінде кеңінен қолданылады.Бұл ретте өзіндік жұмыс тапсырмаларында шығармашылық элементтері болуы үшін оларды саналы түрде орындалуға қол жеткізу маңызды. Бастауыш мектеп деңгейінде білім мазмұнын жаңарту шеңберіндегі өзіндік жұмыстың негізгі мақсаты – балаларды ойлауға, талдауға, қорытуға, зерттеуге үйрету, сондықтан дәстүрлі әдістермен қатар өзіндік жұмыстың тиімділігін арттыру үшін жұмыстың дәстүрлі емес әдістерін қолдануға болады.
Шағын жинақты мектепте бастауыш сынып білім алушыларына арналған сабақтарды кезеңдермен жоспарлау жүргізіледі. Демек, анықтау қажет:
· сабақтың қай кезеңінде әр сыныптағы өзіндік жұмыс неғұрлым орынды;
· бұл деңгейде білім алушылардан материалды меңгеруді қаншалықты талап етуге болады;
· тапсырмалардың сипаты мен формалары қандай болуы тиіс;
· бұл ретте білім алушылар қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін;
· жұмыстың ұзақтығы қандай;
· қандай әдісті таңдау керек.
Жаттығу сипатындағы тапсырмалар материалды қайталау және бекіту кезінде беріледі. Балалардың мектепте болған алғашқы күнінен бастап өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру қажет. Алдымен бұл тапсырмалар көлемі бойынша шағын болуы және ұқсастық сипатта болуы мүмкін, яғни білім алушыларға үлгі бойынша тапсырмаларды орындау ұсынылады, мысалы, түймелер сияқты көп шеңберді салыңыз, бұл санды цифрмен жазыңыз.
Тапсырмаларды бірте-бірте күрделендіреді және шығармашылық сипаттағы тапсырмалар енгізіледі, яғни шығармашылық өзіндік жұмыс тапсырмаларының әртүрлі түрлері қолданылады.
Шағын жинақты мектепте барлық оқу үдерісінің тиімділігі өзіндік жұмыстың тиімділігіне байланысты. Сабақ түсіндіргеннен кейін білім алушылар өз бетінше жұмысқа кіріседі, ал мұғалім басқа сыныпта жұмыс істейді. Мұғалімнің өзіндік жұмысқа бақылау жасауға, жіберілген қателіктердің алдын алуға және уақытылы түзетуге мүмкіндігі жоқ, бұл тапсырмаларды жай орындауға және дұрыс емес дағдыларды қалыптастыруға әкеледі.
Шағын жинақты мектептегі өзіндік жұмыс мұғалімнің басшылығымен орындалатын жұмыспен кезек жүргізіледі. Мұғалімнің тікелей қатысуымен жүргізілетін жұмысқа төменгі сыныптарда көп уақыт бөлінгені дұрыс, сондайақ оқытылатын не қайталанатын материалдың күрделілігі жоғары сыныптарда өткізу ұсынылады. Бір сыныптың өзіндік жұмысының ұзақтығы мұғалімнің басқа сыныпта жұмыс істеуіне қажетті уақытқа байланысты. Демек, бір сыныптағы өзіндік жұмыстың көлемі мұғалімнің басқа сыныппен жұмыс істеу мазмұнына байланысты.
Шағын жинақты мектепте тапсырмалардың негізгі көлемі мұғалімнің көмегінсіз орындалатындықтан, білім алушылардың нәтижелі қызметін ұйымдастыру үшін сабақтың жекелеген кезеңдерінде сараланған оқытуды жүзеге асыру қажет. Топтарға арналған тапсырмалар көлемі бойынша емес, конструкция түрімен ерекшеленеді, бұл тек оқу қызметіне деген қызығушылықты арттыруға ғана емес, сонымен қатар барлық білім алушылардың қызмет өнімділігінің деңгейін көтеруге ықпал етеді. Жеке оқыту түрі шағын жинақты мектептегі сабақтың негізгі ерекшелігі болып табылатын білім алушылардың өзіндік іс-әрекеті үшін үлкен мүмкіндік береді.
Біріктірілген сыныптарда шағын жинақты мектептегі білім алушылардың өзіндік жұмысы сабақ сайын жүргізіледі және сабақтың барлық кезеңдерінде жүргізілуі мүмкін. Бір сабақтағы өзіндік жұмыстың саны регламенттелмеген. Бастауыш сыныптардағы білім алушылардың сабақтарындағы бағдарламалық материалмен өзіндік жұмыстың шекті рұқсат етілген ұзақтығы – 15-25 минуттан аспауы қажет.
Шағын жинақты мектептегі сабақ сынып-жиынтық үшін бір жалпы жоспар бойынша өткізіледі. Сондықтан оның құрылымына сабақтың кезеңдері емес, «мұғаліммен – өз бетімен», «өз бетімен – мұғаліммен» өту тән. Мұғалім оқу үдерісінің логикасын жақсы түсінуі керек, ол қай жерде қиындық туындайтынын алдын ала білуі, сабақтың қай кезеңінде жұмысқа қосылуы керектігін білуі қажет. Ол «ерекше педагогикалық назарда» болу керек кезеңді анықтай білуі керек.
Т. А. Федорова ұсынған сабақтағы өзіндік жұмыс уақытының шамаланған нормалары.
1 - сынып 2 - сынып 3 - сынып
Мұғаліммен жұмыс Өзіндік жұмыс Өзіндік жұмыс
Өзіндік жұмыс Мұғаліммен жұмыс Өзіндік жұмыс
Мұғалімнің басшылығымен өзіндік жұмыс
Осыдан бірнеше сыныппен жүргізілетін тәрбие жұмысының жетістігі, негізінен, білім алушылардың өзіндік жұмысына бөлінген оқу уақытының бөлігін ұтымды пайдалануға, оның тиімділігіне байланысты екенін білуге болады. Бір уақытта бірнеше сыныптың бір бөлмеде оқитындығы оқу және көрнекі құралдарды, техникалық құралдарды пайдалану, демек, меңгеру сапасына байланысты көрінеді. Сыныптың біреуінде сурет, кесте, сызба, инерактивті тақта, аудио-техниканы пайдалану басқа сынып білім алушыларының сабағына кедергі жасайды. Оқу материалының күрделілігіне байланысты мұғалім басқа сыныптардағы оқу жұмысын басқара алмайды, өйткені тақырыптан ауытқу білім алушылардың оқу материалын тұтас қабылдауына әсер етеді.Сондықтан материалды бөлек оқыту сабақтарын қолдану қажет, яғни икемді кесте құру тиімді.
Екі сыныпты қоса оқытқандықтан, әр сыныпта 5 сабақ болса, 10 сабақ жоспарын жазамыз. Шектен тыс жүктеме орындаймыз, мұғалім үшін қиын әрі екі сыныпқа көрнекілік, дидактикалық материалдар дайындау қажет етіледі. Кейбір пәндерде сабақтың
тақырыптары бір-біріне ұқсас болғандықтан, сабақ жоспарын бір құруға болады. Мысалы: 2-сыныпта «Қоңырау», 3-сыныпта «Сабақта» деген тақырыптар кездесіп қалса, сабақтың мақсатын бір жазып, ұйымдастыру кезеңі, дидактикалық ойындар, қорытынды бір жазылады. Өйткені тақырыптары бір-біріне ұқсас, жақын болып келеді. Дегенмен,сабақта көптеген қызықты ойын түрлерін біріктіріп өткізуге болады. Соның дәлелі ретінде ойындардың үлгісін ұсынғым келеді.[3] Мысалы: Әдебиеттік оқу:
Ойлан, тап!
1-сынып 2-сынып 3-сынып
Суреттің атын атау Ребусты шешу және суретке байланысты мақал жазу Суретке байланысты 5 жолды өлең құрастыру
Балық Піл Жүзім
Қорытынды: «Білім» сөзін шығару.
Келесі математика сабағынан «Қосу, көбейту,теңдеу» тақырыбына пайдаланған ойын:
2-сынып (әр тордағы сандарды қосып, нәтижесін табу) 3-сынып (сандарды көбейтіп, нәтижесін табу) 4-сынып (теңдеу құру)
Т+10 К+2+л 6*x
С+10+а 5+ік x=36
6+н+ Қ+10+ақ x
10+10+6=26 2*5*10=100 6*х=36
«Сиқырлы сандар» әлемі ойыны
Ойын шарты:
2 - сынып: оқушыларға санамақтар айтқызу.
3 - сынып: 5 пен 7 сандарына байланысты көбейту кестесін айтқызу.
4 - сынып: математикалық өлең есептер айтқызу.
Жаңа тақырыпты оқыту кезінде шағын жинақты мектепте «Тақырыптарды өзара беру» әдістемесі тиімді қолданылуы мүмкін. Мұғалім материалды сапалы дайындауы керек.
Төменгі сыныптарда оқу және қосымша материалдардың аса күрделі мәтіндерін терең меңгеру үшін А. Г. Ривиннің әдісі тиімді болады. Ривин әдістемесі бойынша, бір білім алушыға тақырыпты түсінуге бүкіл сынып көмектеседі. Бұл мәтінді абзац бойынша оқыту деп аталады. Оқулықтың немесе басқа мәтіннің әрбір параграфын білім алушы әр түрлі серіктерімен оқиды, бұл оқылатын мәтінді әртүрлі қөзқарас тұрғысынан қабылдауға мүмкіндік береді, тақырыпты мұқият және толық түсінуге көмектеседі.
Жұмыс принципі бойынша, бірінші абзацты пысықтау үшін білім алушы оқитын, талқылайтын, мазмұнын анықтайтын, абзацты атайтын серіктес табады (егер бірінші кезеңде тақырып қою қиын болса, онда осы абзацтың басты идеясын жазуға болады). Абзацтың атауын немесе оның басты идеясын білім алушының дәптеріне оның серіктесі жазады.
Осылайша білім алушы өзінің серіктесіне абзац туралы түсінгенін және оның атауын дәптеріне жазуға көмектеседі. Мұның бәрі әрбір білім алушының жеке тақырыбы болған жағдайда орындалады.
Келесі абзацты пысықтау үшін білім алушы өзіне жаңа серіктес іздейді, оған бірінші абзацтың мазмұнын айтады, одан әрі екінші абзацты оқиды, талқылайды, онымен екінші абзацтың мазмұнын айтады. Бірге екінші абзацқа атау ойлап табады, ал серіктесі абзацтың атауын дәптеріне жазады. Осылайша серіктесінің абзацын оқу жұмыстары жүргізіледі.
Үшінші абзацты оқу үшін білім алушы жаңа серіктес іздейді, оған алғашқы екі абзацтың мазмұнын баяндайды және одан әрі онымен бірге оқиды, талқылайды, үшінші абзацтың мазмұнын анықтайды. Оған тақырып қойып, атауын дәптерге жазады. Содан
кейін ол өзінің әріптесінің оқыған абзацтары бойынша әңгімесін тыңдайды, оған жаңа абзацты түсінуге, осы жаңа абзацтың басты ойын дәптерге жазуға және т. б. көмектеседі.
Алынған білімді бекіту және жүйелеу үшін барлық мәтінді оқығаннан кейін білім алушы осы тақырып бойынша шағын топта баяндама жасайды.
Содан кейін білім алушы жаңа тақырып таңдайды да, ол мәтінмен жұмысты сол тәсіл бойынша орындайды.
Р. Хазанкиннің «Тігінен жұмыс» әдістемесінің тәсілдерін қолдана отырып, әртүрлі деңгейлі тізбектер жасауға болады, онда әрбір жоғары сынып білім алушысы бастауыш сынып білім алушысының ғылыми жетекшісі болып табылады. Бастауыш және жоғары сынып білім алушыларының бірлескен жұмысы оларды жалпы танымдық іс-әрекетте біріктіреді, ой-өрісін кеңейтеді, тақырыптарды зерделеуде сабақтастықты жүзеге асыруға, бастауыш сынып білім алушыларының білім кемшіліктерін жоюға уақытылы көмек көрсетуге, үлкендердің оқу материалын қайталауды ынталандыруға мүмкіндік береді.
Шағын жинақты мектепте бақылаудың негізгі әдістері жазбаша және графикалық тексеру әдістері болып табылады, ауызша бақылау кезінде фронтальды тексеру жүргізіледі. Мұғалім күн сайын барлық топта өткізген сабақтан кейін өзіндік сынып жұмысын тексереді, әсіресе егер өзіндік жұмыста жаңа білім мен іскерлікті қолдануды талап ететін жаттығулар орындалса немесе білімді ауыстыруға негізделген дайындық жаттығуларын тексеруі тиіс. Қателерді білім алушының көзінше түзеткен тиімді. Мұнда В. Ф. Шаталов әзірлеген «тізбек» әдісін қолданған жөн. Тапсырманы бірінші орындаған білім алушы дәптерін мұғалімге тексеруге береді. Содан кейін ол екінші білім алушының дәптерін, ал екінші үшіншіні және т. б. тексереді. Бұл жағдайда барлық балалар – білім алушылар мен мұғалімдер болып табылады. Бақылаудың бұл түрімен нашар білім алушыға тапсырманы орындауға көбірек уақыт беріледі және ол тапсырманы орындау барысында түсінбеген сұрақтары бойынша кеңес алып үлгереді.
Сабақта өзіндік жұмыстар саны регламенттелмегендіктен, оларды ұсына отырып, ең алдымен білім алушылардың мүмкіндіктерін ескеру керек, демек, оқу материалының мазмұны білім алушылар үшін қолжетімді және орындауға шамасы келетін болуы керек. Онсыз жұмыс табысты болмайды. [1]
1-4 сынып білім алушылары үшін өзіндік жұмыстың келесі түрлері ұсынылады:
· жаңа материалды өткенге дейін орындалатын дайындық жаттығулары (оқулық бойынша қайталау, карточкалармен, кестелермен және т. б. жұмыс.);
· толық нұсқаулық бойынша жүргізілетін, бұрын меңгерілгенге ұқсас жаңа материалды өз бетінше оқу;
· алгоритмдік кестелер, нұсқаулықтар, жадынамалар негізінде іс-әрекет ету тәсілдерін меңгеру мақсатында бекітуге арналған жаттығулар;
· даярлық жаттығуларының барлық түрлері;
· оқу материалының барлық бөлімдерін меңгергеннен кейін ұсынылатын бақылау және тексеру тапсырмалары.
Біртіндеп, өзіндік жұмыстың ұзақтығын ұлғайтуға болады және қажет те, тапсырмаларды көлемі мен күрделілігіне қарай көбірек ұсынуға болады.
Өз бетінше жұмыс істей отырып, сабақтың маңызды бөлігін білім алушы өзіндік жұмыстың мақсатын анық көрсету, оны орындау, қателерді тексеру және түзету сияқты жалпы тәсілдерді біртіндеп меңгеруі тиіс. Мұғалім оқытудың кез келген технологияны қолданып жұмыс істей алады (дәстүрлі – көрнекі-иллюстративті немесе шағын жинақты бастауыш мектеп үшін ең қолайлы дегенін таңдайды).
Бірақ кез келген технология бойынша өзіндік жұмыс дағдыларын қалыптастыру үшін топтарға бөлінетін әдістемелік тәсілдер жүйесі қолданылады:
1. Білім алушылардың өзіндік жұмысқа арналған тапсырманың мазмұнын дұрыс түсінуін және оларға қойылатын талаптарды, тапсырманың қолжетімділігін қамтамасыз ететін тәсілдер. Сабақтың басында бір сыныппен жұмысты жоспарлай отырып, мұғалім басқа сынып білім алушыларына өз бетімен жұмыс істеуге тапсырма береді, бірақ ол білім
алушылардың сұрақтарына жауап беру мүмкіндігінен айырылады. Білім алушылардың түсініксіздігін болдырмау мақсатында, оның алдын алу үшін тапсырмамен бірге оның орындалу үлгісі көрсетіледі.
2. Білім алушыларға жеке көзқарасты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тәсілдер. Шағын жинақты мектепте білім алушыларда туындаған қиындықтарды мұқият талдау және әрбір білім алушы жіберген қателерді ескеру маңызды. Сондықтан жеке жұмыс білім алушылардың жеке ерекшеліктерін, олардың дайындық дәрежесін ескергенде ғана тиімді болады. Бұл жағдайда әрбір білім алушы өзіне қажетті міндеттерді шешумен 45 айналысады, осылайша әрбір білім алушының дамуына және олардың білімдерін, іскерліктерін және дағдыларын меңгеруіне жағдай жасалады. Сараланған тапсырмалардың мақсаты – білім алушылардың орындау барысында өз бетінше іс-әрекетін қамтамасыз ету және сол арқылы тек білім, білік пен дағдыны ғана емес, сонымен қатар өз бетінше жұмыс істей білу қабілетін қалыптастыру. Жеке өзіндік жұмысты келесідей ұйымдастыруға болады: барлық білім алушылар үшін мазмұны жағынан бірдей тапсырмалар беріледі, бірақ орындау тәсілдері әртүрлі болуы мүмкін. Оларды орындай отырып, әрбір білім алушы даралық таныта алады.
3. Өзін-өзі бақылау тәсілдері. Шағын жинақты мектеп жағдайында білім алушыларды мұғалімнің көмегінсіз жіберілген қатені өз бетінше анықтауға үйрету өте маңызды. Білім алушыларды өзін-өзі бақылау тәсілдерін үнемі, ескертусіз қолдануды, яғни өзін-өзі тексеруге қажеттілікті қалыптастыруды үйрету қажет. [2]
Шағын жинақты бастауыш мектептерде белгілі бір көлемдегі білім, білік, дағдыларды меңгерту, оқушының, қызығушылығын арттыру, шығармашылығын дамыту бүгінгі күннің басты талабы. Осы тұрғыдан алғанда, шағын жинақты бастауыш мектепте оқу – тәрбие үрдісін ұйымдастырудың сан түрлі әдіс – тәсілдерін іздестіру, педагогикалық жаңа технологияны тиімді пайдаланудың маңызы ерекше.
Қорыта айтқанда, шағын жинақталған мектептерде сабақты тиімді ұйымдастырудың бірден-бір жолы оқушылардың өзіндік жұмыстарын дидактикалық талаптарға сай сауатты ұйымдастыру болып табылады.